Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Университет және бақылау кеңесі


7 июня 2015, 17:47 | 1 212 просмотров


«Баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығармай, келешек заманына лайық қылып шығару керек», деп ұлы ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, дәуір талабына толық жауап беретін, жаһандану тұсындағы бәсекеге бәс тіге алатын білікті кадр дайындау мәселесі қазір басты бағытта тұр. Мұндай жауапты жұмыс сөз жүзінде емес, нақты іспен атқарылса нәтижелі болмақ.

Бұл үшін қатаң бақылау керек екені белгілі. Соңғы кездері жандана бастаған жоғары оқу орындарындағы бақылау кеңесі қоғам мен университет арасындағы қарым-қатынастың ашықтығын және жауапкершілікті қамтамасыз етуге ұйытқы болуда. Бақылау кеңестерінің қызметі арқасында мемлекеттің, қоғам мен бизнес-құрылымдардың өзара байланысының жаңа жүйесі қалыптасады. Осындай маңызды қоғамдық орган елімізде алғаш рет Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 2012 жылы құрылғаны мәлім.

Ұлт жоспары саналатын «100 нақты қадамның» ішінде ЖОО автономиясы мәселесі өткір көтеріліп отырған шақта осы бағыттағы ізашар құрылым – бақылау кеңесінің мәртебесі мен орны жөнінде айтып беруі үшін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, бақылау кеңесінің хатшысы, заң ғылымдарының докторы, профессор Еркін Оңғарбаевты әңгімеге тартқан едік.

– Үш жыл бұрын құрылған бақылау кеңесі университет қызметіне қалай әсер етті? Алғашқы тәжірибе сіздерге не берді? Өзгелерге үйретері қандай?

– Кез келген пайдалы іс – қоғамның олжасы. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бақылау кеңесі Үкіметтің ¬ 2011 жылғы 27 тамыз¬дағы қаулысы негізінде өмірге келді. Ол қызметін қолданыстағы заңнамамен, 2012 жылғы 17 қаңтардағы «Шаруашылық жүргізу құқындағы мемлекет¬тік кәсіпорынның Бақылау кеңесі туралы» ережемен реттейді. Аталған кеңес қоғамның жоғары оқу орны қызметіне лайықты араласуын, ашықтық пен жауапкершілікті қамтамасыз етіп, шынайы ұжымдық басқаруға негіз болады. Сонымен бірге, бақылау кеңесі әлемдік университет тәжірибесі екенін ұмытпағанымыз жөн. Қазақстан тәжірибесінің ерекшелігі – біз бұл шараны Білім және ғылым министрлігімен үйлесімділікте атқарып келеміз.

Кеңес жаңа жағдайларға сәйкес университет ұжымына біраз нақты тапсырмалар жүктеді. Біз оны толығымен орындадық. Мониторингке сүйенер болсақ, негізгі стратегиялық мақсаттар мен міндеттер жүзеге асырылған, ал жекелеген сәттерде мақсатты индикаторлар мен көрсеткіштер асыра орындалған.

Түбі бақылау кеңесі жоғары оқу орнының даму стратегиясына серпін береді деп үміттенеміз. Өйткені, ұжымды басқаруды қоғамдандыру мен оның қаржылық дербестігін қалыптастыру – жауапкершілікті арттыратын, маман даярлаудың сапасын көтеретін, заманның сын-қатерлерін дер кезінде ескеретін шара.

– Кеңес ұсынысы бойынша университет жарғысына өзгерістер енгізілді ме?

