Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Тың ой, сапалы пікірталас кем де кем!


23 февраля 2015, 07:21 | 2 514 просмотров



Қазіргі руханиятымыздың жеңісі де, жеңілісі де – кітап оқу мәдениетінде тұр. Бұл үйлесімсіздіктің тек-тамыры - өнерді, әдебиетті түсінбегендіктен де шығар. Кітап оқу тұрғысынан алғанда жастарымыз үшке бөлінді. 

Олар: Еліміздегі кітап оқушылардың басым бөлігі саналатын – студент жастар. Әрине, өздігінен емес, сабақ қажеттігіне байланысты кітаптарды ғана оқиды. Кітап оқитын жастардың келесі толқынының дені – шытырман оқиғалар бейнеленген шығармаларға әуес. Ал мүлдем кітап оқымайтын жастар үшін қазіргі кітаптар қызықты емес.

Не десек те, кітап оқушылар қатары кемуінің бірден-бір себебі – телевидение мен басқа да бұқаралық ақпараттық қатынастар. Адам баласының жан-жақты дамуына телеарналар кері әсер ететінін алдымен ұғу керек. Әдебиет - мәңгілік. Халқымыз кітапты 100 жылдан бұрын да оқыған, 100 жылдан кейін де оқиды. Адам баласы ойдағыдай іс атқаруы үшін кітаптың орнын телеарналар еш уақытта айырбастай алмайды. Ал, осы кітапқа деген қызығушылықтың төмендеуіне не түрткі екенін С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасының директоры, Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» Нұрғалиева Мақпал Сқабайқызынан сұхбат алған едік.

С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасы – еліміздегі ірі руханият және ақпарат орталығының бірі болып саналады. 1949 жылы Алматы қаласында құрылған облыстық кітапхана елімізде болып жатқан түрлі тарихи өзгерістерге байланысты 2003 жылы Талдықорған қаласына көшірілді. Елбасының сындарлы саясатын қолдауда жетістіктерге қол жеткізіп, жас өркеннің ұлтына, тіліне, діліне деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында кітапхананың атқарар міндеті зор. Ұлтымыздың ұлы мұраттары мен мақсаттары жолында кітапхана оқырмандардың рухани байлығын арттырып, халықтың салт-санасын қалыптастыруда шығармашылықпен жемісті еңбек етіп келеді. Осы мақсатта оқырмандарға бірнеше бөлімдер қызмет көрсетеді.

Білім Шапағаты анықтамасы

Нұрғалиева Мақпал Сқабайқызы 1980 жылы Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы педогогика – мәдениет институтының «кітапханатану және библиография» бөлімін, 2006-2008 жылдары Академик Ө.Жолдасбеков атындағы институттың «Қазақ тілі мен әдебиеті» біліктілігі және БАКАЛАВР академиялық дәрежесі бойынша бітірді.

1980-1993 жылдар аралығында еңбек жолын Талдықорған облыстық С. Сейфуллин атындағы кітапхананың кітапханашы қызметінен бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары қызметтеріне дейін көтерілді. 2007 жылы облыстық кітапхана директоры қызметіне тағайындалды.

Кітап қорының көбеюіне, заман талабына сай жаңа технологиялық инновацияларды еңгізіп, кітапхананың материалдық – техникалық базасын нығайтуда жаңа үлгідегі кітапханалық жиһаздармен жабдықтауға бар күш- жігерін жұмсап келеді. 2010 жылы облыс кітапханаларын жаңа ақпараттық технологиялық жүйеге еңгізі отырып, кітапханалық КАБИС бағдарламасының жобасын жүзеге асырды.

Кітапхана саласындағы үздіксіз еңбегі, қызметтік міндеттерін дұрыс және адал орындағаны үшін Алматы облыстық мәдениет басқармасының «Кітапхана ісінің үздігі» Құрмет грамотасымен, облыстық кітапхананың 60 жылдығына байланысты Алматы облыс Әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай –ақ 2010 жылы кітапхана саласындағы 35 жылдық еңбегі жоғары бағаланып ҚР «Мәдениет қайраткері» атағын иеленді.

- Мақпал Сқабайқызы, соңғы жылдары кітапқа деген құштарлық төмендеп кетті. Сіз маман ретінде бұған қалай қарайсыз?

