Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Зайырлылық ислам дініне жат па?


10 октября 2015, 07:49 | 1 415 просмотров



Қайбір күні телефон соққан бір танысым кейбір замандас­тары бүлдіршін балаларын мектепке жібермей қойғандығын айтты. Себебін сұраса, мектеп – зайырлы елдің бекіткен мектебі, ал «зайырлылық» исламға жат, сондықтан мектеп те дінге жат, күпір деп түсіндіріпті. Осындай пікірдің ислам дініне қатысты қаншалықты дұрыс немесе бұрыс екендігін айтып берсеңіз, деп өтініш білдірді.

Мен өз сөзімді айтсам, зайырлылық пен мектеп ешқашан дінге жат болып көрген емес. Зайырлылық дінге бұғау салу емес, керісінше, еркіндік беру, Құдайға құлшылығына еркіндік жасау.

Ғалым Досай Кенжетайдың сөзімен айтқанда: «Зайырлы мемлекетте дін еркіндігі дегеніміз, билік жолы арқылы немесе жеке азаматтар тарапынан, заң арқылы немесе басқа жолдар арқылы қысым көрмей, қорқыту саясатына ұшырамай, қалаған дініне сену, оның ақидаларын еркін орындау, сенген дінінің құлшылығы мен мінәжатын сол діннің негізі, ереже-қағидасы және тілінде жүзеге асыру, сол дін туралы ойлары мен білімін ауызша немесе жазбаша жаю, сол дінді еркін үйреніп, басқасына еркін оқыту, мемлекет тарапынан белгіленген заңға сай әрекет ету шартымен жеке немесе қоғамдық жағдайларда өзінің сенген дінінің жолымен жүру мүмкіндігі деген сөз».

Ал мектепке келсек, қай атаңыз ұрпағын ілімнен алып қашып еді? Кешегі қылышынан қан тамған Кеңес өкіметін ойлаңыз! Ол қандай ел еді? Дінсіз ел еді. Молда мен ғұлама атау­лыны жеті матап байлап, мойнына бұғау, қолына кісен, аяғына тұсау са­лып итжеккенге айдатқан жоқ па еді? Міне, сол өкімет сөйте тұра, өз мектебін ашты. Сонда елде молда атаулы қалмаса да, дін білетін сауатты ата-әжелер қалды. Бірақ солардың қайсысы ұрпағын мектептен алып қашып еді? Қайта «ілім алсын, азамат болсын» деп мектепке жарыса берген жоқ па еді. Сол ұрпақ кейіннен азамат болып елдің тұтқасын ұстайтын белеске жеткенде атқа қонып, егемендік сеңгіріне арқан лақтырып, өрледі. Ал сол кезеңде сол мектепте дінсіздік деген арнайы бір-екі дәріс болса да, күллі жаратылыс дәрістері мешіттің сабағындай еді. Олар Алланы жоқ дей отырып, жаратылыс пәндері арқылы Алланың барлығы мен бірлігін, шеберлігі мен құдіретін айтатын еді. Химия, физика, математика, биология, т.б барлық жаратылыс дәрістерінің әрбірі Алланың тоқсан тоғыз сипаттарын тарқатып, жеке-дара сыр шертетін. Еуропалық бір биолог ғалымның сөзі бар еді, «Иманым әлсіресе, лабораторияға мешітке асыққандай асығамын», деген. Өйткені, бір хадисте жаратылысқа қарап бір сағат ойлау бір жылдық нәпіл құлшылықпен тең деп айтылады.

Біз кеше неге бір ғасырдай мешіт пен діннен мақұрым қалдық? Оның себебі, Алланың жаратылыс кітабынан қашқандығымыз болды. Алланың жаратылыс кітабынан қашқанымыз үшін бізге түсірген кітабы Құранды түсінуден қалдық. Осының кесірінен біз өзімізге пәле тілеп алдық. Бұл өмірде кім Алланың жаратылыс кітабын терең түсінсе, сол осы дүниенің тізгінін қолға алады. Міне, тізгінін қолға алған дінсіз адамдар онымен қоймай, бізге де тізгін салды. Соның зардабын кей жағдайда әлі күнге тартып келеміз.

Жақында бір африкалық хафыздың әңгімесін естідім. Ол елде халықтың 40 пайызы хафыз, қалғаны жарты, ширек хафыздар екен. Бірақ әлемнің ең төмен елдеріне жатады. Тіпті, тағы сол елдердің бірінде алты уақыт азан айтылып, мешіттер түнгі намазда да аузы-мұрны толып жатады екен. Бірақ олар да артта қалған елге жатады. Бірақ Аллаға жақын болған осы елді Алла жарылқамайды дейсіз бе? Жарылқайды. Өйткені, Алла әлемді Рахман сипатымен жаратқан. Кім бұл дүниені сұраса, еңбектеніп бейнеттенсе, соған береді. Құран кітабын тек ақырет үшін ғана меже тұтқандарға Құдай тағала ақыретте сауабын береді. Бірақ жаратылыс кітабын оқымағаны үшін бұл дүниенің кілтін бермейді. Сол елдер Құранды жатқа білсе де, Аяттарға терең бойлауды білмейді. Бейне-бір теңіздің бетінде қайықпен балық аулаған секілді. Мақсат – теңізге терең бойлап, інжу-маржан қазынасын шығару. Сонда байлық болмақ. Құраннан мақсат – оны түсініп, іске асыру. Сол африкалық елдер өздерін отар еткен әһлі кітапты өте құрмет тұтады екен. Азын-аулақ еліне жол салып, техника алып келгені үшін. Бірақ сол әһлі кітап сол елдерге ешқашан өздері тәрізді мектеп, университет ашпайды. Өздерімен тең болмас үшін. Бірақ олар әһлі кітап бұл дүниеде дүниелік бақыт ғұмырын кешеді, ал ақыретте бақыттан мақұрым қалады.

