Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Жылдың ең үздік психологы анықталды


24 октября 2014, 12:30 | 2 215 просмотров



Ескелді ауданы Н.Алдабергенов атындағы орта мектепте 14 қазан күні Облыстық білім беру мекемелерінің педагог-психологтары арасында «Ең үздік жыл психологы» конкурсы өтті. Конкурсқа облыстың дарынды балаларға арналған білім беру ұйымдарынан 9 психолог қатысты. Шараның негізгі мақсаты: үздік тәжірибені насихаттау, талантты, шығармашылықпен жұмыс істейтін және кәсіптік біліктілігін көрсете алатын психологтарды анықтау, қолдау және мадақтау.

Конкурстың бірінші кезеңі сырттай өткізілсе, екінші кезең бетпе-бет. Бұл кезеңде педагог-психологтар 4 тур бойынша сайысқа түсті.

«Өзін-өзі таныстыру» турында қатысушылар өздерінің көшбасшылық қабілетін, креативтілігін дәріптеу арқылы өздерін түрлі формада таныстырса, «Психологиядан элективті курс бағдарламасы немесе түзету-дамыту авторлық бағдарламасының тұсаукесері» атты екінші турында тақырыптың өзектілігі, мазмұндылығы, кәсіби жан-жақтылығы мен жаңашылдығы және психологтардың шығармашылық қабілеттері ескерілді. Сонымен қатар, конкурсқа қатысушылар психология ғылымы бойынша тест сұрақтарына жауап беріп, «Психологтың ғажайып әлемі» тақырыбы бойынша монолог оқыды. Аталған конкурсқа қатысушылар өздерінің көпшілік алдында еркін ұстап, сөйлеу қабілетін, шығармашылық идеяларын көрсете білді.

Байқау нәтижесінде Қапшағай қаласындағы орта мектеп- гимназиясының педагог-психологы Ишамбаева Шаухан Тлеулесқызы І дәрежелі, Талдықорған қаласындағы Қазақ-түрік жасөспірімдер лицей-интернатының педагог-психологы Нурсапаева Самал Елемесқызы ІІ дәрежелі, Талғар қаласындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын №8 Ю.Гагарин атындағы арнаулы гимназиясының педагог-психологы Сандибекова Гүлдана Ғалымбекқызы ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар, Талғар ауданы, «Арыстан» мамандандырылған лицейінің педагог-психологы Аширбаева Назиля Нурқанатқызы «Ізденімпаз психолог» номинациясын иеленсе, Қарасай ауданы, Дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын Әл-Фараби атындағы арнаулы гимназиясының педагог-психологы Қалжанова Динара Куанышбайқызы «Шығармашыл психолог» номинациясымен марапатталды.

Педагогикалық мәдениеті, интеллектуалды ойлауы және көпшілік қауым алдында сөз сөйлеу шеберлігі жоғары жүлделі орынға ие болған педагог-психологтар Павлодар қаласында өтетін республикалық конкурсқа жолдама алды.

Автор:
Іңкәр ЕРБОЛҚЫЗЫ