Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Сағат 7:40 немесе күн мен түндi бөлiсу не үшiн қажет?


28 сентября 2015, 05:29 | 1 621 просмотр



Әдiлбек Жақсыбеков мықты жiгiт-ей негiзi. Әнеукүнi ғана Астананы жайлаған жезөкшелердi тыраңдатып “қуып жүргенiн” ресми БАҚ жарыса жазған едi. Онысына “Әп-бәрекелдi, нағыз еркек екен” десiп, ел риза болған. Бiрақ нәтиже шамалы. Өйткенi әлгi жазғандарды түнiмен тас абақтыға қамап, тәубесiне түстi-ау дегенде қоя берсең, ертесi түк болмағандай “жұмыс орнына” қайта барып тұрады. Қазақ тыныш жүре ме, осыны көрген жұрт “Е-е, Әдiлбектiкi де әншейiн екен ғой...” деген әңгiме шығарды. Мұндай сөз қаны “басына тепкен” қай жiгiтке жеңiл тисiн, Әдекең ендi жезөкшелердi былай ысырып қойып, “7:40” дейтiн уақыт мөлшерiн ұсынды. Ұсынды дегенiмiз жай сөз, әйтпесе, бұл бұйрықпен тең. Ең қызығы, “7:40” мерзiмi жеткiншектердi “желкеден бүргелi” тұр.

 

Жаңылмасақ, “7:40-тың” жыры осыдан бiр ай бұрын басталған. Астана әкiмшiлi­гiнiң шаһардағы 17 мектеп­тiң сабақ кестесiн 7:40-та бастау туралы ұсынысына ең алдымен ата-аналар қарсы болды. “Ұйқысы қанбаған баланы таң атпай мектепке детектете сүйрелеу – оның оқу үлгерiмiне керi әсер етедi, тiптi денсаулығына зиянын тигiзедi” деген психологтар ата-аналар жағына шықты. Прокуратураның өзi “бұл – заңға қайшы” деп әкiмшi­лiкке ескерту жасады.

Бiрақ одан не өзгердi? Ештеңе де өзгерген жоқ. Ендi бiрер аптаның мұғдарында астаналық балалар 7:40-та мектептен табылуы тиiс көрiнедi. Сонда мұндай алашапқын не үшiн қажет дейсiз ғой, бұл – өте орынды сұрақ. Орынды сұрақтың “орынды жауабы” да дайын: “қалада көлiк кептелiсi азаяды”.

Мiне, мұны естiген көп­шi­лiк шендi-шекпендiлердiң жетi атасын түгендеп әлек. Әлеуметтiк желi арқылы “кәрiн төгiп” жатқандар да аз емес. Бiр қарағанда, олардiкi де орынды секiлдi. Себебi 2-сынып пен 5-сыныптың баласы мектепке кө­лiкпен бармайды ғой. Ендеше, қаршадай қара домалақтардың көлiк тығынына қандай қатысы бар? Егер көше-көшенiң бойымен көлiк атаулы iркiлiс­сiз жүйтки берсiн десең, онда – шонжарларды құзғын сәрiден оят! Олар бес­те тұрып, алтыда кабине­тiнде отырсын! Әр шендiнiң қарамағында жүздеп-мыңдап қызметкер бар. Олар жұмыс­қа бастықтарынан кемiнде 10-15 минут бұрын келедi. Демек, астаналықтардың бiр бөлiгi әтеш шақырмай жатып, өз орындарынан табылады. Есесiне, балалар 40-50 минут артық ұйықтайды.

Бұл – ендi халықтың ойы. Басқаша айтқанда, “тобырдың” түйгенi. Ал Әдiлбектiң көкейiнде не бар? Тап басып таныдық деуден аулақпыз, дегенмен жобалап көрейiк.

Бала – халықтың ең жанды жерi. Билiкке ақыл айтқысы келiп, аузы қышып тұратын қазақ баласына қатысты қандай да бiр қиындыққа ке­зiксе, еңсесi түсiп, езiлiп кетедi. Сосын ойланады. Содан кейiн “Қой, олай болмайтын шығар?” деп жақсылықтан дәметедi. Үмiт күтiп жүрiп уақыт өткiзедi. Iлгерiде ел басшысы “әркiм баласына айран пен тоқашты өзi әперуi тиiс” дегенде, де жұрт мұны әншейiн қорқытуға балаған. Өзiмiз тыныш жүрсек, тегiн тоқаш қайта оралар деп дәметкен. Ақыры не болды? Қазiр балалар тегiн тоқашты түсiнде ғана көредi.

Демек, Әдiлбектiкi де – балаларға “әлiмжетiк жасау” арқылы iшкi тұрақтылықты “бекiту”. Байқасаңыз, соңғы жылдары жалақысын ала алмаған жұмысшы мен баспанасынан қағылған жұрт көшеге шығып, талап қоятынды шығарды. Бұл неден? Арысы – “тоқтықтан”, берiсi – “уақыттың көптiгiнен”. Ал егер баланы таң бозынан тұрғызып, мектепке қусаң не болады? 7.40-та сабағы басталатын бала 7.30-да партада отырады. Оған үлгеру үшiн шешесi 5-те тұрып, ас-суын әзiрлейдi де, еркесiн 6-да оятады. Таң­ертең тыныштықпен тамағын iшетiн бала бар ма қазiр? Оның үстiне ұйқысы қанбай оянса... Бала жылайды, еркек ашуланады, әйел таяқ жейдi, қысқасы, үйден береке қашады. Ырың-жырың көбейедi. Көбейсе, көбейе берсiн, әркiм өз басымен әуре бол­ған сайын мемлекеттiң тұрақтылығы “беки” түспей ме.