- Қазіргі таңда толықтай дерлік кітапқа құмарлық жойылып кетті деп айта алмаймын. Рас, бұрынғыдан кітап оқуға деген құштарлық төмендеген. Бірақ, мен басқарып отырған кітапханамның өз оқырманы жетерлік. Қазір бұқаралық ақпараттар мен кітаптың заманы емес, ғаламтордың ағымы болып жатыр. Бұл мәселені қарау жылдан – жылға басты назарда. Бір мезет басшылардың қарауынсыз қалған емес. Осыған алып келген жағдай жастар тәрбиесі деп ойлаймын. Қай заманда жастар білім алсын, өмір сүрсін, ол маңызды емес. Маңыздысы рухани азығын ұмытпау. Оны мына үйден алған тәрбиеден көру қажет. Мектепте мұғалімдер бар жанымен жұмыстарын атқарса, оны ата-ана ары қарай жалғастыру қажет. Қазір мектептің әрбір баласының қолында ұялы телефон, үйінде ғаламтор желісіне қосылған компьютер. Дұрыс, болсын. Бірақ, кітаптың бар екенін ұмытпауымыз қажет. Кезінде осы кітапқа жете алмай қалған кездерімізде болған. Соны еске түсірейік.

- Сонда сіз, кітапқа деген құмарлық жас отбасыларға байланысты жойылуда дейсіз бе?

- Барлығы дерлік демеймін. Бірақ, ол да бар. Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің, - деген қазақта. Бүгінгі күні оқымайтын баладан емес, оқытпаған мұғалім кінәлі деп жатады. Ол дұрыс емес, пікір. Мұғалім күнделікті өз баласын оқытпаса да, оқушыны оқытады. Бағыт-бағдарын береді. Оны үнемі үйдегі ата-аналар қадағалап отыруы қажет. Сонда ғана нағыз білім болады. Балаға күнделікті компьютерде отырғанның зиян екенін ұғындыру қажет. Ол біріншіден, тіл байлығын, екіншіден тілінің шұбарлануына әкеліп соғады. Мен мүлдем интернетті қолданбасын деген пікірді ұсынып отырғаным жоқ. Интернетте өз орнымен. Ол жерде де оқулықтарды көшіріп алу бар. Заманға қарай барлығы электрондылыққа бет бұруда. Барлығы өз уақытымен. Кезінде оқиын деген жастар оқулық таппай әуре-сарсаңға түсетін. Бір оқулық үшін кезекке тұрып, күтетін. Оны бір күнге алып оқудың өзі, бақыт болатын. Қазір бізде бар жағдай жасалынған. Тек соны, дұрыс қолдана білсек болғаны.

- Мақпал Сқабайқызы, сапалы білім беріп, білікті маман дайындайтын мекемелер сияқты кітаптар мен оқулықтардың да сапасы төмендеді, газеттер мен телеарналардың мазмұны таязданып, деңгейі ойын-күлкіден аспайтын болды деген пікір көп айтылып жүр. Сіздің пікіріңіз?

- Тың ой, сапалы пікірталас кем де кем! Статистикаға қарасақ ең көп ғылым кандидаттары мен докторлары бізде екен. Министрлер, депутаттар, әкімдер, мәнсапкерлер мен лауазымдылардың көбісі ғылым кандидаты немесе докторы болып алған. Шамасы келгендері, тіпті, академик, әйтеуір бір академияның академигі. Кеңес Одағының кезінде біреуді "ғылым кандидаты" деп таныстырса оған іштей тамсану, емірену, қызығу болушы еді. Өйткені ол дәрежеге жету қажырлы еңбекті, келелі ғылыми жаңалықтарды талап ететін. Ал член-корр, академик дегендерің саусақпен санарлықтай еді. Олардың білімінің сапасы жоғары деңгейде еді, кісілік мінездері де ғалымға тән сапа мен сипатта болатын. Өзіне тән этикаға, моральдық кеңістікке қол жеткізген зиялы адамдар бар. Кітап – адамзат тарихындағы тұңғыш бұқаралық ақпарат құрал. Оның шығуы, дамуы жазу мәдениетімізбен тығыз байланысты. Арғысы тас кітаптан, одан соң орама кітаптан негізі қаланған рухани қазыналарымыз ХІІІ ғасырдан кейін ғана қағаз бетіне түсе бастады. Сол дәуірдегі біздің алғашқы қолжазбаларымыз - әл-Фарабидің, М. Қашқаридің шығармалары. Ал, мектеп оқушыларына арналған оқулықтарда қателер өріп жүр. Кітаптардың мазмұнына қатысты сын бұрыннан айтылып келсе де, мәтіндерде жіберілетін грамматикалық қателер азаймай отыр. Бұл істе кінәліні табу қиын.

