Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Той таяп қалды, ал үкімет әлі салғырт


19 июня 2015, 09:55 | 1 203 просмотра



Биылғы жылы ел тарихында ерекше орын алатын Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы бүкіл қазаққа ортақ тойға айналмақ. Қазақ хандығының 550 жылдығы еліміздің барлық өңірінде тойланады. Ал аталмыш мерейтойға арналған негізгі шаралар бас қаламыз Астана мен тарихи Тараз жерінде өтетіні әу бастан бекітіліп қойылған. Елбасы «Қазақ мемлекетінің алтын ордасы» деп бағалаған Тараз топырағында ұлы тойды өткізу облыс үшін үлкен жауапкершілік. Сондықтан, жамбылдықтар қазір елдің мерейін арттырып, рухын көтеретін дүбірлі тойдың қамына қызу кірісіп кетті.

Тараздағы той. Әзірлік қалай?

Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту үшін мемлекет қазынасынан 23 млрд. теңге бөлу жоспарланған еді. Бұл туралы Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің «Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын өткізу туралы» жарлығында көрсетілген. Тіпті, Премьер-министр бекіткен жарлықта бұл қаржыны неге және қалай жұмсау қажеттігі де есептеліп қойылған. Мәселен, 1 млрд. теңге мерейтойға арналған «Қазақ елі» атты 10 бөлімді сериал, 375 млн. теңге дәл осындай атаумен анимациялық сериал, 250 млн. теңге деректі фильм, 150 млн. теңге «Ұлы көш» фильмін түсіру үшін бөлінбек. Ал Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын баспадан шығару үшін 106,6 млн. теңге, «Тамғалы» Мемлекеттік тарихи-мәдени табиғи қорық-музей құрылысына 100 млн. теңге, «Қазақ хандығы» балеті мен «Қазақ елі», «Керей мен Жәнібек» спектакльдеріне 68 млн. теңге, Қожа Ахмет Йассауи кесенесін қалпына келтіруге 20,4 млн. теңге жұмсалуы тиіс.

Әрине, қазынадан бөлінген қаражаттың қомақты бөлігі Тараздағы тойға арналмақ. Оның себебі де түсінікті. Керей мен Жәнібек хандар Қазақ хандығының іргесін осы аумақта қалаған. Еліміз егемендік алғалы бері алғаш рет тойланғалы отырған Қазақ хандығы мерейтойының Тараз төрінде өтуі де сондықтан. «Біз бұл бастамаға өзіміз ұсыныс айттық. Өйткені біздің өлкеде осыдан сан жылдар бұрын Талас пен Шу өзені бойында Керей мен Жәнібек хан Қазақ хандығын құрғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Осылай деген біздің ұсынысымызға Елбасы баса назар аударып, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен той Таразда өтетін болды», – деген болатын Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев БАҚ өкілдеріне. Айта кетейік, тарихи мерейтойды өткізу үшін қазынадан бөлінген қаржының 13,47 миллиард теңгесі Тараздағы іс-шараларды өткізуге арналуы тиіс. Бұл Үкімет басшысының «Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын өткізу туралы» жарлығында көрсетілген еді. Жоспар бойынша, Таразда театрланған қойылым, «Мәңгілік ел» тақырыбына ақындар айтысы, «Тараз – ғасырлар куәсі» атты көрме, қазақша күрес пен өзге спорт түрлерінен халықаралық турнир сынды мәдени және спорттық шаралар өтеді. Сондай-ақ, көне Тараз археологиялық саябағы мен Тараз музейінің салтанатты ашылуы, этноқалашық құру жұмыстары бекітілген. Бұл жоспарлар 2015 жылдың ақпан айында «Нұр Отан» партиясы жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесінің кеңейтілген отырысында мәлім болған еді. «Бүгінде Мәдениет және спорт министрлігі Астана және Тараз қалаларында өткізілетін мерекелік шаралардың тұжырымдамасы мен жоспарын әкімдіктермен бірлесіп әзірлеп, құжаттар жобасы ҚР Президент Әкімшілігінің келісімімен бекітілді. Тараз қаласында бірқатар шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз», – деген болатын ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ғалым Ахмедьяров. Аталмыш басқосуда Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов 550 жылдық мерейтойға арналған облыс деңгейінде өтетін мәдени, спорттық шаралар үшін облыстық қазынадан 110 млн. теңге қаржы қарастырылғандығын айтып өткен.