– Университеттің басты құжаты – оның жарғысы. Заман талабына сай жаңалықтар, әрине, жарғымызда көрініс тапты. Соның ішінде бақылау кеңесі жұмысы жүйелі көрінді. Университетіміздің 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарында бұл құрылымды жетілдіру және автономдық мәртебеге сай салаландыру көзделген. Мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарттарына сәйкес, түрлі бағыттар бойынша білікті мамандар магистратурада, PhD докторантурада (ғылым және білім бағытында) дайындалады. Қолданбалы ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар, соның ішінде, инновациялық технологиялар, оқытудың әдіснамалық технологиялары, білім беруді ақпараттандыру, жаһандық коммуникациялық желілерге шығу жүйеленеді. Сондықтан, осынау күрделі міндеттерді ұйымдастыруға және өткізуге қатысты университет жарғысының 14 тармағына өзгерістер енгізілді.

– Университет қызметінің басым бағыттары бойынша кеңес жасаған ұсыныстарды атап айтсаңыз.

– «Бәсекеге қабілетті кадрлар дайындау» стратегиялық бағыты бойынша тікелей нәтижелердің мақсатты индикаторлары мен көрсеткіштері қосымша енгізілді. Кадрлық әлеует пен университетті басқару жүйесін дамыту бойынша «Автономияға көшу тұрғысында басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған қаражат көлемі» мақсатты индикаторына түзетулер жасалды. Инфрақұрылым мен материалдық-техникалық базаны дамыту мәселесінде бұрын жоспарланған біраз құрылыс нысаны қаржылық дағдарысқа байланысты тоқтатылды. Былайша қарағанда, бақылау кеңесі жағдайды сараптап, проблеманы бағалап барып қана қадам жасайтынын білдік.

– Білім жүйесінің өкілетті органына қандай тың ұсыныстар берілді?

– Әрине, ұсыныстарымызға да уақыт талабы себепші әрі ұйытқы. Университетіміз «Өркениет» ұжымдық қоры құрылтайшыларының құрамына кірді. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік түріндегі ғылыми ұйымдарды құру туралы ұсынысымыз да мақұлданды.

– Бақылау кеңесі енгізілгеннен бері университеттің даму жоспарының орындалу барысы қалай? Көрсеткіштердің жақсаруы байқалып отыр ма?

– Бақылау кеңесі ресми жұмыс жасағалы бері даму жоспарының орындалуына мұқият сараптаудан өткізіліп келеді. Мысалы, ол қаржылық есептің жоспарлануы мен орындалуы сәйкес келгенін анықтады. 2012 жылы жоспардың орындалуы 101,5%-ды құраса, 2013 жылы табыс нәтижесі сәл төмендегенімен, 2014 жылы ол әжептәуір өсті. Қазіргі жағдайды талдау тікелей нәтижелердің мақсатты индикаторлары мен көрсеткіштеріне жалпы қол жеткізілгенін көрсетеді. Ал жекелеген жағдайларда күтілген нәтижелерден де жоғары жетістіктерге қол жеткізілді.

Мысалы, бәсекеге қабілетті кадр¬ларды дайындау келесі динамиканы алға тартты: мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алып, мамандығы бойынша жұмысқа орналастырылған түлектердің үлесі 2015 жылы жоспар бойынша олардың жалпы санының 80%-ын құраса, 2012 жылы аталған көрсеткіш бар болғаны 59% болды. Сонымен қоса, біздің QS әлемдік рейтингіндегі нәтижелерімізге келсек, ЕҰУ 2014 жылдың қорытындысы бойынша әлемнің шаңырақ көтергеніне 50 жыл толмаған университеттер арасында «отыздыққа» кірді. Биылғы міндетіміз – әлемдік жетекші білім ордаларының 351-400 қатарына кіру. 2012 жылдың қорытындысы бойынша университет 369-орынды иеленсе, 2013 жылы 303-орынға көтерілді.

