Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Қазақстанның үздік оқытушылары


16 января 2015, 09:37 | 3 030 просмотров



Жетісу үздіктері

Жаңа жыл қарсаңында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінде вице-министр Т. Балықбаевтың төрағалығымен «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын беру жөніндегі республикалық конкурстық комиссияның отырысы өтті.

Конкурстық комиссияның құрамына Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратының өкілдері кірді.

Конкурс «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын беру қағидалары мен берілген мемлекеттік гранттың жұмсалу бағыттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 17 ақпандағы № 235 қаулысына сәйкес ұйымдастырылды.

2014 жылы конкурсқа 90 жоғары оқу орнынан 545 адам қатысты. Конкурстық іріктеу нәтижесінде «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына 200 үміткер анықталды. Оның 39,5% -ын ғылым докторлары, 57% - ын ғылым кандидаттары, 3,0% -ын PhD докторлары құрады. Олар техникалық, педагогикалық, медициналық, ауыл шаруашылық, экономикалық, құқықтық және т.б.ғылымдар саласынан болды. Аталмыш шарадан Алматы облысы Талдықорған қаласы І.Жансүгіров атындағы мемлекеттік университеттің ұлағатты ұстаздары Еркін Шажаұлы Дүсіпов, Ербол Жақсыбекұлы Беисов,Асқар Қалиұлы Шариповтар 2014-ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ЖЫЛ ОҚЫТУШЫСЫ атағына иеленді. Жетісу жерінің үздік оқытушыларымен кездесіп, құттықтаған едік. Олармен бүгінгі білім мен ғылымның даму процестері жайлы пікір алмастық.

Заманды да, қоғамды да өзгертетін өзіміз

Еркін Шажаұлы Дүсіпов

Заң ғылымдарының докторы, профессор Еркін Шажаұлы Дүсіпов 1962 жылы 27 сәуірде Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Жағабұлақ ауылында дүниеге келді. 1969 жылы Жаңажол орта мектебінің 1-сыныбына қабылданып, оны 1979 жылы үздік бітірді. 1981-1983 жылдары Кеңес Одағының әскер қатарында азаматтық борышын өтеді.

Еркін Шажаұлы Дүсіпов 1985-1990 жылдар аралығында С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті заң факультетінің «Құқықтану» мамандығы бойынша үздік бітіріп, заңгер біліктілігін алды. Сол жылы жас маман ретінде С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті заң факультетінің азаматтық құқық кафедрасына жолдамамен жұмысқа қалдырылды.

1992-1995 жылдар аралығында аталған университеттің заң факультеті деканының орынбасары, 1995-2001 жылдар аралығында азаматтық құқық және кәсіпкерлік құқық кафедрасының аға оқытушысы қызметтерін атқарды.

Еркін Шажаұлы Дүсіпов заң ғылымдарының докторы, профессор Әбдіманап Елікпайұлы Бектұрғановтың жетекшілігімен 12.00.06 – экологиялық құқық, табиғат ресурстық құқық, аграрлық кұқық мамандығы бойынша «Жерге жеке меншік құқығының негіздері» тақырыбында дайындаған диссертациялық жұмысын 2002 жылы сәтті қорғап, заң ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды.

2002-2008 жылдар аралығында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің заң факультетінде кафедра меңгерушісі, заң факультетінің деканы қызметтерін атқарды.

Еркін Шажаұлы Дүсіпов 1998-2006 жылдар аралығында қазақ тілінде тұңғыш жарық көрген Қазақ ұлттық энциклопедиясының құқықтану бөлімінің ғылыми кеңесшілер қатарын басқарды.

2008 жылдың шілде айынан бастап, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде жалпы экономикалық және өндірістік сұрақтар жөніндегі проректор және мемлекеттік және азаматтық-құқықтық пәндер кафедрасында профессор қызметтерін қоса атқарды.

2009 жылы з.ғ.д, профессор Әбдіманап Елікбайұлы Бектұрғановтың ғылыми жетекшілігімен «Қазақстан Республикасында ауылшаруашылық кәсіпкерлігін құқықтық қамтамасыз ету мәселелері» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады.

Қазіргі таңда Дүсіпов Еркін Шажаұлы азаматтық, кәсіпкерлік, отбасы, жер, аграрлық құқық салалары бойынша Қазақстанда танымал ғалым. Осы ғылым салалары бойынша оның көптеген ғылыми еңбектері бар.

2005 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясына он жыл толуына байланысты «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» медалімен марапатталды.

Білім беру және ғылым саласындағы еренді еңбектері үшін 2009 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», 2010 жылы «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан төс белгілерімен марапатталды.

Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» ХДП-ның Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың стратегиялық бағытын, партияның бағдарламалық мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға ат салысып, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны үшін Құрмет грамотасымен марапатталған.

2012 жылы Еліміздегі сайлау науқанына белсенді қатысқаны үшін Елбасы тарапынан Алғыс хатпен марапатталып, Алматы облысы өңірінің дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасын иеленді.

2014 жылдың ең үздік оқытушысы атағы берілді.

Сонымен қатар, Дүсіпов Еркін Шажаұлы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. 2009 жылдан бері «Нұр Отан» ХДП Алматы облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес қоғамдық кеңесінің төрағасының орынбасары қызметін атқарады. Мәжіліске және жергілікті мәслихаттарға депутаттарды сайлау жөнінде Талдықорған қаласы бойынша №7 сайлау округінің төрағасы. Алматы облысы Әділет департаментінің адвокаттық және нотариус қызметтерімен айналысу үшін үміткерлерді анықтау аттестациялық комиссиясының мүшесі.

Жұбайы-Дүсіпова Тынған Жақсылыққызы. Заң ғылымдарының магистрі. Жетісу мемлекеттік университетінің Ғылыми кітапханасы директорының орынбасары.

Ұлы – Дүсіпов Шоқан. Ұлыбритания, Бельгия және Жапония мемлекеттерінде білім алған. Қазіргі таңда «Қазкоммерцбанк» АҚ-ның басқарма бастығы болып қызмет атқаруда.

Қызы – Дүсіпова Еңлік. Талдықорған қаласындағы «Назарбаев зияткерлік мектебін» 2013 жылы «Алтын белгімен» аяқтады. Бірнеше дүркін халықаралық олимпиадалар жеңімпазы.

- Еркін Шажаұлы, заңгерлікке қалай келдіңіз?

- Бұл ұзақ әңгіме. Менің бұл жолды таңдауыма бірден-бір себеп болған кісі-анам. Анам мен білім алып оқыған мектебімде өмірінің 52 жылын арнаған кісі. Сол анамның берген тәлімімен мен қазіргі күнде, заңгер, оқытушымын. Негізінен мен дәрігерлік жолды таңдап, оған түсіп, оқымадым. Сосын мен әскерге кеттім. Маған заңгер мамандығының қатты ұнағаны сонша, әскерде жүрген кезде бізге тегін оқуға жолдама берілетін. Ол жолдаманы алу үшін біздің тәртібімізден кемшіліктер болмау керек. Жодамаға қол жеткізу үшін өз алдыма мақсат қойдым. Оның үстінде қазіргі таңдағыдай оқуға түсу жеңіл емес, қиын болатын. Бірнеше рет тапсырып, құлап жататындар да аз болмады. Сол себепті де мамандығымды жан қалауымен таңдағандықтан, әскерді аман-есен аяқтау болды. Әскерім сәтті біткен соң, мен жолдамамен 1985-1990 жылдар аралығында С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің, заң факультетінің «Құқықтану» мамандығы бойынша үздік бітіріп, заңгер біліктілігін алдым. Оқуды бітірген соң, сол жылы жас маман ретінде өзім оқыған университетімнің заң факультетінің азаматтық құқық кафедрасына жолдамамен жұмысқа қалдым. Сол жерден еңбек жолымда басталып кетті.

- Жаңа өзіңіз айтып өткендей кеңестік кездегі оқуға түсудің қиыншылығы бүгінгідей емес деп өттіңіз. Сонда кешегі мен бүгінгі білімнің айырмашылығы қандай?

- Сіздің бұл сұрағыңызға жауаптар өте көп. Біріншіден, ол заман мен бұл заманды теңестіріп қарауға келемейді. Екіншіден, біз оқыған кеңестік кезде мұғалімнің түрін көрсек, сабаққа дайындалатынбыз. Үшіншіден, сабаққа деген зейініміз бен ынтамыз өте жоғары болатын. Бұған түрткі, сол кездегі ақпараттық – технологиялардың пайда болмауы деп ойлаймын. Бірақ, оқимын, адам боламын деген адам қай заманда да білім алса да адам боп шығады. Салыстыруға мүлдем келмейді. Төртіншіден, қазіргі таңда білім іздеп, құлшынып тұрған азаматтарымыз аз. Ақпараттық құрылғыларсыз-ақ біз оқыдық. Білім алдық. Іздендік, үйрендік. Оқуға бірінші жылы тапсырып, түсіп кетті деген адамдар аз болатын. Ал, бүгінгі күні, тапсырды, түсті. Тіпті, біз оқыған кезде көбінесе ақылы оқу орындар болатын. Мемлекеттік гранттар аз болатын. Қазір оқимын, адам боламын деген жастарға барлық жағдайлар жасалынған. Мемлекеттік, ректорлық, әкімдік гранттарымызда жетерлік. Соны, дұрыс меңгерсек болғаны.

- Еркін Шажаұлы, сіз білім алған кеңестік дәуірдегі заңгер мен бүгінгі заңгерлердің арасындағы орын аларлықтай ерекшіліктер бар ма?

- Ерекшілік өте көп. Күннен күнге біз өмір сүріп отырған заман өзгеріс пен дамудың үстінде. Халқымыз айтып жатады, өзгерісті заманнан көреміз бе, әлде қоғамнан ба деп. Заманды да, қоғамды да өзгертетін өзіміз. Оны тек қабылдауымыз қажет. Сол секілді заң да, білім саласында да, тіпті медицинада күнделікті өзгерістер туындап жатады. Тіпті біз қолданып жүрген өмірге қажеттіліктерімізде жаңарып отырады. Біздің кезіміздегі заңға келер болсақ, әділдіктің шыңына шығуға өз күшімізбен тырысатынбыз. Қазірде бар. Бірақ, біраз салғырттық басым. Неге десеңіз, жас буындарымыздың ізденімпаздықтары аздау. Жалқаулыққа көп бой алдырады. Тартымдылықтарының күші бәсеңдеу.

- Өзіңіз білім беріп, заңгер мамандарын дайындаудасыз. Осы заңгер мамандығының қоғамдағы рөлі мен мәртебесі қандай деп ойлайсыз? Заңгер мамандығының сұранысқа ие болуы неліктен?

- Заңгер мамандығы – ең тартымды мамандық. Халықтың көңілінен орын табатын, көпшілік таңдайтын бірнеше мамандық бар, олар әр қоғамда, қандай жағдай болмасын сұранысқа ие болады. Сол мамандықтардың ішінде заңгер мамандығы да бар. Бұл мамандық иелері әр ұйымда, фирмада, кәсіпорында, коммерциялық және қоғамдық құрылымдарда ауадай қажет. Біздің түлектер бүгінгі таңда сотта, прокуратурада, адвокатурада, тергеуде, нотариатта, заң кеңесін беру аясында қызмет етуде. Университетіміздің білім беру үрдісінің мақсаты - студенттерге дұрыс бизнес құруды, құқықтық өзекті мәселелерде шешім табуды, мемлекеттік және әкімшілік заңи сұрақтарды реттеуді, даулы және бұзылған құқықтар мен бостандықтарды қорғап, қалпына келтіруді және заңи көмек қажет тұлғаларға жәрдем беруді үйрету. Біздің оқытушылар – жоғарғы ғылыми дәрежесі бар Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттердің құқығы бойынша білікті мамандар, өз істерінің майталмандары, мемлекеттік органдар мен бизнес саласында еңбек сіңірген тұлғалар. Заңгер мамандығының тартымдылығы неде? Әрине, көп адамдар заңгер болуға құштарлығы бекер емес. Заңгер мамандығы пайда болған қиындықты шешуге бағытталады. Заңгер, әділетсіздіктің құрбаны болған тұлғаға, қылмыстан зардап шеккен жәбірленушіге өз құқықтарын қалпына келтіруге, оларды қорғауға, заңсыз жұмыстан шығарылған адамның қайта жұмысына тұруына, даулы мүліктік және тұрғын үй сұрақтарын шешуге көмек береді. Тергеуші, судья болып жұмыс істейтін заңгер қылмыскерге әділ жазаны қамтамасыз етсе, прокурор болып қызмет атқаратын заңгер заң бұзған шенеунікті жауаптылыққа тартады. Заңгер жұмысы – құқық үшін күрес, ол күрес заңгерлерге үлкен рухани ләззәт сыйлайды. Бұл мамандықтың тартымдылығының бір қыры - алынған білімді мемлекеттік басқарудың әр аясында, ғылымда, экономикада, мәдениетте, спортта және журналистикада пайдалануға болатындығы. Жоғары білікті заңгер – кәсіби қызметте әрдайым қажет қызметкер және жәрдемші. Заңгер мамандығының тартымдылығы зор және шынайы білікті заңгерлер жоғары интеллектуалдылық, ұйымдастырушылық қабілетке ие болады. Заңгер мамандығы адамның ой өрісін дамытуға және өзін, жанұясын жоғары материалды қамтуға мүмкіндік береді.

- Ал, бүгінгі таңда заңгер мамандығын алсақ, саны көп. Бірақ, сапалылар аз дегенді естіп жатамыз. Осыған сіздің пікіріңіз?

- Мұндай қаңқу сөздерді заң мамандығында ғана емес, басқа да салалардан естіп жатамыз. Жалпы бұл дұрыс емес жағдай. Негізінен жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды. Әрбір, маман иесі өз мамандығын менің борышым мен мақтанышым деп атқарса, мұндай сөздерге қалмас еді. Тағы да айтарым, қазіргі өскелең ұрпақ өздерін таңдап алған мамандықтарына дұрыс зейін қоя оқып, дайындалу қажет. Оны өмірінің бір бөлшегі ретінде қабылдауы керек деп ойлаймын. Сонда ғана мұндай пасық сөздер азаяр еді. Адамдар өз мамандықтарын дұрыс атқара алмады ма, онда не керегі бар сөз таратып. Әркім өз жолын дұрыс бағытта алып жүргені дұрыс.

- Бүгінгі таңда педагогика саласындағы ер азаматтардың сіз үшін орны қандай?

- Жалпы педагогика саласында ер азаматтардың көп болғанын қалаймын. Себебі, ер азаматтың берген ілімі мен тәлімі бір бөлек. Қыздарымыздың бергені өз алдына. Ерлеріміз жүрген жерде өсіп келе жатқан жас жігіттеріміз дұрыс бағытта болары анық. Қай жерде болмасын ер азаматтардың қолдауы, олардың бірлесе араласуы ауадай қажет.

- Еркін Шажаұлы, аға оқытушы, заң ғылымдарының докторы, профессор ретінде сіздің көзқарасыңызды білсек. Қазіргі таңдағы білім беру жүйесін дамытудағы шетел тәжірибесінің рөлін айтып өтсеңіз?

- Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алғалы бері жиырма төрт жылдан астам уақыт өтсе де, жан-жақты реформалар жүргізу үрдісі аяқталған жоқ. Тәуелсіздік жылдарының алғашқы күнінен бастап дамыған елдерден үлгі алуға тырысқан Қазақстан Республикасы өз ішіндегі жаңашылдықтарды басқа елдермен тығыз қарым-қатынас жасау арқылы енгізіліп келеді. Қазақстан қоғамының трансформациясы жағдайында мемлекет алдында Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін қалыптастыру өзекті мәселесі пайда болды. Бұл мәселені қарастыруда Қазақстан Республикасының жоғары білім беру жүйесін реформалау үрдісін зерттеу керек. Бұл жерде өтпелі кезеңді басынан өткізіп жатқан елдер үшін білім жүйесін реформалау жаңа құбылыс болып табылмайтындығын атап кету қажет. Мұндай реформалау білім жүйесінің жақсаруын, даму динамикасын, эволюциясын көрсетеді және әрдайым болып тұрады. Қазіргі Қазақстанда жоғары білім мәселесі экономикалық жағдайға тікелей байланысты. Бірақ, бұл мәселені шешуде тек қаржылық-экономикалық жағдаятқа ғана сүйенуге болмайды. Білімді реформалауға кешенді түрде қарап, әлеуметтік, экономикалық және мәдени факторларды да ескеруі керек. Әрбір әлеуметтік институт, соның ішінде білім беру жүйесі қалыптасқан жағдайларға бейімделуі тиіс, өйткені ол оның өмір сүруіне қажетті шарт болып табылады. Біздің еліміздегі білім беру жүйесінің реформасы басқа да өтпелі мемлекеттердегіей «жоғарыдан» жүргізіледі. Әлем кеңістігіндегі болып жатқан өзгермелі жағдайлар білім беру жүйесіне де өзіндік әсерін тигізіп отырғаны белгілі. Елімізде жүргізіліп жатқан білім саясаты әлемдік білім кеңістігімен ықпалдасуға бағдарланған. Әлемдік білім кеңістігіндегі жалпы білім берудің басымдылық мақсаты-өзгермелі өмір жағдайына тез бейімделетін, өз жолын дұрыс таңдай білетін, оң шешім қабылдай алатын тұлға дайындау болып отыр. Мен өз басым Калифорния штатында болып қайттым. Тәжірибе алмасып, олардың білімділіктерімен танысып келгем. Бұл жерде ең негізге алатын мәселе, ұлттық менталитет қажет. Неге дейсіз ғой, біз олардың жақсы жақтарын ғана алуымыз қажет. Біз түбегейлі олардың білімділіктеріне көше де, жаттай да алмаймыз. Тек тәжірибе алмасамыз. Міне, біз соны дұрыс ұғынуымыз қажет. Ұлттық санамызға біткен мінезімізді, салтымызды біз ұмытпауымыз керек. Намысымызды, қазақтығымызды ұлықтауымыз керек. Олардан бір жақсы жағын ғана алып, өзіміздің ұлттылығымызды дәріптеуіміз қажет.

- Сіздің ойыңызша, шетелде оқыған студент пен отандық білім ордасында дәріс алған студенттің айырмашылығы неде деп ойлайсыз?

- Алдымен, шетел емес өзіміздің қазақ тобымен орыс тобында оқыған студенттеріміздің айырмашылығына тоқталып өтейін. Мен орыс тобына да, қазақ тобынада дәріс беремін. Екі топта да қазақ балалары оқиды. Сонда, мен оларға сабақ барысында да оларға үнемі айтып отырамын намысшыл, ұлтшыл бол деп. Ұлттылығымызды дәріптеңдер. Қазақтықтарыңды ұмытпаңдар. Неге Елбасымыз «Қазақ қазақпен, қазақша сөйлессін», деді. Күйінді, жаны ауырды. Сол себепті де осы сөзді айтты. Арасында, бір орысы жоқ қазақтардың басы қосылса бітті, тілдері шұбарланып кетеді. Ал, шет мемлекеттерде бұл мәселеге қатты көңіл аударады. Өздерінің ұлтшылдықтарын бірінші кезекке қояды. Ал, бізде бұл жағдай сәл бәсеңдеу. Өзіміздің Қазақстанда білім алып жүрген жастарымыздың өзі, орыс тіліне жақын. Орыс топтарында да оқиды. Оқымасын, тек қазақ тобында ғана оқысын деп отырған жерім жоқ. Бірақ, намысшыл болу керек. Өзінің мемлекеттік тілін ұмытпау керек. Тіл тазалығын, жан тазалығын сақтау қажет. Қазақстан да оқыған жастарымыз мұндай салғырттыққа бой алдырса, шет мемлекетте оқығандар қайда барады.

- Еркін Шажаұлы, кешегі оқытушы, бүгінгі заң ғылымдарының докторы, профессор, проректорсіз. Үш белесті бағындырдыңыз. Ал, осы асуларыңыздың арасында өкінішіңіз бен сіз бағындырмаған белесіңізді айтсаңыз?

- Сіздің ойыңыз кешегі оқытушы Еркін мен бүгінгі проректор Еркіннің айырмашылығы ғой. Негізінен мен тәлім алған, білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымның көп жақсы қасиеттерін өз бойыма дарытқан жанмын. Анам өмірінің 52 жылын бір арнаға жұмсаған, білікті ұстаз. Ол кісінің ақ сүтімен келген тәрбиесі мені ешқашан теріс жолға салмаған. Кешегі ұстазым бастықта болған. Сонда ол, бізге бастықпын деген жоқ. Керісінше оқы, үйрен, тәрбиелі бол деген. Мен үшін атақ пен даңқ бірінші орын да емес, адамгершілігім. Анам әруақытта маған, «балам, ешқашан адамшылығыңа кір келмесін. Ол сенің бүкіл еңбегің. Адам болып жаралғансың, адам болып қалуың керек. Үнемі мансап емес, білім қу», деп құлағыма құйған. Міне, мен үшін кешегі оқытушы кім, бүгінгі проректор кім? Екеуі бірдей. Мен адамшылығымнан аттап кете алмайтын жанмын. Ал, бұл таңдаған жолымнан айтарлықтай өкінішім жоқ. Керісінше мен бақыттымын. Адами қасиетіммен мақтана аламын. Болдым, толдым, астым демеймін. Мен де ізденіс үстіндегі адаммын.

«Ең үздік мұғалім» - бұл нағыз педагогикалық шеберліктің, алдыңғы қатарлы тәжірибенің мектебі, педагогикалық тәжірибеде барлық жақсылықты тарататын орталық.

Күш жарыстыратын емес, ақыл жарыстыратын заман

Білімнің күші құдіретті. Ол бар жерде үздіксіз даму үрдісі жүреді. Білім мен ғылым арқылы өркениет дамып, мәдениет гүлденеді. Білім арқылы адам баласы өмірдегі өз орнын табады.

Қазақстанның алдында бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан көріну міндеті тұр. Бұл өз кезегінде ұстаздардың мойнына екі есе жауапкершілік жүктейді. Себебі, ертеңгі күннің қоғамдық-саяси, экономикалық мәселелерін шеше білетін білімді де білікті ұрпақты тәрбиелеу мына біздің қолымызда. Білім берудің күрделі міндеттерін рухани бай, педагогикалық дарыны бар, шығармашылық, кәсіби тәсілдерді жетік меңгерген және жаңалыққа құштар жан-жақты тұлға ғана шеше алады.

Беисов Ербол Жақсыбекұлы Жамбыл облысы Сарысу ауданы Байқадам ауылында 1974 жылы 29 маусымда қарапайым да үлгілі отбасында дүниеге келген. Әкесі Беисов Жақсыбек Жақыпұлы ардагер ұстаз, директорлық қызмет атқарған. Анасы Надуева Кишкул бала тәрбиесімен айналысқан. Заңгер мамандығын сол ауылдың мектебінде оқып жүргеннен армандаған. Мектепті үздікпен бітіріп, армандаған оқуына кетеді. Арнайы курстарды оқып, кейіннен жоғарғы оқу орнына түседі. Оқып жүріп, ғылыми еңбектермен айналысады. Ең алғашқы еңбек жолын, өзі оқыған оқу орны Қазақ Ұлттық әл-Фараби атындағы университеттен лаборанттық қызметтен бастау алған. 1994-жылы ең алғашқы ғылыми мақаласы жарық көріп, кейіннен 2003 жылы Тараз мемлекеттік Х.Дулати атындағы университеттен заң ғылымының магистрлігін қорғаған. Заманның ағымына қарай 2008 жылы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетке жолдамамен алғаш ашылған заң факультетіне жұмысқа тұрады. 2010 жылдан бастап Заң факультетінің деканы, заң ғылымдарының кандидаты, доцент. «ХХІ ғасыр - қатаң бәсеке ғасыры. Елбасымыз халыққа арналған жолдауында "ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық. Осы заманғы білім беру жүйесінсіз әрі алысты барлап, кең ауқымда жаңаша ойлай білетін осы заманғы басқарушыларсыз біз инновациялық экономика құра алмаймыз" деген болатын. Қашан да білімді ұрпақ - болашағымыздың кепілі. Егеменді еліміздің тағдыры - жас ұрпақтың тағдыры - бүгінгі ұстаздардың қолында. Ал, заңды білу - заман талабы. Бүгінде Қазақстан Республикасында демократияға бағытталған құқықтық мемлекет кұру идеясын жүзеге асырып, ондағы әрбір азаматтың өз құқықтарын жете біліп, соған сай сана- сезімдерін қалыптастыру. Азаматтың міндеті - заң талаптарын бұзбау, екінші жағынан, өзіне жүктелген міндетін орындау. Өйткені заң дегеніміз - өмірдің нәрі. Заңның мықтылығы- атында емес, адалдығы мен әділдігінде. Заңның ең басты мақсаттарының бірі- қоғамдағы алуан мінезді адамдарды салауатты өмір салтына тәрбиелеу», дейді-заң ғылымдарының кандидаты, 2014 жылдың үздік оқытушысы Ербол Жақсыбекұлы.

- Ербол Жақсыбекұлы, XXI ғасыр ұлт¬тық бәсеке, ақпарат¬тық сайыс, иннова¬циялық техноло¬гиялар сияқты көрi¬нiстерiмен ерек¬ше¬ленедi. Сол кезеңге сай интеллеꬬтуалды, денi сау, ой-өрiсi жоғары дамыған, халықаралық деңгейге сәйкес бiлiмi бар азаматты тәр¬биелеу – мұғалiмнiң мой¬нында. Ал, ұстаздардың мәртебесі бүгінгі таңда қандай деңгейде?

