Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Жаныңды емде, жас қыз!


21 ноября 2014, 12:43 | 1 212 просмотров



Қыздар арасындағы қылмыстық істер тіркелуінің өсуі қоғамда үлкен алаңдатушылық білдіруде.Талдықорған ішкі істер басқармасының мәліметіне қарағанда, 2014 жылдың он айының ішінде тек Талдықорған қаласының аумағында жасөсперімдермен 31 қылмыстық іс қозғалған, оның ішінде 5 қыз бала ұрлық жасаған. Бұл таяқтың бір үші десе де болады, себебі тіркеуден өтпеген, ашылусыз жабулы күйінде қалған қаншама қылмыстық іс-әрекет тасада қалды.Қыздардың мектеп жасынан бастап темекі шегуі мен араққа үйір болуы, өз өміріне, өз тағдырына жеңіл-желпі немқұрайды қарауы қайғы –қасіретке ұшыратады. «Ауруын жасырған өледі» демекші, қыздарымызды мұндай дерттен дер кезінде арашалау баршамыздың міндетіміз.

Талдықорған қаласындағы №17 мектепте 14 қараша күні Алматы облыстық ата-аналар комитеті мен «Мүшелтой» балалар мен жасөсперімдер клубы ұйымдастырған «Қыз тәрбиесі - ұлт тәрбиесі» тақырыбында жиын-отырыс өткізілді.Бұл жиынның мақсаты қыз бала тәрбиесінің ерекшеліктеріне назар аудара отырып, қыздар ұйымының жұмысын күшейту, алдағы атқарылар істің жоспарын бекіту,талдау, саралау.

Ата-аналардың бала тәрбиесіне белсенділігін арттыру, педагогикалық білімін жетілдіру,соның нәтижесінде ата-ананы баланың рухани дүниесін түсінер нағыз досына, алғашқы ұстазына айналдыру.

Аталмыш жиынға Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары, Облыстық білім басқармасы, Облыстық ардагерлер кеңесі, Қалалық білім бөлімі, Қалалық ішкі істер басқармасы, Облыстық «Нұр Отан» партиясы, Қалалық ата-аналар комитеті, Бұқаралық ақпарат құралдары және Қалалық колледж бен мектептердегі қыздар ұйымының жауапты ұстаздары ,төрайымдары мен орынбасарлары қатысты.

Жарыссөзге қатысқан Талдықорған №15 орта мектебінің педагог-психолог маманы Бақытгүл Ерболғанқызы Ержанованың сөзінен:

«Ұлттық тәрбиенің негізі балаға ананың сүтімен, ана тілімен, бесік жырының әлдиімен беріледі.Жас ұрпақ тәрбиесі – адамзаттың мәңгілік тақырыбы.Ұрпақ тәрбиесі қоғамнан тыс, оқшау тұрған құбылыс емес. Ол қоғамның, заманның бағыт-бағдарымен, тыныс-тіршілігімен бірге жүріп отырады.Осыдан барып біздің ұлттық құндылықтарымызды сүйегіне сіңіре отырып, тазалық пен берік махаббаттың иесі қыздар қалыптасқан.Оларды кейінгі ұрпақ дәріптеп жалғастырған.Қазақ қыздарының менталитетіне қарапайымдылық, сыпайылық, инабаттылық, үлкенді сыйлау,кішіге ізет көрсету, ақылдылық, имандылық сияқты қасиеттер кіреді.

Мектеп жасынан балаға ата-анасын, туыстарын, ұстазын сыйлап, қадірлей білуді үйретсе, болашақта одан елін, жерін, халқын сүйетін, өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жанындай жақсы көретін қамқор ана, қайратты жан, нәзік ару шығары сөзсіз. Қыз баланың тәрбиесі ата-анаға үлкен сын.

Мектеп өмірінде өнегелі істер мен сыпайылық қарым-қатынасқа тәрбиеленген қыздар, болашақта да ертең еңбек еткенде де жақсы жақтарымен көпшілік құрметіне бөленуі сөзсіз. Қыздардың бірі –жаңа буырқанған бұлақтың бастауы болса, екіншілері – ағысы қатты арналы өзен сияқты, бірі момын да жуас, бірі- өткір де өжет.

Қазақ халқының әдеп-ғұрып, салт-дәстүрлерін қыз баланың бойына сіңіре отырып, қыз балаға келешекте ана, ақ босағаның аруы, шаңырықтың құт-берекесі екенін ұғындырып, әдептілікке, сыпайылыққа, инабатылыққа, мол мейірімділікке, төзімділікке, шыншылдыққа баулып, ар тазалығын жоғары ұстайтын қылықты қыз тәрбиелеу мектептен бастау алғаны нұр үстіне нұр болып отыр.

Ұлттық тәрбие арқылы қазақ қыздары өздеріне тән ізгі қасиеттерімізді жоғалтпай, өнегелі, тәртіпті, ұстамды болуы, қазіргі бала сезімдерінің ұлғаюы, әсіресе жасөсперім шағында қыз баланың ұялшақтық сезімінің күшеюі де отбасындағы дұрыс тәрбиеге байланысты.Шаңырақта ерсі іс-әрекеттерге жол берілсе, қыздың бойына қымсыну қасиеті дарымайтынын психологтар зерттеуде.Психолог А.К. Ленцтің айтуынша «ұялу» – бойжеткендерді биологиялық және әлеуметтік зиянды байланыстардан сақтайды, ол адамның инстинктін реттеп, бақылайды, қорғаныс қызметін атқарады.

