Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Соғыста әскерінен айырылса ештеңе етпейді, ал ұрпақ тәрбиесінен айырылса елдің ертеңі қараңғы!


13 февраля 2015, 17:39 | 1 861 просмотр



Қашанда табиғаты таза, жаны жайсаң жақсы адам жайлы айту, оның ғибратты да тағылымы мол өмірінен сыр шерту ғанибет емес пе?! Журналистиканың құдіретті қаламының ең бір жақсы қасиеті – та­лай танымал тұлғалармен дидарласу, сырласу мүмкіндігін сыйлайтыны. Сондайда ғой, кейде бір көріп, сөйлескен кейіпкеріңізден жаныңыз жадырап, марқайып шығасыз. Дәл сондай көңіл күйді осыдан жетпіс жыл бұрын қазақ деп жерін қорғап, ұлтым-ұрпағым деп білім берген ардагер ақсақал, қарапайым да елгезек, қазақы мінезді Тоқтарбай атамен кездескенде бастан кештім. Бір көргенде-ақ жүзі нұр­ла­нып, мейірім шуағын шаша ықылас аудара қараған қария, сөйлесе келе ішкі жансарайының тазалығы, имандылығы, парасат-пайымымен еріксіз тартып, өзімді сол көңіліне қа­рыздар етіп қойғандай болды. Қанапиянов Тоқтарбай 1924 жылы 1 қаңтарда Алматы облысы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Сол ауылдың Қызылағаш орта мектебінің жеті сыныбын бітіріп, Қапал педагогикалық училищеге оқуға түседі. Тағдырының сындарлы сынағының арқасында оқуын жалғастыра алмай, сұрапыл соғысқа шақырту келіп оқуын тастауға мәжбүр болады.

Ұстаздық еткен жалықпас...

«Ұстаз-ұлағатты есім»-осынау ұлағатты мамандыққа қалай келгендігі туралы Тоқтарбай қария былай баяндайды.

- Біздің кезімізде мамандық таңдау, маман боламыз деген арман-мақсат болмайтын. Басымызға не бұйырады, сонымен кетеміз. Мен бұл қасиетті мамандыққа соғыстан жараланып қайтқан кезімде келдім. 1944 жылдың наурыз айы еді. Оң қолым жарылыстан жараланып, жарамсыз болғандықтан елге қайтарды. Сол кезде мектептерде мұғалім жетіспейтін. Орталау мектептерге мұғалімдерді даярлайтын алты айлық курстық оқу болатын. Сол курста тарих пәнін оқып, оқытушылыққа бет бұрдым. Курстық оқуды бітірген соң, жолдамамен Қоғалы ауданына жіберді. Сол жылдан бастап 53 жыл мектеп мұғалімі, оның ішінде 24 жыл Көксу аудандық орта мектепте директор болып қызмет атқардым.

- Кешегі ұстаздық жолыңызға қарап, бүгінгі ұстаздық жолындағыларға көңіліңіз тола ма?

- Әрине, толады. Бүгінгі таңда мұғалім болу, тәрбиеші, тәлімгер болу оңай жұмыс емес. Басқа ешбір мамандық адамға дәл мұғалімге қойылғандай талаптар қоймайды. Педагогтық қызметтің жетістігін бағалау да өте қиын. Оның сапасы сызғышпен өлшеп, әрбір мысқалына дейін таразыға тартатын дүние емес. Ұстаз қашан да ұстаз. Оның мәртебесі қашанда жоғары. Ұстаз десе отырған орнын бермейтін адам болмау керек. Ұстаздан асқан дана жоқ. Бәрі-бәрі ұстаздың алдынан өтеді. Содан үйреніп, тәлім алып шығады. Маман болады. Ұстаздарсыз бүгініміз бүгін емес, келешегіміз бұлыңғыр болар еді. Солардың арқасы. Біздің кезімізде ұстаздар десе, бір артық сөз тұрмақ, дыбысымыз естілмейтін. Қазір өскен ортамызға қарай мұғалім мәртебесі төмендеп бара жатыр. Менің ойым ұстаздар қауымына келгенде ешқашан өзгермейді. Қай заманның мұғалімі болса да, өз дәуірінің маманы. Өз уақытының майталманы. Мамандығының қыр-сырлары үшін күні –түні оқудан көз ашпайды. Өз баласын емес, өзгенің баласы үшін тер төгеді. Түн ұйқысын төрт бөледі. Осындай еңбектеріне қарап қалай көңілің толмайды?

