Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Жүрегі шәкірт деп соққан


26 декабря 2014, 11:42 | 1 267 просмотров



Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.

Егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы – мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі –мұғалім.

Ұстаз болу – жүректің батырлығы,

Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,

Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,

Азбайтұғын адамның алтындығы – деп ақын Ғ.Қайырбеков жырлағандай, сөзі маржан, үні ән ұстаздардың бар болғанын мақтаныш етемін. Ұстаздардың әсерлі үнмен, асықпай мәнерлеп сөйлеген сөзінен әрбір оқушыға деген қамқорлықтың, аналық, әкелік сезімнің дана ойдың ыстық лебі есіп тұрғандай. Иә, адамның жан-дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу – бұл нағыз шеберлік емес пе?!

Ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы “Ұстаздық - ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз” деген.

Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам –мұғалім.

Ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдаған, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірде өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп, қысқа да саналы өмірін ұстаздыққа арнаған,жүрегі шәкірт деп соққан, Серікбаева Мәрияқан Әбдікерім қызы туралы сөз қозғамақшымыз.

Серікбаева Мәрияқан 1954 жылы 14 мамырда Алматы облысы Ұйғыр ауданы Кіші дихан селосында дүниеге келді.Осы ауылдағы Октябрь орта мектебін 1971 жылы бітірді. 1972 жылы М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих бөліміне сырттай оқуға түсті. 1973 жылы өзі білім алған мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Ол теориялық білімін практикамен ұштастыра білді. Алғаш бастауыш сыныптарға білім берген,“Әліппенің” бетін ашып, әріп танытқан, өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарды терең түсінуге мұрындық болып, жан-дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған ұстаз Мәрияқанның бейнесі шәкірттерінің көңіл төрінен орын алды. Оқуын 1978 жылы бітірді және жоғарғы сыныптарға өз пәні бойынша сабақ бере бастады.

“Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға”,-деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігін терең ұғынған ұстаз әрбір сабағын тиянақты өмірмен байланыстыра өткізіп, шәкірт жүрегіне жол таба білді.

Ұстаз да диқан сияқты. Ол әр адамның жанына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады.

Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін ол бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді.

Мәрияқанның жүріс-тұрысы, сөйлеуі мен адамгершілігі оқушыларына үлгі болып, ол білім берген көптеген оқушысы бүгінгі күні ұстаздық етуде және қоғамның әр саласында еңбек етіп келеді.

Ол тек қана ұстаздық етіп қана қоймай мектеп пен өз селосының қоғамдық жұмыстарына да белсене қатысты. Жергілікті сайлау науқанында селолық сайлау комиссиясының хатшысы және төрағасы болып, сапалы да саналы еңбек етті.

Өз мектебінің ұстазы Ұлы отан соғысында ерлік көрсеткен, соғыстан кейін де еңбек етіп үлгі болған, ардагер ұстаз, президентіміз Н.Ә Назарбаевтың қолынан Халық қаһарманы атағын алған, Мөрдүн Тейиповтың ерлігін, келесі ұрпаққа үлгі етіп, жастарға патриотттық тәрбие беру, жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу мақсатында, сол мектепте мұражай ұйымдастыруды қолға алды. Кездескен қиыншылықтарға қарамастан,өз ойын жүзеге асырды. 1998 жылы жерлесіміз, еңбек ардагері зиялы азамат Заманбек Батталханов пен зиялы, елге танымал Дилмұрат Кузиев және мектеп әкімшілігі, ұжымы мен отбасының қолдауымен аталған мектепте М.Тейиповқа арналған тарихи мұражай ұйымдастырды. Онда қаһарманның өткен өмір жолы, еңбегі, ерлігі, үлгілі ғұмырынан толық мәліметтерін жинап, ретке келтіру үшін көп тер төкті.

Ұстаздың жабдықтаған пән кабинеті, жасаған көрнекіліктері әрбір сабақтың сапалы өтуіне септігін тигізді.Оның еңбегі бағаланып,1990 жылы Алматы облыстық білім бөлімінің құрмет грамотасымен марапатталды. Педагогикалық кеңестер мен әдістемелік кеңестерда заманауи білім беру, оқытудың сапасын арттыру тағы да басқа тақырыптарда жиі-жиі баяндамалар оқыды. Тарих пәнінен пән секциясын басқарды. Оқушылардың білім сапасының деңгейін көтеруде аянбай еңбек еткен ұстазды, 2001 жылы Аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымы құрмет грамотасымен марапаттады.

Ұстаз әбден кемеліне жетіп, ұстаздың тәжірибесі шырқау шыңына жеткен кезде, денсаулығы нашарлап, елу екі жасында 2007 жылы 1 ақпанда дүниеден өтті.Қысқа ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған, сапалы да саналы өмір сүрген ұстаз мәңгі есімізде сақталмақ. Егер өмір сүрген жағдайда талай белестерге жететіні анық еді.

«Арналады ұстаздарға, құрмет деген, төр деген. Біздің елде адам бар ма, ұстаз алдын көрмеген», дегендей қиындығы мен қызығы мол мамандықты таңдап, өз шәкірттерін біліммен сусындатып, мазмұнды өмір сүрген, «Жақсы мұғалім бәрінен қымбат, өйткені ол мектептің жүрегі»,- деп ұлағатты ұстаз Ыбырай Алтынсарин айтқандай, мектептің жүрегі болған, соққан жүрегін шәкіртіне арнаған ұстаз Марияқанның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын деуден басқа амалымыз жоқ, әлбетте.Оны жерлестері мен шәкірттері мәңгі есінде сақтайды.

Автор:
Халипям ХАМРАЕВА, зейнеткер-ұстаз. Шонжы ауылы.