28 августа 2015, 10:28 | 5 183 просмотра
Тамыз кеңесі – ұстаздар арасында көп жылдан бері дәстүр болып қалыптасқан алқалы жиын ғана емес. Бұл –білімінің заман талабына сай даму бағыттарын айқындайтын, ұлт ұрпағын тәрбиелейтін тұлғалардың пікір алмасып, ой бөлісетін ортасы. Сондықтан да мұндай басқосулар әлде¬қашан бала мен мектеп, ұстаз бен ата-ана қарым-қатынасының сыртындағы үлкен қоғамдық, мемлекеттік мәселелер қозғалатын қордалы алаңға айналған. Биылғы жылы еліміздің әр аймағында өткен Тамыз кеңестері тек өткен оқу жылын қорытындылап қана қоймай, білім саласының алыс-жақын болашағынан хабар беріп, тың ой, ұстаздардың жаңа көзқарастармен бөлі¬сетін дәстүрмен өтті.
Бүгінгі мақсат үйдегі баланы өз дәуірінің үрдісінен қалмай, ата-анасының шынайы қол қанаты, туған елінің тарлан азаматы, әлемнің асыл азаматы қылып өсіру. Осы мақсатта Қазақстан ұстаздары басқосқан әр аймақтағы Тамыз кеңестеріне тоқталып, қорытындылап өтсек.
Астана -
Елорда мұғалімдерінің кеңесі 20-тамыз күні Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековтың төрағалығымен өтті. Астаналық ұстазадар жиналысына Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, ҚР Парламенті және қалалық мәслихаттың депутаттары, ҚР БҒМ өкілдері, басшылар мен оқытушылар, педагогикалық еңбек ардагерлері қатысты.
ҚР Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов өз сөзінде қазақстандық мектептердегі алдағы реформалар туралы айтты. Министрлік мектептегі білім беруді түбегейлі жаңарту бойынша жұмыстарды жалғастыруда және 30 пилоттық мектепте білім беру мазмұнын жаңарту үшін Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін таратуды бастайды. «Біз «жай білетін адамнан» – «шығармашылықпен ойлауға, өзін-өзі дамытуға қабілетті адамға» айналамыз. Білім мазмұнын жаңарту - бағдарламалардың құрылымы мен мазмұнын шолу, оқыту әдістерін қайта қарау. «Оқытушыға ойлау инерциясын жеңу керек болады, өзіне де оқушымен бірге оқу, оқушының қабылдауын өзгерту, авторитарлық оқытудан ынтымақтастыққа оқытуға көшу керек болады, - деді министр.
Біртіндеп 6-7 жасқа дейінгі балалардың мектепке дейінгі дайындығы бастауыш білім деңгейіне қосылады, және 12 - жылдық білім берудің құрылымы «1+11» схемасымен ашылады. Бұл жылы «Дүние тану» пәнінің - жалпы-гуманитарлық ғылымдардың кіріспе курсының мазмұны өзгертілді; жаңа пән «Жаратылыстану» (1-4 сыныпқа) енгізілді; 3-ші сыныптан бастап «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» оқу пәні енгізіледі. Қазақ тілінде оқытпайтын мектептерде қазақ тілін, орыс тілінде оқытпайтын мектептерде орыс тілін, ағылшын тілін деңгейлік оқыту 1-ші сыныптан басталады. Оқу үрдісін технологияландыру үшін ұзақ мерзімді, орта және қысқа мерзімді жоспарлар үлгісі жасалынған, күнтізбелік-тақырыптық жоспарлаудан құтқаратындықтан, бұл оқытушылардың жүктемесін күрт азайтуға мүмкіндік береді. Пилоттық мектептердің бірінші сыныптары бес күн оқитын болады.
