Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҰШТЫ, ҰШТЫ. НЕ ҰШТЫ?


7 ноября 2014, 09:53 | 1 995 просмотров



Бұл бала кезіміздегі ойын-тын. Осы ойын бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Е-learning» жобасын салаға енегіземіз деп миллиардтаған қаржыны желге ұшырғанына дәлме – дәл келетін сияқты. Олай демеске негіз жоқ. Себебі күні кеше ғана министрлік депутаттардың кезекті сынына тағы да қатты ілікті.

Мынаған назар аударалық. «Е-learning» жобасын жартылай жүзеге асырған Білім және ғылым министрлігі «Ұлттық ақпараттық технологиялар» компаниясына 9 жарым миллиард теңге қарыз. Енді мемлекеттік мекеме министрлікте кеткен ақысын сот арқылы қайтарып алмақшы. Тараптар қаржыға таласып, тартысып жатса да электронды бағдарлама тоқтаған жоқ. Бүгінде мердігер компанияның басшылары депутаттарға жаңа электронды кітаптарды таныстырып бағуда. Бірақ, авторлар береке таппады. «Е-learning»-нің бұл жолғы оқулықтары да қатеге тұнып тұр.

«Е-learning» десе, қазір халық қалаулыларының төбе шашы тік тұратын болған. Себебі, Білім министрлігі бастаған бұл бағдарламаны аяусыз сынап, тоқпақтап келе жатқанына үш жылға жуықтаса да министрлік міз бағар емес сыңайлы. Ал, жобаны жүзеге асырушы мердігер компания да алған бетінен қайтар емес.

Еліміздегі білім жүйесіне «Е-learning» жобасына көшуге дайын емес,- деп төтесінен бірақ түйді Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында палата вице-спикері Дариға Назарбаева.

Талқылау барысында вице-спикер бағдарламаның атауының өзі оның мазмұнына сай келмейтінін алға тартты. Оның айтуынша, электрондық оқыту мәселесінің көтерілгеніне біраз жыл өтіп, осы бағытта біршама бюджет қаражаты жұмсалды. «Біз «Е-learning» жүйесі туралы айтқанда адам шатасатын болды. Өйткені, барлығы сабақтағы оқулықтар мен электрондық әдістемелік материалды күтеді. Ал, біз осы уақытқа дейін мектеп директоры, мұғалімдер, журналдар, күнделіктер мен оқушылардың сабақ үлгерімі туралы айтудан аса алмадық, ал бұлардың ешқайсысының «e-learning» жүйесіне қатысы жоқ қой», - деді Д. Назарбаева.

Вице-спикер сондай-ақ еліміздің білім жүйесі «Е-learning» жүйесін енгізуге ең әуелі кадрлық қамтамасыз ету тұрғысынан әзір емес екенін алға тартты. Тапсырысты орындаушылар депутаттар алдына «Қазақ әдебиеті» пәнінің электронды нұсқасын жасап келіпті. Алайда, «Қазақ әдебиеті» деген атаудың өзі қате. Ал, оқулықтың техникалық сапасын көргенде депутаттар мүлдем шошынды.

«Сасқан үйрек артымен жүзеді»,-демекші депутаттар назарына «Қазақ әдебитеті» (жобада қате осылай жазылған) электроды оқулықты құрастырғандар халық қалаулылары кітаптың бүге-шігесіне дейін шұқшияды деп мүлдем ойламаған болса керек. Әйтпесе, мұндай қателердің көзін құртып келер едік деп ақталумен болды талқы барысында.

Атышулы«Е-learning» төңірегіндегі дау мұнымен шектелмеді. Бағдарламаға жауапты Білім министрлігі бір жылдан бері тапсырысты орындаған. Яғни мектептерді компьютерлер мен электронды оқулықтармен қамтамасыз еткен. Бірақ әлі күнге дейін компанияларға қыруар қарызын қайтармай жүр. Осы басқосуда мердігер мекемелер сол еңбекақысын да бұлдады. Ал, министрліктегілер қарызды жүйе толық жүзеге асқанда ғана өтейтіндерін айтумен ғана шектелді.

Өз кезегінде сөз алған Білім және ғылым министрлігінің Жауапты хатшысы Әлия Ғалымова бұл бағдарламаға 2013 жылы 14 миллиардтан астам теңге бөлінгендігін, оның 4 жарым миллиарды тапсырысты орындаған мекемелерге бірден төлендігін жеткізді. Бүгінгі таңда министрлік мердігерге 9 жарым миллиард теңге қарыз екен.

Депутаттардың айтуынша, бюджеттің бұл қаржысы желге ұшқанмен тең. Өйткені, білім жүйесі «Е-learning» енгізуге мүлдем дайын емес көрінеді. Тіпті бұл бағдарлама жұртты әбден шатастырып бітті дейді.

Мәжіліс төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева аталмыш бағдарлама жүрдім- бардым жасалғандығына, мұғалімдер бұл бағдарламаны білмейтіндігіне тоқталды.

Шынын айту керек, әлі де толыққанды методикасы жоқ, оның қаншалықты пайдалы болары жайы зерттелмеген бағдарламаны салаға енгізу уақыт еншісінде қала бермек тәрізді. Бір белгілісі, қаржы министрлігінің мәліметінше бұл іске 3 жылда 43 миллиард жұмсалған.

Білім министрлігі «Е-learning» жобасын жүзеге асырсақ, ұстаздар қағазбастылықтан құтылады, ал оқушылар мектепке ауыр кітап арқаламай, электронды пәндермен заманауи білім алады деп сендірген болатын. Тек, электронды оқулықтарды балалар түгілі оқытушылардың өздері игере алмай дал. Мәселенің осы тұсын кім зерттеп бағыпты.

Өз кезегінде депутат Мейрам Бегентаев бұндай электрондық жүйені енгізудің «оқушы сөмкесін» жеңілдете түсетінін алға тартады. «Шындығында, білім берудегі сандық технологиялар зілдей оқулықтарды алмастыра алатын еді. Дегенмен, оны енгізуді сапалы жүзеге асыру қажет, бұл үшін сапалы Интернет керек. Сондықтан да, «e-learning» жүйесінің өзі сапалы жұмыс істей бастағанда, оқушылар да оқулықтан құтыла бастайды деп ойлаймын», - деді М.Бегентаев. Бұл ретте депутат «e-learning» жүйесінің тиімділігін айта келе, ондағы басты мәселе сапалы енгізуге қатысты екеніне тоқталды. Оның айтуынша, «e-learning» жүйесін енгізгенде оның қағаз жолымен қайталануын болдырмау да маңызды, өйткені мұның өзі мұғалімнің жұмысын кідіртеді.

Бірақ Білім министрлігі бағдарламаны әрі қарай жалғастыра бермек. Депутаттар «нәтиже жоқ» деп жүз жерден шырылдаса да алған бетімізден қайтпаймыз деп отыр. Жүйені келер жылы жүзеге асыру үшін бюджеттен тағы 4 миллиард теңге сұрамақшы. Сөйтіп, аймақтардағы қалған оқу орындарын электронды оқулықпен қамтымақ. Ал, қазір бұл бағдарлама еліміздегі 1159 мектепке енгізіліп қойған. Қалғандарының тағдыры қалай боларын алдағы уақытқа қалдыра тұралық.

Автор:
Тау ШҰБАР.