Қыз – ең қасиетті сөз. Қасиетті болатыны бүкіл адамзат қыздан тарайды, қыз келін болады, келін анаға айналады, ал ана әже деген зор дәрежеге жетеді.Осы үшеуі арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді».

Қаламқас Изтелеуова, Еңбек ауылындағы № 22 орта мектебінің психолог – маманы :

«Адам адамға қарап, ағаш ағашқа қарай өседі деп білген қазақ халқы, қызым жақсы болсын десең, қылықтылармен ауылдас бол – дейтін халық даналығын берік ұстанып, қыз балаларды ес біліп, етек жая бастаған кезде-ақ өнерлі, текті, адамгершілігі жоғары болсын деп тәрбиелейді.

Бүгінгі таңда білімнің мемлекеттік стандартына сәйкес республика мектептерінде білім беру мен тәрбие мәселесінде қиындықтар туындауда. Оның басты себебі республика өзінің тәуелсіздігіне ие болан жағдайда экономикалық, экологиялық, этномәдени ерекшеліктерін ескере отырып, жастарды оқыту мен тәрбиелеу ісін қайта құрудың аса қажеттігі пайда болды.Оның үстіне, өтпелі кезеңдедегі нарық қыспағынан жұмыссыздықтың етек алуы, рухан жұраңшылыққа ұшыраған әрбір отбасыныңэкономикалық ауыр хал-ахуалы тәрбие мәселесіне кері әсерін тигізіп отырғанын да ескермеуге болмайды. Ата-аналар күн көріс қамымен базар жағалап немесе жұмыс іздеп, бала тәрбиесіне көңіл бөлмеуде, ал ол оқушы жастардың қараусыз қалуын туғызады. Бұл 11-13 жастағы қыз балалардың шылым шегуге, ішімдікпен, нашақорлықпен, жезөкшелікпен айналысуға, ұрлық істеуге, т. б. қылмыстық әрекеттерге топтасуға, қатігездікке алып келуде.

Сол себебтен мектеп ішіндегі аз қамтылған, жартылай отбасы және қамқоршыдағы қыз балалардың ата-анасымен үнемі байланыста болуымыз керек.Әр оқушы кез келген үйірмеге, секцияға, клубқа өз жүрегінің қалауымен қатысып, өзінің жеке басына тән қасиетін, яғни өзіндік менін басқаларға танытуға мүмкіндік алады.

Қорытындай келе, қыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөле отырып, ел дәстүрі мен ата-салтына үйрету әр отбасының, сонымен бірге мектептегі ұстаздардың қоғам алдындағы борышы екенін естен шығармаған жөн».

Ой - пікір

Жиын отырысында балалар тәрбиесі жөніндегі айтылған мәнді де мағыналы сөздерді естіп көңіліміз толғандай болды. Сөз сөйлеген психолог мамандар, қоғам қайраткерлері, мұғалімдер, әкімшілік қызметкерлерінің баршасы бірауыздан бала тәрбиесінің негізі ретінде ата-салтымыз бен ел дәстүріне арқа сүйеуді ерекше атап өтті. Бұл бекерден бекер емес. Ойланатын жәйт. Неге? Дәстүріміздің қандай ерекшеліктері бар? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік. Біздің ата-салтымыз өзінен - өзі бос жерде пайда болған жоқ. Ол ислам дініне негізделіп, осы діннен нәр алған. Бұл туралы тарихымыздың бұлтартпас дәләлдері жеткілікті. Мұсылмандықпен сусындаған дәстүріміздің арқасында Қыз Жібек, Құртқа, Назым, Айман-Шолпан, Қарагөз сияқты қыздарымыз, Домалақ ана, Айша Бибі, Ұлпан сияқты аналарымыз нағыз қазақ әйелдерінің үлгісі болды. Демек бала тәрбиесінде діннің атқаратын қызметі өте маңызды екенін түсінетін уақыт жетті.Қазақ қызына тән қасиетті қалыптастыру үшін ілімі мен білімі мол дінге мойын бұруымыз керек. Дінді жанының азығы еткен аталарымыз бен бабаларымыз ақылды да, дана да бола білді емес пе? Сол даналық ұрпақ тәрбиесіне де зор әсер етті. «Жаны саудың – тәні сау» деген, жанның емін тек діннен ғана таба аламыз.Тәніміз ауырса дәрі ішеміз, ал қайғыға душар болып, жанымыз ауырса жаратқанға жалбарынып, жанымызға дауа сұраймыз. Кейінгі кезеңдерде халқымыз аласапыранға ұшырап, (жоңғар шапқыншылығы, отарлау саясаты, коммунистер жүйесі) дініміз бен салт –дәстүріміз жойылатындай күй кешті. Әупіріммен аман қалдық, егемендікпен қатар дінімізге де ие болдық, салт – дәстүріміз қайтадан жандана бастады. Өкінішке орай, қазіргі кезде елімізде жан –жақтан жастарымызды жапырып, жаман әдет-ғұрыптар пайда бола бастады. Әрине, мемлекет тарапынан тосқауыл ретінде әр-түрлі іс-шаралар атқарылуда. Сонда да күнделікті көзіміз көріп жүргендей, іс жүзінде көп нәрсе ойдағыдай емес. Сондықтан, жылаған аналар мен мұңайған әкелер саны артпас үшін, дінімізді негіз етіп, бала тәрбиесіне қолдансақ жаман болмас еді.

Автор:
Берден Кадыр