Осындай жағдай біздің елде де, басқа араб елдерінде де көп кездесіп жатады. Мысалы, өзімізді алайық. Қазіргі таңда дінге бет бұрған жас­тар көп. Халық та көп. Олардың көп әңгімесі фиқһ пен ақида мәселесі. Онда да бұрынғыдай мүштаһидтер болмағаны үшін көп мәселенің бетін аша алмай жатады. Ал Құран мен жаратылыс кітабын салыстырып, иманын арттыруға пікір таластырып жатқан ұрпақ кемде-кем.

Біздің елде де жаратылыс пәні бөлек, Құран бөлек ғұмыр кешуде. Тіпті, әлемде дін мен ғылым деген пәннің өзін зорға кездестіресіз. Оқулық жоқтың қасы. Атамыз әл-Фараби айтқан еді деуден ары аса алмаймыз. Ақиданы айтамыз, онда да Алланың затын айтып, сипатына жете алмай жатамыз. Аршты айтқанмен, әрі асып, Аллаға жете алмай жатамыз. Фиһты айтамыз. Оны қазіргі ғылыммен байланыстыра алмаймыз. Иманмен ұштастыра алмаймыз. Дінді тануға, фиһты, ақи­даның тәсілдерін, дәлелдерін тануға асығамыз, ал Алланы тануға асықпаймыз. Қайта, Аллаға шүкір, біздің елде мектеп бар. Ал көптеген мұсылман елдерінде бұл да жоқ. Болғанымен көбі балаларын мектепке бермейді. Соның салдарынан қазір сол елдер қараңғылықтың зардабын тартуда. Ақиқат пен жалғанды айыра алмауда. Егер біздің ел де ұрпағын мектептен айырса, соның халін көп ұзамай кешпек.

«Зайырлылық дінге жат» дейді. Қараңыз! Біздің елдің бір құндылығы – адамның жеке басына мән беруі. Яғни, оның білім алуына, денсаулығын сақтауға, жұмыс істеуіне, демалуына жағдай кеңінен қарастырылған. Атап айтқанда, балалардың мектепке барып білім алуы заңмен міндеттелген. Білім алу – Исламның ең басты құндылығы. Құран адамзатқа не үшін түсті? Құранмен адам қайткенде бірге өмір сүре алады? Әрине, ілім, білім алған кезде ғана бұл орындалады. Сол себепті Құранның ең алғашқы аяты «Оқы! Жаратқан Алланың атымен оқы!» деп түсті. Алланың бұл жерде «Оқы!» деп отырғаны қай кітап? Екі кітап. Бірі – Құран кітабы, енді бірі – жаратылыс кітабы. Ал жаратылыс кітабын оқымаған Құранды дұрыс түсіне алмайды. Мектеп қабырғасында оқытылатын барлық химия, математика, биология, тағы басқа пәндердің бәрі де Алланы тануға жол ашады.

«Мектеп» деген сөздің өзі арабша сөз. Алланың кітабын, жазуын оқытатын жер, орын деген сөз. Яғни, мешіт тәрізді қасиетті орын. Кешегі кеңес заманында мұғалімдер дінсіз болса да, Алланың кітабын оқытып келді. Сондықтан, бүгінгі таңда мектептің формасы «хиджабқа» сәйкес келмейді деп, баланы Алланың ең маңызды парыз еткен ілімінен айыруға болмайды. Құраннан алшақтап, Пайғамбарымыз айтқандай, «бір заман келеді Құран басқа қойнауда, мұсылман басқа аңғарда өмір сүреді» дегенге тап болғандаймыз.

Мен мына нәрсені ашық айтқым келеді. Баланы мектепке жібермей «жаһил» ету – ең үлкен күнә, ең үл­­кен харам. Балаңызды мектепте Құранның тәпсір кітабы саналған жаратылыс пәндерін оқытуға жібересіз. Мектептен тыс мешітке жіберіп, Құранды оқытасыз. Міне, бұл – мем­лекеттің кеңшілігі. Бұл ретте ата-аналарға мемлекеттік мекемелердегі зайырлылық қағидаттарының шеңбері мен мүмкіндіктерін заң тұрғысынан түсіндіру қажет. Негізінен, елдегі діни ахуалдың жауапкершілігін мойнына алып отырған ҚМДБ өкілдері осындай психологиядағы жастарға, олардың ата-аналарына Ханафи мазһабы бойынша уақыт пен кеңістіктегі шарттар негізінде әрекет етулері керектігін қоғамдық пайда тұрғысынан (мемлекеттің заңына бағыну) түсіндірулері абзал.

Автор:
Мұхиддин ИСАҰЛЫ, теология ғылымдарының докторы, дінтанушы.