Негізгі орта білім стандартының ерекшелігі базалық білімді аяқтауға бағытталған. Оқу үрдісіне зерттеу дағдысы негізін салатын және 7-ші сыныптарда «Биология», «Физика», «Химия» және «Географияны» бір уақытта оқытуға кіріспе курсы болып табылатын - «Ғылымға енгізу» (5-6 сыныптар) жаңа пәні қосылған. 5-ші сыныптан бастап «Қазақстан тарихы» мен «Дүниежүзі тарихын» қатарлас оқыту басталады. «Алгебра» мен «Геометрияны» қосатын «Математиканың» біріктірілген пәні енгізіледі. Апробация шеңберінде дене шынықтыру бойынша нормативтер жойылған.
Жоғарғы сыныптарда міндетті пәндердің тізімін қысқарту және оқушыға дисциплина таңдау құқығын жоғарғы көлемде ұсыну жоспарлануда. Жалпы-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттағы әр түрлі мектептер үшін тереңдетілген деңгейдегі 3 міндетті пән және стандарттық деңгейдегі 4 міндетті пән енгізілетін болады. «Ғаламдық келешек және жобалық жұмыс» - жаңа дисциплинасы пайда болады. Үш тілде оқыту моделі енгізілетін болады. «Қазақ әдебиеті», «Орыс әдебиеті», «Қазақстан тарихы» және «География» пәндері қазақ тілінде оқытылатын болады. «Дүниежүзі тарихы» оқытылатын тіліне қарамастан барлық мектептерде орыс тілінде оқытылатын болады, «Информатика», «Физика», «Химия» және «Биология» - ағылшын тілінде. 2015-2016 оқу жылдарында «Мәңгілік ел» құндылықтарын оқыту басталады. Сонымен қатар баллдық жүйемен есептелетін «жетті» және «ұмтылу» атты - екі бағдарды қамтитын критериалдық бағалау жүйесін әзірледі. 10-11 сынып оқушыларына мектептер арасындағы бәсекелестікті іске асыру үшін Қарағанды және Түркістан қалаларында 63 пилоттық мектептер жан басына қаржыландыруды қабылдауды жалғастырып жатыр. Білім мазмұнын жаңарту ЖОО мен колледждерде де ұстаздарды дайындау бағдарламасында жоспарланған.
2016-2017 оқу жылдарында республиканың барлық бірінші сыныптары жаңартылған мазмұнға көшеді. Апробация екінші сыныптан жалғасып бесіншіден басталады. 2017-2018 оқу жылында жаңартылған мазмұнға екінші сыныптар жаппай көшеді, қайта құру үшінші және алтыншы сыныптарда жалғасады, және осы іске 10-сыныптар да енеді.
Жиын соңында министр Аслан Сәрінжіпов танымал педагогтарды «ҚР білім саласының құрметті қызметкері», және «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгілерімен марапаттады, қатысушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап жемісті жұмыс, шығармашылық табыс және игілікті оқушылар болуын тіледі.
Алматы -300 мыңнан астам оқушы білім алып келеді
Оңтүстік астана –Алмадығы Тамыз кеңесі сенбі күніне түсті. 21-тамызда Алматы қаласының ұстаздары басқосты. Аталған жиыні жұмысына ҚР премьер- министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Алматы əкімі Бауыржан Байбек, ҚР Білім жəне ғылым министрінің орынбасары Есенғазы Иманғалиев, білім беру саласының қызметкерлері қатысты.
Қалалық Білім беру басқармасының басшысы Рахат Шимашеваның айтуынша Алматыда 765 білім беру ұйымы бар. Онда 300 мыңнан астам оқушы білім алып келеді.Сондай-ақ, Басқарма басшысы қаладағы мектепке дейінгі білім беру жүйесінің кеңейіп келе жатқандығын жеткізді.
«2020 жылға дейін балабақшаларда 15 мың қосымша орын ашуымыз керек. Қазіргі таңда 1-6 жасқа дейінгі балаларды қамту көрсеткіші 50%-ға жетіп отыр. Оған көші-қон процесінің оң сальдосы əсер етіп отыр. Қазіргі таңда балабақшаға 38 мың бала кезекте тұр. Орта білім беру саласында 244 ұйым бар. Онда 200 мыңнан аса адам білім алып келеді», -деді Р.Шимашева.
Алматы əкімі қаладағы білім беру жүйесін дамытуда оң үрдістер байқалғанын атап өтті.
«Биыл Алматыда білім беру жүйесіне 54, 5 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 11%-ға артық. Оның ішінде оқулықтар алуға 2 млрд теңге бағытталды. Биыл Алматының басты тарихи орындарының бірі - Алматы оқушылар сарайы капиталды жөндеуден өтті. Биылдың өзінде мектептердің жанынан 16 балабақшаның құрылысы басталды. Жақында 648 балаға есептелген 2 балабақша пайдалануға беріледі»,- деді қала əкімі Бауыржан Байбек.
Қала басшысы мұғалімдердің бала тəрбиелеудегі маңызды үлесін айта отырып, ұстаздардың біліктілігін жетілдіру жүйесі туралы да тілге тиек етті. Оның айтуынша, қазір қалада Кембридж университетінің жүйесі бойынша 3 деңгейлі жетілдіру курстарынан 200 мұғалім өткен. Олардың жалақысына сəйкесінше 30, 70, 100 % көлемінде үстемақы қосылды. Сондай-ақ, қала басшысы биыл да мұғалімдерді ынталандыру жалғасатынын жеткізді.
«500 үздік мұғалім мен 1000 жас ұстаз 150 мыңнан 300 мыңға дейін көлемінде ынталандыру сыйлығын алатын болады»,- деді ол.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев күрделі экономикалық ахуал жағдайындағы оқытушылардың материалдық жағдайына тоқталып өтті.
«Өздеріңіз кеше естігендей, ҚР Мемлекет басшысы 2017 жылдың 1 қаңтарынан жалақы деңгейін көтеру туралы айтып жүрген еді. Енді инфляциялық таргеттеуінен соң президент мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын 2016 жылдың қаңтарынан көтеруге тапсырма берді. Жалақы оқытушының біліктілігіне байланысты шамамен 27%-ға артады»,- деді Б.Сапарбаев. Оңтүстік астананың ұстаздар қауымы аталған жаңалықты қуана қабылдады.
Кеңес резолюциясында 2015-2016 оқу жылында қалалық білім беру жүйесі орындауы тиіс 12 пункттен тұратын тапсырма жарияланды.
Алматы облысы - 32 білім беру нысаны пайдалануға беріледі
Биыл Жетісу өлкесінде 32 білім беру нысаны пайдалануға беріледі. Оған қоса 41 білім мекемесінің құрылыс және жаңғырту жұмыстарына 17 млрд. теңге бөлінген. «Жаңа білім беру бағдарламалары, инновациялар және құзыреттілік тәсілдеме - табысты мектепке қадам» атты тақырыппен өткен тамыз кеңесінде айтылды. Жетісулық мұғалімдердің дәстүрлі жиынына облыс әкімі Амандық Баталов, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ғылыми-техникалық саясат басқармасының басшысы Әлия Айменова қатысты.
Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Базарқұлова баяндама жасап, облыстың ҰБТ-дағы көрсеткіштері, жазғы демалыс лагерьлерін ұйымдастыру, «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру барысы, балалардың құқық бұзушылығының, суицидтің алдын алу және т.б. мәселелер туралы әңгімеледі. Баяндамашының айтуынша, Назарбаев зияткерлік мектептерімен меморандумға қол қойылып, аймақта 37 инновациялық мектеп бекітілген. Бұл оқушылардың жаңалыққа деген ұмтылысын еселей түспек.
Өңір басшысы Амандық Баталов өз сөзінде Елбасының тапсырмасына сәйкес апатты мектептердің мәселесін шешу бағытында 840 оқушыға арналған 5 жалпыға білім беру мектебінің құрылысы аяқталып, жаңа оқу жылында пайдалануға берілетінін атап өтті. Ал 2016 жылы Ұлттық қор қаржысы есебінен Райымбек ауданы Сарыжаз ауылындағы апатты мектептің орнына 600 орынды мектеп салу жоспарланған.
