Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Басты қағидамыз- бар жақсылық балаларға


21 сентября 2015, 05:13 | 3 179 просмотров



Бала дүниеге іңгәлап келгеннен кейін, өз отбасымен, өз елімен қауышып, бесіктен түлейді. Бір жасқа толып, аяғын апыл- тапыл басқаннан кейін өзінің жеке – дара бесігінен, «Балабақша» деген үлкен бесік тәрбиесіне беріледі. Балабақша – баланың жүйелі түрде білім – тәрбие алатын ең алғашқы қоғамдық ошағы. Балабақшаның балаға беретін тәлім – тәрбиесінің қаншалықты мықты болуы, сол балабақшада қызмет ететін педагогикалық ұжымға, нақтырақ айтар болсақ, ұстазға байланысты.

Ұстаз – киелі мамандық. Ол ертеңгі болашақты, болашақ иесін – ұлтын тәрбиелейді. Адам тәрбиелеу, оған ғылым негіздерінен мағлұмат беру, баланы өмір сүруге икемдеу, адами қылықтарды бойына дарыту – ол оңай шаруа емес. Тәрбиеші – суретші, әртіс, әдебиетші, ақылшы, дос және бала жанын бағамдар психолог. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қарай қоғамда оңды өзгерістер көп болды. Елдің ертеңі мен ұлт болашағын жан – жақты тұлға ретінде қалыптастыруда мектепке дейінгі мекемелерге де үлкен жүк артып отыр. Біз бүгінгі мақаламызда Талдықорған қаласындағы көненің көзі, бүгінгінің үлгісі ретінде жұмыс атқарып жатқан №42 балабақша жайында сөз қозғамақпыз.

««Баланы жан – тәніңмен сүймей баламен жұмыс жасау – ескексіз қайықпен су бетінде әрлі – берлі толқынмен бірге бағытсыз ырғу». «Ұлы жол үйіңнің табалдырығынан басталады» дегендей ұямнан алған тәрбиемнен бе , әлде табиғатым сол тірлікті керек етті ме, жасымнан ұстаз – тәрбиеші болуға аңсарым ауды. Мектептен білім негіздерінен сусындап, әрі қарай жоғарғы оқу орынына оқуға түсіп, мұғалім, тәрбиеші мамандығын игердім», - деп өз сөзін бастады Алматы облысы Талдықорған қаласындағы №42 балабақша меңгерушісі Гүлниса Досанқызы Тұлымшақова.

«Тәрбиеші адам – тағалы атпен тең» деп халық даналығында көрсеткендей тағасының беріктігінен №3, 45 балабақшасында еңбек жолын бастаған. Кейіннен қалалық білім бөлімінде әдіскерлік қызметте болды. Бала тәрбиелеуде өз пікірін, өзіндік көзқарасы қалыптасты. «Бала тәрбиесінің үдерісінен шығу және көзқарастарымды толығымен жүзеге асыру үшін тек тәрбиеші немесе әдіскер болып қалу аздық ететіндей көрінді. «Армансыз адам – қанатсыз құс» арманымды, балабақшада жинаған теориялық – практикалық қырларымды көрсету мақсатында №42 балабақшасына меңгерушілік қызметі бұйырыпты.» , - дейді Гүлниса Досанқызы.

№42 балабақшасы - ширек ғасырдан астам уақыттан бері қарай халыққа қызмет етіп келе жатқан байырғы шаңырақ. Ғимарат ескі үлгідегі, қазіргі сұранысты көтере бермейді. Балабақшаның педагогикалық кадр мәселесі толық. Олар: жалпы педагогтар саны 30, жоғары білімді 23, орта біліммен 7, жоғары категориямен 21, бірінші категориядан 3, екінші категориямен 3, категориясыз 3. Материалдық базасы да жеткілікті. Педагогдардың тәжірбиелері жоғары дәрежеде. Сондықтан, педагогикалық ұжым барынша облыстық, аудандық, балабақша ішілік әр түрлі оқу – тәрбиелік олимпиада, іс шара – сайыстарда өздерін көрсетіп бағуда. «Болашақ бүгіннен басталады». Алдағы 2016 жылы бұйыртса балабақшаның басты жоспарының бірі күрделі жөндеуден өтпекші.

