Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Мектептегі тамақтың бағасын ата-ананың қалтасы көтере ме?


11 сентября 2015, 11:06 | 1 899 просмотров



Өткен оқу жылының соңында мектептегі асханаларды жалға алу құнының қымбаттап кетуі мәселе туғызған еді. Кәсіпкерлер «асхананы жалға алу ақысы 10 есеге өсіп кетті» деп даурыққан. Дегенмен, бұл мәселе біржақты болды.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бұл соманың азайтылуына қол жеткізді. Алайда «мектеп асханасына» қатысты әңгіме осымен біте қойған жоқ. Енді мектеп асханасынан тамақтанатын бастауыш сынып оқушылары қыркүйектен бастап тегін тамақтан қағылды.

Осыған дейін бастауыш сыныптың, яғни 1 мен 4 сыныптың оқушылары мек­тептен тегін тамақ ішіп, «қарны тоқ, қалта­сы көк» болып жүрсе, енді жоғарғы сынып оқушылары сияқты оларға да «тегін» нәрсе жоқ. Бар мәселе «жаһандық дағдарыс, еліміздегі экономикалық жағ­дайға» тіреліп отыр. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 11 ақпандағы Үкімет­тің кеңей­тілген отырысында айт­қан. Үкіметтің қаулысы бойынша, ата-аналар баласының тамағын өздері төлей­тін болады. Алматы Білім басқармасы Үкімет қаулысына сәйкес, әлеуметтік қамтамасыз ету туралы қаулы бойынша артылған ақша жетім және тұрмыстық жағдайы төмен отбасылардың балаларына бөлінетінін жеткізген. 

Алайда қоғамдық бірлестіктер мен кей­бір ата-ана мұнымен келіспей отыр. Мә­селен, «Еегемен Қазақстан» газетінің тілші­сі Айнаш Есали өзінің фэйсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында аталмыш мәсе­леге қатысты мынадай пікір қалдырыпты: «Бәріміз жабылып жүріп, бастауыш сыныптардың оқушыларына тегін тамақ бергізетін үрдісті оралта аламыз ба? 

Балалар таңертең тамақ ішпек түгілі, ұйқысын аша алмайды. Таңертең бала­сына ыстық тамақ даярлап беруге көп­шілік ата-ананың мұршасы да, жағдайы да келе бермейтіні, тіпті үлгермейтіні де рас қой. 

Онсыз да мына мемлекеттің байып кет­кені шамалы...». 

Бұл мәселеге бей-жай қарай алмаған­дар да көп екен. Мәселен...

Жандос ЕСЕНАЛИН: «Дұрыс! Қанша жер­ден таңертең тойдырып жіберсеңіз де балалардың сағат 11-ден қалмай қайта қар­ны ашады. Сондықтан мектептерде ыстық ас берілсе құба-құп болар еді. Бірақ жұмыс­ты неден бастауымыз керек сол маңызды боп тұр.»

Венера РЫСТЫГҮЛОВА: «Қара xалық­­тың жағдайына ешкім қарамайды. Айнаш Есалидің сөзіне толық қосыламын, бұл жерде тегін тамақтану емес, түпкілікті ойлай білсе, болашақ ұлттың денсаулығы­на деген қамқорлық маңызды. Бала түгілі өзіміз де таң атпай толыққанды тамақтана алмаймыз. Түске дейін 10 – 11 кезінде та­мақ­тану денсаулыққа өте пайдалы. Әл- қуатың болады. Қазір менің балам бара­тын мектепте күніне 300 теңгеден ата-ана­­лар өзіміз жинап, тамақ бергізбек­ші­міз. Жарай­ды, көпшілік берер, ал жағдайы төмен отбасы ше? Баласы шеттеп қалмай ма? Жақсы оқып жүрсе, төмендеп қалмай ма?» 

Бұл тұрғыда мектепке қатысты дау шыға қалса, қол қусырып отыра алмайтын қоғам­дық ұйымдар да наразылық біл­діруде. Осы­ған дейін мектеп асханасын­дағы тамақтың сапасына, асханада бері­летін тамақтың ар­зан-қымбаттылығына алаңдаушылық ту­ғыз­ған «Ұлағатты жанұя» Қоғамдық қоры­ның президенті Марианна Гурина да бас­тауыш сынып оқушыларының тамағын мемлекет өз мойнына алуы керек деп есеп­тейді.

Марианна ГУРИНА, «Ұлағатты жанұя» қоғамдық қорының президенті:

