Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

МАТЕМАТИК ӘЛЕМІ


23 февраля 2015, 07:24 | 890 просмотров



Математика - жер бетінде екінің бірі меңгеріп, қолтығынан ұстап, бауырына тартып ала қояр оңай құбылыс емес. Жалынан оңайлықпен ұстата қоймас күрделі ғылым, тұңғиық сала. Ортада жүрген жүз емес, мың адамның бірлі-жарымының ғана өресі жетіп, санасы иліктіре алар математика біреулер үшін әлі-де шешуіне, түбіне, түбіріне жете алмай жүрген қиын да күрделі әлем, ал, біреулер үшін мүлде қол жетпес арман. Қазақстандағы, оның ішінде Жетісу өлкесіндегі ең таңдаулы математиктердің бірі – Райымбек ауданындағы қастерлі де қасиетті Қарасаз ауылында тұрады. Райымбектей батыр бабасының, Мұқағалидай ақын данасының рухын аспандатып, сол қымбатты өңірдің өзіне, өзегіне тән бар жақсылығын мейманасын тасыта ұлағаттап қана келе жатқан Әділжан Нөкеевтей ағамыз айтулы математик.

Рас, орташа бойы, өзіне тән қағылез дене-бітімі, жайдары жылы жүзі, еңбек пен бейнеттен, білімнен құралған бар мағыналы ғұмырындай бурыл шашы бірден көзге түсер ағамыздың мінезі баладай ақ, көңілі пәк. Адал да ақ жарқын. Сырлы да сырбаз. Қазақтың оның ішінде Қарасаз ауылының қанына сңіген қонақжайлылығын бүкіл ел мен жұртқа, алыс-жақын шетелден келетін қадірменді қонақтарға көрсетіп, дәріптеп келе жатқан жаны асыл, жүрегі жұмсақ бірден-бір ағамыз. Өңірде өтетін бар жақсылықтың, ән мен жырдың бел ортасында шапқылап қана жүретін жан. Ешкім ренжімесе екен, Қарасаздан қабақ шытып кетпесе екен деп бар ісін ықтияттап, маңдайынан бұршақ-бұршақ терін мөлтілдете төгіп еңбектенетін, бейнеттенетін, жұмыс жасайтын ерекше адам. Күнделікті өз жұмысында да сондай. Адами болмыс-бітімі бөлек, кісілігі мен кішілігі ерек. Содан да болар, Мұқағали ауылы десе, Қарасаз десе Әділжанды білмейтін ақын мен жазушы, академик, қоғам қайраткері жоқ. Соның бәрі Әділжан ағамыздың талап-талғамын, асқақ арманын, ісіне деген сондайлық жауапкершілігін, тиянақтылығын, биік парасатын, өзі тұратын ел мен жердің намысын ту еткен қадыр-қасиетін көрсетеді. Мұның бәрі тегінде әрі математик, ұлағатты ұстаз, әрі басшы азаматтың, бүгінгі елағасының бойына біткен сөз етер жақсы қасиеттерінің бір парасындай.

Өзіне көрсетілген үлкен сенім мен құрмет-қой, өткен жылы желтоқсан айында ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ұйымдастырған «Білім беру инновациялары: іздестіру және шешімдер» атты халықаралық конференцияға қатысты. №2 дөңгелек үстелде «Білім беру жүйесіндегі инновациялық процестер» атты баяндамасын жасады. Жазғаны, жұрт талқысына түскен дүниесі конференцияның материалдар жинағының 2 томында жарық көрген ағамыздың көңіл-күйі өте жақсы екен.Оның үстіне өткен жыл жас ұрпақ тәрбиесіне ғана арналған мәнді де мағыналы ғұмырының 6 белесіне шыққан жылы болып есінде қалған ағамыздың жаны жарқын, көңілі сондайлық жайдары.

-Дәл осы математикаға қалай келдіңіз ?,-дедік. Ағамызбен құшақтаса жылы амандасқаннан кейін төрдегі столының қасына жайланып алғаннан кейінгі алғашқы сұрағымыз осы болды.