Бүгінде Жамбыл облысының орталы¬ғында тойға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Еліміздің 14 облысы бірдей Таразға көмек қолын созып жатқандығын да айта кеткен жөн. Өйткені бұл мерейтой барша қазақстандықтар үшін ортақ мереке. Сол себепті, өзге облыстар көне қаланың той өтетін аумақтарын абаттандыру, жаңарту, көркейту жұмыстарын жүргізуді өз міндеттеріне алған. Қазіргі уақытта Атырау, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау, Ақтөбе, Солтүстік және Батыс Қазақстан облыстары өз міндеттерін атқаруда. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысы Тәуке хан көшесі бойындағы Оңтүстік қақпаны қайта жарақтандыруға көмектессе, жетісулықтар Жамбыл алаңын жаңартуға күш салмақ. Ал Маңғыстау облысы «Тараз» қонақ үйінің алдында гүлзар құрылысын бастап кетті. Бұл жерде гүлзармен қатар Маңғыстаудың әктасынан аппақ үлгідегі киіз үй де бой көтереді деп жоспарлануда. Облыстағы 17 басқарма және 10 аудан әкімдіктеріне Тараз қаласының 26 орталық және магистральді көшелері бекітіліп беріліпті. Аталмыш көшелер бойын абаттандыру және жөндеу жұмыстары әлдеқашан басталып та кетті. Тараз қаласының әкімдігі бюджетінен жалпы ұзындығы 46 шақырым болатын жолға және көшелерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 1 млрд. 592 млн. 918 мың теңге қаражат бөлініп отыр.

Үлкен тойдың шығыны да аз емес. Оны есеппен жұмсай білу қажет. Әйтпесе, қазынадан қарастырылған қыруар қаражат желге ұшпақ. Осыны ескерген Жамбыл облыстық мәслихаты жуырда кезектен тыс сессиясын өткізді. Онда Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуге қатысты біршама іс-шаралар мен жобаларды жүзеге асыру үшін бюджет қаржысын тағы бір нақтылап алды. Нәтижесінде, «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығының құрылысын жалғастыру үшін – 500 млн. теңге, «Ұлы Жібек жолы» этнофестивалін, «Мәңгілік ел» айтысын, «Қазақтар» спектаклін ұйымдастыру үшін – 250 млн. теңге, «Еуразия барысы» турнирін өткізу үшін – 120 млн. теңге, ақпараттық саясат жүргізу мен кітаптар басып шығару жұмыстарына 30 млн. теңге бөлу қарастырылды. Облыстық мәслихаттың басқосуында депутаттар Қазақстан тарихында саяси салмағы үлкен айтулы мерекені өз деңгейінде өткізуге қатысты өз ұсыныстарын да айтып қалды. «Қазақ хандығының 550 жылдығын өткізуге Мемлекет басшысы, Үкімет, облыс әкімдері ғана емес, бәріміз жауаптымыз. Ертең дүбірлі тойды өз деңгейінде өткізе алмасақ, сын өзімізге келеді. Сондықтан да, депутаттар да қоғамның белсенді мүшесі ретінде облыс әкімдігіне қолдау көрсеткеніміз жөн. Әкімдікке қолдау көрсету мақсатында қор немесе арнайы есепшотқа қаржы аударуымыз керек», – деп ұсыныс білдірген облыстық мәслихаттың депутаты Асаубай Майлыбаев. Асаубай Майлыбаевтың бұл пікірін сессияға қатысушылар бірден қолдаған еді.

«13 млрд. теңгенің бөлінбейтіні анық»

Мамыр айының соңына қарай ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Жамбыл өңіріне жұмыс сапарымен ат басын бұрған еді. Осы сапарында вице-премьер күзде өтетін Қазақ хандығының 550 жылдығына дайындық барысымен танысып қайтты. Мерейтой уақытына да үш айдай ғана уақыт қалды. Сол себепті, Бердібек Сапарбаев бірден жауапты тұлғалармен қолға алған істері туралы сөйлесіп, барлық жұмыстардың өз мерзімінде аяқталуы қажеттігін ескертті. Өз кезегінде Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев белгіленген нысандардағы жұмыстың 10 тамызға дейін тәмамдалатынын жеткізді. Облыс басшысының уәдесін алған вице-премьер ары қарай бұрынғы орталық базар аумағында орналасқан «Көне Тараз» мұражайы саналатын тарихи орынның ахуалына назар аударды. Аталмыш жобаны таныстырған Кәрім Көкірекбаев жобаның барлық сараптамалардан өткендігіне және межелі мерзімге дейін жоба жұмыстарының толық аяқталатынына сендірді.

«Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесі, біріншіден, Жамбыл облысы үшін үлкен көмек. Тараз қаласының ажарына ажар қосылып, көркейе түседі. Егемендік алғалы еліміз осындай талай тойды өткізді. Сонда көптеген облыстардың орталығы мен жекелеген қалалары шырайланып шыға келгені сөзсіз. Тараз осындай дүбірлі думанға бөленгелі тұр. Осындай мүмкіндікті тиімді пайдалану керек деп ойлаймын. Әрбір нысан бойынша күні-түні жұмыс жүргізсек, ұтылмаймыз. Келген қонақтар Қазақ хандығының туы тігілген қасиетті мекеннің жоғары мәдениеті мен тазалығына тамсанып кетсе бәрімізге абырой. Осы орайда асар жасауымыз керек. Қазақ халқы қиын-қыстау кездердің өзінде асарлатып, қолмен арықтар қазған. Бір ғана мысал, Түркістан қаласының 1500 жылдық тойын өткізгенде республикалық бюджеттен 68 миллион теңге алған болатынбыз. Ал 2 миллиард 300 мың теңгенің жұмысын жасадық. Соның бәрі – осы асардың арқасында. Түркістан қаласы тойға дейін қандай еді, тойдан кейін қалай ажарланды? Міне, сондықтан да Тараз қаласының түрленуі үшін асар жасау керек», – деді Бердібек Машбекұлы. Вице-премьердің «асарлату керек» дегені де тегін айтылған ой емес. Тойға бар-жоғы үш ай уақыт қалса да, жоспарланған шараларды жүзеге асыру үшін мемлекет қазынасынан бөлінген қаражат Жамбыл облысына әлі де жетпеген. «Қазақ хандығы» монументін жүзеге асыруға қажетті қаржы, «Көне Тараз» мұражайына бөлінген 392 млн. 307 мың теңге, Этномәдени орталық құрылысына жұмсалатын 1 млрд. 259 млн. теңге де әлі аударылмады. Қазақ хандығының 550 жылдығына арнайы шығарылған кітаптар тұсаукесері үшін 10 млн. теңге, республикалық ақындар айтысын ұйымдастыруға 31 млн. теңге, республикалық терме конкурсын өткізуге 20 млн. теңге де кешігуде. Кәрім Көкірекбаевтың Астанадан қаржы күтіп жүргенін естіген Бердібек Машбекұлы «бұлай қол қусырып қарап отыруға болмайтындығын» айтып, облыс басшысын кінәлады. Алайда 550 жылдыққа жұмсалатын қаражаттың барлығын Жамбыл облысының қазынасы көтере алмайтыны аян. Ал тойдың жоспарын бекітіп, қаржы бөлуге уәде еткен Үкімет неге сөзінде тұрмады? Тіпті, Үкімет басшысы осы тойдың қаржылық мәселелерін қамтыған арнайы жарлық та шығарды емес пе? Ендеше, кілтипан неде? Көкірекбаев облыстың бюджеті көтере алмайтын қаржыны кімнен жинауы қажет? Тіпті, облыс басшысы алдағы уақытта арнайы қор ашып, қажетті қаражатты жинады делік. Небары үш айдың ішінде белгіленген қыруар шараны аяқтау облыс атқамінерлерінің қолынан келер ме екен? Сауалдарымызға жауап алу үшін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуовпен байланыс орнатқан едік. Біз хабарласқанда әкімнің орынбасары іссапарда жүргендіктен, бізге нақты сандарды айтып бере алмайтындығын ескертті. «Республика қазынасынан Жамбыл облысындағы 550 жылдық мерейтойға 3 млрд. теңгедей бөлінуі мүмкін. Бұл арнайы қаулы бекітілген соң ғана белгілі болады. Біз әзірге республикалық бюджеттен қаржы алғанымыз жоқ. Өзіміз шамамыздың жеткенінше облыстық бюджеттен қаржы бөліп, жұмыстарды бастап кеттік. Астанадан келетін қаржыны күтіп отыра алмаймыз. Өйткені бізде уақыт тығыз. Қазір мұражай мен этномәдени орталықтың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал республика қазынасынан бөлінген қаржы қолымызға тисе, ары қарай жұмыстарымызды жалғастыра береміз. Барлық жұмыстарды өз уақытында бітіруге барымызды салудамыз», – деді Ерқанат Манжуов мырза. Сонда біз жоғарыда атап өткен Жамбыл облысына бөлінуі тиіс 13 млрд. теңге қайда кетті? Әрине, алғашқы көрсетілген сома қаулы қайта қаралған сайын қысқарып отырған. Ал Ерқанат Манжуов мырза «мұндай қаражаттың Жамбылдағы тойға бөлінбейтіні анық» деп кесіп айтты.