– Бүгінгі оқырман талғаммен таразылап, байыппен бағамдап барып, баспадан шыққан бағалы кітапқа қол созады. Елімізде оқырман сұранысының басым бөлігін қай баспалар қанағаттандырып отыр?

– Алдымен қазіргі таңдағы баспа саласы қалай дамып келе жатқанына зер салу керек. 2014 жылы Қазақстандағы бар баспалардың тіркелетін мемлекеттік мекемесі – ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының мәліметі бойынша, 360 баспа және баспа ісімен айналысатын ұйымдар бар екен. Енді осы мекеменің «Қазақстан Республикасының баспасөзі 2013 жыл: статистикалық жинағына» жүгінсек мынандай саралауды көреміз.  Баспа өндірісінің басым бөлігі Алматы қаласында орналасқаны белгілі. Олардың саны – 242 баспа және  бас­па ісімен айналысатын мекемелер (66,1 пайызын құрайды). Басқа аймақтар бойынша баспа және  баспа ісімен айналысатын ұйымдар көрсеткішіне зер салсақ: Астана қаласында  – 43 (11,7 %), Қарағанды қаласында – 15, Қостанайда – 13,  Шымкентте – 10,  Қазақстанның  басқа  да  ірі қалаларында бірен-саран кітап басылымдары шығатынын көруге болады. Бұл  жерде  негізгі  белсенді баспалар  Астана  мен  Алматы  қалаларында  шоғырланған.

Бүгінгі күнде баспалардың шығаратын өнімдерінің тақырып­тық шектеулері болмаған соң, жүйелеуге қиындық тудырады. Дегенмен де, меншік иесіне, құрылтайшысына қарай отырып,  дәстүрлі, жоғары оқу орындарының баспала­ры, арнайы мекемелер, ғылыми-зерттеу мекемелері, қоғамдық ұйымдар мен қорлардың баспалары деп жүйелеуге болады. Бұрындары баспа түрлері аз болатын. Заман дамуына қарай жан-жақты қамтылған арнайы баспалар империясы дамып келеді.

Республикамызда үнемі кітап басу, тарату ісімен айналысып келе жатқан баспалардың орны ерекше. Олардың ішінде «Атамұра» корпорация­сы, «Алматыкітап» баспасы, «Қазақ университеті», «Мектеп», «Арман-ПВ», «Аруна ltd» баспаларын ерекше атап өтуге болады. Бұл баспаларда толыққанды кітап сату жүйесі қалыптасқан. Баспа өнімдерін Алматы, Астана қалалары мен еліміздің барлық облыстарындағы орталық дүкендер жүйесі арқылы таратады. Сонымен бірге осы қатарда Астана қаласында орналасқан «Фолиант» баспасы мен «Аударма» баспаларын да  атауға болады. Бұл мәліметтердің бәрін мен Кітап палатасына келіп түскен кітап басылымдарының міндетті данасы арқылы жыл сайын жасалатын статистикалық жинақтың  рейтінгісі бойынша алдыңғы он баспа көрсеткішінен айтып отырмын.

Қазақстанның қазіргі заманғы баспа жүйесінің дамуында Алматы және Астана қалаларының жоғары көрсеткіші байқалады.

Кітап палатасының мәліметі бойынша, жылына 5000-5500 кітап басылымының міндетті даналары түсіп отырады екен. Әрине, бұл республикадан шыққан кітап басылымының міндетті даналары толық алынады деген сөз емес, біз әлі де болса міндетті даналардың толық түсуін жетілдіруіміз керек екені сөзсіз.