- Әрбiр азамат ұстаз қадiрiн жете түсiнiп, оған құрметпен қа¬рауға тиiс. Ай-талық, баяғы заманда барша әлемдi дүрлiк¬тiрген iрi қолбасшы Ескендiр Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен өзiмнiң ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспiн. Әкемнен өмiр алсам, ал Аристотельден өмiрiмдi жақсы өткiзу туралы бiлiм алдым», – деп, ұстазын бәрiнен де биiк қоя бiлген. Яғни, бiзге сонау ежелгi заманның Аристотель, Сократ, Ұлықпан Хакiм, әл-Фараби сынды данышпан ойшылдардың ұшан-теңiз бiлiмi, көрегендiк-кемең-герлiктерi, әдiлдiк пен кiшi¬пейiлдiк¬терi үлгi. Бұл ретте шәкiрт ұстаз¬ды бiлiм берген, дүниеге көзiмдi ашқан, өмiр сүрудiң шынайы мәнiн ұқтырған деп шексiз сыйлап қастер¬лейдi. Бұрынғылар «Ұстазды атаңнан да әзiз тұт», – десе, өз заманында Абылайханның Төле бидi, ұлы ақын Шәкәрiмнiң Абайды, Ш.Айтматов пен қазақтың аса көр¬нектi ақын-жазушылары, ғалымдары М.Әуезовтi ұстазым деп шексiз ар¬дақ¬тағаны – соның айғағы. Осы орайда, мен өзімнің мектебімнің ұстаздары мен әкемді үлгі тұтамын. Ол кездерде ұстаздардың атын атамас бұрын, дауыстары естілсе бітті сыныпқа бірден кіретінбіз. Қазір ондай жоқ. Сыныптарына қашпаса да сыйласымдық пен ұстазға деген құрметтіліктері жоғары. Шәкірттерің сыйлап тұрса, одан асқан мәртебе жоқ деп ойлаймын. Әрине, жоғары деңгейде. Бұған тағы бір айғақ, жақында Астана қаласында Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінде вице – министр Т. Балықбаевтың төралығымен өткен «Жоғарғы оқу орындарының үздік оқытушысы» атағын беру жөніндегі республикалық конкурстық комиссиясының отырысы. Еліміз бен халқымыз еңбегімізді қалтқысыз елеп жатса, неге мәртебеміз төмен болсын.

- Ал, сіз жұмыс атқарып отырған оқу орнында ұстаздарға, білім алушыларға заманауи жағдай жасалған ба?

- Әрине жасалынған. Біздің Жетісу өңіріндегі бұл жоғарғы оқу орнында ең жас мамандық заң факультеті. Білім алушыларға жан-жақты оқуға, іс- тәжірибелерден өтуге, оларды жетік меңгеруге толықтай материалдық базамыз жасақталған. Оқытушыларымызда жаңа ашылған кезінен қарағанда елуге жуық профессорлар, бес ғылым докторлар және PhD докторлармен толықтырылған. Мамандарымыз мемлекетіміздің белгілеген уақыт аралығында шет мемлекеттерге барып тәжірибе алмасып келеді. Олардың жол ақылары, жатар орындарын бәрін мемлекетіміз өздері көтереді. Жалпы оқытушыларымызға жағдайлар қарастырылған. Оқу орнымызда тағы бір мақтанышпен айта кететін жайт, екі лабороториялық кабинетіміз, бір ғылыми зерттеу кабинетіміз және арнайы пәндерімізге арналған кабинеттеріміз бар. Мысал келтірер болсақ, сот мәжіліс залы. Оны арнайы шет елден келген мамандар таңырқап, қуанышпен қарады. Ол сот залы құр босқа тұрған жоқ. Студенттеріміз ол мәжіліс залын өздерінің пайдасына жаратуда. Теориялық білімдерін тәжірибемен ұластыруда. Ол жерде айына бір рет азаматтық істер ге байланысты және қылмыстық істер жүргізіледі. Күнделікті болып жатқан қылмыстарды қалай тергеу керек, оны қалай жүргізу қажет екендіктерін іс-тәжірибемен теориялық білімдерін ұштастырады.

- Ербол Жақсыбекұлы, ақыл жарыстырып, алға басқан замандағы ұстаз бейнесін қалай түсінесіз?

- Адамзат күш жарыстырып емес, ақыл жарыстырып алға басатын мына заманда ұстаздың қаншалықты деңгейде білімді де білікті, талапшыл да парасатты болуы керектігі өздігінен белгілі. Осындайда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Ақыл табылмай, ештеңе табылмайды. Ой жетілмей тұрып, ар-намыс шыңдалмайды. Ар-намыссыз азамат, өзгелердің көсегесі түгілі, өзінің көсегесін көгерте алмайды. Онсыз ұлттық сана мен ұлттық намыс та тұл», - деген сөзі еріксіз еске оралады. Ал, сол ақылдың - тәрбие мен білімнен келіп туындайтынын ескерсек, ұстаздар қауымын адам болмысының инженері деп бағалауға тура келеді.

Мен де өзімнің өсіп-жетілу жо¬лым¬да көптеген ұстаздардың алдынан өт-тім. Айтқандарын тыңдап, ұзақ жыл¬дар бойы өзіме қажеттісін бойыма сіңі-ріп келдім. Содан бері арада көптеген жыл¬дар өтсе де кешегі бет-бейнелері бұ¬рын¬¬ғыдан да жарқырай түсетін ұс¬та第дарым баршылық. Оларды ойыма ал¬ғанда балалық, бозбалалық шақта¬рым¬ның тәтті де қызықты естеліктері күні кешегідей көз алдыма тізбектеледі. Мұн¬дайда көңілім көтеріліп, өткен шақтың әдемі әсерлерінен марқайып қаламын. Қазақта үйрен де, жирен деген сөз бар. Осы сөзден көп нәрсе үйренуге болады. Адам әрқашанда ізденіс үстінде, болмаса күнделікті бір жаңалық ашушы болуы қажет. Бұл, ағымның заңдылығы. Кезінде, біз білім алған уақытта қолжетімділік аз болған. Қазір, бәрі дайын. Ғаламтор да, тіпті оқулықтар да. Бірақ, осы оқулықтарға қызығушылық аз да, ғаламторды пайдаланушылар көп. Бізде керісінше болатын. Ғаламторымыз жоқ болса да, біз бір жаңалық ашатынбыз. Бір күн ізденбесек, тұра алмайтынбыз.