Сондай-ақ, үш ауысымды мектептерді болдырмау мақсатында жыл басында Талғар ауданы Жаңалық ауылында 180 орынға арналған қосалқы ғимарат пайдалануға берілді. Жалпы 2016-2018 жылдары тағы 34 мектептің құрылысын жүргізу межеленіп отыр. Сонымен қатар жетім балалар үшін «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінен 100 үй сатып алынып берілетіні де айтылды.
Тамыз кеңесінің соңында бірқатар мұғалімдерге облыс әкімінің, Білім және ғылым министрлігінің құрмет грамоталары, «Ыбырай Алтынсарин» «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері және басқа да марапаттар берілді.
Ақмола облысы -2011 жылдан бастап 15 мектеп пайдалануға берілді
Ақмола облысындағы тамыз кеңесі «Көкшетау» Мәдениет сарайында ұйымдастырылды. шара барысында өңір басшысы соңғы жылдары білім беру саласының бюджеті 1,3 есеге (2011 жылы 35,7 миллиард теңгеден 2015 жыл 46,8 миллиард теңгеге) ұлғайғанын атап өтті.
«Облыста апатты және үш ауысымда оқу мәселелері шешілді. 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды білім берумен қамту 76 пайыздан 89,7 пайызға дейін өсті», - деді облыс әкімі.
Сонымен қатар өңір басшысы облыста қолға алынған білім беру нысандарының құрылысына да тоқталды.
«2011 жылдан бастап 6556 оқушыға арналған 15 мектеп және 2780 балаға арналған 15 балабақша пайдалануға берілді. Қазіргі кезде 2620 орындық 8 мектеп пен 940 орындық 4 балабақшаның құрылысы жүргізілуде», - деді С.Кулагин.
Шара барысында өңір басшысы 2014 жылдың қорытындысын шығарып, жаңа оқу жылында алда тұрған міндеттерді белгіледі. Салтанатты жағдайда ең үздік ұстаздар мен білім ордалары облыс әкімінің Алғыс хаты, білім саласының төсбелгісімен марапатталып, оларға құрмет көрсетілді.
Ал Ақкөл балалар үйіне 4 автобустың кілті сыйға берілді. Сонымен қатар Бразилияда өткен халықаралық жарыста «Ұста ісі» номинациясы бойынша топ жарған степногорлық Әділет Төкежановқа теледидар сыйға тартылды.
Қызылорда облысы - 22 білім ошағын инновациялық мектепке айналдырмақ
Қызылордада «Білім беру мазмұнын жаңарту: болашаққа бағдарлану» тақырыбында білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесі 15-тамызда өтті. Жиынға ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және аймақ ұстаздары қатысты. Сондай-ақ, жиынға барлық аудан телекөпір арқылы байланысқа қосылды.
Биыл білім саласына 66 миллиард теңгеден астам қаржы қаралды. Соңғы үш жылдың ішінде бұл салаға бөлінетін қаржы еселеніп өсті. Соның арқасында күрмеуі қиын мәселелер шешімін тапты. Мәселен, қазір аймақта үш ауысымда білім беретін мектеп жоқ. 2013 жылы аймақта 25 апатты жағдайдағы мектеп болса, бүгінде 11-і қалды. Бұл мәселе келер жылы толық шешімін табады. Қазір 22 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 19 мектеп, 2 балабақшаны пайдалануға беру жоспарланса, күні кеше 8 білім ордасы мен бір балабақша ел игілігіне берілді. ҰБТ нәтижесі де көңіл қуантарлық. Сыр өңірі 13-орыннан алдыңғы бестікке көтерілді. Мыңдаған қызылордалық жас түлек облыс әкімі гранттарын иеленді. Сондай-ақ, Ресей Федерациясы Үкіметімен арадағы келісімге сәйкес 321 түлек Мәскеу және Санкт-Петербургтың маңдайалды жоғары оқу орындарында тегін білім алуға мүмкіндік алып отыр. Бұдан бөлек, жоғары және арнайы оқу орындарына бөлінетін «Серпін» бағдарламасымен де қызылордалық жастар тегін оқуға жолдама алды.