- Тоқтарбай ата, сөзіңізді тыңдасақ бүгінде мұғалім мәртебесінің төмендеуі мына жастарға байланысты ма?

- Жастарға емес, жас ата-аналарға байланысты. Не нәрсе болсын, бірінші қателіктің барлығын баласынан емес, ұстаздар қауымынан көреді. Баласының қателігін көрмей, кішкене қатты сөйлеп қойған ұстаздарына мін тағады. Біздің кезімізде қатты сөзінен бұрын, укаскімен нұқып қалса да шыдайтынбыз. Оқулықтық шеті, борлар ұшатын. Сонда біз ата-анамызға барып шағымданбайтынбыз. Ол жағынан олар бейхабар болатын. Қазір ондай жоқ. Оның барлығы мына, үйден көрген тәрбиеге байланысты. Адам баласы ұядан не көрсе, ұшқан да соны іледі. Өз басым әлі күнге дейін немере, шөберелеріме мұғалім туралы бір жаман сөз естімейін деп құлақтарына үйіріп отырамын. Баланың дұрыс тәрбие алуы тек мұғалімдерге ғана байланысты емес, ата-анаға да тікелей байланысты. Қытайдың бір данышпан ойшылы «Соғыста әскерлерінен айырылса ешнәрсе етпейді, ал ұрпақ тәрбиесінен айырылса елдің ертеңі қараңғы», - деген. Міне, ұрпағымыз тәрбиесіз болмасын. Бала тәрбиесі ең алдымен, аға ұрпақтың жас  жеткіншекке  деген сүйіспеншілігі мен  қамқорлығынан, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан адамгершілік ізгі қасиеттердің жиынтығынан туындайды. Атадан балаға ұласатын ұлттық құндылықтар үлкендердің әңгімесінен, іс-қимылынан  танылып, сезім арқылы жүректен жүрекке беріліп  отырған. Сондықтан егеменді ел жастарының санасына осы ұлттық ұлағатты қасиеттерді сіңіре білудің мәні зор. Мұғалім мамандығының иелеріне болашақ ұрпақты тәрбиелеуде үлкен жауапкершілік жүктелген. «Өзіңнен  өзіңді ізде, өзіңе өзің бағын, өзіңді өзің тани біл», - дегеніндей, әр мұғалім өзінің бала болғанын, өзінің ата-ана екендігін, өзінің оқытушы болып қалыптасып келе  жатқанын ой елегінен жиі-жиі өткізіп отырса, өзге алдындағы жауапкершіліктің сыры бірден айқындала бастайды.

- Тоқтарбай ата, жаңа талпыныс, жаңа ашылған жолдардың бірі — білім берудің жана жүйесінің жасалуы. Осыған сіздің көзқарасыңыз?

- Бұл педагогикадағы өзгертулер мен заманауи дамумен тығыз байланысты. Білім беру саласының барлық жағына жаңаша көзқарас, жаңаша қарым-қатынас, жаңаша ойлау қалыптасуда. Жаңа ғасыр біздің қоғамымыздың білім беру жүйесін "ашық ақпараттық қоғамның" қадам басуымен байланыстырады. Бүгінгі күні қоғамда ақпарат негіздеуші рөл атқарып, ақпараттық процестерді алумен, сақтаумен, өңдеумен, оларды кеңінен пайдаланумен байланысты. Бұл ақпараттық, элетрондық оқулықтар біздің кезімізде болған емес. Өзім оқып та көргенім жоқ. Бірақ, менің айтар ойым, заманына қарай, адамы. Заман ағымына қарай, жеткіншектеріміз дұрыс бағыт-бағдармен білім алса нұр үстіне нұр болар еді. Қандай оқулықпен оқысада болашағымыздың тізгінін ұстайтын жастарымыз тәрбиелі, білімді, өнегелі болып өссе болғаны. Болашақтың кілтін майыстырмайтын жастар болып, елім-жерім деп рухты болғанын қалаймын. Сосын мына кеңінен айтылып жүрген он екі жылдық оқу. Бір жағынан дұрыс, екінші жағынан бұрыс деп ойлаймын. Кезінде үш сыныптық қана оқу болған. Сол кезде біздер білімсіз қалған емеспіз. Кейіннен жеті сыныптық шықты. Онда да білім жеткілікті болды. Одан барып он сыныптық, он бір сыныптықтар пайда болды. Жылдан –жылға қосылу үрдісінде болды. Бұл бір дәстүрге айналған секілді. Жаңа айтып өткенімдей болашаққа дұрыс көзбен қарауда өзгеріс ағымы теріс болмаса болғаны.

