Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҚАЗАҚСТАН-РЕСЕЙ: Ықпалды ынтымақтастық


26 октября 2015, 04:19 | 1 802 просмотра



Білім кеңістігіндегі тамырластық

Қазақстан тәуелсіз ел болғалы әлем­дік білім-ғылым ықпалдасуына замана сұранымы мен мемлекеттік мүдде тұрғы­сынан қарап келеді. Бұл бағытта бірне­ше басым бағыт айқындалды: бірін­ші – әлемдік деңгейдегі университеттер­мен, ғылым орталықтарымен байланыс орнату, маман алмасу; екінші – күні кеше бір одақта болған елдердің орнық­ты тә­жірибесін үйрену. Мемлекеттік «Бола­шақ» бағдарламасынан бастап, қазіргі ұт­қыр­лық аясында дүниежүзінің іргелі оқу орын­дарына барып, білім алып, білік кө­теріп жатқан қадамымыз – бірінші бағыт болса, екінші бағыттың сүбелісі – М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мем­ле­кеттік университетінің (ММУ) Қазақстан филиалы. Шанхай ынтымақтастығы ұйымы университеттері қауымдастығына кіруіміз де осы бағытты салаландыра түседі. Оның үс­ті­не бүгінгі геосаяси әлемде Ресей-Қы­тай қарым-қатынасы жаңа деңгейге көте­рілді: бұрынғы өзара сыйластық құнды­лық­тарының трансформациясы жүріп жатыр.

Тарихи «МГУ» десе, Мәскеудің түр-тұр­паты керемет оқу ғимараты жадымызда жаңғырса, «МГУ-дің немесе ММУ-дің Қазақстан филиалы» десе, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жаңа оқу-зертханалық ғимараты еске тү­седі. Мұның өзіндік мәні де бар.

1994 жылы Елбасымыз Мәскеу мем­лекеттік университеті мінберінен Еура­зиялық экономикалық одақ идеясын мәлім етті. Арада екі жыл шамасында болашақ елорда деп үкіленген жерде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің негізі қаланды. Аталған оқу орнының қанаты қатая бастаған шақта Мемлекет басшысы білім мен танымның жаңа серпінін нұсқады. Ол Еуразия университеті базасында М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалын ашу идеясы еді.

Сол тарихи сәттерді ММУ ректоры В.А.Садовничий былайша ықыласпен еске алады: «Мен Қазақстан Президенті Н.Ә.На­зарбаевтың кез келген мәселені алыс­тан болжап шешетініне қайран қала­мын. Ол кісінің болашақ туралы ойы тек жа­сампаздықтан тұрады. Сол үшін де біздің ғылыми орта Нұрсұлтан Әбішұлын ерекше бағалайды. Мәскеу мемлекеттік университетінің бір мезгілде әрі құрметті докторы, әрі құрметті профессоры болған жалғыз ғана Президент бар. Ол – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Есте болар факт: Н.Ә.Назарбаев маған Қазақстан филиалын ашу туралы идеяны әлдеқайда бұрын айтты. Бірақ посткеңестік жағдайда көп заң өзгеріп, мүмкіндіктер шектелген еді. Тіпті, ММУ Жарғысында филиал ашу туралы бап та жоқ болатын. Ақыры Қазақстан басшысы өз бастамасы мен идеясын орындамай қой­мады. Нәтижесі – көз алдарыңызда. Кейін басқа мемлекеттер сіздерден үлгі алды…».

Астанадан М.В.Ломоносов атындағы ММУ-дің Қазақстан филиалын ашу туралы шешім 2000 жылы 30 тамызда сол университеттің жоғары органы – Ғылыми кеңесінде қабылданды.

Осы жылы 9 қазанда Ресей Феде­ра­циясының Президенті В.В.Путиннің ­Қа­зақ­­станға жасаған алғашқы ресми сапары барысында ММУ ректоры, академик В.А.Садовничий мен Білім және ғылым министрі Қ.Көшербаев Астана қаласында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік уни­вер­си­тетінің Қазақстан филиалын құру туралы хаттамаға қол қойды.

Бұл құжатқа мынандай іргелі мұраттар енді: бірінші, ғылым-білімдегі өзара тү­сіністік пен ықпалдастық; екінші, маман әзірлеудің жаңа тұжырымдамалық деңгейі; үшінші, дәстүр мен академиялық еркіндікті қатар ұстау.

