Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҰЛТТЫҚ БІЛІМ БЕРУ МОДЕЛІ ҚАЖЕТ


21 ноября 2014, 12:42 | 1 526 просмотров



Жарқын болашағымызды уақытынан бұрын болжай білетін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық» деген сөзі бар. Бұл жасөспірімдерге саналы тәлім-тәрбие, сапасы жоғары білім нәрімен сусындатып жатқан біздерге – яғни ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік жүктейтін міндет екендігін жақсы түсінеміз. Демек елдігіміз бен егемендігіміздің еңсесінің дәйім асқақ болуы үшін ең бірінші кезекте білім ордаларының қауымы ұлтық тәрбие мен білім берудің моделін жасап, оны жетілдірудің жолдарын қарастырған дұрыс болар еді деп ойлаймын. Олай дейтінім, ұлттық мүдде туралы сөз қозғағанда бар салмақтың қазақ мектептерінің иығына түсіп тұрғандығын, ұлттық білім беру мәселесіне қазақтан басқа ешкімнің жаны ауырмайтынын ашық айтқым келеді. Сондықтан Қадір Мырза Әлі ақын:

Ел дегенде ар қандай! Намыс қандай!

Тау мен тасқа соғылған қарыс маңдай.

Ел дегенде жағылған жалын тұрып,

Айбаттанып кетемін арыстандай, - деп, толғанатындай, елін-жерін шын жүрегімен сүйген, ұлттық санасы дамыған білімді де білікті ұрпақ тәрбиелеу – баршамыздың, оның үшінде ұстаздар қауымының бүгінгі таңдағы басты міндеті екені анық.

Біздер, ауылдық жердегі мектеп мұғалімдері, жергілікті ұлт өкілдері көп шоғырланған өңірлерде еңбек ететін болғандықтан, иығымызда тарихи мәні үлкен міндет тұрғанын жақсы түсінеміз. Бүгінде, жасыратыны жоқ, білім саласына деген қаражат көлемі бұрын-соңды болмаған көлемде бөлініп келеді. Ол мәселе Елбасының биылғы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа арнаған жаңа Жолдауында да баса көңіл бөлініп, білім беру саласына орасан қаражат қарастырып отыр. Демек, қолдау бар. Ұстаздар осыған орай қайтарымын да беруі керек. Жаңа талапқа орай жаңаша жұмыс істеуіміз қажет.

Қазірде ғаламдық интернет көздері арқылы дөңгеленген дүниенің төрт бұрышынан «жылдам хабар алып» дүниетанымын байытып отыр дейік десек, сол құралды тиімді қолданатын, техниканың тілін жетік білетін маманның аяғы әлі ауылдарға жетпей жатыр. Осы ғаламдық желідегі мектепке, білім беруге, оны жетілдіруде септігі тиетін ақпараттар мейілінше шет тілдерде екендігі көп нәрсеге тұсау салатыны және бар. Ұлттық білім берудегі оқу-әдістемелік құралдардың қазақшасының өзін қазақшалап оқуға тура келетін жәйттар да жиі кездеседі. Осындай қиындықтарды болдырмаудың тәсілдерін оңайлататын білім берудің жаңа моделі қажет-ау деп те ойлайсың,

Ұлттық рух қуаты – біле-білгенге ұлы күш. Батыстың неше түрлі сойқы тірлікті уағыздайтын ақпараттар ағымына берілмей, отбасы, мектеп пен балабақшада ұлттық тума тәрбиенің халықтың педагогикалық құзырына жүгінуді насихаттаумен ғана шектелмей, оны қолдаудың тәжірибесін жүзеге асыруымыз керек.

Осы орайда Елбасының тапсырысымен өмірге енген «Мәдени мұра» бағдарламасының ұлттық білім беруде алатын орны ерекше екендігін атап өткен ләзім.

Абай тағылымы, Абай мұрасы ұлан-ғайыр әлем. Біз осы Абайды оқимыз, оқытамыз. Солай дегенмен біз сол Абай тағылымын, мұрасын оқушы бойына толық сіңіре білдік пе.?! Жеткенімізден жетпей жатқан жағымыз да жетерлік. Нақтылай айтқанда, ұлттық білім беруде, тәрбие үйретуде қазақ халқының мұрасы да, берер тағылымы да, қалдырған қазынасы да, елдің елдігін асқақтата білген батыр ұлдары мен қыздарының өшпес ерлігі де жетіп артылады. Соларды тиімді пайдалансақ ұтпасақ, ұтылмасымыз қақ.

Техника жоқ кездің өзінде-ақ, ұлттық тәрбиенің негізінде қандай халық екендігімізді, өзіндік ұлттық мүддесі бар халық екендігімізді қалмақ хандығына Қаз дауысты Қазыбек би: «Біз, қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жатқан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басынан сөз асырмаған елміз, дәм-тұзды сақтай білген елміз, атадан ұл туса құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса күң боламын деп тумайды» деп, айбаты мен қайратын паш еткен айбынды елміз. Осындағы ұлтық рухтың тамыры өте тереңде жатыр. Сол айбынды рухты жасөспірімдердің санасына сіңіріп, қанына таратуымыз арқылы жастарды қазақстандық патриоттық сезімдерін отан сүйгіштікке баулысақ көздеген мақсатымызға жетер едік.

Халқымыздың сан ғасырлық мол тәжірибесін бүгінгі ұл-қызымыздың бойына сіңіруде, яғни ұлттық мүддені қорғауда, мемлекетіміздің тұғырын нығайтуда қандай әрекеттер, нендей шаралар атқарды, яғни Ұлттық білім беру моделінің жүзеге асуындағы жауапкершілік ең бірінші қазақ мектептерінің қазанында қайнап жатқан біздердің ар-ожданымызға тиесілі міндет деп түсінеміз.

Автор:
Зейнебала ӨРІСБАЕВА, бастауыш сынып мұғалімі. Бақтыораз Бейсекбаев атындағы орта мектебі Бақанас ауылы, Балқаш ауданы.