Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Мұғалім беделін қалай көтереміз?


24 октября 2014, 12:24 | 2 884 просмотра



Жаңа оқу жылының басталғанына да, міне, екі айға жуықтады. Осындай кезде біздің қоғамда «мұғалімнің беделі қандай?» деген мәселеге ой жүгіртіп қоюдың еш артықтығы жоқ. Өйткені мұғалімнің беделі жоғары болса, білімнің сапасы да артып, оқушының тәрбиесі де талапқа сай болады. Ендеше, біз қоғам, мемлекет болып өз өмірінен бұрын шәкіртінің болашағын көбірек ойлайтын, оқушысының жетістігіне балаша қуанатын, әттеген-айларын көргенде көңілі жабырқап қалатын, әлеуметтік мәселелері оңай болмаса да, өз ісіне адал мұғалімдер қауымының беделін арттыру үшін не істеуіміз керек?

Бүгінде мұғалім еңбегін бағалауға деген Үкімет, министрлік тарапынан бетбұрыс жоқ емес. «Жыл мұғалімі» байқауына қатысып, жеңімпаз атанған ұстаздар пәтерге, түрлі марапаттарға ие болып, еңбектері лайықты бағаланып жатады. Міне, осындай көңіл бөлу, әлеуметтік қолдаудың түрлері көп болса екен дейсің. Өйткені мұғалімге ең бірінші керегі әлеуметтік жағдайының ше¬шілгені емес пе?! Әлеуметтік мәсе¬ле¬лер тиісті деңгейде шешім тапқан кезде ғана мұғалім беделі артып, биіктейтіні сөзсіз.

Жалпы, қоғамымызда мұғалім беделінің төмендеуі өтпелі кезеңнің экономикалық қиындықтарымен байланысты болғаны рас. Содан бері қаншама уақыт өтіп, экономикалық жағдай түзелді дегенмен, сол кездерде төмен қарай құлдилап кеткен мұғалім беделін арттыра алмай келе жатқандаймыз. Өйткені бұл бағытта нақты қолға алынған іс-шаралардың атқарылып жатқаны да көп байқала бермейді. Оқу жылы басталады, аяқталады. Ал мұғалім беделінің жыл өткен сайын өсіп, биіктеп келе жатқанын аңғару қиын. Неліктен олай? Ең сорақысы сол, бүгінде өз мұғаліміне қол жұмсап, соққыға жыққан мектеп оқушылары туралы ақпарат еститін болдық. Бұл мұғалім беделінің төмендемегені дегенде не дейміз? Бұл біздерге қоғамдағы мұғалім беделі туралы әлі де көп ойланып, нақты істерге көшуімізді талап етеді. Өкінішке орай, жастар арасында мұғалім мамандығын мамандық деп есептемейтін ұғым қалыптасып кеткелі қашан.

Мұғалімдік мамандыққа көбінесе қалаған оқуына түсе алмаған түлектер баратыны неліктен? Ал шынтуайтына келгенде, мұғалім ең ауыр, ең қиын және ең мәртебелі мамандық. Шәкірттің санасына сәуле түсіріп, жер бетіндегі жақсылық атаулыны үйретіп, ізгілікке тәрбиелеген, білім нәрімен сусындатқан мамандық иесі қалайша өзге мамандықтардан төмен болып кетеді? Дамыған елдердің барлығында, мәселен, Жапонияда мұғалім маман¬дығы өте қатты қадірленіп, құрмет¬теледі. Естуімізше, мұғалімнің алатын жалақысы сол елді басқарып отырған Премьер-министрдің алатын жалақы¬сы¬нан артық болмаса кем емес. Ал Еуропа мемлекеттерінде мұғалімдік маман-дыққа ең үздік оқушылар ғана түсе алады. Міне, мұндай мысалдар, қарап тұрсаңыз, өте көп. Ал осы аталған елдер мұның барлығын тектен-тек жасап отыр¬маған шығар. Демек, олар өз елдерінің болашақтарын ойлап, мұғалім беде¬лін жоғарылатудың барлық жолдарын қарастырып, шешіп қойған. Ал бізде ше? Әлеуметтік желі арқылы көптен бері жұмыс таба алмай жүрген бір танысыма хабарласып едім: «Әлі жақсы жұмыс таппадым. Әзірше мұғалім болып істеп жүрмін» деп жазыпты. Мұндай сөз біздің қоғамдағы мұғалім беделінің әлі де төмен дәрежеде қалып отырғанын көрсетеді. Ал шын мәнінде даналардың өзі бас иетін қасиетті де қастерлі мұғалім мамандығының қадірі қай кезде жоғары болуы тиіс. Дүние жүзіндегі ең ардақты маман иелеріне деген құрметті жас ұрпақтың бойына терең сіңіре білуіміз керек. Ел болып өркендейміз десек, дамыған озық елдердің қатарына жетеміз десек, білім мен тәрбиенің бастау бұлағы – ұстаздар қауымының еңбегін ерекше бағалай отырып, қоғамдағы беделінің биік болуына баршамыз атсалысқанымыз жөн.

Автор:
Дәуіржан Төлебаев. «АНА ТІЛІ»