Тағы да таяу тарихқа көз салайық: 2000 жылы тамыз бен қазандағы жоға­ры­да айтылған нақты шаралардан кейін, 1 желтоқсанда Мәскеу мемлекеттік универ­ситетінің ректоры, академик В.А.Са­дов­ничий Қазақстан филиалын құру туралы РФ заңдылығына сай бұйрық шы­ғарды. Осымен бір мезгілде Ресей Феде­рациясының Білім министрлігі мен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі «Астана қаласында ММУ Қазақстан филиалын құру туралы» келіс­кен шешімге қол қойды.

Бұл тарихи шешім туралы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінің сол кездегі ректоры, қоғам қайрат­кері М.Жолдасбеков былай дейді: «90-жыл­дардың экономикалық қиындығынан енді құтылған кез. Құдайы көршілермен достаса отырып шекараны шегендеу, пікірлесе отырып аймақ тыныштығын сақтау – Нұрсұлтан Әбішұлының асыл мақсатына айналды. Бір кезде көздің ұшындағы, талайдың арман-қиялындағы ММУ-ды бір есігін Астанадан ашып, жас­тарымызды үлкен мектепке енгізу – ол да Нұрекеңнің ақылы еді. Тапсырманың аты – тапсырма, күндіз отырмадық, түнде ұйықтамадық, бір кезде көмекшім, сол шақта министрім болған Қырымбек Елеуұлы бар, Астана-Мәскеу арасын шарлап жүріп, елеулі олжаға кенелдік. Ол – білім, ғылым, тату­лық олжасы еді…».

Осы уақыттан нақты оқу үдерісін бастауға даярлық жұмыстары жүргізілді. ММУ Қазақстан филиалы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің негізінде ашылғандықтан, аталған оқу орнының әр кездегі басшылары Мырзатай Жолдасбеков, Сәрсенғали Әбдіманапов, Бақытжан Әбдірайым, басқа да аты мен заты, мектебі бар ғалымдар филиалдың қалыптасуына елеулі үлес қосты. «Көңіл сыйса, бәрі сыяды» дегендей, университет оқу дәрісханаларын, қажетті материалдық базаны, студенттер үшін жатақханадағы орынды сұранысқа сай тең бөлді. Мәскеу мемлекеттік университеті мен Еуразия ұлттық университеті арасындағы ғылыми, мәдени ынтымақтастық одан сайын артты.

Тіпті, бұл жағдай Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының жаңа деңгейге көтерілу кезеңімен тұспа-тұс келді. Бір кезде Еуразия ұлттық университетінде орнықты, табысты қызмет істеп жүрген ғалымдар филиалға толық тартылды немесе екеуінде де бірдей жұмыс істеді. Ғылыми деңгей де үнемі көтеріліп отырды. Мысалы, танымал фольклортанушылар, ғылым кандидаттары Т.В.Кривощапова, Г.И.Власова академик С.А.Қасқабасовтың кеңесшілігімен филология саласынан докторлық диссертация қорғап, филиал әлеуетін көтерді. Сондай-ақ, филиалда қызмет істейтін танымал ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы Е.Д.Нұрсұлтанов Еуразия ұлттық универ­ситеті ғалымдарымен бірлесіп, іргелі ғылыми жобаларды орындады. Бү­гінде халықаралық рейтингте жоғары баға­ланатын Еуразия ұлттық университетінің «Еуразия математик журналын» шығаруға ММУ математиктері де тұрақты атсалысатынын риза көңілмен айтамыз. Ал, екі оқу орны филологтары бірлесіп өткізетін дәстүрлі «Русистика күзгі мектебі» – тамаша шеберлік алаңы дей аламыз. Осындай байланыс экономистер мен экологтардың арасында да бар. Қарым-қатынастың салаланғаны сол, біз мемлекеттік жоспарға сай, ММУ-дің өзінен тікелей білікті профессорлар шақыра бастадық.