– 12 жыл бұрын сол кездегі Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов біздің, яғни ата-аналардың «бастауыш сы­ныптың оқушылары мемлекет қаража­ты­на тамақтансын» деген бастамамызды қол­дады. Тамақтың бағасы әртүрлі болды, бірде 150 теңге, уақытқа байланысты бірде 300 теңге болды. Кейін біз: «Мектеп ди­рек­­тор­лары тамақтың сапасына жауап­кершілік алсын» дедік. Бұл біз үшін өте маңызды болды. Өйткені балалар мектеп асхана­ла­ры­нан уланып қалып жатқанда, директор­лар: «бұл жерде біздің қатысымыз жоқ, өйткені жалға алушылар бізге бағын­байды» деп шықты. Ата-анаға бір стақан айран мен тоқаш сатып алу қиын болмас. Бірақ ол – кішкентай балалар. Ал олардың өсуіне тоқаш пен айранның пайдасы шамалы. Статистикаға сүйенсек, бірінші сыныпқа келгенде, он баланың бірінде ғана созыл­малы ауру болса, мектепті бітіргенде 10 баланың біреуінің ғана денсаулығы жақсы болады. Сондықтан мемлекет болашағын ойлайтын болса, балалардың денсаулығы­мен айналысуы қажет. Мысалы, маған хабарласқан ата-аналардың бірінің айтуын­ша, тамақтың бағасы бір мектепте күніне 500 теңге, екін­шісінде – 480 теңге, үшінші­сінде – 430 теңгеге шығады екен. Бұл баланы та­мақ­тандыру үшін ата-аналарға ұсынылып отырған абонемент іспетті. Ал ата-аналар­дың жалақысы өскен жоқ. Сол 500 теңгені 22 күнге көбейтсек, бюджет үшін біршама сома, әрине. Бірақ кейбір ата-ана мұны­мен келісер, ал енді бірінде мүм­кіндік жоқ. Бұған қатысты Алматы қалалық Білім басқармасы қалтасы көтере алмай­тындар болса, ол тұрмысы төмен отбасы ре­тінде есепке тұруы тиіс екенін айтады. Бірақ жағдайы төмен отбасы ретінде есеп­ке тұруы үшін біреуінің есебінде 200 неме­се 500 теңгедей ғана жетпей тұруы мүмкін ғой. 

Оған қоса, әрбір мектепте не үшін еке­ні белгісіз ақша алынатыны бар. Мектеп­тердің сайттарын ашып қарасаң, ата-ана­лардың шағымдары тұрады. Бірі «өзім 60 мың теңге ғана аламын, мұғалім 100 мың теңге алады. Мен не үшін мектеп қорына ақша беруім керек, ол заңды емес десе, енді екіншісі одан кедейленіп қалмаймыз, бастысы бала­ларымызға кесірі тимесе болды» дейді.

Бізде балалар онсызда көп емес. Мем­лекет қамқорлық көрсетуі тиіс. Ғалам­тор­да да бұған қарсылық білдіріп жатқан ата-аналар қаншама?! Әзірге оқу жаңа ғана басталды, сондықтан ата-ана тыныш.

Бұған өзгелер не дейді? 

     

Ирина СМИРНОВА, Алматыдағы №48 мектептің директоры:

– Шынымен, 1 қыркүйектен бастап бас­тауыш сыныптар үшін тегін тамақты алып тастады. Қазір тегін тамақ тек көп­балалы, әлеуметтік жағдайы төмен отба­сы­дан шыққан балаларға ғана беріледі. Енді ата-аналар балаларының күнделікті тамағына қажетті ақша үшін алаңдаулы. Мәселен, тамақ 300 теңге шамасында болса, екі баласын мектепке таситын ата-аналар үшін ол 600 теңгеге шығып кетеді. Осылай бір ай бойы балаға ақша беріп отыру керектігін есептесек, бұл көп ақша. Сол үшін мектепте тегін әрі ыстық тамақ берілгенін қалаймыз. Ал бала уақтылы та­мақтанбаса, оған қоса, мектептен тыс жер­лерде сататын орын­дар­дан бәліш неме­се аш қарынға жеуге болмай­тын тағамдар сатып алса, олардың денсау­лығына кері әсер етпек. 

Ал тегін тамақ ішетін балалар үшін Ал­ма­ты Білім басқармасы мен Тамақтану институты бірге жасаған мәзір бар. Оған был­тырғы жылы тегін берілген тамақтар кі­реді: қою тамақ, компот, шай, сүт, сүзбе­ше. Былтырғы жылы мемлекет 300 теңге бөлді. Оның салығын алып тастағанда, бір балаға 265 теңгеден келді. Қазір асхана­лардағы бағаны ешкім қадағаламайды.

Розақұл ХАЛМҰРАДОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Барлығына тегін тамақ беру тоқта­тыл­ды. Бірақ әлеуметтік аз қамтылған отбасын­дағы балаларға тегін беріледі. Енді жағдайы бар отбасылар өздері тө­лейді. Жағдай бар кезінде жағдай жасалды, қазір қиын кезеңде бәрі қысқартылды. Ал алдағы уақытта жағ­дай түзелсе, қайтадан тегін берілетін болар деп ойлаймын. Әрине, баланы ала­лаудың өзі ыңғайсыз, ол баланың психологиясына теріс әсер етуі де мүмкін. Бәріне бірдей беріл­се, нұр үстіне нұр болар еді. Бірақ оған жағдай келмей тұр. Сондықтан шыдауға тура келеді. Бізде ең төменгі күнкөріс дең­гейі деген бар. Содан төмен тұратын отба­сыларға көмек беріледі. Табысы одан көп болса, өздері алып берулері тиіс. 

Түйін:

Былай тартсаңыз «арба сынады», алай тартсаңыз «өгіз өледі». Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, шешім шығарудың жолы бар ма? Ас – адамның арқауы. Жасөспірім балалардың аш жүргені жарамас. Үкімет осы мәселені ескеріп, дұрыс шешім шығарады деп ойлаймыз.

Автор:
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТОВА. «Айқын».