-Мектеп қабырғасында жүрген кезімнен-ақ математикаға ықыласым, құмарлығым өте жақсы болды. 9 сыныптардан бастап есеп әлеміне деген қабілетім ашыла бастады. Әбіләшім атты ұстазымның болмысы, берген дәрісі өзіне қарай тарта берді десем, артық айтпаймын. Сол кез, сол күндер қандай десеңші, бар уақытымыз есеп шығарумен, түрлі теңдеулерді жарыса шешумен өтетін. Жақсы құбылыс, айта жүрер ұлағат десек жарасар, бір сыныптағы 19 оқушы түгелдей есепке үйір болдық. Соның нәтижесіндей, арамыздан математика ғылымының кандидаты, педогогика ғылымының докторы, академик Ораз Сатыбалдиндей сыныптасымыз шықты. Өз тұсында Нарынқол, кейін Райымбек ауданының білім саласын ұзақ жылдар жемісті, өрісті басқарған марқұм Нұрбатыр Орынбаев та мықты математик еді. Одан бөлек Бижамал, Нұршат атты есептің білгірі саналатын құрдастарым бір-біріне ұқсамайтын. Сол сыныптағы 19 оқушы бір-бірімізбен бәсекелес болдық. Түрлі жолдармен шешкен есептеріміз де бір-бірімізге ұқсамайтын. Мектепті бітірген жылы бірден сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университетінің математика факультетіне оқуға қабылдандым. 13 балл жинадым. Сол кезде бұл өте жоғары көрсеткіш еді. Курстастар арасынан Новосибирскге оқуға іліккен екі студенттің бірі болдым, бірақ, орыс тілінен кемшін тұстарымды ойлап қана сол мүмкіндіктен бас тарттым. Сөйтіп, КазГУ-ді өте жақсы бітіріп шықтым.

-Математика әлемінде әлі-де шеше алмай жүрген немесе түбіріне жете алмай жүрген есептеріңіз бар ма ?

-Мұндай есеп өте көп. Бес жүзге жуық қиын есептер бар. Одан да күрделі екі жүзге тарта есептер бар. Өз тұсымда білімімді жетілдірсем, мықты математиктермен жүздессем деген ниетпен бірсыпыра алыс-жақын шетелді армансыз аралаған адамның бірімін. Ленинградтағы білім жетілдіру институтына бардым. Онда да Кукс деген мықты математиктің барын естіп, біліп жүретінмін. Соған жолықсам деп барып едім, амал нешік, бір жыл бұрын дүниеден өтіп кетіпті. Қазанда болдым. Башқұртстанның Уфа қаласына Ефремов деген мықты математикті іздеп бардым. Шынымды айтайын, қанша математик болсам да ірі құпия есептерді шешуге шамам келе бермейді. Өте ауыр, күрделі дүние. Қақпасы, құпиясы оңайлықпен ашыла қоймас, кілті табыла бермес тылсым әлем. Оны шешем, түбірін табам деп қаншама математик өмірден озды десеңші. Енді өз өмірімде, шығармашылық жұмысымда жеке шешкен құпияларым, есептерім бар. Әр түрлі қиын теңдеулердің жолдары сияқты,- деді Әділжан аға ойлана тіл қатып.

Біз әңгімеге арқау етіп отырған Әділжан Нөкеевтей математик ағамыздың өзіне тән әлемі ғибратты, нұрлы да сырлы. Айта бергің келер игілігіне, жаза , қозғай бергің келер ұлағатына қана толып тұнып тұр. Сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдарындағы озат оқушы, үздік студент. Одан соң 38 жылды құраған педогогикалық және еңбек өтілінің 33 жылын мектепті басқару ісіне арнаған ұлағатты ұстаз, білікті басшы, іскер ұйымдастырушы азамат. Ең бастысы, туған жеріне туын тіккен, соған кіндігін байлаған, қасиетті Қарасазын өз «Швейцариясындай» көрген, ел мен жерін көтеруге бар ғұмырын, білімін, бойындағы барын,ойындағы нәрін, күш-жігерін арнаған математик.

Әділжан Қасымханұлы Нөкеев басқаратын Қарасаз ауылындағы Албан Асан Барманбекұлы атындағы орта мектеп-гимназия – шын мәнінде Райымбек ауданындағы білім саласының көшін бастап келе жатқан бірден-бір білім ордасы. Аудандағы елуден аса мектептің соған қарап бой түзеп келе жатқаны да шындық. Әділжан аға басқаратын мектеп таулы өңірдегі дарынды шәкірттердің, «Алтын белгілі» алтындай түлектердің үлкен өмірге қанатын қағар алтын бесігі, киелі мекені, ыстық ұясы іспетті.

