Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Ұстаз болу мен үшін – үлкен бақыт


14 марта 2015, 16:22 | 2 101 просмотр



Ұстаз болу мен үшін – үлкен бақыт

Мектепте оқып жүргенімде « Кім боласың? – деген сұраққа «Ұстаз» болам деп жауап беретінмін ».Бала кезімнен кішкентай балаларды жақсы көруші едім.Сондықтан да болар, бастауыш сынып мұғалімі деген мамандықты таңдағаным.

Ұстаз! Қандай қасиетті сөз. Сенің аяңа бәрі де сыйып жатыр.Анаңды Меккеге жаяу арқалап апарсаң да, балалық борышыңды өтей алмайсың » дегендей, сенің алдыңда бүкіл адамзат бас иіп құрмет көрсетсе де, алақанға сап, төбесіне көтеріп өтсе де ұстаз алдындағы шәкірт парызы бәрібір орталанбас еді.

Әр ата-ана баласын мектепке берерде бастауыш сыныптағы ұстазы кім болар екен, қалай болар екен, қалай оқытады, қалай үйретеді, білімді санасына сіңіріп арқа сүйер сенімді азамат, ұл-қыз етіп тәрбиелей ала ма деп түн үйқысын төрт бөледі. Сәби кезінде тамағы тоқ, киімін көк еткенге қуанатын ата-ана алдында енді 6-7 жасқа толған жеткіншегінің болашағы, зор жауапкершілігі тұрады. Сол кезде ата-анаға көмекке келер ұлы адам ол- алғашқы ұстаз.

Метеп табалдырығын алғаш аттаған жас бүлдіршіндерге қалам ұстатып, әріп танытудың, жан-жақты білім берудің қиындығына төзе білу аса сабырлық пен шыдамшылықты қажет етеді. Соны ескере отырып, мен ұстаздық жолын таңдадым.

1982 жылы Панфилов педагогиқалық училищесіне оқуға түстім. Осында ұстаздықтың әліппесін үйрендім.

1984 жылы аталған оқу орнын бітіріп, еңбек жолын бастадым. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға » дегендей, «шәкірттерімді қалай білімді етем, қалай азамат етіп шығарам» деген ой көп мазалады. Бірақ әрбір күнімді, әрбір сағатымды, ізденіспен,қимылмен, оқумен, көңілге түюмен өткіздім. Содан бері 30 жылдың зырлап қалай өткенін байқамай да қалыппын.

Бастауыш сыныпта оқушы тұлғасын қалыптастыру үшін жан-жақты шығармашылықпен жұмыс жүргізу қажет. Шығармашылық дегеніміз- адамның өмір шындығында өзін-өзі тануына ұмтылуы, ізденуі. Мен балалармен шығармашылық бағытта жұмыстар жүргізе отырып, бойындағы қабілет көзін ашып, тілін байытып, қиялын ұштап өз бетінше ізденуге мүмкіндік беруде қажымай, талмай еңбек етудемін.

Әрбір бірінші сынып алған сайын әлі де қобалжимын. Балалардың сабақтан қалдырмауға, сабағын үнемі қадағалап, оқу құралдарының түгел, баланың үстінің таза болуына бар мүмкіндіктерімді жұмсап, үнемі жауапкершілікпен қарауға тырысамын. Ата-анадан баланың жағдайын үнемі қадағалауды талап етіп, олармен бала жайын сөйлесіп, ақыл-кеңес беріп отыруды өзімнің күн тәртібімдегі дағдылы жұмыстарымның бірі деп қараймын. Ата-аналарды қатыстырып ашық сабақ өткізу менің бала тәрбиелеудегі, оқудағы методикалық әдіс- тәсілдерімнің бірі ғана. Ата-ана сабаққа қатысса, баласының қалай оқитынын көреді, басқа балалармен салыстырады, осыдан келіп өз баласы нені білмейді, нені біледі, одан нені қалай талап ету керек дегендерді өздері көріп, көздері жетсін деген оймен үнемі әр сабағымды ашық сабақ деп жариялап, сабақ басталған кезден бастап ата-ананың сабаққа қатысуын талап етемін. Оларға баласының жетпей жатқан жағы болса қалай жұмыс жасау керектігіне ақыл-кеңес беремін.

Бала деген біздің- болашағымыз. Балаға мейірім, ақыл, рухани азық, өсиет, өнегелі сөздер, үлкендердің үлгісі, іс-әрекеті ауадай қажет. «Қазіргі заман нарық заманы. Техниканың дамыған кезі». Болашақ оқыған, білімді,білікті, өзін-өзі алып жүре алатын, өзіне сенімді, Отанын сүйетін, сыйлайтын, өткенін қадір тұтатын, болашаққа сеніммен қарайтын-білімді ұрпақ заманы. Мен шәкірттерімді осыған сай тәрбиелеп келемін. Олардың бойына білім ғана емес, сол білімді өмірде қажетіне жарата алар, көзі ашық, көкрегі ояу, жүрегі мейірімге толы білімді азамат болса деймін.

Автор:
Аймен Шомакова, бастауыш сынып мұғалімі. Ескелді ауданы әкімдігі, Байысов атындағы орта мектебі « МДШО» КММ