Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

"Шәкірт жанын аялайтын, ұғатын,


21 ноября 2014, 12:54 | 1 581 просмотр



Тақырыбы: "Шәкірт жанын аялайтын, ұғатын,

Сен ұлысың, ұлағатты ұстазым!

(тәрбие сағаты).

Мақсаты: Оқушылар арасындағы ұстазға деген құрмет пен ізгілікті аттыру, ұстаздар еңбегіне құрмет көрсету. Ұстаздар күнінде оқушыларға ұстаздықтың қиын да қажырлы еңбек екенін білдіріп, ұстаздарды қадірлеп, құрметтеуге, еңбектерін бағалауға тәрбиелеу.

Кіріспе.

Мұғалім: Мектепте бірегей тұлға-ұстаз, мұғалім. Ұстаз әрқашан қадірлі, қасиетті ұғымды білдірген. "Алты алаштың баласы бас қосса, ең қадірлі орын мұғалімдердікі" М.Жұмабаев.

-Білім тірегі-білікті ұстазда. Ұстаз қауымы оқушыларды білім нәрімен сусындатады. Оқушы ұстаз берген білім нәріне қанып, самғап ұшады. Жас ұрпақ өзіндік ой пікірі бар, жеке тұлға болса, ұстаздардың арманы орындалғаны.

Ұстаз болып өмір жолын бастадым,

Ақ қағазға сырын төкті жас жаным.

Бар арманым Отан үшін тер төгу,

Бір сол үшін қиындықтан қашпадым.

Ұстаз! Осынау сөзде қаншама мән- мағына жатыр десеңші. Ұлағатты ой иелері де, арман оты жүрегінде алаулаған жеткіншектер де, парасатты қоғам қайраткерлері де бір адамға қарыздар. Ол-Ұстаз! Алғаш әліппенің бетін ашып, әріп танытқан, өмірдің қыр- сырын білуге, сан қилы құбылыстарды терең түсінуге мұрындық болып, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алады ғой.Ұстаз да диқан сияқты, ол әр адамның жанына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап, өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады.Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкіттеріне сіңіріп, тер төгеді.Ұстаз еңбегі- ұлы еңбек.

Ұстаз деген ұлағаттың шайыры,

Қадірінің тиетұғын қайыры,

Ұстаз деген- шуағы мол шапағат,

Шаршамайтын, шалдықпайтын тәйірі.

Ұстаз деген- ұстаз болып туғандар,

Ұлылықты ұлықтаған имандар,

Ұрпағының ертеңіне жол ашып,

Өмірінің әр шақтарын құрғандар.

Егер әр адамның жүрегінде ізгілік сәулесі болса, ол- мұғалімнің еңбегі.Сол нұрды жеткіншектің жүрегіне сіңіру үшін қаншама тер төкті десеңші.

"Ұстаз" деген ардақты, киелі, үлкен құрметпен айтылатын сөз, ол әр адамның жастайынан сауатын ашатын, өнеге үйретіп, тәрбие беретін"Білім" атты кемеге отырғызып, болашаққа жол көрсететін, анаңдай әлпештеп, маңдайынан сипайтын адам.

Дүниеде адамды тәрбиелеп, азамат атандырғаннан артық абырой мен құрмет жоқ шығар, сірә!

Ортаға құттықтау сөз кезегі мектебіміздің директоры Бекбергенов Айтқабыл Құрманбайұлына құтықтау сөз кезегі беріледі

Вальс: 8-9 сынып оқушылары.

Екі жүргізуші ортаға шығады.

1-жүргізуші:

Армысыздар, ардақты ұстаздар! Бүгін-ұстаздар мерекесі! Баршамыздың сауатымызды ашып, білім нәрімен сусындатып, өмірге қанат қақтырған ұлағатты ұстаздар, мерекелеріңіз құтты болсын!

Ұстаз болу- арманның кереметі,

Ұстаз деген ардақты ел еркесі.

Ұстаздықта қиын да көп, қызық та көп,

Ұстаздардың әр күні сыр шертеді.

Ұстаздарым тәлім алған талайлар,

Құттықтаймыз мерекемен, апайлар,

Шәкірттерің бауырдағы балапан,

Қайда жүрсең өздеріңе қарайлар.

2-жүргізуші:

Ұстаз деген -жарық күні ғаламның,

Ұстаз деген- анасы ол адамның.

Бүкіл әлем мойындайды еңбегін,

Сен де одан адам болып жаралдың.

Ұстазыңды түсінгін сен түріңнен,

Бар әлемге еңбегімен еленген.

Сенің бағың өрге қарай өрлесе,

Ол да бір қуанышқа кенелген.