Кітап-ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына!

Жаңа заман компьютер дәуірі болғанымен, рухани азық іздеген, көзі ашық, көкірегі ояу әрбір адам кітапханаға келіп, әдеби көркем шығармаларды, түрлі газет-журналдарды оқып, мерейі өсіп, рухани азық алып, дөңгеленген дүниеден хабардар болатыны сөзсіз.

Жас ұрпақты  тәрбиелеуде кітапхананың орны ерекше. Бүгінгі шәкірттер-ертеңгі ел  тұтқасы. Сондықтан, мектеп оқушыларының сапалы білім, дұрыс тәрбие алуы -  ең  басты мәселе. Жас  ұрпақ  тәрбиесіне кітапхана мен кітап  мәселесі   де  қатысты.  Балаға кітап  оқудың  ықпалы  зор.  Елбасы  Нұрсұлтан   Әбішұлы  Назарбаев      өзінің  кезекті  жолдауында:  «Қазақстан бәсекеге  барынша  қабілетті 50   елдің  қатарына  лайықты  орын  алу  үшін   өзінің  мәдениеті мен ғылымын,   білім  мен  біліктілігін, рухани  байлығы мен елімізді айдай  әлемге таныта  білуі  керек»,  - деген  еді. Міне, бүгінгі алмағайып заманда кітапханаға емес, элоктрондылыққа бет бұрған жастарымызға үлгі боларлық, оларға байлықтың басы руханилықта екенін жіті ұғындыра алатын, жасы келсе де оқулық пен бұқаралық ақпараттан бір мезет өзін алыс ұстамаған, Ұлы Отан соғысының ардагері, зейнеткер ұстаз Тоқтарбай қария.

- Элоктрондырылған уақытта сізді Алматы облыстық С.Сейфуллин атындағы әмбебап кітапханаға жиі барады, сол кітапхананың тұрақты оқырманы деп естіп қалдық. Сіз үшін қиындық туғызбай ма?

- Жоқ, еш қиындығы жоқ. Ең қасиетті сөздердің  бірі- кітап сөзі. Кітап- білім нәрімен  сусындатар сарқылмас қазына, рухани байлықтың қайнар көзі, рух дәрумені. Білім бұлағы саналатын кітаптың қастерлі қасиетін таныған шығыстың жарық жұлдызы Әлішер Науаи «Кітап- ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» - деген бағалы сөздерін айтып кеткен екен. Қазақтың бас ақыны Абай атамызша айтсақ «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып білуге».

