21 августа 2015, 18:04 | 1 371 просмотр
39 «Алтын белгі» иегері грантқа ілікпей қалды. «Алтын белгі» иегерлерінің ілінбеуінің басты себебі – беделді мамандықтарға құжат тапсырғаны болса керек.
Беделді мамандықтар дегеніміз қандай? ҰБТ-дан жоғары балл жинаған түлектердің басым көпшілігі – халықаралық қатынастар, шығыстану, шет тілі филологиясы, заң факультеттері, кеден ісі және экономикалық мамандықтар мен медицинаны таңдайтыны рас. Бұл мамандықтар түлектер үшін ең беделді мамандық болып саналады. Ал Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, бұл мамандықтарға бөлінетін грант саны шектеулі екен.
Осының салдарынан 39 «Алтын белгі» иегерлері ғана емес, халықаралық олим¬пиа-далардың жүлдегерлері де, ха¬лықаралық ғылыми жарыстардың жеңім¬паздары, әртүрлі шығармашылық және спорттық бәсекелердің жүлдегерлері де грантқа іліге алмады.
ҰБТ-да шу болған мәселенің бірі – халықаралық сайыстардан жеңімпаз атан¬ған түлектердің жайы. Мәселен, Грузияда өткен математика пәні бойынша сынға түсіп, елге олжалы оралған Жұлдыз Оспан мен Арай Нұржанова есімді бойжеткен грантсыз қалыпты. Қолдарында «125 балл» деген сертификаты болса да, тегін білім алуға ілікпеген. Жұлдыз Оспан пен Арай Нұржановадан бөлек, бірнеше түлек жо¬ғары оқу орнына түсе алмады. Қолдарында жоғары балл жазылған сертификаты болса да, гранттан құр қалып отырған балалардың жайына алаңдаған ата-ана табанынан тозып, министрлікті жағалап жүр.
Министрліктің талапкерлердің көбі бедел¬ді мамандықтарды көбірек таңдайды деп шырылдауының да жөні бар. Басым көпшілік – заң қызметкері мен қаржылық мамандықты таңдағысы келетіні рас. Әрі ол мамандықты меңгерсе, жоғары жалақы аламын деген стереотип қалыптасқан.
Қазір жұмыссыз заңгерлер мен екі қо¬лын қалтасына салған экономистер жетіп артылады. Жыл сайын мыңдаған бала заң¬гер¬лік пен экономист мамандығын бітіріп шығады. Олардың бәріне бірдей жұмыс табыла бермейтіні ақиқат. Есесіне, техни¬калық мамандықтарға талапкерлер көп бара бермейді. Сондықтан еліміз техникалық мамандарға аса зәру. 125 балл жинаған талантты, білімді талапкерлердің таңдауы – беделді мамандықтарға түседі де, төмен баллмен оқуға түсетіндердің көбі – техника¬лық мамандықтарға барады.
Бұл кімнің қателігі? Қоғамның ба, ата-ананың ба? Заңгер болғысы келмейтін бала¬ны мәжбүрлеп, заңгер жасағымыз келеді. Экономиканы жаны қаламайтын талапкер экономика факультетінде білім алады. Көбіне ата-ана баланың қалауын орындай бермейтін секілді. Екіншіден, «Алтын бел¬гіні» немесе олимпиада жүлдесін жеңіп ал¬ған-дар грантты оңай аламын деп ойлайтын. «Мемлекет экономикамызды көтеруге қа¬жетті мамандықтарды тегін оқытуға мүм¬кіндік жасауы тиіс» дейді мамандар.
Соңғы кездері техникалық мамандық¬тарға, ауыл шаруашылығына, ветеринария мен педагогика мамандарына грантты көп бөлудің де себебі осы. Өкінішке қарай, бұл сала¬лар мамандарға зәру болғанымен, бала¬лардың оған баруға ынтасы байқалмайды. Олар үшін заңгерлікті, экономиканы, ха¬лық¬аралық қатынастарды таңдау жеңілірек болып тұр. Мұндай мамандықтарды бітірген жүздеген маман жұмысқа тұру үшін жылдап кезекте тұрғанын ұмытып кете береміз.
Ендігі мәселе – халықаралық сайыстар¬дың жүлдегерлеріне байланысты. Жыл са¬йын мыңдаған бала халықаралық сайыстарға қатысып, жүлдегер атанып келеді. Білімі мен білігін халықаралық сайыста сынағаны да дұрыс шығар. Ол еліміз үшін де зор мәр¬тебе. Алайда халықаралық сыннан сүрінбей өткен бала ҰБТ-дан өтуге неге қорқады? Білімді азаматқа ҰБТ сын болмауы тиіс емес пе?