Десек те, кез келген оқу орнының не­месе оның бөлімшесінің қалыптасу кезін­де көп жағдай оны кім басқаратынына қа­тысты. Студенттердің сапалы деңгейде оқуын, шынайы оқу үдерісін ұйымдастыру негізінен филиал басшылығына жүктелді. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры, академик В.А.Садовничий ММУ Қазақстан филиалының директоры міндетін сол оқу орнында проректор болған профессор Александр Сидоровичке жүктесе, Еуразия университеті құрылымның ұлттық-халықаралық маңызын ескеріп, директор орынбасары қызметіне әлемге танымал математик, академик Мұхтарбай Өтелбаевты ұсынды. Ендігі жерде жаңа Астана өміріне Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қалай кіріксе, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Қазақстан филиалы да солай табиғи түрде үйлесе бастады.

Қаржы көзіне келсек, филиалға Қазақ­стан Республикасы мемлекеттік білім тапсырысын беретіндіктен, барлық шығын рес­публика бюджетінен төленеді. Бізді үйлестіретін тағы да бір халықаралық қауым­дастық бар. Ол – Университеттердің еура­зиялық ассоциациясы. Бұл ұйымның жетек­шісі – ММУ, біз – орынбасар универ­ситетпіз. Ғылым мен білім, ықпалдастық пен академиялық еркіндік мәселесін тал­қы­лай­тын ділгер жиындарды бірлесе өткіземіз.

2003 жылы 9 сәуірде Еуразия ұлттық университетінің жаңа оқу-зертханалық ғи­маратын ашу салтанатына келген Президент Н.Ә.Назарбаев: «Бұл оқу орнының жаны да, рухы да еуразиялық болатынына се­немін. Гарвард, Оксфорд бірден тұра қалған жоқ. Үлкен еңбекпен қалыптасып дамыды. Жоғары білікті маман даярлау үшін Еуразия университетінің Мәскеу мемлекеттік университетімен, ТМД мен шетелдердің басқа да университеттерімен тығыз байланыста болуы аса маңызды», деп зор міндеттер жүктеп кетті.

Осы жолы Елбасы ММУ-дың филиалын да аралап көрді. Бұған байланысты филиал басшылығы естелік кітабында: «Қазақстан Республикасы Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаевтың осы бір та­маша күні айтқан кеңестері мен нұсқау­лары біздің қарекетіміздің сипаты мен қағидаттарын шешуші дәрежеде белгілеп берді», деп жазды.

Содан бергі он бес жылдың ішінде ММУ филиалы Елбасы сенімін ақтап келеді. Бұл – тарихи оқу орнының ғана емес, біздің де қуанышымыз. «Уақыт – таразы» дегендей, филиалдың құрылып жұмыс істеп, нәтижеге жетуі Ресей мен Қазақстанның ғылыми және біліми байланыстарының дамуындағы маңызды кезең екені айдан анық.

2006 жылы Еуразия ұлттық уни­вер­си­тетінде бүкіл Қазақстан жастарына ар­нап оқыған дәрісінде Елбасы: «Біздің аста­намызға келген көп елдің мемлекет басшылары Еуразия ұлттық университетінде дә­ріс оқығанды мақтаныш санайды. Ол халықаралық деңгейге көтерілді. Оның жанында Мәскеу мемлекеттік универ­си­тетінің филиалы жұмыс істейді», дегені есімізде. Бұл тарихи сөз екі оқу орнының әрі табысын, әрі бағдарын көрсетті.

Филиалдың 15 жылдық асуы – Пре­зи­дент Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз Қазақ­стан­ның білім-ғылым бағытын дамытудағы тұжырымдамасының нәтижесі. Бұл асу сон­дай-ақ, отандық білім ықпалдастығын өріс­тетудің, еуразиялық кеңістікті нығайтудың табысты жолын да көрсетіп отыр.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің математика, физика, экономика, экология, филология мектебі білімнің қос өзенінің әлем мұхитына құя­тынын жақсы сезінеді. Сондықтан ғалым­дарымыздың бір ғылыми форум, кон­ференция, семинар сынды форматтарда, шәкірттеріміздің ортақ танымал ғалым­дардың алдында бас қосқанын сәттілік деп есептейді.

Нақтырақ айтсақ, соңғы жылдарда студенттер аудиториясында дәріс оқы­ған ММУ ректоры, академик В.А.Са­дов­­ничийден бастап, осы оқу орнының В.Н.Чубариков, Г.А.Чечкин, С.Д.Икрамов, В.Е.Бенинг, М.М.Голубков, А.В.Леденов, А.Н.Варламов, Б.И.Бояринцев, В.А.Ионцев, Ю.В.Тарануха, И.В.Кобзева, В.Р.Битюкова, Ю.Л.Ма­зуров, т.б. профессорларының жаңа­шыл дәрістері білімгерлерімізді тәнті етті.