Кітаптың өміріміздегі, қоғамымыздағы қажеттілігін тауысып айта алмаймыз. Кітаптың шексіз құдіреттілігін үнемі айтып жүреміз, ал сол кітаптың өзін қайдан аламыз? «Кітап аяулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір  жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады»,- деп жазушы Мұхтар Әуезов сөзімен айтсақ, рухани құндылықтар мен білімнің көзі- осы кітапта жатыр.Ал кітаптар мен көптеген ақпараттардың құтты ордасы, кітап пен оқырманды қауыштыратын киелі орда бұл- кітапхана. Қоғамның тұрақты дамуына кітапхананың қосар үлесі зор. Себебі кітапхана мәдениеттің ең маңызды саласы, мәңгілік парасаттың қастерлі ғимараты, яғни даналық сарайы, Адамгершілік пен ізгіліктің, ғылым мен білімнің қайнар көзі. Білімге ұмтылған жас ұрпақтың табылар жері- осы кітапхана болуы керек. Жаңа технологиялар заманында да кітап адамның ішкі жан дүниесіне, ой - өрісіне ықпал етіп, мұқтажын қанағаттандыратын бірден- бір рухани азығы болып қала бермек. Сондықтан кітапхана- мектеп құрылымында жан- жақты қосымша білім мен тәрбие берер мәдени орындардың бірі және бірегейі болып саналады. Кітапхана қай дәуірде  де бәсекеге қабілетті, мәдениетті, рухани тұлғаны тәрбиелеп шығаруда маңызды  рөл атқарады. Жарқын болашаққа ұмтылған жас ұрпақтың санасын, дүние танымын ақпарат арқылы кеңейтіп, жан- жақты білім алуына әрі белгілі бір маман иесі болып шығуына көмектеседі. Жедел ақпаратсыз білімде, ғылымда дамымайды. Мен ол компьютердің тілін түсінбеймін. Бірақ, немерелерім жаңалық бетін ашып береді. Маған компьютерге қарағанда мына бұқаралық ақпаратым қызығырақ. Газет-журналдардың жаңа шығып отырған жаңалығынан, өзгерістерінен қалып қойғым келмейді. Үнемі хабардар болып отырғаным өзіме жақсы. Теледидардан бір естисің, газеттерден оқисың. Оқулық, газет-журналдар адам өмірінен өз орнын алуы керек. Олардың өзіндік ерекшеліктері болуы қажет. Біздер соны жүрекпен түсіне білсек, кітапханадан алыстамас едік. Қазір не, барлығы дерлік дайынға даяр. Келіп ізденушілік жоқ. Компьютерді аштым, оқыдым деп жатады. Ол дұрыс емес. Оның да ашып оқып жататын бір уақыты болады. Үнемі компьютермен жұмыс жасау, оқуға мен қарсымын. Болашақ жастарымыздың рухани байлығы жоғалады. Тілі шұбарланады. Тілі қысқарады. Кезінде ертегі тыңдайтын жастар болса, қазір жоқтың қасы. Айналып келгенде үйдегі ата-ананың берген тәрбиесіне алып келеді. Кітапты жүрекпен оқып, сүйе білу керек. Оқулыққа жақын болған сайын, бұқаралық ақпарат көздеріне де жақындай түсесің. Сол интернеттегі ақпараттың барлығы дерлік осы газеттерден де табуға болады. Мұнда өздігіңмен ізденесің. Әрбір беттерін парақтайсың. Мен келіп жүрген Сәкен Сейфуллин атындағы әмбебап кітапханасында барлық жағдайлар жасалынған. Жаңа оқулықтармен қамтамасыз етілген. Әңгіме оқығың келе ме, алда оқы. Бұл кітапханадан таппадым деген сөзді айта алмайсың. Кітапханашылары да жақсы. Айтқан оқулығыңды мүдірмей тауып береді.

– Оқулыққа қатысты айтыла-айтыла жауыр болған та­қырыптың бірі – оның сапасы. Қалай ойлайсыз, кеңестік кездегі оқулықтарымызды оқығанымыз дұрыс па?