- Сіздің пікіріңізше жастар тек ғаламтормен шектеліп, оқулық бетін ашпай ма?

- Барлық жастар оқымайды деген пікірден аулақпын. Оқитындары да бар, оқымайтындары да бар. Заманның ағымына қарай ғаламтормен оқитындар басымдырақ. Өзіміз осы ғаламторсыз-ақ оқығанбыз. Үйреніп, ізденгенбіз. Оқулықтарды оқи жүріп, оқулықта жазғанбыз. Ғылыми жұмыстармен де айналысқанбыз. Қазіргі таңда, бұл сирек кездесетін жағдай. Қандай ақпарат көздерімен оқыса да, маман боламын деген әрбір азамат өз қалауына жетеді. Не нәрсе болсын адамның өзінің ниетіне байланысты.

- Жаңа өз сөзіңізде оқулықтар жаздық деп қалдыңыз. Жеке авторлық оқулықтарыңызды атап өтсеңіз?

- Мен жазған оқулықтарым тек қазақ тілінде. Біздің мына заң саласында көбінесе оқулықтарымыз орыс тілінде. Қазақ тіліндегі оқулықтар жоқтың қасы. Сол себепті де мен дәріс беріп жүрген топтарыма үнемі ескертіп отырамын. Қазақтығымызды ешқашан ұмытпайық деп. Қазақ боп өзімізді көтермесек, бізді кім көтереді. Менің жеке оқулықтарым: Қазақстан Республикасының қылмыстық кодекснің жалпы бөлімі, және осы тақырыпта кесте түрінде жаздым. Республика көлемін сөздіктерім мен монографиям шықты.

- Ербол Жақсыбекұлы, ақиқатты айтып, шындық деп шырылдайтын заңгерлеріміздің саны санарлық. Бұған сіз, заң ғылымдарының кандитаты ретінде айтар ойыңыз?

- Тірліктің тірегі ақиқат. Түбінде бәрібір шындық жеңіске жетеді. Ақиқат деп шырылдайтын жастарымыздың саны санарлық. Бұл сұрағыңызға келісемін. Бұған заман да, біз де кінәлімыз. Неге, себебі о бастан балаларымызды дұрыс тәрбие мен бағыт бермегендіктен. Көп жерден өзіміз естіп жатамыз, кейде дос-жарандар күліп баласының айтқан сөздерін мақтанышпен айтып отырады. Бір нәрсеге қол жеткізе алмаса, таныс-тамырға жүгінеді. Жарайды таныстыққа да көндік. Онсыз тағы болмас. Бірақ, оны балаға үйретудің не қажеті бар. Міне, жастайынан көргенін ынтасына үйіріп алған бала оқудан қалады. Ізденуден жалығады. Содан барып сауатсыздық пен жауапсыздық туындайды. Алдымен біз баланы емес, өзіміздің саналығымызға тоқталуымыз қажет. Заң саласын жастарымыз өлемейтін мамандық, болмаса ақша табудың көзі деп таңдамауымыз керек. Оны өміріндегі бір кілті деп қабылдау қажет. Заң бәрімізге ортақ. Заң саласын ғана емес, басқа да саланы да дәл солай санамызға құюымыз қажет. Сонда барып, бұл өз деңгейіне көтеріледі. Тағы бір қоса кететін ойым, әртүрлі жеке меншік оқу орындарының ашылу салдарынан. Ол жерде қай бағытпен білім беретінін түсіне бермейтін ата-аналарымыз да болады. Жеке меншік оқу орындарына қарсылығым жоқ, бірақ олардың білімділіктеріне көз жеткізе білуіміз қажет. Бір құмалақ, бір қарын майды шірітеді.

- Сонда сіз сонау 90 жылдар мен қазіргі кезеңнің тәрбиесі мен біліміне көңіліңіз толмайма?

- Тәрбие мен білімге көңілім толмағаны емес, адамшылдығымыздың төмендеуіне көңілім толмайды. Қай дәуірде білім алсаңда адамның өзіне байланысты. Ұядан не көрсең, ұшқан да соны ілерсің деп жатады дана халқымыз. Тегінде дұрыс айтылған, мағыналы сөз. Балаға біз үйде дұрыс бағдар сілтесек, мектепте ұстаз, жоғарғы оқу орнында оқытушы. Міне, бала өз жолын сонда ғана дұрыс бағытқа сілтейді. Біздің кезімізде мұғалімге тік қарап сөйлеу жоқ болатын. Себебі, біз оларды анамыз бен әкеміздей сыйлайтынбыз. Қазіргі таңда мұндай сыйласымдылық аз. Кеңестік кезде, ата-анамыз оқытпаған мұғалім емес, оқымаған өзімізден көретін. Қазір керісінше, ұстаздардан көреді. Ұстаз тек балаға білім нәрінен жол сілтеуші. Игеруші – бала. Берген бағыттан таймай, солар салған сара жолдан бұрмаланбай жүруі. Міне, мұның бәрі ата-анаға байланысты. Бәрі заңды қатты біледі. Әрине бұл дұрыс. Бірақ, біздің кезімізде ұстаздарымыз оқулық пен укаскымен нұқысада біздің ата-анамыз арызданбайтын. Керісінше дұрыс деп қуанатын. Ал, қазір ондай емес. Бұл да бір заманның ағымына қарай өзгеріс шығар бәлкім. Ата-аналардың ойлары да дұрыс шығар бәлкім. Шеттен шығатын ұстаздарымызда бар шығар. Мұны тек зерттеу керек. Ақиқатын білмей ашып айта алмаймыз. Заңды да қолданғанда дұрыс қолдану қажет. Бет алды өз алдыларына заң шығарып алмай. Заң бәріне әділ. Тек оны дұрыс түсіну қажет.

- Ербол Жақсыбекұлы, заңгерлердің мүмкіндіктеріне тоқталып өтсеңіз.

- Қазіргі күнде, заңгерлер салық органдарына, ішкі істер органдарына, әкімдіктерге, прокуратура органдарына, сотта қажет болса, коммерциялық ұйымдарда шет тілін, компьютерді жетік меңгерген, экономикалық құбылыстардан хабары бар мамандар керек. Шет тілін және мемлекеттік тілдерді жетік меңгеру студенттерге шетелдік ұйымдарда жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Бүгінгі күнде заңгерлерімізге толықтай дерлік жағдайлар жасалынған. Білім алып жүрген студенттеріміздің өзі шет мемлекетке барып тәжірибеден өтіп келеді.

