28 августа 2015, 10:34 | 2 936 просмотров
Жаңа оқу жылы қарсаңында Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылында әкімі А. Баталов пен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің қатысуымен Талғар ауданы Бесағаш ауылында 600 орынды № 45 жаңа мектеп-гимназиясының салтанатты ашылуы өтті –деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Салтанатты жиында құттықтау сөз сөйлеген облыс басшысы А. Баталов:
- Бүгін біз жаңа мектепті ашып отырмыз. Мектеп - жас буынның білімі мен тәрбиесіне негіз болатын киелі мекен. Сондықтан жаңа мектептен елжанды ұрпақ пен болашақ жоғары білікті мамандар өсіп шығады деп сенемін, - деді.
Аймақ басшысының айтуынша, биыл Алматы облысында 19 жаңа мектеп салынуда. Оның 1-еуі осы Бесағаштағы мектеп болса, тағы 15-і 1 қыркүйек күні, ал 3-еуі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Соның ішінде 10-ы үш ауысымды мектептер мәселесін шешу, ал 5-еуі авариялық мектептерді жою бағытында салынуда.
Бесағаш ауылындағы № 45 жаңа мектеп-гимназияның құрылысы 2014 жылдың қыркүйегінде басталған болатын. Жалпы аумағы 3 мың шаршы метр, 600 орынға лайықталған, шеберхана, мультимедиялық кабинет, химия, физика, биологияға арналған арнайы кабинеттері жасақталған. Мектепте спорт зал, асхана, медициналық және стоматологиялық кабинеттер жұмыс істейтін болады.
Салтанатты жиыннан кейін ресми делегация Іле ауданы Тілендиев ауылындағы 600 орынды және Комсомол ауылындағы 450 орынды мектептердің құрылыс алаңдарында болды.