21 августа 2015, 18:08 | 1 689 просмотров
Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова 2015-2016 жаңа оқу жылының қарсаңында еліміздің білім беру жүйесінің қызметкерлері ауыл мұғалімдерімен, жаңашыл педагогтармен, педагогикалық және ғылыми мекемелер жетекшілерімен кездесті деп хабарлайды Қазақпарат.
«Құрметті ұстаздар, педагогтар жаңа оқу жылының алдында сіздермен кездесіп, білім саласындағы барлық өзекті мәселелерді сөз етіп, пікір алмасамыз деп ойлаймын. Өздеріңізде білесіздер, қазір елімізде үлкен реформалар жүзеге асырылуда. Бес институттық реформа, соған байланысты «100 қадам» ұлт жоспары белгіленді. Елбасы 30 дамыған елдің қатарына қосылу талабын қойып отыр. Әрине, осының бәрі білімге байланысты», - деп атап өтті кездесуді ашқан Г.Әбдіқалықова.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы ұсынған 5 институттық реформа аясындағы, сонымен бірге педагогтардың мәртебесін көтеру, ауыл мектептерінің, техникалық білім беру мекемелерінің, ғылыми және педагогикалық ұйымдардың жұмыстарына байланысты өзекті мәселелер талқыланды. Талқылау нәтижесі бойынша Мемлекеттік хатшы құзырлы мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.
Сонымен қатар Мемлекетті хатшы «100 қадам» ұлт жоспарының аясындағы білім жүйесін жаңғыртудың осы кезеңінің басты айырмашылығы - Экономикалық ынтыматастық және даму ұйымы елдерінің стандарттары негізінде адами капиталдың сапасын көтеруге маңыз беру екенін атап өтті.
СҚО Айыртау аудандық Имантау орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Досжан Нұрсейітов ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықоваға қазақ тілін жеделдетіп оқыту әдістемесін таныстырды. «Мен бүгін өз жобамды таныстыруға келіп отырмын. Ол қазақ тілін жеделтетіп оқыту деп аталады. Бұл ресейлік ғалым Д.Петровтың әдістемесінің және ағылшын тілін үйрету әдістемелерінің қазақ тіліне икемделген, ықшамдалған көшірмесі. Оны қазіргі техникалық құралдардың көмегімен ғаламторға жариялау арқылы қазақ тілін үйренемін деген қазақстандықтар мен шетелдік азаматтардың назарына ұсындық. Қазіргі уақытта сұранысы жоғары болып тұр», - деді ол кездесу алдында БАҚ өкілдеріне.
Сондай-ақ, мемлекеттік хатшысымен кездесудің алдында БАҚ өкілдеріне Білім және ғылым министріне негзігі мәселелер бойынша тоқталып айтып өтті. Жаңа оқу жылына дейін барлық мектеп оқулықпен қамтамасыз етіледі. Биыл 157 жаңа мектеп оқушыларды қабылдайды
«Оқулықпен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталар болса, біз қаңтар айынан бастап өңірлермен бірлесе отырып, нақты кесте, жоспар құрдық. Барлық облыстар жұмыстар жүргізілуде. Қазірдің өзінде өңірлердің басым бөлігі 100 пайыз ағымдағы жылы ауыстырылатын 4 сынып оқулықтарымен қамтамасыз етілді», - деді министр.
А.Сәрінжіповтің айтуынша, мектептерді оқулықтармен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 13 млрд. теңге қаржы бөлініп, игерілген.
«Қазіргі уақытта мектептерге оқулық жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Кітап жеткізілмеген 1-2 аудан ғана қалды. Біз бұл мәселені бақылауда ұстап отырмыз. 28 тамызға дейін шалғайдағы аудандардың барлығына да оқулықтар жеткізіледі», - деді ол.
Биыл 157 жаңа мектеп оқушыларды қабылдайды.
«Қазіргі таңда білім министрлігі өңірлермен бірігіп, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын атқаруда. Биыл біз 157 жаңа мектепті ашатын боламыз. Үш ауысымды және апатты мектептерді айтар болсақ, олар да өз шешімдерін тауып жатыр».
Министрдің алға тартқан деректеріне қарағанда, бүгінгі күні үш ауысыммен сабақ беретін мектептердің саны 20 пайызға төмендеген. Дегенмен, әлі де болса елімізде мұндай 80 мектеп бар. «Ал, апатты жағдайдағы мектептер саны 2 есеге азайды. Яғни, былтыр 130 мектеп болса, қазір апатты жағдайдағы 66 мектеп қана қалды. Бұл мәселелерді біз 2017 жылдың аяғына дейін толығымен шешетін боламыз»,- деді А.Сәрінжіпов.
«Алтын белгі» иегерлеріне келетін болсақ, барлық «Алтын белгі» иегерлері жаңа оқу жылында грантқа ие болады.
«Барлық жоғары оқу орындары оқу жылын бастауға дайын. 25 тамызға дейін құжат қабылдау жүргізіледі. Ағымдағы жылы 30 мыңнан астам грант бөлінді, конкурстар өтті және 25 тамызда бұйрыққа қол қойылады. Биыл бізде ҰБТ нәтижесі еліміз бойынша өткен жылға қарағанда жоғары болды. Шекті балл деңгейін еңсерген балалардың қатары да артып отыр. Бізде 2 мыңнан астам «Алтын белгі» иегері грант алды. Мемлекеттік тапсырыс аз орналастырылған мамандықтарды таңдап, мемлекеттік грантқа іліге алмаған «Алтын белгі» иегерлерінің барлығы да грантпен қамтамасыз етіледі немесе кәсіпорындардың демеушілік көмегімен оқуға қабылданады. Сондықтан оқу жылы басында барлық «Алтын белгі» иегерлері грант алатын болады», - деді А.Сәрінжіпов. Айта кетейік, биыл 39 «Алтын белгі» иегері мемлекеттік грантқа ілікпей қалған болатын.