- Жаңғыртудың ең маңызды мәселелерінің бірі - сыбайлас жемқорлықпен кесімді күрес. Бізге сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа стратегиясын жасау қажет» деп, - Елбасымыз атап өтті. Сіздің оқу орныңызда қандай шаралар өтуде.

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес еліміздің аса маңызды стратегиялық басымдығы болып табылады. Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі бүкіл дүниежүзі мемлекеттері үшін өзекті ортақ мәселе. Сыбайлас жемқорлық мәселесі саяси-экономикалық және әлеуметтік реформаларға кедергі келтіріп, мемлекеттің әлемдік аренадағы беделін төмендетеді. Халықтың билікке деген сенімін жоғалтады, елдің өсу, өркендеу жолына бөгет болады. Қоғам дертіне айналған мәселені ауыздықтағанда ғана экономикалық дамуға қол жеткізе аларымыз анық. Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықтың ауқымы мен салдарларын нақты бағалап, осы қауіпті құбылыспен қатаң және ымырасыз әрі жан-жақты жоспарлы күресті басты мақсат етіп отыр. Соңғы онжылдықта елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында айтарлықтай құқықтық база қалыптастырылды. Мәселен, бұл саладағы нормативтік-құқықтық база 17 заңмен жетілдірілді, мұның өзі ұлттық заңнаманы қолданыстағы халықаралық стандарттарға жақындата түсті.

Қазіргі уақытта Қазақстан Орталық Азия өңірінде ғана емес, тұтастай алғанда ТМД бойынша да жемқорлыққа қарсы неғұрлым мықты заңнамасы бар ел болып табылады. Мұндай құқықтық актілердің қатарына 1998 жылғы «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңын, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған салалық бағдарламасын, мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексін қосуға болады. Бұл заңнамалық актілердің мақсаты - азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiнен туындайтын қауiп-қатерден Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын-алу, анықтау, олардың жолын кесу зардаптарын жою, сондай-ақ жауаптылықтың пайда болу жағдайларын белгiлеу, мемлекеттiк қызметшiлердiң моральдық-адамгершiлік бейнесiне және iскерлiк сапасына қойылатын талаптарды арттыру деп айқындалған.

- Тәжірибелі заң маманы ретінде жас мамандарға айтар пікіріңіз?

- Көп ізденсе, жастарымыз жалқаулыққа бой алдырмаса. Мамандықтарын мақтанышы ретінде қаласа деймін. Жақсы деген атқа лайық болып, адамшылығына дақ түсірмесе екен. Міне, сонда ғана еліміздің үстемі артады. Қаңқу сөздер азаяды.

Қазақстан еш елден зиялылығы, интеллектуалдығы жағынан кем емес.

Ұстаз – ұлт болашағын тәрбиелеуші, бүгінгі ұстаз ертеңгі ұлттың тізгінгеріне бағыт сілтеуші.

Ақырын сөйлеп, анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға, – деп Абай атамыз айтпақшы, еңбегін далаға емес балаға шашар, ұрпақтың көзін ашар ұлттың ұлы ұстазы Ахметтердің бүгінгі іні-қарындастарының ілімі мен білімі қалай? Ұрпаққа берер өнегесі қаншалық? Дарыны мен жалыны, айлығы мен байлығы ше? Бұл бір емес бірнеше мақалаға жүк. Елдің ертеңін тәрбиелеген ұлы тұлғалар, кешегі қоғамның ең зиялысы еді. Адамдық сананың қалыптасқаннан бастап көргені көпті ұстаз тұтып, шешендердің соңына еріп ұрпағы өскен ел едік. Ауылға алыстан ақын, шешен, не би келсе болашағынан үміт күттірер бір баласын жетектеп келіп әңгіме тыңдатып, үйіне қондырып баласына тәрбие бергізетін дәстүр жалғасқан ұлы халық едік. Баланың алғашқы ұстазы атасы мен әжесі ертегімен тәрбиелеп тыйым сөздерімен тыйып, салт-дәстүрмен тәлім беріп отырушы еді. Одан кейінгі ұстазы ауылдың ақыны, сөзмер шешені, әйтпесе игі жақсысы болатын. Олардың бәрі ауызша сауатын аштыратын, нақтырақ айтсақ, ұрпақтың санасын оятып, ойлантатын. Одан кейінгі ұстаздар ауылдық медресселердегі хат танитын молдалар және алыстан оқып өздігінен сауатын ашқан сол аумақтың зиялысы еді. Сол сапарды сүзіп шықсақ, қазақ қоғамында арысын айтсақ, төрелер мен хандарды жыраулар мен жыршылар, билер мен шешендер тәрбиелесе, мұғалім деген сөз енген тұста сол атақты Ыбырай, Шоқандар алғашқы болып иеленіп, сол үрдісі қазақ қоғамына жалғап алғашқы мектептердің іргетасын қалап, қазақ оқу-ағарту ісінің негізін қалап еді. Міне, солар салған сара жолды бұлжытпай келіп, мамандығын мақтанышы, ары деп қабылдайтын, екі мәрте үздік оқытушы атағына ие болған, экономика ғылымының докторы, есеп және аудит кафедрасының профессоры, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Қазақстан Республикасының Буғалтер одағының мүшесі, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеттің аға оқытушысы Асқар Қалиұлы Шарипов.

Асқар Қалиұлы 1950 жылы 21 қыркүйекте Алматы облысы Жиендік ауылында ұстаздар отбасында дүниеге келген. Әкесі соғыс ардагері, ардақты ұстаз. Аяулы анасы да ұстаздық жолды таңдаған адам.

- Асқар Қалиұлы, қазіргі таңда екінің бірі экономика немесе заң мамандығы бойынша білім алып оқуға тырысады. Ал, елімізге ауадай қажет техника, физика, химия, тау-кен ісі, инженер, металлург және құрылысшы тағы басқа салаларға көңіл аз бөлінеді. Неліктен республикамызда техника саласы бойынша мамандық иелері аз? Бәрінің қаржы мен есеп шотты айналшықтап кетуінің себебі қандай?