- Бұл тақырыпты айта-айта шынында да жауыр болдық. Оқулықтардың сапасына келгенде мұ­ға­лім де, ата-ана да, оқушылар да, ға­лым­дар да оны шығарған адамдарды көп жазғырып жатады. Бұл тақы­рыптағы пікір­талас көптеген жылдар бойы тоқ­тамай келеді. Себебі, оқу­лықты әзірлеу оның сапасына жо­марттық танытуға құлықсыз баспаларға тапсы­рылған. Бас­падан шыққан оқулық әуелі Білім және ғылым министрлі­гінің сараптамасынан өтеді. Содан соң мемлекет оны қар­жы­ландырып, баспа­ларға «ав­торлық құқық» үшін қомақты ақша төлейді. Сол бөлінген қаржыны дұрыс қолдана білсе, сапалы оқулықтар шығар еді. Кеңестік кездегі оқулықтармен білім алу дұрыс деп айта алмаймын. Әр кезеңнің өзіндік дәуірі бар. Дәуір дәуірмен өскеніміз, білім алғанымыз дұрыс. Қазіргі таңда кеңестік кездің білімін талап етпейді. Ол кезден қазір талап күшті. Бірақ, бір мезгіл болсын сол заманның оқулықтарының беттерін бір рет ашып қоюымыз керек деп ойлаймын. Сосын бұрынғы оқулықтармызда қателіктер кездеспейтін. Қазір жиірек көресің.

«Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!»

«Ұлы Отан соғысы – өткен жиыр­масыншы ғасырдағы ғана емес, бүкіл адамзат тарихындағы алапат соғыс. Ал, Ұлы Жеңіс – ұлы мереке. Әрине, әрбір мере­кенің өз орны болатыны белгілі. Бірақ, Жеңіс мейрамының орны ерекше екенін терең ұғынуымыз керек.

Міне, “Біз жеңдік!” деп сүйін­шілеген күнге де 70 жыл толып отыр. Қаһарлы, қатал қаншама айлар бойы қаһармандықпен соғыс­қан миллиондаған адамдар­дың қатарында қазақ жерінің түлек­тері де ерлікпен шайқасты. Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Қазақтар және барлық Қазақстан­дықтар фашизмге қарсы соғыста нағыз батырлықтың үлгісін көрсете білді».

Соғысты бірінші болып қарсы алғандардың қатарында Кеңес Одағының батыс шебін күзеткен ондаған мың қазақстандық-шекарашылар болды. Атақты Брест гарнизонының өзінде 1941 жылдың көктемінде біздің 3 мыңдай жерлесіміз қызмет еткен, шілде айында олардың көпшілігі әскерден елге қайтулары керек болған. Бірақ жаудың шабуылы олардың бұл жоспарларын күл-талқан етті. Соғыс өрті ішке қарай тез еніп, Брест қамалының тірі қалған қорғаушылары партизандар қозғалысына қосылды. Олардың қатарында 190 қазақстандық болған және олардың көбісінің сүйегі Беларусь жерінде қалған.

Соғыс кенеттен басталғанымен, Қазақстан, бүкіл Кеңес Одағы сияқты, алғашқы күннен бастап жұдырықтай жұмылды. Республиканың түкпір-түкпірінде әскери комиссариаттарға еріктілер ағылды. Кеше ғана мектеп партасында отырған бозбалалар мен бойжеткендер де, қала мен ауыл тұрғындары да соғысқа сұранды.

1939 жылдың дерегі бойынша, біздің республикамызда 6,2 миллион адам тұрып жатқан. Соғыс жылдары Кеңес Армиясының қатарына 1 миллион 200 мың қазақстандық шақырылған, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрылымдар жасақталған. Қазақстан армия мен флот үшін офицерлік кадрлар және резервтік күштер дайындауға да лайықты үлес қосты. 1941-1945 жылдары әскери оқу орындарына 42 мыңнан астам жас қазақстандық жолданды, ал Қазақстанның аумағында сол жылдары жұмыс істеген 27 әскери оқу орны толық емес мәлімет бойынша 16 мыңдай офицер дайындап шығарған.

Біздің жерлестеріміз майдан даласында ерлікпен шайқасқан. Жауынгерлік ерліктері үшін жүздеген мың қазақстандық медаль-ордендермен марапатталса, 500-дей адам Кеңес Одағының Батыры, 100-ден астам адам - Даңқ орденінің толық иегері атанған. Төрт қазақстандық екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанды, олар - Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Иван Павлов және Леонид Беда.