- Маған әкім ретінде атқарған жұмыстардың ішіндегі ерекшесін айтыңыз десе, білім саласындағы жетістік дер едім. Өйткені, білім күрделі жүйе. Қырағы түрде қадағалау қажет. Біз тағы бір жобаны қолға алдық. 22 білім ошағын инновациялық мектепке айналдырмақпыз. Яғни, Назарбаев мектебі үлгісінде жарақтандырамыз.Ұстаздарды оқыту керек. Оған қыруар қаржы қажет. Бірақ болашаққа инвестиция салудан бас тартпаймыз, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Биылғы жылдың басты жаңалығы - талай жылдан бері талқыға түсіп келген Байқоңырдағы мектептердің проблемасы шешімін табуы. Ондағы 6 мектеп қазақстандық білім беру стандартына өтті. Сол мектептерде білім алатын 5 мыңға жуық оқушы толық жаңа оқулықтармен қамтамасыз етілді.
- Аймақтың білім саласындағы жетістігі мол екендігі анық аңғарылады. Әсіресе, ҰБТ нәтижесі қуантты. Өңір жас кадрларға сенім артуымен ерекшеленеді. Мәселен, 25 жасқа дейінгі мұғалімдердің үлесі республикада 11 пайыз болса, бұл Қызылордада 16 пайызды құрайды. Енді магистр дәрежесі бар педагогтардың санын арттыруға байланысты жұмыс жасау қажет, - деді ҚР Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов.
Жиын соңында білім саласының дамуына айрықша үлес қосып жүрген бірқатар мұғалімдер «Ы.Алтынсарин», «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгілермен және министрлік пен облыс әкімінің «Құрмет» грамотасымен және «Алғыс хатымен» марапатталды.
Қарағанды облысы - білім бюджеті 68,7 млрд. теңгені құрады
Аймақта жаңа оқу жылында таңдау бойынша жаңа пәндер: «Мен және менің денсаулығым» және «Экономика және бизнес негіздері» мақұлданады. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Асхат Аймағамбетов педагогтардың дәстүрлі тамыз кеңесінде сөз сөйлегенде айтты. «Біз облыс мектептерінде «Экономика және бизнес негіздері» курсын енгізуді жоспарлап отырмыз. Курс оқушының қаржылық сауатын ашып қана қоймай, сонымен қатар математикалық логика, бизнесті жүргізу негіздерін үйретеді», - деді А.Аймағамбетов.
Сонымен қатар оқушылардың салауатты өмір салты туралы білімін арттыру үшін облыс мектептерінде «Мен және менің денсаулығым» курсы қабылданады.
Өз кезегінде, аймақтағы мектеп директорлары менеджмент негіздерін үйренеді. Бұл идеяны облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков қолдады. Ол ағымдағы жылы білім бюджеті 68,7 млрд. теңгені құрағанын еске салды.
«Осакаров кентінде жаңа мектепті қолданысқа енгізу негізінде апаттық жағдайдағы мектептер саны азайды. Ұлытау ауданындағы Бетбұлақ ауылында және Абай ауданының Құрма ауылында апаттық жағдайдағы мектептердің орнына тағы екі мектеп салынып жатыр. 15 білім бер нысанының, соның ішінде балабақшалар, жалпы білім беру мектептері, өнер және спорт мектептері, жатақханасы бар колледж және 2 жапсаржай құрылысы мен қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілді. Бір жыл ішінде 8 нысан қолданысқа берілді», - деді Н.Әбдібеков.
«Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы бойынша Қарағанды мен Сәтбаев қалаларында 1 200 және 600 орынға шақталған жаңа мектептердің құрылысы басталды.
Кеңес марапаттау рәсімімен аяқталды. Облыстың үш педагогы «Қазақстан Республикасының білім беру саласының құрметті қызметкері» төсбелгісіне ие болды. Біреуі Ыбрай Алтынсариннің төсбелгісінің иегері атанды.Н. Әбдібеков педагогикалық еңбек ардагерлеріне «Қарағанды облысының білім саласына еңбегі сіңген қызметкері» төсбелгілерін, сонымен қатар бірнеше үздік педагогқа облыс әкімінің құрмет грамоталарын табыстады. Жас мамандарға ноутбуктер сыйға тартылды.
