Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Қыздар университеті жарты ғасырға жуық үздіксіз қызмет еткен профессорын құрметтеді


13 июня 2015, 14:25 | 1 500 просмотров



Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті 1968 жылдан бері үздіксіз қызмет істеп, бүкіл саналы ғұмырын білім мен ғылым саласына арнаған ұстаз, профессор, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, белгілі биолог-ғалым Рысбай Сәтімбековтің мерейтойына орай, «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және биоалуантүрлілік» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды.

Қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін, жауапкершілігі өте зор ұстаздық қызметке тек сәйкес дипломы бар ғана маман емес, бала тәрбиесін жанымен ұғатын, ғылымды дамытуға ниет білдірген нағыз педагог қана тұрақты қызмет атқара алады. Салтанатты ашылуында сөз алған ғылыми-педагогикалық құрам өкілдері саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған нағыз ұстаз туралы лебіздері мен құттықтауларын жеткізіп жатты.

– Елу жылға жуық ұстаздық қызмет атқарып келе жатқан, өз ісіне шынайы берілген Рысбай Сәтімбекұлы осы жылдар ішінде биология саласы бойынша мың¬даған маман дайындауға өз үлесін қосып қана қоймай, жастарға ұлттық, патриоттық, эстетикалық және адамгершілік тәрбие беруде ел сүйсінерлік сүбелі үлесін қосып, сапалы білім мен саналы тәрбие беру саласында ерен еңбегімен көпшіліктің құрметіне бөленді. Оқулықтар жазуда көп еңбек сіңірген Рысбек Сәтімбекұлы еліміздің барлық мектептері мен ЖОО-ға дайындалған биология оқулықтары авторларының бірі. Студенттер мен мұғалімдерге арналған 10-нан астам кітапты орыс тілінен қазақ тіліне аударған. Оның 800-ден астам ғылыми, ғылыми-әдістемелік мақалалары ағылшын, орыс және қазақ тілдерінде халықаралық және республикалық журнал беттерінде жарияланған. Бұл ғылыми жұ-мыстар жастарымыз, болашақ ұрпағымыз үшін баға жетпес мұра, – деді факультет басшысы Қажымұқан Кішібаев.

Сегіз қырлы, бір сырлы байырғы ұстаздың ақындық, жазушылық қасиеттері да айтылды. Бұл қырларын оқу орын ұжымы мен әріптес достары жақсы біледі. Оның жыр маржандары «Асыл сөзді ағайынға арнадым», «Халқым менің – қазынам» атты жыр жинақтарында жарық көрген. Ақынның «Наурызға ақ тілек», «Қазақстан – арайлы өлке», «Шырайлым», «Әлдилеген бір сезім», «Қыз ұзатқан халықпыз үкі тағып», тағы басқа да жырларына әндер де шығарылған.

Салтанатты шарадан кейін Рыс¬бай Сәтімбекұлы Қыздар уни¬верситетінің құрметті профес¬соры атағымен марапатталды. Өз қолымен табыс еткен ректор Динар Нөкетаева: «Бұл сіздің көп жылғы тынбай еңбек еткен ең¬бегіңіздің жемісі», деп ерек¬ше атап өтіп, мерейтойымен құт¬тықтап, кеудесіне медаль¬ді тақты. Өз кезегінде марапат иесі: «Менің жеткен жетістіктерімнің барлығы осы оқу орнымен байланысты. Мен бабаларымыздың «Бәйтерек бір жерде ғана көге¬реді», деп айтқан өсиетін ұстанамын. Бұл марапатты менің еңбе¬гіме берілген баға деп білемін», деп ағынан жарылды.

Автор:
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.