Елімізде ірі масштабта қандай да бір шара өтсе, бір шикіліктің байқалуы заңдылыққа айналған. Ал Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойында аяқсыз қалатын жобалар болса, оның себебін қайдан іздейміз? Үкіметтің дер уақытында қаржы бөлмеуінен көреміз бе, әлде Жамбылға жол тартуы тиіс қаржының қысқарып қалуынан ба? Бұл – маңызды мәселе емес. Барлығы да жауапсыздық үшін жазалайтын жанды табады. Бастысы, қазақ тарихындағы ерек оқиғаны ел есінде қалардай өткізу. Ол Жамбыл облысы басшылығының қолынан келетініне сенім артайық. Себебі Жамбылда мұндай ауқымды шара алғаш рет өткізілгелі тұрған жоқ. Естеріңізде болса, 2002 жылы Тараз қалсының 2000 жылдық мерейтойы үлкен деңгейде атап өтілген. Дүниежүзілік құзырлы ұйым ЮНЕСКО Тараздың 2000 жылдығын тойлау туралы қаулы шығарысымен, ел Үкіметі де, облыс басшылығы да қызу дайындық жүргізді. Бұл мерекені тойлауға сол жылы республика бюджетінен 1,5 млрд. теңге қарастырылып, қаржы қаладағы жолдарды тегістеуге, көшелерде электр жарығын жағуға, бітпеген тұрғын үйлердің құрылысын аяқтауға, Жастар сарайын салуға, Орталық стадионды, «Дельфин» жүзу бассейнін, «Баласағұн» концерт залын, облыстық драма театр ғимаратын қазіргі заманғы технологияға сай қайта күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге және өзге де мәдени-спорттық шараларды ұйымдастыруға жұмсалды. Тараз қаласында дүркіреп өткен көне шаһардың 2000 жылдық мерейтойы бүгінге дейін көптің жадында. 2002 жылы қыркүйек айының 25-26 жұлдызында мәдениет, әдебиет, спорт, саясат саласындағы танымал тұлғалардың барлығы қала төрінде бас қосты. Дәл осы мерекеде Тараздағы Тектұрмас әулие кесенесі ашылды. Қазір бұл кесене жамбылдықтардың тәу ететін қасиетті орнына айналған. Қасиетті Тараз қаласының мерейтойына бөлінген қаражаттың барлығы да өз жолымен жұмсалып, ешқандай шикіліктер көзге көріне қоймады. Ол кезде Жамбыл облысының тізгіні қазіргі Мәжіліс депутаты Серік Үмбетовтің қолында болатын.

Тараз топырағында дүркіреп өткен тағы бір той бар. Ол – Төле бидің 350 жылдық мерейтойы. Бұл мереке 2013 жылдың 24-26 қазан аралығында өтті. Талай саңлақтың басын Таразда тоғыстырған атаулы мереке де өз биігіне сай тойланды. Ұлы жүздің бас биін ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған шара барысында Тараз төрінде Төле бидің ескерткіші ашылды. Биіктігі 11 метр болатын ұлы тұлға ескерткішінің ашылуы көптің көңілінен шықты. Төле бидің мерейтойына арналған мәдени, ғылыми және спорттық шаралар ұйымдастырылды.

Жалпы, елімізде той өткізуден аянған кезіміз болған емес. Тәуелсіздіктің ақ таңы атқалы бері елімізде талай мерейтойлар тойланды: облыстық, мемлекеттік, халықаралық деңгейде. Жоғарыда аталған Тараз қаласының 2000 жылдығы, Түркістан қалсының 1500 жылдығы, Астана қалсының туған күні, билеріміз бен хандарымыздың, ақындарымыз бен өнерпаздарымыздың мерейтойларын ешқашан ұмыт қалдырған емеспіз. Бірі көңілден шықты, бірінің шикі тұстары көп дедік, енді бірі бос қаржы шығындау болды.

Ендігі ауқымы кең мерейтой – Қазақ хандығының 550 жылдығы болып тұр. Ал бұл тойды абыроймен атқару Жамбыл облысы атқамінерлерінің ұйымдастыруына байланысты. Тойдың болғанынан боладысы қызық. Қазір Кәрім Көкірекбаев тойдың қамымен жүр. Дегенмен, бұл тойдың шығынын өтейтін Үкіметтің бейқамдығы көпті алаңдатып отыр.

Автор:
Әсел ӘНУАРБЕК. «Түркістан».