Кеңес Одағы Батырларының қатарында қазақтың екі қызы - мерген Әлия Молдағұлова мен пулеметші Мәншүк Мәметова бар. Рейхстагқа Жеңіс туын тіккендердің бірі - қазақ жігіті Рахымжан Қошқарбаев. Жаудың тылында партизандардың қатарында да қазақстандықтар шайқасқан. Солардың бірі - Қасым Қайсенов. Ал танымал қолбасшы, әскери жазушы Бауыржан Момышұлын, 28 панфиловшылардың ерлігін білмейтін қазақ жоқ шығар»,-деп сөзін бастады Тоқтарбай қария.

- Тоқтарбай ата, отқа оранған 4 жыл талай боздақтарды жер жастандырып, талай шаңырақты шайқалтқаны белгілі. Ерліктің ерен үлгісін танытып, Отан тапсырмасын орындау жолында өз өмірлерін қиған жауынгерлер қаншама?! Осы тұста жауынгерлердің ерліктері жөнінде айтып өтсеңіз...

- «Ұлы Отан соғысы» ұғымы 1941 жылғы шілденің 3-інде Сталиннің радио арқылы сөйлеген сөзінен кейін пайда болды. Сталин өз сөзінде «ұлы» және «отан» деген сөздерді бөлек-бөлек, бір-бірімен байланыстырмай қолданды. 1941жылы 22-маусымда гитлерлік Германия КСРО-ға опасыздық пен шабуыл жасады. Сол күні кеңес үкіметі халықты Отан қорғауға шақырды. Үкіметтің елге арналған үндеуі: «Біздің ісіміз әділ. Жау талқандалады. Біз жеңіп шығамыз!» - деген сөздермен аяқталды. 1941жылы жаумен соғысу үшін Қазақстанда барлығы 20-дан астам атқыштар және отты әскер дивизиясымен бригадасы, бірнеше артиллерия және авиация полкі, алуан әскер түрлерінің ондаған батальондары құрылды. Соғыс, бомба, атыс, жарылыс дегендерді естімеген, бірақ осы шақыртуға өз еріктермен кеткен жастар. Бұлардың ерлігін қаншама мадақ сөздермен айтсаңда, тауыса алмайсың. Жеткіліксіз. Олардың ерлігінің өзі жастығына қарамай, қыршынынан кетуі. Отбасы барларының, әйелдерін, жас сәбилерін тастап кетуі. Міне, мұның бәрі баға жетпес ерлік.

— Облыста соғыс жауынгерлеріне  қаншалықты дәрежеде сый-құрмет көрсетіліп жүр?

- Біз секілді соғыс ардагерлері болсын, жалпы қариялар болсын Облыстық та, қалалық та жоғары деңгейде құрмет көрсетіліп жатыр. Қариясын елемеген қазақты көрмеппін. Жыл сайын мейрамдарда да, мерекелік кештерде де, тіпті әрбір білім ордаларында өтетін іс-шараларына шақырып, бізді елеп-ескеріп жатады. Бұған көз жұма қарауға болмайды.

- Тоқтарбай ата, сол кездегі 18-19 жастағы жігіттер бүгінде тоқсанды еңсерген. Сол кезде білінбегенмен, жас келе дәрігерге жүгінеді, емді қажет етеді. Өкімет осы тұста қандай көмек ұсынуда?

- Біздерге Өкіметтің бергені де берері де мол. Барған жерімізде тегін, кезексіз емделіп, сауалдарымызға қанағаттанарлық жауабымызды алып қайтудамыз. Алғыстан басқа айтарым жоқ.

- Бүгінгі күні жаңалықтардан естіп жүргеніміздей, әскерге кеткен бозбалалар өз-өздеріне қол жұмсап жатқан жағдай көптеп кездесуде. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