-Біздің мектептен осы күнге дейін 14 «Алтын белгілі» озат оқушы, 8 ерекше үлгідегі аттестат иеленген түлектер шықты. Оған Халықаралық өребәйгеде жүлделі болған әрі оқу грантына ие болған 3 оқушымызды қосыңыз,-дейді Әдекең бізге жылы жымиып.

«Шапағат» медалының иесі, Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері, Райымбек ауданының Құрметті азаматы, 2011 жылы Астана қаласында өткен математиктердің І сьезінің делегаты Әділжан Нөкеевтей математиктің әлемі Тәуелсіз Қазақстанның тілеуі мен тірегі, кемел келешегі болып қалыптасып келе жатқан білімді, дарынды шәкірттеріне толы. «Шәкіртін көріп, ұстазын таны», «Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, Әділжан ағаның бұл тұрғыда бойына көрік берер шәкірттері аз емес.

Бейбіткүл Каримовадай шәкірті ҚР Білім беру департаменті басшысының орынбасары болса, Ұлан Түңлікбаев – ҚР Ұлтық Банктің қызметкері. Қайрат Аяшовтай шәкірті Абай атындағы Қазақтың Ұлттық Университетінде математика пәні бойынша оқытушы. Талғат Қазыбаев пен Алма Имашевадай шәкірттері Алмат қаласындағы бір-бір мектеп директорының білім, тәрбие жөніндегі орынбасарлары. Нұрлан Түңлікбаевтай шәкірті айтулы бизнесмен. Әділжан ағаның Мұрат Жандостай бір дарынды, білімді шәкірті биыл қорытындыланған оқу жылында Кипр мемлекетінің Никосия қаласында өткен Халықаралық конкурсқа математика пәні бойынша қатысып, жүлделі болды. Арнайы дипломмен қоса сертификат, оқу грантын иеленіп қайтты. Сөйтіп, Әділжан аға асқаралы алпыс жасын шәкіртінің ерен жетістігі, шадыман шаттығымен қарсы алып, бір жасап қалғандай жайы бар. Айтулы математикке жарасып-ақ тұр.

Математик әлеміне тағы да тоқталайық, жанымызды қуанта жұбандырайық. Әділжан ағаның туып-өскен Қарасаз ауылындағы өзі мектеп есігін ашып, білім алып, қанаттанған Албан Асан Барманбекұлы атындағы орта мектеп-гимназиясын басқарып келе жатқанына биыл тұп-тура 20 жыл болыпты. Мектепті басқарсаң, Әдекеңдей басқар, Әділжан ағадай арт жағыңа із қалдырып басқар дегің келіп тұрады өзгелерге. Өкінішке орай, қабырғасынан әлі күнге бірде-бір «Алтын белгінің» иесі шықпаған мектеп ауданда көп. Биылғы қорытыныланған оқу жылы да Қарасаз ауылының мектебіне үлкен қуанышын , ерен жақсылығын ала келді. Әділжан Нөкеевтей математик, директор басқарған орта мектеп-гимназиядан Азамат Молдатай, Айзада Наурызбай атты қос «Алтын белгінің» иелері, Надира Какендей «Ерекше үлгідегі» аттестаттың иесі шықты.Үлкен өмірге қанаттанды. Азамат Молдатай Әділжан ағасының қолынан дәріс алған, математик ағасына тартқан білімді шәкірт. Мектеп бойынша 2012-2013 оқу жылында Байқоңыр қаласында өткен Халықаралық ғылыми жарысында физика пәнінен Қадыр Дулат қатысып 3 орынды иеленсе, биология пәні бойынша Тоқтарбай Санат сертификат алып, екеуі де жоғары оқу орындарының білім грантыныа ие болды. Қазір екеуі де ел келешегі болар студент.

Мұның бәрі білім дариясында болашаққа бет түзей жүзіп бара жатқан мектеп-кеменің штурвалын қолына бекем ұстаған Әділжандай білікті де білімді басшы, жетелі жетекшінің арқасы екені даусыз.Аудан аумағынан балаларын Қарасаз ауылындағы аталған мектепте оқытып жатқан ата-аналар да көп. Бұл мектеп жүрегіндей ұстаздар ұжымын уақыт талабына сай сапалы білім беруге жұмылдырудың жемісі. Білім ордасында жүргізіліп келе жатқан «Контракт», «Оза оқыту», «Бақылау орталығы» секілді түрлі тәсілдер арқылы білім сапасы көтерілуде. Ұстаздардың білімі мен білігі, жыл бойы жүргізер еңбегі шәкірттерінің жетістігімен де бағаланатыны белгілі. Өткен оқу жылында ғана аудандық шаралардан 40 оқушы, облыстық жарыстардан 21 оқушы, республикадан 7 шәкірт, халықаралық байқаудан 1 оқушы жүлделі оралған. Бұл оңай нәтиже емес. Оңайлықпен терілетін жеміс те емес.