2014 жылы 328-орын бұйырды. Осы жылы Германияның халықаралық аккредиттеу агенттігінен 28 білім бағдарламасын аккредиттеу жоспарланып отыр. 2012 жылы бұл көрсеткіш асыра орындалып, жоспарланған 6 бағдарламаның орнына 16 білім бағдарламасы аккредиттелген болатын. Тәуелсіз ұлттық аккредиттеуден өткен білім бағдарламаларының саны жылдан-жылға өсіп келеді. 2015 жылға арналған операциялық жоспарда ол негізінен 100 бірлікті құрауы тиіс. 2014 жылы жоспар 6 есеге асыра орындалып, 60 білім бағдарламасы аккредиттелген еді. Тағы бір жаңалығымыз бар, 2015 жылдан бастап қосымша екі мақсатты индикатор көрініс табатын болады. Магистратура мен докторантураға түсіп, оны бітіргеннен кейін университеттер мен ғылыми ұйымдарда қызмет еткен түлектеріміздің үлесін 10%-ға жеткізсек дейміз.

2015 жылдан бастап келесі мақсатты индикаторлар қатарында халықаралық ғылыми мәліметтер базасына кіретін импакт-факторлы журналдардағы ғылыми жарияланымдар саны, заманауи жабдықталған ғылыми-зерттеу құрылымдары, халықаралық ынтымақтастық аясында орындалатын ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұ¬мыс¬тар көрініс табатын болады. Бұдан ғылыми зерттеулердің дамуында айтарлықтай алға басу бар екені байқалады. Университет болған соң оның ғылыми-педагогикалық әлеуеті – елеулі көрсеткіш.

Ғылыми әлеует биыл 71%-ға жетті. 2012 жылы бұл көрсеткіш 64,5% болатын. 2014 жылы аталған көрсеткіш 3,8 %-ға өсіп, 68,8%-ды құраған еді. Кадрлық әлеует пен басқару жүйесінің дамуына қатысты жос¬пар да сәтімен жылдан-жылға артып келеді. Инфрақұрылым мен материалдық-техникалық базаны жетілдіруде де өрлеу байқалады. Өзге қаладан келген студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үлесі, университет порталы арқылы e-learning жүйесімен қамтылған білім алушылар, оқытушылар, әкімшілік-басқару қызметкерлері үлесі де артты.

– Жаңа құрылым түрлі заңды табыс көзінен түскен қаражатты жұмсаудың тиімділігін арттыруға байланысты тың ұсыныстарға жол ашты ма?

– Бақылау кеңесінің осы та¬рап¬тағы ұсынысы әлем тәжі¬рибе¬сіне сәйкес келеді. Бұл бо-йынша оқу орны қорына құйылатын кәсіпорындар, демеушілер қаражаты әрдайым жүйелі, заңды көрініс табуы тиіс. Дегенмен, әр нәрсенің өз уақыты келуі шарт. Әзірше біздің кәсіпорындар өздері үшін мамандар дайындауға қаражатын инвестиция¬лауда аса белсенді емес. Сонымен қоса, бақылау кеңесі енгізілгеннен бері демеушілік көмек түріндегі қаражаттың бой көрсете бастағанын жақсы нышанға балаймыз.

– Кеңестің ашықтықты қамтамасыз етуі қалай?

– Таяу және алыс жылдарға арналған стратегияны жүзеге асыру жоспарларына білім үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етуге арналған мақсатты индикаторлар, тікелей нәтижелердің көрсеткіштері мен іс-шаралар енгізілгенін айта кетейік. Студенттер алатын білім қызметінің сапасын, оқу жағдайына ризашылық деңгейін, түлектердің кәсіби дайындығы сапасына жұмыс берушілердің қанағаттануын, тағы басқаны сапа мен сана сүзгісінен өткізсек, әрине, бәрі де ашық, айқын болмақ.

Тұтастай алғанда, бүгінде еліміз үшін әрі жаңалық, әрі бас¬тама саналатын бақылау кеңесі қоғамның жоғары оқу орны қызметіне қатысуын қамтамасыз етумен бірге, мемлекет пен бизнес-құрылымдардың өзара қатынас жүйесін қалыптастыруға, жетілдіруге атсалысатынына көзіміз жетіп отыр.

Автор:
Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».