- Әскери борышын өтеп жүргенде кез келген қиындыққа мойымай жүру керек. Тәрбие тал бесіктен басталады. Бүгінде ата-аналар балаларын тым еркелетіп жіберген. Кезінде бізді қалай тәрбиеледі? Мәселен, мектепте бірдеңе бүлдіріп қойсақ, ертесіне ата-анамен бірге келу керек болатын. Сонан соң ата-анамыз мұғалімнің алдында кірерге тесік таппай, баласымен бірге еңсесін түсіріп тұратын. Қазір керісінше, мұғалімдер балаларға ұрысуға қорқады. Әйтпесе, ата-анасы кеп жер-жебіріне жетіп, дымын қоймайды. Және бүгінде компьютерленген заман боп барады. Сондықтан балалар психологиялық тұрғыдан қиындыққа дайын болмай тұр. Жас бұтақ сияқты сынып жатқаны. Қазір ер балалар біздің кезіміздегідей бірін-бірі жекпе-жекке шақырмайды. Оның да бір тәрбиелік тұсы болатын. Онда тек жігіттер бірін-бірі шақыратын. Және жерде құлап жатқанға тиіспеу деген ұғым бар болатын. Ал қазір топ болып, бір адамға жабылады. Жерде жатқанын ұрмақ түгілі, теуіп кетеді. Еңбектену деген мүлде аз. Еңбектеніп жатқан азаматтарымыздың саны да, өкінішке орай, жоқтың қасы.

- Тоқтарбай ата, Патриотизм деген не? Оның мазмұны заман өте келе өзгереді деп ойлайсыз ба?

- Патриотизм деген сөздің қазақша мағынасы Отансүйгіштік, ұлтжандылық. Ата-анаңды, туыстарыңды, ауылдастарыңды қадірлеп, туған ауданыңды, өскен облысыңды, өмір сүріп отырған республикаңды жүрегіңе жақын тартып, аялап, ардақтай білу. Қиын-қыстау кезде соларды сыртқы жаудан жан аямай қорғау, елді, жерді басқыншылардан азат ету үшін қасық қаның қалғанша күресу. Оның үстіне ұлтыңның болашақ анасы қыздарды аялап, ардақтай білу де, сүйген қызыңа қосылып, отбасын құрып, ұлтыңа ұрпақ әкелу де — патриотизм. Қоғамда жойылып, замандар ауысқанымен, патриотизм ешқашанда өзгермейді деп ойлаймын. Ұлттар мен мемлекеттерді жер бетінде дербес қалыпта сақтап келе жатқан ең ұлы күш — патриотизм. Адамзат өмірі үзілмей жалғасуға тиіс болса, сол өмірдің өзегі патриотизм болмақ.

- «Жастар бұрынғыдай емес» дегенді көп естиміз. Сіз осы пікірмен  келісесіз бе?

- Келісемін — қазіргі жастар бұрынғыдай емес. Бірақ, бұрынғыдай болуға міндетті емес. Әр толқын жас қауым заманына лайық болуы керек. Феодализм заманының жастары сауатсыз, қараңғы болды. Жылқышы, қойшы, сиыршы болды. Ағаш соқаға ат жегіп, егін салды. Социализм дәуірі жастарының сауаты ашылды. Түйеден түсіп, тракторға мінді. Кітап оқып, дүние таныды. Ал, қазіргі жастар одан да алға басты. Қазіргі жастардың «бұрынғыдай еместігі» сондықтан.

— Тоқтарбай ата, соғыс ардагерлерінің барлығы бірдей жаңа пәтерге қол жеткізді ме?

- Үй беру мәселесінде Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлердің барлығы жаңа пәтерге қол жеткізді деуге болады. Баспанасыз қалған соғыс ардагерлері жоқ шығар. Қазіргі күнде соғыс ардагерлерінің ең жасы 90 да. Ал, Ұлы жеңісімізге биыл 70-жыл толайын деп отыр. Осы уақытқа дейін үй мәселесі шешімін таппауы мүмкін емес.

– Соғыстан оралмаған боздақтардың жесірлері мен балаларына, тыл еңбеккерлеріне қамқорлық жасау туралы не айтар едіңіз?

- Тарихи деректерге көз жіберсек, 1939 жылғы санақпен салыстырғанда 1942 жылы Қазақстанда ауылшаруашылығы еңбекшілерінің саны 600000 адамға азайған. Ауылшаруашылығында еңбектенген ерлердің майданға тартылуымен олардың орнын қариялар, әйелдер мен балалар басты. 1944 жылы қолхоздардағы еңбекке жарамды ерлердің сандық үлесі – 20 пайыз, әйелдер – 58 пайыз, жасөспірімдер 22 пайыз болды. Яғни майданды азық-түлікпен, шикізатпен іс жүзінде әйелдер, балалар мен қарт адамдар қамтамасыз етті.

