Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Түлектердің жүрегінде от жанды


24 мая 2010, 14:47 | 1 861 просмотр


Ақжолтай

Алматы облысына арнайы іссапармен келген Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев су тасқынынан зардап шеккен Ақсу ауданындағы Қызылағаш ауылына арнайы ат басын бұрды. Министр ол жерде Қызылағаш пен Егінсу ауылдарындағы биылғы мектеп бітіруші түлектермен жүздесті. Кездесу барысында оқушылардың Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысу мәселесі талқыланды. Жансейіт Қансейітұлы өз сөзінде табиғат апатынан зардап шеккен елді-мекендердің биылғы жылғы түлектеріне ҰБТ-ны белгіленген күні емес, бір жарым ай кейін шегеріп, шілде айының 19-ы мен 26-сы аралығында тапсыруға мүмкіндік жасағандығын атап өтті.

Емтихан барысында оқуға қабылдануға тиіс ең төменгі 50 балл алған оқушылар конкурсқа түскен жағдайда оқуға қабылдануға жеңілдік көрсетіледі деп бір қуантып тастады. Сонымен бірге, сол ауылдағы жоғары оқу орнында ақылы бөлімде оқып жүрген студенттердің барлығы екінші жартыжылдықтың ақысын төлемейтіндігін және жатақханаларында тегін тұратындығын жеткізді. Бірақ, өз кезегінде сөз алған оқушылар Елбасына, Білім және ғылым министріне, облыс басшысына перзенттік жүректерінен қолдау көрсеткендеріне алғыстарын айта келіп, ҰБТ-ны бір жарым ай кейін шегермей, 4 маусым күні барлық оқушылармен бірге тапсыруға мүмкіндігіміз бар деген уәж білдірді. Балаларының бұл тілегін ата-аналары да қоштады.

Оқушылар су тасқыны өткеннен кейін-ақ облыстық білім басқармасы мен аудандық білім бөлімі басшыларының қадағалауында мектеп бағдарламасынан кеш қалмай өз уақытында білім алуға мүмкіндік жасағандарына алғыс айтты. Келесі кезекте сөз алған облыс басшысы Серік Үмбетов Егінсу мен Қызылағаш ауылдарына жасалып жатқан жоғары деңгейдегі көмектерді айта келіп, алдағы уақытта өтетін сессияда арнайы шешім шығарып, мектеп бітіруші түлектерді облыс әкімінің грантымен оқытатынын айтып, ата-аналар мен оқушылардың көңілін серпілтіп тастады. Сонымен қатар, алдағы оқу жылында жоғарғы оқу орнында ақылы бөлімде оқып жүрген студенттерді де әкім грантына өткізетінін баса айтты. «Бүгінгі таңға дейін жоғары оқу орындарында 273 студент әкім грантының иегерлері екен. Мұндай жеңілдік республикамыздың басқа аймақтарында дәл осындай деңгейде емес.

Сондықтан, айналайын ұл-қыздарым, сендерге жасалып жатқан осындай жеңілдіктерді жүректеріңмен сезініп, басты міндеттерің білім алып, білікті азамат болу екендігін естеріңізден шығармаңыздар. Жастардың оқуына, жарқын болашағына Елбасының өзі қаншалықты қамқорлық жасап жатқанын көріп отырсыздар. Бүгін арнайы жүздесуге келген Жансейіт Қансейітұлы да сіздерге үлкен қуанышты хабарды жеткізуде. Қолдау мен көмек бар, ары қарай нәтиже шығару өз қолдарыңызда», – деген жүрекжарды лебізін жеткізді облыс басшысы. Сөз соңында, Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев бірқатар мектеп директорлары мен мұғалімдерді марапаттады.

Атап айтар болсақ, Ілияс Жансүгіров атындағы мектептің директоры Әділғазы Байтұмақов пен мұғалім Раушан Иманқұлова білім саласына сіңірген еңбектері үшін «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталса, ұстаз Тұрсынай Бектемірова, Ақтоған ауылының мектеп директоры Тұрсынғали Асылбаев, Егінсу ауылынан келген мұғалім Жанар Ахметова және қызылағаштық Бақжамал Қыдыкеновалар Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасына ие болды.

Сөйтіп, Астанадан келіп, арнайы ат басын бұрған Жансейіт Қансейітұлы түлектердің жүрегіне от жағып қайтты.

Автор:
Ж. ОСПАНҰЛЫ.