- Гүлниса Досанқызы, сіз өміріңізді бала тәрбиесімен, ұрпақ болашағымен сабақтастырып келе жатқан жансыз. Балабақшаның бала тәрбиесіндегі рөлі қандай?

- Өте жоғары деңгейде. Баланың балабақшада тәрбиеленуі, оның қоғамға деген көзқарасының бейімделуі болып саналады. Бала кішкене күнінен бастап болашақтың кілтін, өмірге деген ұстанымдарын қалыптастыра бастайды. Өз бетімен қоғамдық орта да ашық, еркін ойын жеткізе алады. Қысылып, ұялудан аулақ болады. Білімге деген құштарлықтары артады. Ал, білімді алу үшін алдымен тәрбие керек. Қазақтың ақыны Мағжан Жұмабаев өзінің ұлағатты бір сөзінде бы¬лай де¬ген бо¬ла¬тын: «Ба¬ла¬ны тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығармай, ке¬ле¬шек за¬ма¬ны¬на лайық қылып шығару ке¬рек». Иә, Мағжан ата¬мыз айтқан даналық ойы бүгінгі күні білімді ұрпақ ке¬рек екенін айқындайды. Өйткені елдің ертеңгі тірегі – жас¬тар. Олар за¬ман та¬ла¬бы¬на сай тәрбиеленуі тиіс. Қазіргі таңда ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік ар¬тып отыр. Ба¬ла тәрбиесі – баршаның ісі. Отбасының да, балабақшаның да, мектептің де мақсат-мүддесі біреу ол – за¬ман та¬ла¬бы¬на сай ұрпақ тәрбиелеу. Балаға айналадағы өмір шындығының әсері мол. Айналасындағы үлкендердің, өзінен ере¬сек балалардың бір-бірімен қарым- қатынасы, көңіл-күй ерекшеліктері, жүріс- тұрысы, еңбек әрекеті – бәрі де балаға үлгі- өнеге. Бүгінгі ба¬ла¬лар тез жетіліп келеді. Олар айналадағы бо¬лып жатқан барлық оқиғаларды білгісі келеді. Баланың тұлға бо¬лып қалыптасуына отбасының тәрбиесі аздық етеді. Бұл орай¬да ба¬ла тәрбиесіндегі балабақшаның ор¬ны ерек¬ше.

- Балабақша ұжымымен ата – аналар арасында тығыз қарым-қатынас орнатылған ба?

- Әрине орнатылған. Балабақшамызда арнайы сайт аштық. Ата-аналарымыз біздің тыныс-тіршілікпен тығыз байланыста, ынтымақта, барлық іс-шараларымызбен танысып, көріп отыру мақсатында ойластырдық. Кей сәттерде ата-аналармен жүздесу іске аспай қалып жатса, көкей кесті сауалдарында осы сайт арқылы сұрауларына болады. Бізде бұл сайт күнделікті ашық, уақытылы жауап беруге тырысамыз. Бір шетінен бұл ата-аналарға да, тәрбиешілерге ыңғайлы тәсіл. Оңтайлы амал деп ойлаймын. Күнделікті балаларына беріліп отырған тәрбие мен білімдерден хабардар болып, көріп отырады. Ұсыныстары болып жатса қалдырып, түсінбегендерін сұрап жатады.

- Адамның өзіне-өзі өмір бойы қоятын және оған әрдайым жауап іздейтін санаулы сұрақтары болады. Сіз үшін сол мәңгі сұрақтың бірі де бірегейі – мұғалім-тәрбиеші деген кім?

- Балалармен жұмыс жасау – үлкен бақыт. Себебі, тек қана бала ешнәрсеге алаңдамай мейірімділікке сенеді, кішкентай алақанын менің алақаныма қойып, өз құпияларын айтып маған сенім артады. Пәк көңілді балалармен қарым-қатынас маған қуаныш, шаттық сыйлайды. Өйткені, мен оларға, олар маған қажетігіне сенімдімін. Осы сенімнің болуы - әр тәрбиешінің бақыты. Тәрбиеші балаға деген ыстық ықыласын бір сөзбен айтып көрсетіп қана қоймай, бар жүрегімен және жан -тәнімен сезіне білуі қажет.Тәрбиешінің жұмысы күрделі де қызықты. Шынымды айтсам, кейде жұмыстан үйге келгенде қатты шаршағанымды сеземін. Бірақ сол өткізген күндерімді ой елегінен өткізе отырып, балаларымның ыстық ықыласын, маған ұмтылған үміт толы көздерін, тәтті қылықтарымен, сәбилік шын жүректерімен айтқан сөздері есіме түскенде шаршағанымды ұмытып кетемін. Осы бір «Балалар әлемінің теңізіне" бір бойласам, ешқашан өз мамандығымды өзгерткім келмейді. Өйткені, бала-пәк, бала тап-таза мөлдір бұлақтың бастауы сияқты. Көзін ашып, тұнығына қану үшін тәрбиешіде жылы жүрек, аялы алақан және тәрбиешіге тән ең бірінші қасиет – баланы құрметтеу сезімі болу керек екенін түсіндім. Оның адамшылық ар-ожданын, намысын, тұлғасын жасына қарамай сыйлау, құрмет тұту. Француз ағартушысы,жазушы Жан-Жак Руссо «Бала туғанда ақ қағаздай болып таза туды, оның үстіне шыймайды қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең ол солай тәрбиеленеді» деген нақыл сөзі осы мектепалды даярлық сыныбының балаларына арналғандай. Тәрбиешінің әрбір өткізген сабағы баланың ақыл-ой парасатын дамыта білетіндей, баланың жас ерекшелігіне сай құрылса, баланың ынта –жігері артары сөзсіз деп білемін. Өзімнің еңбек жолымда әрдайым балалардың тілін, ой-өрісін, тіл байлығын дамыту мақсатында ертегілерден көріністер ұйымдастырамын. Себебі бала ролде өзі ойнаса сол кейіпкердің бойындағы барлық қасиет дағдыларын ой елегінен өткізіп саралайды. Ақылмен ойланады. Ол үшін тәрбиеші бойындағы асыл қасиет – ақыл-парасат болуы шарт.

- Гүлниса Досанқызы, сіз басқарып отырған балабақшада Мария Монтессори әдістемесі қолға алынған ба?

- Бүгінгі күні Мария Монтессори жүйесі– бала дамуындағы ең сұраныстағы әдістемелердің бірі. Монтессори жүйесі бойынша балалардың дамуы– ол еркіндік және дисциплина, қызықты ойын және күрделі жұмыс бір уақытта.

Өз педагогикалық әдістемесін Мария Монтессори дидактикалық дайындалған ортадағы баланың өз бетінше даму жүйесі деп атаған.

Монтессори жүйесіне 100 жылдан асты, көп уақытқа дейін Монтессори кітаптары бізге қол жетімсіз болды. Монтессоридің педагогикалық жүйесі бізде тек 90-жылдан белгілі болды. Негізінен, әдістеме 3-6 жас аралығын қамтиды. Бұл жүйеде бірдей талап пен білім беру бағдарламасы жоқ. Әр бала өз темпінде , тек өзін қызықтырғанмен ғана айналысады. Тек өзімен ғана жарыса отырып, балада өз күшіне деген сенімділік туындайды, үйренгенді игереді,сол сәтте баланы не қызықтыратынын түсініп, қажетті ортаны құрып, сол ортаны дұрыс қолдана алуға үйретуі қажет. Әр балаға дамудың жеке өзіндік жолын табуға және өзіндік табиғи қабілеттерін ашуға көмектеседі. Қорыта келсек, қай топта болмасын,баланың дамуына өзіндік қосатын үлесі барына көзімізді жеткіздік. Яғни,баланың әлеуметтік қарым-қатынаста болу тәжірибесі,ауызекі сөйлеу арқылы өз ойын жеткізе білу қасиеті,әңгімелесу үшін қызықты тақырып іздеудегі талпынысы дами түседі. Ал бұл қасиеттер баланың болашақ мектепке барғанда қала береді, балаларға жаупкершілікті сезінуге, өздігінен шешім қабылдауына, топта да, жеке де жұмыс жасай алуына, тандау жасай алуына өз уақытын ұйымдастыра білуіне, өзіне сеніммен қарауына мүмкіндіктер береді.