Халық «Қазақстандағы ММУ» атаған үлкен білім-ғылым мектебіне жыл сайын бас оқу орнынан 160 ғалым келіп дәріс оқи­ды екен. Ал, енді осында оқитын қазақ­стандық жастар жоғары курстарда білімді Мәскеудің өзінен барып алатыны және сонда дипломдық жұмыстарын қорғайтыны – елеулі факт.

Оқырман есінде болатын және бір мәлімет: ММУ-дің Қазақстан филиалы өз мемлекетіміздің білім және ғылым заңдылықтары аясында жұмыс істейді. Білім үдерісіне Қазақстан тарихы, қазақ тілі секілді маңызды міндетті пәндер енгі­зілгенін де айта кету керек.

Филиалда жыл сайын «Ло­моносов оқулары» атты ха­лықаралық ғылыми-тео­рия­лық конференция өтеді. Оның жұмысына Еуразия универ­ситетінің жас ғалымдары белсене қатысады. Студент-жастардың «Тәңірі», «Пегас», «Достық» шығармашылық бірлестіктері де – қос оқу орнының өсу және тәжірибе алаңы. Таяуда ғана пайдалануға берілген және біз бітіруге көп күш-жігер жұмсаған 500 орындық «ММУ Қазақстан филиалы Студенттер үйі» бұл рухани бауырластықты одан әрі арт­тырады деп сенеміз.

ММУ филиалы бакалавриатын бі­ті­рушілердің 35 пайызы Мәскеу универ­си­те­тінің өзіне, СПбУ, Жоғары экономика мек­тебіне, шетелдердің таңдаулы оқу орындарына магистратураға түседі.

Мәскеу мемлекеттік университетінің құрылымдық бөлімшесі ретінде ойдағыдай дамып келе жатқан филиалдың жұмыс барысын бірінші күннен оның ректоры академик В.А.Садовничий жіті бақылап отырды. Қалыптасқан дәстүрге сай жылына бірнеше мәрте бас оқу орнынан факультет декандарын, маман даярлайтын кафедра меңгерушілерін ертіп әкеледі. Осы сапарларында Еуразия ұлттық университеті кафедраларымен байланыс арта түседі. Таяуда ғана В.А.Садовничий арнайы келіп, «Студенттер үйінің» ашылу салтанатына қатысты, студенттерге дәріс оқыды, ғылыми-зиялы қауыммен жүздесті. Осы сапарында ол: «Жастарымыз Н.Ә.Назарбаевтың сенімін ақтайтынына сенемін. Олардың білімге ұмтылысы мен жауапкершілігі ұнайды» деді.

Рас, ММУ Қазақстан филиалының же­тіс­тіктерін Елбасымыз да, ел Үкіметі де лайықты бағалап отыр. Құрылым аз жыл­дың ішінде Қазақстан еңбек нары­ғының сұранысын сапалы деңгейде қанағат­тандырып келеді. Филиал түлектері Пре­зидент Әкімшілігінде, министрліктерде, ұлт­тық компанияларда, ғылым және білім ұйымдарында жауапты қызмет істейді. Олар Қазақстанның ғана емес, Еуразия кеңіс­тігінің дамуына үлес қосып жүр. Осыны ескеріп, Астана қаласы әкімдігі елор­даның көрнекті жерінен оқу ғимаратын салуға жер телімін бөлді. Бұйырса, қос уни­вер­ситет те кеңейетін күн алыс емес. Ниет – түзу, ізденіс – мол, әлеует – зор, жауап­кершілік – биік.

Елбасымыз бір сөзінде: «Қолымыздан – қай­рат, санамыздан ақыл кетпесе, жақ­сылыққа жетеріміз хақ» деп еді. Отаны­мыздың жақсылығы үшін ашылып, білім кеңістігінде өз жолын тапқан әрі көрші, әрі тамырлас оқу орны жауапты кезеңде биік деңгейден көріне берсін деп әріптестік тілегімізді жеткіземіз.

Автор:
Ерлан СЫДЫҚОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик. АСТАНА.