- Өйткені, бүгінгі таңда жастар жалақысы көп, тамыр-танысы бар жерді таңдайды. Екіншіден, күн астында қара жұмысқа салынып қиналмай-ақ, бірден жарық кабинетте жұмсақ орындықта отырғанды жөн көреді. Ал, егер техника саласына баратын болса көбіне өндіріс жағына араласып еңбек ету керек екендігін білеміз. Яғни, ол белгілі бір зауытта немесе даладағы электр желілерінде жұмыс жасайтындығы белгілі. Ал, қазіргі заманда кімнің ауыр іс жасап артық қиналғысы келеді? Көбісі қызметі оңай, бірақ еңбекақысы көп қызмет орынды іздестіреді. Дегенмен, елімізде жыл сайын техника мамандықтарының тапшылығы сезіліп, осы салаға жас мамандарды тарту үшін түрлі шаралар қолданып келе жатыр.

- Асқар Қалиұлы, жалпы экономика ғылымында жаңа заңдар қабылданып жатыр. Заң ғылымды өндіріспен қаншалықты байланыстыра, біріктіре алады?

– Ғылымды өндіріспен байланыстыру – жаңа заңның басты міндеті. Ғылымсыз өндіріс, тиісінше экономика да қарқын алып дами алмайды, ал экономикасыз ғылымға да тұсау салынады. Сондықтан да бұл екеуін бір-бірінен бөле-жармай, бірге қарастыру қажет. Технологиялар дамыған мына заманда жаңалық аша қою айтарлықтай оңай емес, дегенмен, құдайға шүкір, Қазақстан еш елден зиялылығы, интеллектуалдығы жағынан кем емес.

- Нарықтық экономикада есеп және аудит мамандығының алатын орны қандай?

- Нарықтық қатынастардың құрылымында да, мемлекет тарапынан нарықтық экономмканы реттеу зор роль атқарады.Халық шаруашылығын экономикалық кан тамыры іспетті, осы нарықтық байланыстар аркылы өндірістің «қан айналымы» жүзеге асады. Оның өміршеңді өндірістің табиғатына, экономикалық әлуметтік жағдайына байланысты , дегенмен нарықтың біраз дербестілігі болады, сондықтанда олар ұдайы өндірістің барлық сатыларына, түпкі нәтижесі мен тиімділігіне айтарлықтай әсер етеді.

Жалпы нарық мәселесі төңірегінде осы күнге дейін теориллық айтыстар толастай келеді.Экономикалық әдебиеттер мен зерттеулерде "нарық" деген терминнің мәні осы күнге дейін толық ашыла қойған жоқ. Нарық сауалға бірден жауап берудін өзіндік қиындығы жеткілікті. Нарық мәселелерінің қоғамдағы қайта қүру теориясы мен практикасында алатын зор мәніне қарамастан, ТМД-ға кіретін мемлекеттердің және Қазақстан ғылым экономикасының арасында нарық туралы бірыңғай пікір жоқ, Осыған байланысты нарықтың бірнеше анықтамасын келтірейік.Сондықтан нарық үдайы өндірісті үйлесімді дамудың басты түтқасы. экономиканы нарықтық реттеу ұйымдасқан жоспарлы шаруашылық механизмнің қүрамды бөлігі, онымен тығыз байланыста әрекет ететінін естен шығармаған жөн. Экономика ғылымы ретінде соңғы екі жүз жылдықта А.Смиттің еңбегінде іргетасы қаланған теорияны талдау және оны толықтыру бағытында дамуда. Капиталистік қоғамның дамуы диалектикасының өзі нарықтық экономиканы ұйымдастыруға әкелетіні аян.

– Қазірде ғалымдардың жас арақашықтығы айтарлықтай… Жастарды ғылымға қалай тартуға болады?

– Жастар ғылымға бет бұрды. Мұны мен білім саласындағы адам ретінде, экономика ғылымының докторы ретінде де айта аламын. Біріншіден, бүгінде білім саласындағы жағдай да біршама дұрысталып қалды. Екіншіден, экономист ретінде айта аламын, кәсіппен айналысу екінің бірінің қолынан келе бермейді, оны дөңгелетіп алып кетуің үшін бір ерекше қасиетің болуы керек шығар деп ойлаймын. Мысалы, «Болашақ» бағдарламасының жарты гранты ғылымға арналған. Мұның өзі – жастардың ғылымға келе бастағандығының бір көрінісі. Бізде енгізіліп жатқан PhD, докторантура, магистратура – ғылыми процестер. Бұрын жоғары оқу орындары – ұлттық университет, университет, академия, институт болса, ендігі уақытта бұл спецификация өзгерді – қазір ұлттық зерттеу университеті, ұлттық университет, зерттеу университеті, университет, академия, институт болды. Қарап отырсаңыз, университеттердің аттарының өзі ғылыми болып өзгертілді. Мысалы, «орта мектепте білім тәлім-тәрбие арқылы берілсе, жоғары оқу орындарында білім ғылым арқылы берілу керек» деген парадигма да пайда болып жатыр.

- Асқар Қалиұлы, бүгінгі ұстаз кімдер? Олар кешегі қоғамдағыдай ұлт зиялысы міндетін атқара ала ма? Өзгелер зиялы деп қарай ма?

- Қазіргі заман мұғалімінен тек өз пәнінің терең білгірі болу емес, тарихи танымдық, педагогикалық-психологикалық сауаттылық, саяси экономикалық білімділік және ақпараттық сауаттылық талап етілуде. Ол заман талабына сай білім беруде жаңалыққа жаны құмар, шығармашылықпен жұмыс істеп, оқу мен тәрбие ісіне еніп, оқытудың қазіргі жаңа технологиясын шебер терең меңгерген болғанда ғана білігі мен білімі жоғары, жетекші тұлға ретінде ұлағатты саналады.

Мұғалімнің бір ғана сыры - оның мамандығы. Бұл дүниеде теңдесі жоқ мамандық тек мұғалімге ғана лайық. Сондықтан ұстаз адам - кәсіби мамандығына құштар, оны жан-тәнімен сүйетін, барлық өмірін соған арнауы тиіс.

- Аскар Қалиұлы, казіргі кезде 100-ге жуық авторлық ғылыми еңбектеріңіз бар екен. Атап өтсеңіз?

- «Есеп және аудит» мамандықтарының магистрлеріне арналған «Кіші кәсіптерліктегі есепті жүргізу», «Қаржылық есептілік: құрастырылуы, бағалануы және аудиті», «Есеп саясатын құрастыру әдістемесі» және монографиясы «Проблемы эффективного развития свеклосахарного производства Казахстана» атты құралдарым жарық көрген. «Мемлекеттік мекемелердегі бухгалтерлік есеп» атты оқулығым ҚР-ның Білім және ғылым министрлігі Республикалық оқу-әдістемелік кеңесімен бекітілген.

Автор:
Іңкәр ЕРБОЛҚЫЗЫ