"Анашым" орындайтын Балтаева Сабила.

1-жүргізуші:

Сол арқылы сен де өмірді жалғадың,

Ізгі іс қой, ұстаз тілін алғаның.

Мақтау алсаң ұстаздардың алдында,

Ол өзінің орындалған арманың.

Ұстаз сөзін айтып жүрдік ән қылып,

Одан басқа жүрген кім бар жанды ұғып,

Ұстаз деген ұлылардың ұлысы,

Бірге: Қасиеті, бас иелік мәңгілік!

"Корей" би орындайтын Несіпбай Аяжан.

2-жүргізуші:

Гүлжан, бүгін бізде үлкен мереке. Бүгін ұстаздар қауымының төл мерекесі. Олай болса бүгінгі күн ұстаздарға арналмақ.Ұстаз- ұлағатты есім. Күн сәулесі өмірге қандай жарық берсе, ұстаз есімі де шәкірттерге күндей жарық береді.

Ақырын жүріп, анық бас.

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға,- деп Абай атамыз айтқандай, шәкірттерінің өзінен озғанын қалаған ұстаздар қауымы, мерекелеріңіз құтты болсын!

"Ұстазым" орындайтын Уразбаева Аида.

1-жүргізуші:

Денсаулықтарыз мықты болсын, шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын, біздей шәкіттеріңіз көп болсын!

Бірге: Мерекелеріңіз құтты болсын!

Сен қалай ойлайсың, Аслан? Менің ойымша, кез-келген адам мұғалім бола алмайды.Себебі ұстаздық- өнер, тағылымы терең өнер. Ал, өнерлі болу кез-келген адамға қона бермейді. Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт."Шәкіртсіз ұстаз тұл" деген сөз тегін айтылмаса керек.

2-жүргізуші:

Гүлжан, мен осы сөзің дәлелді бола түсу үшін мына жыр шумақтарын қосайын.

Ұстаз болу сезімнің ақындығы,

Ұстаз болу мінездің күн шуағы,

Азбайтұғын адамның алтындығы- деп Ғафу Қайырбеков ағамыз жырлағандай, біздің мектебімізде сөзі маржан, үні ән ұстаздар бар болғанын мақтан етеміз. Әрине ұстаз жүгі- ауыр жүк. Адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу- бұл нағыз шеберлік емес пе ?!

"Көктем биі" орындайтын қыздар тобы.

2-жүргізуші:

Ендеше ұрпақпен өмір жолы жалғанады,

Көңілді күндер тусын алдан әлі,

Ән- шашу, әсем әуен, түрлі өнер,

Бүгінгі күн сіздерге арналады.

"Көңілді күн" әнімен- орындайтын Уразбаева Аида.

1- жүргізуші:

Ұстаз ана, талай жасты өсірген,

Мақтан етіп қуанышын, қателігін кешірген,

Кетсең-дағы арман қуып қияға,

Ұстаз, мектеп кетпес мәңгі есіңнен.

Ән- шашу: "Ұстазым" әні орындайтындар: Аубакиров Аслан мен Уразбаева Аида.

2-жүргізуші:

Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да,тілінен бал тамған ақын да , тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да , мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де, бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған, сондықтан ұлағатты ұстаздар, сіздерге бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді!

"Ана- ұстаз" орындайтын Балтаева Сабила.

1-жүргізуші:

Құрметті ұстаздар! Біздің кешіміз осымен аяқталды . Халықтың нұрлы ертеңі үшін, ел игілігі жолында атқарып отырған еңбектеріңіз жемісті болсын! Шәкіттеріңіз еліміздің мәртебесін өсіріп, көсегесін көгертер, асыл азаматтар болып өссін!

Мына ән сіздерге арналады. Қабыл алыңыздар!

"Немерем"- әні орындайтын бастауыш сынып мұғалімі Бозымбекова Сандуғаш.

Қорытынды: "Еңбек- дүниенің қожасы"- демекші, еңбекті сүюге баулитын, арманға, шың қияға жетелейтін пән мұғалімдеріне рахмет.

- Шәкіттерің құтықтаса мейраммен,

Нұр шуағың сейілмейді маңдайдан,

Әр шәкіртің қуанышын баса алмай,

Шарықтайды, шартарапқа самғайды ән.

Хор: "Ұстазым"

Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, шығармашылық табыс тілейміз.Еңбектеріңіз еленіп, сіздер тәрбиелеп жатқан өскелең ұрпақтың еңсесі биік болсын! Мереке құтты болсын!

Автор:
Ибраймова Жанымкул, Педагог- ұйымдастырушы: Туғанбаев Рауан Дәулетханұлы. Кербұлақ ауданы Көксай негізгі мектебі.