Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Еңбек бәрін жеңбек


6 февраля 2015, 10:38 | 4 284 просмотра


Еңбектің оқушының қалыптасуына, оның сана, сөйлеу т.б. қабілеттерін қалыптастыратын шешуші күш екенін білеміз. Адам баласының еңбек арқылы ғана табиғатқа, қоғамға әсер ете алады. Ал осы еңбекке баулу отбасынан басталса, одан әрі оны дамытып қалыптастыру мектеп табылдырығында жалғасын таппақ. Яғни мектеп табалдырығында оқушы бойындағы дағдыны, әдетін, еңбек сүйгіштігін қалыптастыру жеке тұлғаның дамуына ерекше әсер етеді. Сондықтан да әр ұстаз қазіргі таңда заманауи технологияларды жан – жақты игере отырып, оның әр түрлі элементтерін пайдалана оқушының еңбекке деген қызығушылығын арттыруға ат салысуы керек. Ағылшын зерттеші – ғалымы Чарлз Дарвин еңбектің, еңбекке баулудың, оның теориялық негізі – еңбек тәрбиесіне аса мән берген еді. Ал швейцариялық педагог Генрих Песталоцци «Тәрбиенің мақсаты – баланың күшін дамытады. Әр түрлі қимылға қозғалысқа баланың өзі ұмытылады.» деген болатын. Мектеп қабырғасында еңбекке баулу әр пәннің белгілі бір кезеңінде жүзеге аса алады, алайда нақты еңбек тәрбиесі технология сабақтарында кеңінен жүзеге асырылады. Өйткені технология сабақтарында оқуды еңбекпен ұштастыру, соның ішінде қол еңбегімен ұштастыру негізгі мақсат болып саналады. Еңбек адамгершілікке баулиды, балалардың өзара және үлкендермен дұрыс қарым – қатынас жасай алу қабілеттерін қалыптастырады.

Еңбек тәрбиесінің негізгі мақсаты - жас жеткіншектерге еңбек туралы тәрбие беру және жеке адамды жан-жақты дамыту. Еңбек тәрбиесінің мақсаты еңбекке даярлау ғана емес, сонымен қатар жас жеткіншектерді біліммен, іскерлікпен және дағдымен мен қаруландыру қабілеттілігін дамыту, мамандық таңдауға көмек беру болып табылады.

Еңбекке тәрбиелеудің негізгі міндеттеріне тоқталсақ:

•  Еңбекке сүйіспеншілік пен еңбек адамдарына құрметпен қарау;

•  Оқушыларды халық шаруашылығы салаларындағы еңбектің түрлерімен таныстыру, еңбек іс-әрекетінің барысында олардың дағдысы мен іскерлігін қалыптастыру;

•  Мамандықты таңдауға дайындау.

Технология сабақтарында осы мақсат пен міндеттер жүзеге асырылса, оқушылар өз бойында жалпы адамзаттық құндылықтарға ие болады, өзара түсінушілікке , ынтымақтастықта жұмыс жасай алады. Ал бұл қасиеттер табысты еңбек етудің кепілі бола алады.

Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің Жолдауларында білім мен өнер, мәдениет салаларына айрықша көңіл бөліп, еліміздің жарқын болашағы білікті де парасатты жастардың қолында екенін назардан тыс қалдырған емес. Сондықтан да технология сабақтарында оқушыларды көркем-эстетикалық тұрғыда, соның ішінде ұлттық өнерге баулу алғы шарттардың бірі. Көркем - эстетикалық  тұрғыда тәрбиелеуде ұлттық өнерді үйретуде мына мақстаттарды алға қоюымыз керек:

-  халықтың ғасырлар бойы жинақталып, іріктеп алған озық тәрбиесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, баланың қоршаған ортадағы қарым-қатынасын дүниетанымын, өмірге көзқарасын және оған сай мінез-құлқын қалыптасытыру;

-  жас ұрпаққа халқымыздың асыл дәстүрі мен салтынан мағлұмат бере отырып дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, бойында басқа игі қасиеттер қалыптасқан адамды тәрбиелеу;

-  ұлттық қолөнері және рухани-мәдени байлығымызды танып-білуге тәрбиелеу. Өз отанының және халқының қолөнер мұраларын танып, жетік меңгеру;

