Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Білім шыңы


25 июня 2015, 13:08 | 2 243 просмотра



Халықтың кемеліне келіп, өркендеп өсуі

үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет.

Ш Уәлиханов

Әрбір азаматтың арманы, мақсаты – халқының өсуі, кемелденуі, гүлденуі. Ал, ол үшін ғұлама ғалым Шоқан Уәлихановтың сөзімен айтқанда, басты екі нәрсе қажет. Ол-азаттық және білім. Азаттыққа қол жеткіздік, дербес мемлекет атандық. Тәуелсіз еліміздің болашағының баянды, мағыналы болуы үшін білім керек. Білім болғанда да қандай білім керек? Менің ойымша, құндылығы жоғары, сапалы, ұлттық білім керек. Ал, білім дегеніміз не? Оны қалай алуға болады? Білімді болу қаншалықты қажет ? Осы сұрақтар мені жиі мазалайды...

Мен білімді бір алып күшке теңеймін. Өйткені, білімдінің алмайтын қамалы, аспайтын асуы жоқ секілді.Оның аясы, көкжиегі кең. Білім-қоғамды тұрақтандыратын, рухани мұраны сақтайтын, ұрпақты ұрпаққа сабақтастыратын құрал. Білім-ертеңгі келер күннің бүгінгіден гөрі нұрлырақ болуына ықпал етіп, адамзат, қоғамды алға апаратын құдіретті күш. Осы зор, алып күшке қалай ие болуға болады? Яғни, білімді қалай аламыз? Қазақта «Ырыс жұғысады, білім ауысады» деген даналық сөз бар. Ал, «Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болады, құлша тәрбиелесең, құл болады»,-деген Ахметтің аталы сөзін еске алсақ, мынадай қорытынды шығаруға болады деп есептеймін: қандай білім болса да зор махаббатпен беріліп, құлшыныспен қабылдануы қажет. Білім мен тәрбиеегіз ұғым болғандықтан, осы екі ұғымның тізгіні қатар ұсталып, «баланы жастан» дегендей, білім мен тәрбиенің негізі нәресте дүниеге шыр етіп келгеннен, тіпті, ол құрсақта жатқан кезден бастап дұрыс жүйемен қабырғасы қалануы керек.

Білім бастауы дәл қашан басталды деген сұраққа жауап беру мүмкін емес сияқты. Себебі, білім сонау ерте замандарда болған, қазір де бар, келешекте де болмақ. Демек, өткен мен бүгінгіні сабақтастырып, үздіксіз дамиды. «Білімді» деп кімдерді ерекше атауға болады? Ең бірінші-Аристотель, сонан соң Әль-Фараби, Цицерон, Платон, Демосфен, Ахмет,Ыбырай,Абай ,Мұхтар сияқты даналарымыз ауызға түседі. Білімдінің ғана күні жарық болады, себебі, білім-шамшырақ.

Білімнің алғашқы кірпіші қаланғаннан бері, ол үздікіз дамып, жаңарып, жүйесі өзгеріп отыруда. Білім қызметкерлерінің І құрылтайында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Бүгінгі күні де, болашақта да адамға нақты бір салада білім керек, ол құнды болуы керек»,-деді.

Маған ең алдымен қандай білім қажет? Әрине, ұлттық білім. Мұхтар Әуезов: «Ел болам десең, бесігіңді түзе»- деген, сондықтан да, ұлттық білім-әр адамның бойына әке қанымен, ана сүтімен берілуі тиіс. Әрбір жүрек: «Отаным, тілім, дінім, халқым, елім, жерім» деп соқса, сонда ғана ел көгеріп, болашақ-жарқын, халық-тәуелсіз болмақ. Күллі дамуымыздың аясы- білімге байланысты. Білім-әрбір жас ұрпаққа жүйелі түрде берілсе, нәтижесі сапалы болады.

Мен елімді келешекте биіктен көргім келеді, жұлдызы жарық болып, шоқтығы биік болса екен деймін. Сонымен, білім не үшін қажет болды? Ұрыста мылтық қандай роль атқаратынын білетін боларсыздар. Ұрыста мылтық қандай керек болса, өмірде білім соншалықты керек. Ал, Л.Н.Толстой: «Білім-мақсат емес,қару»-деген.Мылтықсыз ұрыс болады ма? Мылтықсыз болу деген сөз- өз еркіңмен жауға берілу деген сөз емес пе? Жауға берілмей, дербес болғанға не жетсін?! Қазіргі кезде білім алуға, оқуға барлық жағдай жасалынуда. Осы зор мүмкіндікті қалт жібермей, пайдалану керек. Білім не үшін керек? Жарқын, бақытты өмір сүру үшін, Арал мен Семейді құтқару үшін, тұзды даланы, ащы суды зерттеуге,СПИД-пен, түрлі аурулармен күресуге, оларды емдеуге білім қажет. Зәулім сарайларды соғуға, көліктерді шығаруға, жаңа технологияларды ойлап табуға білім қажет. Білім тілді, өнерді, салт-дәстүрді өркендете беру үшін, ғаламдағы озық мемлекеттермен терезені теңестіруге, ғарышты меңгеруге, адамзаттың игілігіне қызмет етуге қажет.

Қазақтың барша баласы,

Аузында болса «Алласы»

Зауыт, фабрика көп салып,

Жұмыста болса жан басы.

Мұнайдан болса олжасы

Білімді жастар көп болып,

Сақтаса қазақ жалғасын,- дегендей білімді,жан-жақты, толыққанды мәдениеттілікке жету үшін, жарқын болашағым үшін алғым келеді. Білім берудегі басты мақсат та осында емес пе?

Мен өз замандастарымды білім мен өнерді талмас қанат етіп, қажымай еңбек етуге, жоғары білім алуға шақырамын. Өйткені, адамның басты құны да, еліміздің ХХІ ғасырдағы бет-бейнесі де, бәрі-бәрі тек қана біліммен өлшенбек. Сөзімнің соңын Б.Майлиннің нақыл сөзімен қорытындыласам: «Қанат жай, талпын алға, замандастар,

Оқы, тырыс, білім ал, барлық жастар!»

Автор:
Жаканбаева Гаухар, Талдықорған қаласы, М.Ломоносов атындағы №5 орта мектеп-лицейінің түлегі