Бұл – мәселенiң бiр жағы ғана. Екiншi жағы – Н.Назарбаев 2017 жыл­ға қарай Астананы әлемдегi ең ақылды 50 қаланың қатарына қосу туралы тапсырма берген. Ақылды кiсi салғаннан кейiн шаһардың да ақылды болғаны дұрыс-ақ. Бiрақ ол үшiн не керек? Талаптар толып жатыр. Со­ның бiрi – ығы-жығы көлiк кептелiсiн тарқату. Бұл ендi қиын шаруа. Өйткенi дамыған елдер мұны әу баста, құрылысты жобалағанда ойластырады. Бiрнеше қабаттық жолдар салады. Қарасаң қызығасың, ана жаққа да, мына жаққа да зымырап жатқан көлiктер. Бiр-бiрiне жол бермей, бiреуiн бiреуi боқтап жатқан жүргiзушi жоқ.

Ал бiз қайтемiз? Таңертең тамаққа күптеле тойып алған шенеунiк шопырын шақырып алып, жолға шықса, кептелiске кезiгедi. Одан қалса, жаяу жүргiншiнiң жолында құмырс­қаша шуаған өңшең бала-шаға. Бiр адым аттасаң, аяққа оралады. Мұндай жағдайда шонжарлар қалай жұмыс iстейдi? Бүрсең қаққан оқу­шылар жолдан өтiп болғанша, жылы көлiктiң iшiнде маужырап күтiп отыра ма? Бұлай болмайды ғой. Сондықтан шығар, әкiмшiлiктiң ұсынысына балалардың қамын ойлауы тиiс Бiлiм және ғылым министрi Аслан Сәрiнжiпов те қарсы келе алмады. Ол тiптi “тәртiпке бағынатын ата-ана ретiнде мен айтқан уақытта баламды сабаққа апарамын” деп өзгелерге “үлгi” көрсеттi. Депутаттар да “дұ­рыс екен”, “табылған ақыл” де­сiп, бас шұлғысты.

Бiрақ бұл шара барлық мәселенi шеше ала ма? Осы жағы күмәндi. Сондықтан шығар, Әдiлбектiң “ниетi түзу” болғанмен, байламы шикi көрiне бередi. Себебi шендiлер үйден шықпай жатып, балалар мектепке жетiп алды дейiк. Бұл – жақсы. Бiрақ оқушылар түсте мектептен қайтады ғой. Демек, кептелiс қайтадан басталады. Мiне, осының бәрiн ескере келiп, Әдiлбектiң “идеясын жетiлдiргендi” жөн көрдiк.

Бiзше болса, халық пен билiк күн мен түндi бөлiп алғаны дұрыс секiлдi. Мысалы бiрi – күндiз, бiрi – түнде жұмыс iстесе. Ал түн кiмге ыңғайлы? Әрине, билiкке! Өйткенi жең ұшынан жалғасу, қағаберiсте келiсу, бөлiп алу, асап жiберу секiлдi дүниелер негiзiнен көз байланғаннан кейiн жүзеге асады. Ендеше, ындыны құрығандарға ымыртты күттiрудiң қажетi қанша? Алатынын алсын, беретiнiн берсiн! Өсетiнi өссiн! Бiр-бiрiн аңдыған күштiк құрылымдар мен бiр-бiрiн иттiң етiнен жек көретiн кландық топтарға да жақсы бұл. Анау көздегенiн асай бергенде, мынау тырп еткiзбей басып қалады. Бiрi екiншiсiн жұтады, екiншiсi үшiншiсiн қылғытады. Сосын таң шыға жарықтан қашатын қансорғыш (вампир) құсап, қуыс-қуысқа күмп бередi.

Ал халық емiн-еркiн. Балалардың ұйқысы қанады. Әйелдердiң жүйкесi тыныш. Халық жұмысынан кешiк­пейдi. Таң атқаннан кеш батқанға дейiн талай шаруаның басын қайырады. Сосын жұрт күн ұясына кiрген соң, есiгiн iлiп, пердесiн түсiредi де, “ал ендi бiр бiрiңдi жей берiңдер” дейдi.

Астананы ақылды қала жасаудың ең бiр ұтымды тұсы осы секiлдi. Егер бұл ұсынысымыз Жақсыбековтiң қолайына жағып жатса, “тәулiктi бөлiсу” қай кезге дейiн жалғасуы мүмкiн? Әй, онша ұзаққа созылмайды-ау, көп болса, әлдекiмнiң күнi бiтiп, талқаны таусылғанша ғана жал­ғасатын шығар...

Автор:
Сансызбай НҰРБАБА. «Жас Алаш».