Батыс Қазақстан облысы -14 мектеп сәйкес жекелеген пәндерді үш тілде оқытуға көшті
Батыс Қазақстан облысында биылғы білім беру бюджеті 41,6 млрд. теңгені құрап отыр. Бұл өткен жылғы деңгеймен бірдей.Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Нұрлы жол - болашаққа барар жол» атты Жолдауында апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту мәселесін шешу міндетін қойғаны мәлім. Осыған орай Батыс Қазақстан облысында да тиісті жұмыстар атқарылып, бес жаңа мектеп тұрғызып, тағы бесеуін күрделі жөндеу есебінен бұл мәселе толық шешілді. Мысалы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасына сәйкес 293,1 млн. теңгеге бес білім ордасына күрделі жөндеу жүргізілсе, республикалық бюджет есебінен 1800 орындық жаңа екі мектеп өз есігін айқара ашпақ. Қалған үш мектеп жергілікті қазына есебінен бой көтерді. Дегенмен қазіргі таңда облыста 391 мектеп болса, соның 154-і бейімделген ғимараттарда орналасқан. Сондықтан мүмкіндігіне қарай жаңа үлгі жобадағы мектептер салу ісі жалғасады. Облыста 14 мектеп Елбасы тапсырмасына сәйкес жекелеген пәндерді үш тілде оқытуға көшті. БҚО биылғы ҰБТ қорытындысы бойынша Астана мен Алматы қалаларынан кейінгі үшінші орынды еншіледі. Әйтсе де орташа балл көрсеткіші жоғарылағанмен, түлектердің ҰБТ-ға қатысуы жыл санап төмендеп келеді. Бұл - аудандар мен қала әкімдері, білім беру бөлімдерінің басшылары, ұстаздар мектеп түлектерінің ҰБТ-ға қатысу көрсеткішін арттыру үшін оқу сапасына барынша көңіл бөліп, түсінік жұмыстарын кеңінен жүргізуі қажет деген сөз. Мектептерде компьютер жетіспеушілігін шешу, кең жолақты ғаламтормен қамту да күн тәртібінен түспейді.
Облыста 465 мектепке дейінгі мекемеде 28 мың балдырған тәрбиеленуде. Мектепалды даярлықпен қамту көрсеткіші 97,5 пайыз болғанымен, 19 мыңнан астам бүлдіршін балабақша кезегінде тіркелген. Бұл мәселені шешу мақсатында өткен жылы 485 орындық төрт балабақша пайдалануға берілсе, биыл Жәнібек ауданы орталығында шетелдік инвестиция есебінен 290 орындық бөбекжай іске қосылды. Оралға қарасты Зачаган кентінде 200 орындық жеке балабақша құрылысы аяқталып қалса, Шыңғырлау ауданы орталығында «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес 290 орындық бөбекжай салынуда. Сондай-ақ Бөрлі ауданы Бөрлі ауылында 140 орындық балабақша құрылысы жүргізілуде.
Өзекті мәселенің бірі бірыңғай мектеп киімімен қамту болса, жаңа оқу жылында облыстың жеті ауданында 1-сынып оқушылары осындай үлгімен барғалы отыр. Қалған аудандар мен Орал қаласында ата-аналар өздері сатып алады. Бұл жерде де ақылдасып шешетін мәселе жоқ емес.Облыста балалар арасында өзіне-өзі қол салудың көбеюі алаңдатпай қоймайды. Өткен жылдың сегіз айында сегіз жасөспірім өзіне-өзі қол жұмсаса, биыл осындай 12 әрекеттің бесеуі қайғылы оқиғамен аяқталды. Балаларға білім беріп қою аз, олардың тәрбиесіне ден қойып, ішкі жан дүниесіне үңіле білу қажет.Оқушылар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу үшін мектеп инспекторларын көбейту керек. Күні бүгін облыс мектептерінде 47 инспектор жұмыс жасайды, бұл аз, әлі 100 инспектор қажет. Бұл үшін 170 млн. теңге бөлуді қарастыру керек.
Жамбыл облысы -9 мектепті қолданысқа беру көзделген
Таразда Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевтың қатысуымен білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. «2015 жылы облыста білім беру саласын қаржыландыру үшін 75,0 млрд. теңге бөлінді, бірінші жартыжылдықта 41,6 млрд. теңге немесе есептік кезең жоспарының 99,5% игерілді. Білім беру нысандарын дамыту үшін 7,3 млрд. теңге қарастырылған, соның 1,4 млрд. теңгесі - Ұлттық қор қаражаты, республикалық бюджеттен - 2,1 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен - 3,8 млрд. теңге бөлінді. Облыста 15 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Биыл 9 мектепті қолданысқа беру көзделген», - деді аймақ басшысы. 431 мектеп немесе 95,8% ғаламторға қосылды, 73 мектепте (соның ішінде 51 ауыл мектебі) электрондық оқыту жүйесі енгізілді. ҰБТ нәтижесі бойынша 2015 жылы түлектердің орташа білім деңгейі 78,6 балл болды. Бұл өткен жылғыдан 6,2 балға жоғары», - деді облыстық әкімдікте. Өңір басшысы мен спикерлер сөйлеп болған соң, өзекті мәселелер талқыланды. Соңында үздік қызметкерлер облыс әкімінен ақшалай сыйақы, құрмет грамоталары мен сыйлықтар алды.
Солтүстік Қазақстан Облысы - үздік педагогтарын марапаттады
Петропавлда СҚО білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесіне өңір басшысы Е. Сұлтанов қатысты.
«Мәжілісте шара қатысушылары жаңа білім беру бағдарламасын талқылап, өткен оқу жылының қорытындысын шығарды, 2015-2016 оқу жылына міндеттерді белгіледі», - деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Өңірде балаларға сапалы мектепке дейінгі білім беруді қамтамасыз ету шаралары қабылдануда. Осы көрсеткіш бойынша біз басқа облыстар арасында төртінші орындамыз», - деп атап өтті ол.
Облыс әкімі мектепке дейінгі білім беру проблемаларына баса ден қойды.
«3-6 жас аралығындағы балалар кезегінде 4236 адам бар. Мәселені шешу үшін биыл 1148 жаңа орын енгізіледі, оның 855-і Петропавлда ашылады. Ұлттық қор қаражаты есебінен 320 орындық балабақша салынуда. Мемлекеттік-жеке әріптестік аясында балабақшалар салынуда. Қазірде 800 орындық 3 жеке балабақша салынып жатыр. Мектепке дейінгі мекемені жаңғырту, кеңейту есебінен 177 жеке ұйым ашу көзделуде. Тұтастай, 2016 жылы 98 пайыз балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту міндетін алға қойып отырмыз. Сондай-ақ, мәжілісте марапаттау рәсімі өтті. СҚО білім беру саласын дамытуға үлес қосқандарға Е. Сұлтанов «ҚХА 20 жылдығы» медалі, құрмет грамоталары, алғыс хаттар, «ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері», «Ы. Алтынсарин» төс белгілері мен облыс әкімінің сыйлықтарын табыстады. Биыл орта білім берудің үздік ұйымы атағын дарынды балаларға арналған мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицей-интернаты алғанын атап өткен жөн. Оқу орнына облыс бюджетінен 16 млн теңге грант бөлінді.
Білімділік – ол қоғамның зиялы, мәдени, даналық деңгейінің көрінісі. Ал білім беру ісі – бұл тамыры тереңде жатқан, ұлт пен дінге бөлінбейтін, бір күн немесе бір жылда көрінбейтін құндылық. Адамзатқа ортақ игілік. Ендеше Тмаыз кеңестерінде қойылған талаптар мен жоспарланған мақсаттарға жету үшін ұстаз қауымына сәттілік тілейміз!