Қарасаз ауылына үнемі, жыл он екі ай жолы түсіп жататын есепсіз қонақтар, Мұқағалидай ақиық ақынымызға арналған түрлі іс-шараларға ортақтасар көпшілік Қарасаздағы көшеден кездесер әрбір қара домалақтың өлең мен жырға қамшы салдырмайтынын, әсіресе, Мұқағалидың көп өлеңдерін жатқа айтатынын тамсана әңгімелейді. Шын мәнінде Мұқағалидың жырын, поэмаларын жатқа білу, қазақтың маңдайына біткен белгілі ақын-жазушыларының шығармаларын жақсы білу – Қарасаз ауылынан өмірге келер жас өрендердің қанына сіңіп кеткен келісті, көркем құбылыс, ғажайып қасиет, өзгеге өсиет. Бұған да әсерін, ықпалын тигізіп келе жатқан дүние бар. Ол Әділжан Нөкеев басқаратын мектепте ұзақ жылдардан қалыптасқан «Мұқағалитану» сабағының, әр жұма сайын білім ордасында өткізілетін «Жыр керуені» атты игілікті шарасының жемісі. Бұл тек қана Мұқағалиға ғана емес Абай, Жамбыл, Тұманбай, Мұқтар, Еркін секілді көптеген көректі ақындардың шығармашылығына да арналатын игілік. Бұл жалпы ұлттың тілі мен ділін көтеруге, қазақ әдебиетін құрметтеуге арналған жағымды дүние. Өсіп келе жатқан жас ұрпаққа ең керекті, ең қажетті осындай тамаша ұлағат өзге де білім шаңырақтарына жұғысты болса екен деп тілейсің. Сонда ғана тілімізге деген, туған әдебиетімізге деген аңсар мен құрмет еселеп арта түсер еді. Міне, осы үшін де Әділжандай математик ағамызға деген ризашылығымыз шетсіз де шексіз.

-Уақытпен үндесу, заман талабы, ұрпақ қажеттілігіне қарай білім беру – басты мұратымыз. Онсыз көштен калып қаласың. Мектебімізді бірте-бірте гимназияға айналдырып келе жатқан жайымыз бар. Былтыр 14 сынып болса, биыл 16 сыныпқа жеткіздік. Осылайша білім сапасы жақсара беретін болады. Уақыт ағылшын тілін алға тартуда. Бұған Елбасымыз да үлкен мән беруде. Шәкірттерімізге ағылшын тілін біліп, меңгерулеріне басым бағыт ұстанып отырған жайымыз бар. Қуана айтар болсам, оқушыларымыздың жартысына жуығының ағылшын тіліне ықыласы бөлек. Жақсы меңгеріп қалды. Рас, әр дүйсенбіде әр мектепте лездеме өтеді. Ал, біздегі лездеме мүлде бөлек. Оқушыларымыздың әр тақырып төңерегінде түсірген видео көріністері көрсетіледі. Өткен аптадағы лездеме экология тақырыбына арналды. Ауылдағы кейбір жан ауыртар көріністер шынай көрсетілді. Мұның тәрбиелік мәні мен маңызы зор,-дейді Әділжан аға мектеп өмірінен сыр шертіп.

«Өзге жердің сұлтаны болғанша, өз елінің ұлтаны болуды» аңсаған, жердің ұйығын іздемеген Әділжан аға ауылдағы еңсесін көтерген бүкіл ағайын болып қала маңына тұрғызып жатқан коттедж үйді Қарасаз ауылының бір шетінен салды. Сөйтіп, туған жеріне деген құрметін, ерен сүйіспеншілігін, мөлдір махаббатын, перзенттік борышын осылай көрсетті. Өзге ағайынға үлгі етті. Әділжандай математик ағамыз ауылдағы өркенін жайған, өнегелі шаңырақтың отағасы. «Күміс алқалы» абзал ана, асыл жары Союзхан Бозтөриевамен бірге бес қызын, бір ұлын өсірді. Қыздары мен ұлы да өзіне тартқан, өз жолын қуған десе болғандай. Әселдей тұңғышы халықаралық ұйымда бас сарапшы. Эльмирадай қызы институтта оқытушы. Мақпалдай қызы Панфилов ауданындағы теміржол бекетінде есеп қызметкері. Ұлбосындай қызы жеке фирма директорының орынбасары. Назеркедей қызы студент. Өзіне тартқан Батырбектей ұлы қазір Жәутіков атындағы дарынды балаларға арналған физика-математика мектебінің 11 сынып оқушысы.

