Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

«Әскери-патриоттық тәрбие беруді жетілдіру мақсатындағы республикалық кездесу


14 ноября 2014, 18:14 | 2 041 просмотр



Мемлекет пен азаматтың мақсаттары барлық бағыттар бойынша сәйкес келуі өмірлік тұрғыдан маңызды. Мемлекеттің басты міндеті де осы дей келе, әр қазақстандықтың өз бойына патриотизм рухын қалыптастыру керек екенін баса айтқан болатын. Осы орайда республика көлемінде өтіп жатқан кездесу Алматы облысы, Қапшағай қаласы, орта мектеп-гимназияда өз жалғасын тапты. «Әскери-патриоттық, әскери-спорттық, әскери-іздеуші және спорттық техникалық клубтарды дамыту» тақырыбындағы 2014 жылдың 27 қазан күні өткен кездесу мақсаты -әскери-патриоттық, әскери-спорттық, әскери-іздестіру және спорттық-техникалық клубтарды дамыту жайын талқылай отырып, ұсынымдар мен одан әрі даму жолдарын айқындау және әскери-патриоттық ұйымдардың мүшелерінің әскери-патриоттық жұмысын барынша тиімді жолға қоюға ынталандыру болып табылды. Мектеп-гимназияға келген кездесу қонақтарын «Айбын» әскери-патриоттық клубының «Ұлан» тобының мүшелері өлең жолдарымен қарсы алды. Кездесу ашылуының алдында мектептегі «Айбын» клубының жұмысы туралы видеофильм көрсетіліп, фотогалерия мен стендтер көрмесін қонақтар аралап танысты. Клуб жұмысы мен мектептегі тәрбие жұмысында атқаралып жатқан патриоттық бағыттағы шаралар жұмысы қорытындысы тыңдалып, қатысушылар өздеріне керек мәліметтерді алды. Кездесуге Қазақстан әскери патриоттық клубтар одағының жоба координаторы Молдабеков Омар Қудайбергенұлы, Алматы облыстық білім басқармасының бас маманы Нүсіпова Назира Берікқызы, Алматы облысы білім басқармасы «дене тәрбиесі, спорт және алғашқы әскери дайындығының өңірлік оқу-әдістемелік орталығы» аға әдіскері Абдисов Мейрамбай Қасенханұлы, «Нұр Отан» партиясы Қапшағай қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрқадыров Серік Нұрқадырұлы, Қапшағай қалалық білім бөлімінің әдіскері Даниярова Роза Алишерқызы, мектеп-гимназия директоры Нұрсолтанова Сәуле Қайырлықызы, ардагерлер, №32363 әскери бөлім, алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдері, патриоттық клуб мүшелері, 10 сынып оқушылары қатысты. Кездесудің салтанатты ашылуында «Нұр Отан» партиясы Қапшағай қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрқадыров Серік Нұрқадырұлы, Алматы облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Нүсіпова Назира Берікқызы құттықтау сөз сөйледі. Қазақстан әскери патриоттық одағының жоба координаторы Молдабеков Омар Қудайбергенұлы жалпы республика бойынша клубтар жұмысы туралы баяндама жасады. Кездесуді Модератор алғашық әскери дайындық пәні мұғалімі Нурғожанов Мырзабек Манарбекұлы жүргізді. «Жастарға патриоттық тәрбие беру жүйесін жетілдіру» тақырыбында Қапшағай қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Вижунов Сергей Владимирович баяндады.

«Жастарды қорғаныс істері жөніндегі шақыру учаскісіне тіркеу жұмысы және мерзімді әскери қызметке дайындау және шақыру» тақырыбында баяндамамен Қапшағай қаласының қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы, майор Айдар Болатұлы өз ойын ортаға салды.«Оқушыларды алғашқы әскери дайындық сабақтарында және жалпы білім беретін мектеп клубтарында әскери-патриоттық тәрбие беру» тақырыбында №6 орта мектебінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Исабаев Ақылбек Керимбайұлы мектептегі жұмыстар барысын баяндады. «Айбын» клубы – жас патриоттар мекені» презентациясымен орта мектеп-гимназияның клуб мүшелері Төлебай Ербол, Жолдасбаева Аида, Бажылдақова Дариға клуб жұмысы туралы презентация қорғады. Презентацияда клуб жұмысының оқушыларға әскери-патриоттық тәрбие берудегі ролі, мектеп –гимназияда атқарылып жатқан шаралар барысы, клуб мүшелерінің жеткен жетістіктері туралы баяндалды. Кездесуді Қазақстан әскери патриоттық одағының жоба координаторы Молдабеков Омар Қудайбергенұлы қорытындылап, қатысушыларды Алғыс хаттармен марапаттады. Кездесу соңында қатысушылар естелік суретке түсті.

Автор:
Г.Н. Құлжанова Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары