Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Ұстаз - ұлағатты ұғым


11 декабря 2015, 04:01 | 1 782 просмотра



Ұстаз... Қандай қасиетті сөз! Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі -Ұстаз.

«Ұстаз» деген қазақ баласы үшін қашанда қасиетті, қадірлі болған. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «ұстаз алдын көрген» деген сөздер құлаққа «ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады. Алғаш әріп танытып, өмірдің қыр сырын білуге, сан қилы құбылыстарын терең түсінуге мұрындық болып, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алары анық. Ұстаз әр адамның жанына білім дәнін сеуіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді.

Біздің ойымызша, кез келген мұғалім ұстаз бола алмайды. Себебі, ұстаздық өнер - тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез келген адамға қона бермейді. Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген тегін айтылмаса керек.

Дүниедегі сыйлы адам да ұстаз. Себебі, шәкірт өнер, білім, әдеп тәрбие, кәсіп үйреткен адамының алдында өзін өмір бойы қарыздармын деп санап, ұстазының көзі тірісінде өзін, өлгеннен кейін аруағын сыйлап, ардақтап өтеді.

Білім негізі бастауышта қаланатыны белгілі. Бастауышта оқитын әр бала білім алып қана қоймай шығармашылықпен зерттей білуге үйренуі керек. Білім алуда іс-әрекетке үйренген баланың бойында алған білімі ұзақ уақыт сақталады және ол жұмыс істеуге , ізденуге , таңдауға т. б. үйренеді.

Жеке тұлғаны дамытып, қалыптастыратын – бастауыш сынып мұғалімі.

Осыған орай оқушылардың алған білімдерін тиянақтау, бекіту, нақтылау, логикалық ойлау қабілеттерінің, ықпал ету, тіл байлығын арттыру, сөздік қорын молайту барысында Мерекебаева Айжан Кудайбергенқызының сыныбында «Тәрбие басы-талбесік» демекші ата-аналардың қатысуымен өткізілген тәрбие сағатына тоқталғымыз келеді. Әрбір өткізілген тәрбие сағаттарында, балаларды өз халқының салтына, мәдениетіне, асыл сөзіне терең бойлай келе, елінің, жерінің қадір қасиетін түсініп, құрметтей білуге, елін, жерін сүйетін нағыз елжанды ұрпақ тәрбиелеу мақсатында өткізілгеніне куә болып жүрміз. Мысалы: салт-дәстүрді санамыздан шығармау мақсатын да «Баланы бесікке салу» дәстүрі атты тақырыпта өткізілген тәрбие сағатына тоқтала кетсек, балалар өздері ұлттық киімде бастарында орамалдарымен баланы бесікке бөлеу барысында алдымен халқымыздың бесікті қалай құрметтейтіндігіне, оны саудаламайтынына, бесіктің бала үшін маңызы зор екендігіне соның ішінде бала денсаулығына үлкен пайдасы бар екендігіне тоқталып өтті.Баланы бесікке бөлер алдында «Аластау» ырымын жасап көсеумен, отпен аластап шықты. «Шашу» сияқты ырымдарды өздері жасап, сахналап көрсетті. Бесіктің көрпе-жастығын салғанда пәле-жаладан сақтасын деген ұғыммен айтылған сөздері көңілге қонымды.Бесіктің белбауын, аяқбауын байлағанда жақсы ырым сөздерді сәби жүректерімен нақышына келтіре айтып жатқандары көңіл қуантады.

Әженің батасын, анасының тілегін тақылдата айтып беріп,көрермендер көзайымына айналды. Соңынан «Бесік жыры» айтылды.

Бұл тәрбие сағатынан балалар ғана емес жалпы жас ата-аналар да өздеріне үлкен өмірлік сабақ алды деп ойлаймыз. Себебі баланы бесікке бөлеудің қаншалықты маңызды екендігіне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Ал Айжан апайымызға тек алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Оқушылары әрқашанда осындай қырағы да зерек, өнерлі де ынталы болып тек алдыңғы шептен көріне беруіне тілектеспіз.

Автор:
Ата-аналары: Бримбетова Орынбасар, Доспамбетова Әлия Кербұлақ ауданы Қоғалы ауылы.