- Балабақшаның басты қағидасы не?

- «Бар жақсылық бала¬ларға». Ұжымымыздың әрбір мүшесі осы қағиданы басшылыққа ала оты¬рып, жұмыс істейді. Халқымыз қашан да бала тәрбиесіне бейжай қарамаған ғой. «Тәрбие басы – тал бесік» демекші, баланың бойына сәби күнінен адамгершілік пен ізгіліктің дәнін сеуіп, оның рухани бай адам болып өсуіне ерекше көңіл бөлген. Осындай керемет халықтық дәстүр бүгінгі балабақшаларда өз жалғасын табуы тиіс деп ойлаймын. Дене бітімі дұрыс қалыптасқан, ақыл-ойы жетілген, ойлы, саналы азаматтың өсіп шығуына балабақша әсер етеді. Біздің бүлдіршіндеріміз балабақшада тұлға ретінде дамиды, әлеуметтік ортаға бейімделеді. Туған жерін, тілі мен ділін сүюге үйренеді. Сондықтан да тәрбиешінің көтеретін жүгі өте ауыр. Бүгінгі балабақша педагогтарынан біліктілік, ізденім¬паздық пен іскерлік сияқты аса маңызды қасиеттер талап етіледі. Осынау талаптан шыға білу үшін ерен еңбек қажет.

- Гүлниса Досанқызы, балабақша түлектерінің мектепке дайындығын қалай жүзеге асырасыздар?

- Біздің мектепке дейінгі шағын орталығымызда «Мектепке жол» бағдарламасы жүзеге асырылады. Тәрбиеленушіге біздің тәжірибелі мамандарымыз мектеп алдындағы дайындықтарын жоғары деңгейде үйретеді. Мектепке білім алуға барған әрбір біздің түлектеріміз толыққанды дайын.

- Тәрбие мен білім берудегі жылдық жоспарыңызбен бөліссеңіз?

- Басты жоспарым бәсекеге қабілетті болу. Елбасының сарабдал саясатымен алға қарай ұмтылу. Бүлдіршіндердің қабілеттерін дамыту. Негізі күннен-күнге өзгеріс еніп отырған заман талаптарынан қалмау.

- Бала тәрбиесі – баршаға ортақ. Десе де, бүгінде ұстаздар мен тәрбиешілер қауымына үлкен жауапкершіліктер артылуда. Осыған сәйкес балабақшалардағы тәрбиешілер де арнайы біліктілігін арттыру курстарына қатысып тұратын шығар?

-Иә, әңгіме бала тәрбиесі болғандықтан, тәрбиешілерге деген талап та күшті. Әлбетте баламен жұмыс жасайтын мамандар заман талабына сай өз білімдерін жетілдіріп тұруы қажет. Қажетті курстарға барып, тәжірибе алмасып отыруы керек. Білімнің бастауы тәрбиеден болса, ең алдымен біз тәрбиешілеріміздің біліктілігіне баса назар аударғанымыз жөн. Біздің №42 балабақша ұжымы да уақытында керекті курстарға қатысып, өзге балабақша тәрбиешілерімен тәжірибелерін алмасып, өзгеріс еніп отырған бағдарламалар болса, тәжірибелеріне қажеттіліктерін меңгеріп отырады.

- Гүлниса Досанқызы, Қазақстанда «Балапан» бағдарламасы 2020 жылға дейін ұзартылды. Бағдарламаның нәтижесі жоғары болған ғой?