Кітап басылымының тілі жағына келсек,  2013 жылы шыққан кітаптар мен кітапшалардың 54,4 пайызы  қазақ тілінде, 38,5 пайызы орыс тілінде.  Қалғаны  өзге ұлттар тілінде шығарылыпты. Осы тұста аударма әдебиеттердің шығарылымын айта кетсек,  2013 жылы 209 атаулы кітап қазақ тілінен басқа тілдерге, 94 атаулы кітап басқа тілдерден қазақ тіліне, оның ішінде, 48 ағылшын тілінен, 14 орыс тілінен  аударылыпты.

Жалпы осындай  көрсеткіш­терге сүйене отырып, бүгінгі күнде баспа саласы қарқынды дамып келеді деп айта аламыз.

- Сіз басқарып отырған кітапхана заманауи құрылғылармен жабдықталған ба? Кітап қорының деңгейі ше?

- Кітапхана – теңдесіз білім ошағы. Қоғамның өркендеуі, адамзаттың өсуі кітаппен тығыз байланысты. Жас ұрпақтың санасына туған халқына деген құрмет пен мақтаныш сезімін ұялатып, ұлттық рухты сіңіру, сондай-ақ, ана тілі мен әдебиетін, тарихы мен өнерін қастерлеп, халықтың салт-дәстүрін аялай, ардақтай білуге тәрбиелеу кітаптың еншісінде. Қазіргі таңда кітапханалар – әлемдік деңгейдегі рухани, мәдени, тарихи, ғылыми құндылықтарды құрайтын ерекшелікке ие. Мәдениет және ақпарат министрлігінің «кітапхана саласын қайта жаңғыртудың 2007-2009жылдарға арналған» бағдарламасы бойынша облыстық кітапханада оқырмандардың электрондық және бейне құжаттармен жұмыс істеуіне арналған «Медиатека» ақпараттық орталық ашылды. Медиатека арқылы оқырмандарға СD және DVD дегі басылымдардың бай жинақтамасы, компакт – дискілер, бейне таспалар, аудиотаспалар, әуендік дискілер қызмет атқарады. Кітапханада бейнетаспалардағы көптеген классикалық бейнефильмдерді, білім алуға арналған бейнеэнциклопедияларды, оқу-білім бағдарламасы бойынша тілдерді оқуға, тақырыптық дискілерге бағытталған оптикалық компакт дискілердің массивін көрсетуге жағдай туғызады. Интернет желісі мен электронды почта және әртүрлі үрдістермен жұмыс істеу мүмкіндіктері жасалған. Кітапханадағы бүгінгі күн талабына сай атқарылып отырған тәлімдік жұмыстар жайы, көпшіліктің назарын аударатын игілікті істер келешек ұрпаққа үлгі болмақ. Кітапхананың киелі табалдырығын аттап, білім бұлағынан сусындайтын оқырман еліміздің болашақ ел тұтқасын ұстар білімді де білікті азаматтары болмақ. Сондықтан да кітапхана ісінің ел экономикасы мен мәдениетінің дамуына қосар өзіндік үлесі бар екені даусыз.

- Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін біраз жерлерде кеңес заманындағы кітаптар жойылды дегенді естіген едік. Кітапхана қорында кеңестік кездегі сирек кездесетін кітаптар сақталған ба?

- Әрине, сақталған. Тәуелсіздік алғаннан кейін біраз жаңа басылымдағы оқулықтар жарық көруіне байланысты орын босатуға тура келді. Сол себепті кеңестік кездегі оқулықтарды алып тастау қажет еді. Бірақ ол оқулықтарды өртеп немесе лақтырып жіберген жоқпыз. Себебі, ескі оқулықтарда бүкіл тарих жатыр деп есептеймін. Оларда ұрпақтан-ұрпаққа өнеге қалтырар, сол заманның иісі болмаса да, болған оқиғасынан хабардар ету біздің борышымыз.

- Мақпал Сқабайқызы, кітапхананың негізгі бағыттары мен міндеттеріне тоқталсаңыз?

- Қазіргі ХХІ ғасыр –ақпарат ғасыры. Соңғы жылдары ақпарат маңызды орынға ие болып, қоғам дамуының басты стратегиялық ресурсына айналды. Кітапханаларды ғылыми, техникалық, технологиялық және мәдени дамудың жоғары деңгейіне шығару мақсатында кітапхана саласында жаңа инновациялық жұмыстарды дамыту жолға қойылған. С.Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапхана – аймақтың кітапханалық – ақпараттық ресурстық орталығы және Жетісу өңірі кітапханаларының әдістемелік орталығы болып саналады.