Мектептегі технология сабақтарында және үйірме сабақтарында оқушыларға қолөнер арқылы жан – жақты эстетикалық тәрбеие беріп қана қоймай жоғарыда атап өткендей халқымыздың мәдени мұрасын жүйелі меңгертуді қолға лау керек. Сонда ғана оқушы халқымыздың рухани игіліктерін бағалай білмек. Оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, қиялына қозғау салып, көркем еңбекке баулуда сыйлық заттар жасатудың тәрбиелік мәні зор. Ұлтты танытатын сыйлық  заттар жасау барысында әр бұйымды, дәстүрді зерттеу арқылы ізденіс туындайды, оқушылар бойында патриотизм қалыптасады. Ол үшін қазақ халқының өткендегі мәдениетіне үңіле білу қажет. Себебі сол замандарда қолөнердің жете дамыған түрлі салаларының болғанын білеміз. Айта кететін болсақ, киіз үй жасағы, кілем тоқу, аяққаптар тоқу, сырмақ, кесте тігу, ағаштан түрлі ыдыс – ачқ жасау, ер тоқымның түр түрі, сазды аспаптар, асыл заттардан жасалған зергерлік бұйымдар, темірден жасалатын заттар т.б.. Осының ішінде ағаш өңдеуден біздің қазақ халқы алдына жан салған емес, шебер адамдарды «ағаштан түйін түйген» деп те атаған.

Сабақ барысында ағаштан өңделетін бұйымдарды жасату - балаларды өте қызықтыратын жұмыстың бірі. Ал ол жұмысты жүзеге асыру үшін оқушыға алғашқы мәліметтерді беріп алған дұрыс. Алдымен ағашты дұрыс таңдата білу. Ағаштың қатты ағаш түрлерімен таныстыру, яғни ағаштың механикалық, физикалық жағдайларын ұғындырған дұрыс. Бұтақсыз ағаш түрлерін таңдату, оны қажетті өлшеммен кестіріп, одан әрі сүргілеп оны әрлей білу әрекеттерімен таныстырған жөн. Әрлеп болған соң ағаш бетіне өрнек бейнесін көшіртудің өзі үлкен жұмысты талап етеді. Өрнекті көшірмес бұрын оқушыларға өрнек және оның түрлері жайлы мағлұмат берген жөн.

Өрнек дегеніміз – кез келген бұйымның сыртқы бетіне түсірілетін біртұтас әшекей. Осы әшекейді ағаш бетінінің әр бөліктеріне тиімді, сәнді орналастыруды жоспарлап оның үлгісін жасап болғаннан кейін ғана өрнек бейнесін ағаш бетіне түсіреміз. Ал енді осы ағаш бетіне түсірілген өрнекті пышақпен кесу арқылы өңдеу немесе бұйымды шабу кезіндегі ойып өңдеу жұмыстары «ою» деп аталады.

Әдебиет пен өнер саласында «композиция» деген ұғым бар. Өнер саласындағы композиция дегеніміз – жүйелеу, үйлестіру деген ұғымды береді. Ағаш бетіндегі өрнекті өңдеп болғаннан кейін оған әр беру жұмыстары жүргізіледі, бұйымды бояу, лактау т.б.

Осындай жұмыстарды жасата отырып оқушыға ағаш бұйымдарының ыңғайлы, пайдалануға тиімді, сонымен бірге, ол тұрмыстық зат есебінде ғана емес, сән үшін де қолданылып, биік өнер дәрежесіне жеткізілген айта кету керек.

Атамыз қазақ "Алтынмен аптап, күміспен қаптап" дегендей, әр әулеттің жағдайына қарай зерлеп, әшекейлеп жасалған дүниені тұтынып келген. Ерте кездері бұл өнердің иесін ұста, он саусағынан өнер тамған шебер деп құрмет тұтқан. Қазіргі күні бұл кәсіп қолданбалы сәндік өнер деп айтылады.

Мектепте технология сабағында үйірме жұмыстарында осындай қолданбалы сәндік дүниелерді оқушының өз қолымен жасатып, оны сыйға тартуға немесе көрмеге қоюға дағдыландырса, оқушының мерейі үстем болмақ. Біріншіден ол затты бала өз қолымен жасады, екіншіден ол жүректен шыққан дүние және оның өзіндік пайдасы да бар, аз да болса табыс әкеледі. Еңбекпен шыңдалған бала отбасына, өзінің болашағына үлкен жетістіктер әкеле алады. Әрқашан жеңістіктерге жете біледі.

Қорыта айтқанда, қазақта «Еңбек бәрін жеңбек» деген тәмсіл бар. Егер осы ұғымды әр сбақта басшылыққа алсақ, онда сабағымыздың табысты өтетініне күмән жоқ. Олай болса, бізді ұшпаққа шығаратын еңбек екеніне ешкімнің шүбәсі жоқ.

Құсайынов Жұмағали Төкенович

Технология пәні мұғалімі

№10 орта мектеп – гимназия

Талдықорған қаласы

Автор:
Құсайынов Жұмағали Төкенович