- Болашақтың иелеріне деген қамқорлық қазіргі таңда да қажетті деңгейде жасалуда. Бұл үшін елімізде жарқын бастамалар мен бағдарлы бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі «Балапанның» бастамасымен жер-жерлерде көптеген балабақшалар бой көтеріп, балғын балақайлар күлкісімен көмкерілуде. «Балапан»-бақытты балалықтың бағдарламасы. Бұл бағдарламаның басты қолға алған мақсаты, кезекте тұрған бүлдіршіндер санын азайту. Материалдық базаны нығайту. Ешқашан маңызын жоймайтын, әрқашан халықтың назарында болатын ең өзекті, сүбелі мәселелердің бірі – жас ұрпаққа сапалы білім беру. Жастар елдің де, жердің де болашағын уысында ұстайтын, кез келген қырынан кемел ел болудың кепілі бола алатын, баға жетпес асыл қазына іспеттес. Сондықтан, бұл қазынаның сарқылмай, елінің игілігіне ғана жұмсалуын, тек пайдалы істерге жұмылуын тілесек, жаңадан бүр жарып келе жатқан бәйшешек гүліндей нәзік жастардың, ары қарай ел атырабында жайқала өсуін қамтамасыз етуді ойлауымыз қажет. Ал олардың елін гүлмен көмкерер мықты маманға айналуына тек мықты әрі сапалы білім ғана кепілдік бере алады. Яғни, Жүсіп Баласағұнша айтар болсақ, «Білім – адам баласының ортақ қазынасы» болған және қазынасы ретіндегі өз рөлінен ешуақытта айнымақ емес. Сонымен айтпағымыз, білімнің адамзат баласы үшін де, адамзаттың білім үшін де атқарып жатқан жетістіктері қыруар, бір-бірін толықтырып отыратын осы екі ұғымның бірісіз бірін елестету тағы мүмкін емес. Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясында айтылған білім берудің жаңа басымдықтарына мән бере отырып, ел болашағының тұтқасы жастардың еншісінде екендігіне баса назар аударған болатын. Оның ішінде, «Балапан» бағдарламасын 2020 жылға дейін ұзарту, инженерлік білім беру жүйесін дамыту, білім беру саласындағы әлеуметтік жауапкершілік жүйесін дамыту, білім беру әдістемелерін жаңғырту секілді мәселелермен айналысу нақты жолға қойылды.

- Балапандардың балабақшаға бейімделуіне қандай кеңес бересіз?

- 2 -3 жастағы балалар үшін балабақшаға бейімделу күрделі құбылыс. Бейімделу уақытында баланың эмоциялық жағдайы көп өзгеріске түседі. Бірақ, мінезі жайдары, ашық балапандардың ортаға тез үйреніп кетері сөзсіз. Мінезі тұйықтау, салмақты балаларды балабақшаға әкелмес бұрын үйде оған біраз балабақша жайында мәліметтер беріп, ата-анасы балабақшаға серуенге әкеліп, оның көзқарасын ояту қажет.

- Гүлниса Досанқызы, балабақшада балалардың тамақтануына тоқталсаңыз?

- Балалар мен жасөспірімдердің ағзасы үнемі өсіп, дамуда болады. Оларды дұрыс тамақтандыру денсаулығын нығайтып, дене және ойлау қабілетінің дамуына мүмкіндік береді, еңбек ету мен болашақта сабақ үлгерімділік қабілетін арттырады. Дәрігерлер егер тамақтану дұрыс ұйымдастырылмаса, тиімсіз, яғни жеткіліксіз болса, ағзада метаболизм, зат алмасу бұзылып, оның айналадағы ортаның зиянды әсеріне және әртүрлі жұқпалы ауруларға қарсы тұрарлық қабілеті (иммунитеті) төмендейді. Сондықтан да өскелең ұрпақ ой-санасының, дене құрылысының қалыпты жағдайда дамуы үшін уақытылы, сапалы тамақтануы керек. Біздің балабақшада да осы мақсат негізге алынған. Жылдың басында келісімшартқа отырған ұйыммен, жылдың соңына дейін тығыз байланыста боламыз. Олардың бізге әкелген азық-түліктерінің сапалы, уақыты өтпеуін біздің қызметкерлеріміз жіті бақылауында қадағалайды. Аспазымыз да тәжірибелі.

- Дені сау ұрпақ, болашақтың бастауы. Мектепке дейінгі мекемеңізде медициналық қызметтеріңіз жайында айтсаңыз?