-Армансыз адам болмайды. «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» деген халық даналығы тағы бар. Қолдың саласындай бес қызым да өте жақсы оқыды. Үмітімді ақтады. Батырбектей ұлымның келешекте Назарбаев атындағы жоғары оқу орнында білімін жалғастырсам деген ойы бар. Алтындай қыздарымнан көрген сүйікті де сүйкімді немерелерім бар, дегенмен ұлымнан немере көрсем деген арманым бар. Жақсы күндеріміз алда әрі көп болса екен,-дейді Әділжан аға толқи-тебірене сырын жайып.

Әділжан аға өмір сүріп отырған қасиетті Қарасазда жаңалық бар, жақсылық жетіп-артыларлық. Өткен жылы көктем маусымында өзі бас болып, басы-қасында жүріп математик құрдасы, жан жолдасы, ауданнан шыққан бірегей азамат марқұм Нұрбатыр Орынбаевтың 60 жылдығы құрметіне аудан математик мұғалімдерінің арасында пәндік олимпиада өткізді. Бұл енді жыл сайын өтетін болды. Бұл аудан математик мұғалімдерінің білімі мен білігін көтеруге себеп. Жас ұрпақтың осы пәнге деген қызығушылығын арттыруға деген бір жақсы қадам. Қарасаз ауылынан Тоққожа Естеновтей Жетісу өлкесіне танымал азаматтың қолға алып, қолдаушы болуымен және Манап Нөкеевтей бауырының бас демеуші болуымен «Алжан ата» мешіті салынып, ел игілігіне берілді. Бұл игіліктің де жүйелі жүргізіліп, сәтімен аяқталуына Әділжандай ел ішінде жүрген азаматтың қосқан үлесі мол. Әділжан аға жырды сүйеді, гүлді сүйеді. Мектебіндегі бір үлкен бөлме неше түрлі гүліне толы «Гүлстан» деп аталады.Жұмыс бөлмесі де гүлге оранған. Білім ордасының да айналасы қызыл-жасыл тамаша гүлдер. Мұқағалидың жырын жаттап өсіп келе жатқан мұндағы жас ұрпақ гүлдер әлемінен де жандарына нұр жинамақ. Сұлулыққа іңкәр, жақсылыққа құштар болып өспек. Әділжан аға мектебінің өнегесі осындай.

Әділжан аға айтқандай, Қарасаз ауылының, ол басқарған білім ордасының жаңғырар, өрісін кеңітер жақсы күндері алда дейміз. Өйткені, ақын ауылындағы Албан Асан Барманбекұлы атындағы орта мектеп-гимназия негізінде аудандық дарынды балалар мектебін ашу тұрғысында жұмыс жүргізіліп, қадам жасалуда. Бұл мектеп ашылар болса, өңірдегі бал бұлақтардың қөзі ашылып, білімді, дарынды шәкірттердің сыңғыр да сыңғыр үніне тола түсері анық. Мектептің іргесі қосымша құрылыспен толығары шындық. Өз тұсында Қыдыркелді Медеуов қуана қолдаған шаруаны ауданның қазіргі әкімі Жанат Тәжиев одан ары жалғастырады деген үміт мол. Рас,Әділжан Нөккеевтей білімді, білікті, парасатты басшы, ел ертеңін, ұрпақ болашағын ойлаған зерделі, жетелі азамат жүрген жерде дарынды балалар мектебі ашылып жатса, нұр үстіне нұр болмақ. Сондай мектептің құшағынан Әділжандай математик ағамызды көрсек, қуанышымыз тасқындай түспек.Жалпы, бүгін біздің дәптердің жаңа бетін ашып жазған әңгімемізге арқау болған математиктің әлемі осындай. Одан аларың, терерің, көрерің және қуанарың көп.

Автор:
Қанат Біржансал, Ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Алматы облысы, Райымбек ауданы.