«Кітап - ғалым, тілсіз мұғалім», деген қазақта тамаша сөз бар. Иә, бұл сөз тегінде дұрыс айтылған. Кітап – ғалым, ол бүкіл адам баласына ортақ. Кітап – ғылым, білім жемісін халық арасына таратушы. Кітап – ақылдың кені. Кітап – бар білімнің, бар ғылымның бастауы. Кітап – барлық заманда да білім қазынасының ғажайып қоймасы. Өз бетімен кітап оқып, оның көмегімен үздік білім алған, сөйтіп атақты ғалым болған адамдарда дүние жүзінде аз емес.

Бүгінде, ақылына ақы сұрамайтын, асыл қазынаны неге оқымай кетті? Білім мен ілімді қайдан іздеуде? Данагөй данышпандарымыздың рухани байлығы қандай деңгейде? Ал, жастар ше?

Иә, жастардың кітап оқуға деген құлықсыздығы әсіресе алдыңғы аға буынның көкейінде жүрген мәселелердің бірі. Толып жатқан себебі де жетерлік. Олардың тұсында балалар жастайынан көркем шығарма оқуға аса ынтық болды. "Заманына қарай адамы" демекші, қазір жағдай бөлек. Қазір көңіл аулайтын шығармалардан гөрі жан жаулайтын туындылар басым болып кетті. Неге жас атаулы кітапқа аса қызықпайды? Қазіргі жастардың көркем шығарма оқуға көзқарасы қандай? "Кітап оқымауына басты себеп неде?" деген сауалдарға жауап алдық бүгінгі жастардан.

Оралбаева Перизат Қайратқызы

Алматы облыстық С.Сейфуллин атындағы әмбебап кітапханасының кітапханашысы

Өз басым кітап оқығанды ұнатамын. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы «Адам білімін өз бетімен ізденуінің, кітапты көп оқуының арқасында жетілдіреді, әрі бірнеше тілді меңгереді. Алдыңғы қатарлы ойшылдардың еңбектерімен танысады. Ал, М.Горький болса , «Мен өз бойымдағы барлық жақсылығым үшін алдымен кітапқа борыштымын» - деген, екен. Міне, менде өз білімімді осы қазыналы кітаптан тапқым келеді. Қасиетті де киелі кітаптың бізге берері мен үйретері мол түсінген адамға. Қазіргі күнде кітапқа үңілетін жастарымыздың саны аз. Мен де жаспын. Жастықтың арқасында ізденушілікті осы кітапқа аударсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Интернет желісі ол өз алдына. Оны да заманымызға қарай қолданғанымыз дұрыс деп ойлаймын. Бірақ дайын нәрсе бар екен деп, оларға бірден жүгіне салуға болмайды.

Данабекова Индира Рақымқызы

оқырман

Заманның ағымына ма, қоғамның өзгеруіне ме әйтеуір жастарымыз кітап оқуды қойған. Жастар ғана емес, біраз аға буындарымыз да бар. Жылдан жылға ғаламтордың ғаламатына табынушылық басым болып бара жатыр. Өзіміз бұрын оқып жүргенде кітапты таппай қиналатынбыз. Керек материалымыз үшін жүз кітап, жүз газетті ақтарып әзер табатынбыз. Қазір ондай емес. Өкіметіміз бар жағдайды жасап жатыр, бірақ оны елеушілік аз. Кітап оқу бос уақытты өткізу түрі ретінен гөрі іскерлік оқуға қарай ойысты, ақпараттық және білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ғана оқу жиі кездесетін болды. Оқушылар, студенттер көбінесе оқу залдарына тапсырылған тақырып бойынша реферат, баяндама, шығарма жазуға ғана келеді. Кітап оқымайтын адам сауатсыз, ойлау қабілеті төмен, шығармашылық қиялдауы шектелген болып келетіні белгілі. Осы орайда, айта кететін жайт: қазіргі уақытта қазақ қоғамының алдында тұрған негізгі мәселе - тіл мәселесі ғой. Осы мәселенің де бір шешімі, менің ойымша, жастар болсын, үлкендер болсын - бәрін кітап оқуды, қазақ тілінде көркем шығармаларды оқуға тартуда. Көркем шығармалар біздің тілімізді байытып, қазақ тілінде сөйлеу қабілетін арттыратыны анық.