- Біздің мектепке дейінгі ұйым да, басқасы да негізінен баланы балабақшаға қабылдамас бұрын медициналық тексерістен өткізіп алып, қабылдайды. Демек, әрбір бүлдіршіннің денсаулықтарынан хабардар болады. Қабылданғаннан кейінгі денсаулықтарына мекеменің медбикесі жауапты. Балабақшаның аяжаны Саида Асанқызы Уалиолданова өз ісінің жауапты маманы. Әрбір баланың жүріс-тұрысына, тамақтануына, денсаулықтарының ақаулықтарына ден қойып, уақытылы қадағалап отырады.

- Аталмыш мекемеде «Үш тұғырлы -тіл» қолданысы қалай?

- Негізі балабақша қазақ, орыс тілдерінде жұмыс атқарады. Яғни, қазақ, орыс топтары бар. Жалпы 12 топ. Үш тұғырлы тілді міндетті түрде жүзеге асыруда. Ағылшын тілі өз алдына жүргізіледі. Нақты айтатын болсам мемлекеттің үш тұғырлы бағдарламасы толыққанды жүзеге асуда.

- Балабақшаның алдағы жаңалықтарына тоқталсаңыз?

- Ең басты жоспарымыздың бірі, балабақшамызды күрделі жөндеуден өткізу. Сосын, әдістемелік – педагогикалық озық тәжірибелер жобасы жоспарда бар. Балапандардың салауатты өмір салтын мықты ұстану жолына да жаналық ашу жоспар да бар. Қазіргі таңда білікті отандық және шет елдік профессорлармен тығыз байланыс жасаудамыз. Шет елмен байланыс жұмыстарын жүргізсек деп отырмыз. Бүгінде, Австрия мемлекетімен онлайн режимінде тәжірибе алмасудамыз. Қалғанын, алдағы уақыт көрсетіп жатар.

«Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны көреді» - демекші, бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Береке-бірлігі мол үлгілі отбасында тәрбиеленген баланың таным жүйесі мейлінше ауқымды, болашақ өркениетке қосар үлесі бар. Тәрбиенің бастауы болған отбасы мүшелері тәрбие мен оқу жоспарын іске асыруда балабақшаның ең басты одақтасы бола алады. Балабақша мен отбасы мүшелері өзара бірлесіп жұмыс істегенде ғана ынтымақтасты қарым-қатынас болып, арада түсіністік пен үйлесімділік орнайды. Себебі, баланың өмір сүруге құштарлығының оянуы тәлім-тәрбиедегі бір жүйелілікпен, өзін қоршаған ортамен, бірге жүрген құрбы-достарымен, олардың күнделікті іс-әрекетімен, сөйлеген сөзі, жүріп-тұруы тағы басқа қасиеттерімен тығыз байланысты. Орынды тәрбие арқылы адам баласының тағдыры шешіледі, оның білімді тұлға болып қалыптасатынын, елдің берік тірегі болатынын көрсетеді. Ұрпақ тәрбиесіне қай кезеңде, қай елде болмасын үлкен мән берілген. Ұлы педагог В.А.Сухомлинский: «Тек ата-аналармен бірге жалпы күш-жігерді біріктіру арқылы ғана, педагогтар балаларға үлкен адамдық бақыт беруі мүмкін» деген ұтымды ой айтқан. Ұлтымыздың ұлағатты дәстүрлерін кеңінен пайдаланып, тәрбие ісіне арқау ету де өз пайдасын тигізеді. Осы мақсатта халыққа бар жақсылығын аямай, болашақтың іргесін қалайтын жас ұрпақты саналы тәрбиелеуде аянбай еңбек етіп келе жатқан №42 балабақша меңгерушісі Гүлниса Досанқызы мен ұжымына толағай табыс пен, шығар асулары биік болсын демекпіз.

Балабақша туралы бірнеше ата-аналар бірігіп ойларын білдірген еді.