1942-1943 жылдар аралығында еліміздің ауыл шаруашылығынан 4111 трактор, 1184 жүк машинасы, 30318 жылқы майданға жіберілді. Соғыстың бірінші жылы мемлекетке 100 миллион пұт астық тапсырылды. Бұл көрсеткіш 1940 жылмен салыстырғанда 24 миллион пұтқа артық.

Мұндай деректер буыны қатпаған балалар мен әйелдер, қариялар күндіз-түні жанқиярлықпен еңбек еткенінің дәлелі. Өте ауыр жағдайларға қарамастан тыл еңбеккерлері майдандағы жауынгерлер үшін үлкен тірек болды.

Қазір солардың көпшілігі жоқ, соғыс жылындағы балалардың өзі ақ басты қарттар қатарында. Оларға мемлекет тарапынан қамқорлық жасалып, қолдау көрсетіліп келеді.

- 1945 жылы 9 мамырда сұм соғыс Ұлы жеңіспен аяқталды.

Міне, содан бері 70 жыл өтті. Ұлы жеңістің сезімін сезген кезіңізді айтсаңыз, қандай күйде болдыңыз?

- “Ерлік – елдің қасиеті, жүрек­тілік – жігіттің қасиеті” деген екен даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы. Сол сұрапыл жыл­дары Жетісу жерінен 120 мыңнан астам боздақ соғысқа аттанса, олардың 47052-сі ұрыс далаларын­да ерлікпен көз жұмған. Ал, хабар-ошарсыз кеткендері қаншама. Осы кеткен әрбір боздақтың жеңіс туы желбірегенде қуаныштан күлген емес, жылаған. Жеңістің сезімі біздің езуге күлкімен емес, көзімізден мөлдіреп аққан жаспен келді. Қаншама жастарына жетпей қыршыннан қиылды. Қаншауы жазылмас дертке дұшар болды. Қуаныштан көзге жас үйірілсе, қайғыдан жүрек сыздады. Соғыс – адам баласы үшін ең үрейлі, ең қорқынышты сөз. Өйткені, соғыс атаулы адамзатты қырып-жоюға бағышталған. Адам адам болғалы осылай. Талай рет үстемдік, байлық үшін адам қаны суша аққан. Кімге қажет болып, не мақсатты көздеп еді сол соғыс? Әдетте, соғысты әділетсіздік, жауыздық, қанішерлік бастайды ғой. Ол сонысымен лағынетті. Қарапайым халыққа қасірет туғызған, қарғыс арқалаған соғыс ешқашан жеңбек емес. Таң алдында, тәтті ұйқыда жатқан Отанымыздың шекарасынан ұрланып өткен жау оғымен адам баласының тарихында болмаған бір ғаламат соғыс басталды. Сол күні жау тәтті ұйқыңды ғана бұзған жоқ. Зұлым жау бейбіт өмірге бүлік әкелді. Қыз жігітімен, ана баласымен қоштасты. Қырда қойшы қойын тастады, қолындағы таяғын винтовкаға айырбастады. Ойда диханшы трактордан түсіп, танкіге отырды. Ол кезде бүкіл ел солдат болды. Сол жылдардың бозбала, бойжеткендері ақын болуды, инженер болуды, оқымысты болуды армандаған еді...

- Тоқтарбай ата, «Білім Шапағаты» газетінің оқырмандарына, бүгінгі жастарға айтар тілегіңіз?

- Айтар тілегім, газет беттерін ашатын оқырмандарыңыз көп болсын. Жастарымыз бұқаралық ақпарат көздеріне бет бұрса, тағылымдары ұлғая түсер еді. Ал, сіздердің таралымдарыңыз миллионға жетеді. Ұлтым – ұлағатым, ұстазым-жан-жүрегім, газетім- байлығым, оқулығым – көз-әйнегім дейтін жастарымыз көп болсын.

Автор:
Іңкәр ЕРБОЛҚЫЗЫ