Мұрат Әбенов өзінің фейсбуктегі парақ¬ша¬сында: «Халықаралық олимпиада жүлде-герлеріне қатысты жеңілдіктен бас тартуы¬мыз керек. Олар олимпиадаларға қатысып, ҰБТ-сыз алынған жоғары балымен тең бәсе¬келестік тудырмайды. Грант бөлінуіне қатысты ескірген жүйені өзгертуіміз керек. Мәселен, осыдан бес жыл бұрын олимпиада¬ға қатысушылар мен жеңімпаздардың саны – 200 ғана болатын. Ал тура екі жыл бұрын олардың саны – мыңға жетті. Қазір қанша екенін білмеймін. Егер бала ақылды болса, ол тесттен сүрінбей өзі-ақ өте алады. Егер білімі сәйкес келмейтін болса, онда бізге білімсіз дәрігер неге керек? Терапевтің 10 сыныпта Рязаньдағы халықаралық байқау жобасына қатысқан команданың құрамында болғанынан емделуші ауруынан айығып кетпейді. Көптеген ата-аналар 10 сыныптан бастап, өз балаларын түрлі байқауларға әзірлей бастайды. Жай отбасының баласы талантты бола тұра, билет сатып алуға шамасы жетпейді. Бұл таланттардың жолын кеседі деген сөз. Сондықтан жоғары оқу орын¬ға жеңімпаздарға грант берудің жоба¬сын қайта қарауымыз керек» деп жазады.
Осы жерде тағы бір мәселе туындайды: халықаралық олимпиадалардың барлығы бірдей мемлекеттік грант алуға мүмкіндік бере ме? Білуімізше, министрлік бекіткен арнайы халықаралық байқаулар бар. Ол байқаулар қандай және оған кімдердің баруға мүмкіндігі бар? Біз осыны ескере бермейтін секілдіміз.
Әлеуметтік желілерде жеңімпаздардың грантсыз қалуына ата-ананың да кінәсі бар деген әңгімелер айтылды. Бұл – ата-ананың ғана кінәсі емес. Мұғалімнің де салғырт¬ты¬ғынан туындап отыр. Министрлік бекіткен жобаларға ғана грант бөлінетінін ескертуі тиіс еді. Бұл – бір. Екіншіден, министрлік халықаралық олимпиадаларға қатысты заңнамаға өзгертулер енгізгені абзал. Егер министрліктің шарты бойынша, жүлдегер¬лерге тегін грант берілуі тиіс болса, сол заңна¬маны орындауы тиіс. Сонда бүгінгідей ҰБТ-ға қатысты дау-дамай тумас еді. Жыл басталған сәттен-ақ мектептерде түсіндіру жұмыстары жүргізілгенде, жанжалдың алдын алар едік.
Үшіншіден, құрылыс мамандарының, химиялық өнеркәсіп, энергетика,транспорт саласына қатысты мамандықтарға гранттар жиі бөлінуде. Бұл да дұрыс. Еліміз бұл салаларға қажетті мамандарға тіптен зәру. Сол зәрулікті жоюдың жолы – тегін білім беру.Өкініштісі, ата-аналардың көпшілігі баласының өнеркәсіпте, транспорт сала¬сын¬да қызмет атқарғанын қаламайды. Бар кемшілік – осында.
Еліміз бойынша, мемлекеттік білім грантына ие болғандардың тізімі 11 тамызда шыққан еді. Биыл бюджеттің есебінен 32 мыңнан астам талапкер тегін оқи алады. Ал гранттың басым бөлігі, яғни 78 пайызы қа¬зақ¬тілді түлектерге бұйырған. 32 мың грант¬¬¬тың он екі мыңы техникалық, алты мыңы педаго¬гикалық, екі жарым мыңы ауыл¬ша¬руа¬шылығы мамандықтарына арналған.
Қарап отырсаңыз, техникалық маман¬дықтарға бөлінген гранттар саны екі есе жоғары. Демек, «Алтын белгі» иегерлерінің де осы мамандыққа түсуіне мүмкіндігі мол еді. Алайда олардың таңдауы басқа болды. Мемлекет білімді азаматтарды далада қалдырмайтыны белгілі. Осыған орай, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов ұлттық университеттердің ректорларына және өзге де аймақтағы жоғары оқу орын¬дарының басшыларына дарынды балаларды, яғни «Алтын белгі» иегерлерін, олимпиада жеңімпаздарын ректорлық гранттарға қабылдауға мүмкіндік жасау қажеттігін айтып, арнайы тапсырма беріпті. Өйткені жыл сайын ректорлар талапты балаларға арнап, арнайы гранттар бөледі. Министрдің айтуынша, грантсыз қалған «Алтын белгі» иегерлерінің тегін оқуға әлі де мүмкіндігі бар. Ол үшін оларға құжат тапсырған жоға¬ры оқу орындарының қабылдау комис¬сия¬сына барғаны дұрыс. «Ең алдымен ректорлар ерекше дарынды балаларға қолдау көрсетеді» дейді министр.
Ендігі үміт – ректорларда. «Арбаны да сындырмау, өгізді де өлтірмеу» – ректорлар¬дың қолында.