Ата-аналар лебізі

№42 балабақша бұрыннан жақсы қызмет атқарып келе жатқан мекеме. Бұл мектепке дейінгі мекеменің болашақтың іргетасын мықты қалау, сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолын мақсат еткен бірден-бір балабақша болып табылады. Балабақшада тәрбиеленіп жатқан балаларымыздың өмірге деген көзқарастары, құлшыныстары, ең бастысы тәрбиелі азамат пен азаматшасы болып өсіп жетілуіне себепкер болып жатқанына қуанамыз. Биылғы жылы жаңа меңгеруші Гүлниса Досанқызы тағайындалды. Гүлниса Досанқызының сөзіне, қызмет атқаруына қарасақ балаларымыздың жаңа заман талабына сай, жан-жақтылыққа бағыт алуына ат салысуда. №42 балабақша ата-аналарының атынан Гүлниса Досанқызына және балабақша ұжымына білім мен тәрбие беру жолдарына шығармашылық табыс, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілейміз.

«Білім Шапағаты» анықтамасы

№42 балабақша жетістіктері

1. 1.2011 жылы № 42 балабақша ұжымы жеткіншек ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі табыстары үшін Талдықорған қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды ;

2. 2.2013 жылы Талдықорған қаласы әкімінің жүлдесі үшін ХІІ –дәстүрлі «Жетісу өрнегі» би байқауының ІІІ – дәрежелі дипломын балабақшаның «Алау» би ансамблі иеленді;

3. 3.2013 жылы Облыс әкімінің жүлдесі үшін өткізілген облыстық «Жетісу жұлдыздары -2013» байқауындағы үздік орындаушылық шеберлігі үшін І–дәрежелі дипломымен балабақшаның «Алау» би ансамблі марапатталды;

4. 4.2013 жылы Қазақстан халықтары бірлігі күніне арналған мерекелік бағдарламаға дарынды бүлдіршіндерді тәрбиелеп қатыстырғаны үшін Талдықорған қаласы әкімінің Алғыс хаты;

5. 5.2013 жылы қыркүйек айында Қала күніне арналған «Әнші балапан» бағдарламасына дарынды шәкірттерді тәрбиелеп, қатыстырғаны үшін Талдықорған қаласы әкімінің Алғыс хаты;

6. 6.2014 жылы Талдықорған қаласы әкімінің жүлдесі үшін «Балдәурен-2014» балалар шығармашылық байқауының І- дәрежелі дипломын балабақшаның «Алау» би ансамблі жеңіп алды.

7. 7.2014 жылы Өнерлі бүлдіршіндердің таланттарын айқындаудағы зор енбегі үшін балабақша ұжымы Талдықорған қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды;

8. 8.оқужылы барысында балабақша педагогтары Т.Г. Луценко және В.Г. Ашихмина қалалық педагогикалық оқуға қатысып, Т.Луценко екінші орынды иеленсе, В.Ашихмина үшінші орынға ие болып, қалалық білім бөлімінің грамотасымен марапатталды.

9. 9.2014 жылыбалабақшаның ересектер тобы тәрбиеленушісі Жалелқызы Ранона Халықаралық ән фестиваліне қатысып, «Театр мюзикл» номинациясында бірінші, «Литл Мисс Алмалу.kz» бойынша екіншіорынды иеленіп байқаудың дипломымен марапатталды. Сонымен қатар Халықаралық қоғамдық қоры Рухани келісім конгрессі дипломымен марапатталып, «Алмалу.kz» 2014ж Бас жүлдесін жеңіп алды.

10. 10.2014 жылы ересектер «А» тобының бүлдіршіндері №1 СДЮШОР біріншілігіне көркем гимнастика бойынша қатысып, Ким Лера – бірінші орынды, Югай Ева– екінші орынды және Игошева Милена– үшінші орынды иеленіп, марапатталды.

11. 2014 жылы Югай Ева Қала күнінде арнап өткізілген «Сүйкімді бүлдіршін–2013» байқауына қатынасып, «Талдықорған аруы» номинациясын жеңіп алды.

12. 2015 жылы «Дәстүрлі қала әкімінің сыйлығына ұйымдастырылған Балдаурен» байқауынан бас жүлде.

13. «Сүйкімді Ару» - І орын, Рысмандай Ақбота

Автор:
Іңкәр ЕРБОЛҚЫЗЫ.