Баймендинова Мадина Сексенбайқызы

Алматы облыстық С.Сейфуллин атындағы әмбебап кітапханасының кітапханашысы

Өзім осы мамандықты жан қалауымен таңдағандықтан ба, кітап десе жанымды қоярға жер таппай кетемін. Кітап сарқылмас байлық. Байлығында шек жоқ. Барлық дана да, ғалым да осы кішкентай ғана кітаптан ілім алады. Ғалым, дана болады. Кітаптың құдіретінде шек жоқ. Тіпті, жаның ауырса да осы оқулықпен емдейсің. Бүгінгі күннен – күнге дамып отырған заманымызда кітапқа деген құмарлық саусақпен санарлық. Шындығында, жастарымыздың көбі интернет желісін пайдаланады. Ол да, дұрыс шығар. Бірақ, рухани байлықтың бастауы – кітап та екенін ұмытпауымыз керек деп ойлаймын. Өзің ізденіп, көзбен көріп оқыған кітапқа не жетсін. Біреудің дайын, бір-бірінен көшіріп алған жиынтықтарын оқығанша?

Айтуғанова Назерке

студент

Кітап оқымаймыз, ол рас! Өйткені қаперімізде - тек интернет! GOOGLE іздеу желісіне кіреміз де, қысқа мазмұнын көшіріп алып-ақ, бір парақ ақпаратты оқып қана 5-тік деген баға алуға көштік! Менің құрбыларымды әдеби емес кітаптар, түрлі жұлдыздар өмірінен сыр шертер журналдар көп қызықтырады. Кітап оқу деген қайдан, ғаламтордың ішінде өмір сүреміз. Жазғы оқу демалысында ғаламторды өшіру керек пе немесе ақшамыз жетпейтіндей тарифты жорғарылатуды ойластыру қажет пе, ал мобильді агентке мүлдем тосқауыл қою керек деп ойлаймын. Жалпы тәрбие көзін де өзгерткен жөн. Мысалы, қандай да бір туындыны оқып, мазмұнын айтып берсең ғана қалаған затыңды сатып алып беремін деген сияқты. Ертең есейгенде кітап нәрімен сусындай білген жас ақшаның қадірін түсінетін де болады деп ойлаймын.

Сарапшылардың пікірінше, Ресеймен салыстырғанда біздің елімізде кітап аз оқылады. Мәселен, Ресей ғалымы В. Стельмахтың зерттеуінше, Ресейдің оқу рыногында 30 пайызды – газет, 35 пайызды - кітап, қалғандарын журналдар мен басқа да баспа дүниелері иелейді. Сонымен қатар, 20 пайыз оқырман классикаға назар салса, 23 пайызы фантастиканы, ал 17-23 пайызы детективті, 9 пайызы - поэзияны қалайды. Байқауымызша, ресейліктердің 3 пайызы кітаптармен Интернет порталдары арқылы танысады.  Ал осы замандық қазақстандық оқырмандардың 35 пайызы – детективті, 30 пайызы - әйел-қыздарға арналған романдарды, 12 пайызы – классиканы, 6 пайызы – поэзияны таңдайды. 

Қазақстанда ең аз оқитындар санатында бизнесмендер мен зейнеткерлер бар. Зерттеушілер бірінші жағдайды – кітапқа деген қызығушылықтарын жоғалтқан деп, екіншілерді – кітап сатып алуға қаржы тапшылығынан деп түсіндіреді. Әдебиет сүйер қауым қатарынан танылғандардың – 77 пайызы әйелдер екені анықталды.

Қазіргі кітап оқушылардың қалауы - француз классикасы мен латын америкасы авторларының туындыларына түскен. Сонымен қатар, қазақстандық қаламгерлерден – Абай, М. Шаханов, О. Сүлейменовтердің есімдері аталады. 

Автор:
Іңкәр ЕРБОЛҚЫЗЫ