Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Ел бірлігі – мызғымас күш


22 декабря 2015, 11:52 | 993 просмотра



Біз басына бақыт құсы қонған елміз. Сол бақытты ұстап тұру жолында Ұлы Далаға иелік еткен қасиетті ұлтпыз. Жүсіп Баласағұн: «Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ» деген. Байтақ даланың ұлтарақтай жерін де жауға бермей, өз ұрпағына бұйырғанын қалаған Қазақ елі – күрескер, батыр ұлттың ұрпағы. Тарих қойнауында ғасырлар бойы ғаламат күшпен қорған болған еңсегей бойлы батырлардың есімдері қаншама? Қазақ хандығын сақтаған қаншама хандар мен сұлтандар үш жүздің басын қосып, бірлігін нығайтты. Әділетті басшылар ел мен жер дауын шешуде әділ заңды бекітті. Тәуке ханның «Жеті Жарғысының» өзі адам құқықтары мен бостандықтарын сақтауда сол заманның конституциясы еді. Ұлттық болмыс-бітімі қалыптасқан, шұрайлы да әуезді тілі бар, салт-дәстүрі қалыптасқан қазақ халқы бүгінде Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Ұлы Дала империясының мұрагері ретінде «Мәңгілік» болуға бағыт алған Ұлы Дала еліне айналды.

Замана толқынының ауырын да, жеңілін де қабыл алған қазақ халқы – ешбір қиыншылыққа мойымаған төзімді ұлт. Біз жылдар бойы сынала жүріп шыңдалған елміз. Алысты айтпағанның өзінде, ХХ ғасырдағы ашаршылық нәубеті, отыз жетінің қырғыны, сұм соғыстың сұрапылы қазақ халқының шыдамдылығын қайрайды. Сол жылдардағы қиын¬шылық Алаштың парасатты азаматтарына да, ел тұтқасын ұстар талай алыпты дүниеге әкелетін аналарына да ауыр соққы болды. Бірақ та даладай дархан әрі дана халық өзінің мүшкіл жағдайына қарамастан, еш мойымастан тағдыр тезінен теперішке ұшыраған, пана іздеп келген қаншама ұлттың өкілін қабылдап, жат жерге келгендіктерін сезіндірмей бауырына басты. Әлеуметтік-экономикалық жағдайлар орын алған талай жылдар ішінде қазақтың қасиетті даласын жүздеген ұлт пен ұлыстың өкілдері Отаны ретінде танып, бейбіт күнді кешіп келеді.

Қазақта «Тоқтығында жараспаған, аштығында қараспайды» деген дана сөз бар. Қиын-қыстау заманда ниеті кең ағайын алыс-жақын аймақтан пана сұрап келген жандарға қазанын көтеріп, жәрдемдесті, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін де қанаттыға қақтырмады, тұмсықтыға шоқыт¬тырмады. Әрине, егемендікті жария¬лап, дербестік алған соң жағдай бір күнде түзеліп кетпегені бәрімізге аян. Дегенмен, абдырап қалған ағайын жан-жаққа тараған жоқ, ынтымақтың соңы игілікке жеткізетініне сеніп, сабырлық танытып, басшыға сенім білдірді. Тәуелсіз елдің халқы Тұңғыш Президентін сайлап, даму жолының сәулелі болашағына зор үмітпен қарады.

Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев халықтың үміті мен сенімін ақтау жолында баламасыз тың идеяларды ұсынып, ұлттық экономиканың стратегиясын құрып, білім, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы секілді республиканың өркендеуіне негіз болатын салалардың әрқайсы¬сын дамытатын, ел игілігіне жұмыс істейтін ірі-ірі реформаларды жү-зеге асыруға барлық күш-жігерін жұмсады. Ең бас¬тысы, мемлекеттің басты қазынасы – халықтың құқығы мен бостандығын қорғайтын, елдің бүтіндігін сақтайтын, бірлікке үндейтін үлгі дүниеге келді. Ел дамуына септігін тигізетін Ата Заң қабылданды. Ұлт пен ұлысты ұйыстыратын, татулық пен достыққа үндейтін Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Биылғы мерейтойлар жылында осы ұйымның 20 жылдығына арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Біз тірі қалдық, топтаса білдік, қатыгезденген де жоқпыз, өшіккен де жоқпыз, ХХ ғасыр¬дың қатаң қасіреті үшін ешқашан ешкімді кінәлаған да емеспіз. Біз төтеп бере білдік, сталинизмнің бүкіл кінәсіз құрбандарына көмектестік, өз төңірегімізге барлық этностар мен конфессияларды біріктіре отырып, өз тәуелсіздігімізге бейбіт жолмен қол жеткіздік. Бүгінде де біздің еліміз толеранттылық, келісім мен бір-біріне деген сенім негізінде алға қарай қадам басуда», – деп ерекше атап өтті.

Жасыратыны жоқ, қиын-қыстау уақытта келіп байтақ даламыздың қасиетті ауасын жұтып, суынан нәр алған көптеген ұлт өкілдерінің ұрпақтары қазіргі таңда қазақтың жерін «Отаным!» деп танып, бір үйдің баласындай ғұмыр кешіп жатқан жайы бар. Олардың арасындағы «Қазақстан – ортақ үйіміз» деп оның өркендеуіне барша жан-тәндерімен үлес қосып жатқандарын көргенде елжірей қуанатының ақиқат.

Бірлік пен ынтымақта өміру сүру мәселесі алғаш дербестік ал¬ған жылдардан бастап айтылып келеді. Мемлекет басшысы «Кез келген елдің қуаты – оның халқының бірлігінде. Біздің этносаралық келісім тәжірибемізді неғұрлым көп ел пайдаланатын болса, әлем соғұрлым қауіпсіз болатынына сенімдімін», деп «жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынын» ұғындырып келеді. Алаш қайраткері Ә.Бөкейхановтың «Бізде бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт, махаббат жолына түседі» деген сөзі бар. Міне, егемендікке қол жеткізгенде тізе қосып әрекет етуге бастайтын ерен тұлғалы азамат елдің тағдырын мойнымен көтеріп, асқаралы міндетті жүктеп алды. Көш бастаған реформатордың дамуды кисық бастамағанына қа¬зір әбден көзіміз жетті. Оған бас¬ты байлық – ынтымақ арқылы бас¬тау алғанымызды мойындаймыз. Бұл біздің қоғамның күн тәртібінен ешқашан түспек емес. Сондықтан да, Елбасы «Қазақстан-2030» Стра¬тегиялық даму жоспарынан бас¬тап жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған әрбір Жолдауында ынтымақты ту еткен біртұтас қоғам құру мәселесін үздіксіз сөз етумен келеді. Бұл «Қа¬зақстан-2050» Стратегиясында да, «Нұрлы Жол» бағдарламасында да, 5 халықтық реформасында да, күні кешегі Жолдауында жалғасын тапты.

Елбасы 5 институттық реформасында, яғни «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында біртектілік пен бірлік мәселесіне арнайы орын беріп, бірнеше мәселелердің басын ашып көрсетті. 85-қадамда «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі жобасын әзірлеу туралы айтылса, 86-қадамда «Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» кең көлемді жобасын әзірлеу және жүзеге асыру, ол қазақстандықтардың біртектілігін нығайтады және азаматтық қоғамның бүтіндігін қалыптастыру үшін жағдай туғызады» деп көрсетілген. Біз осы жылдар аралығында өзіндік даму жолы қалыптасқан, әлемдік аренада орны бар мемлекет бола отырып, тыныштығымыз бен бірлігімізді сақтап, үміт пен сенімді ақтай білуіміз керек. Себебі, анталаған жауға ыдыраған халық қана керек. «Тозған қазды топтанған қарға алады» деген бар. Осы орайда кез келген кереғарлықта кем болмас үшін біртұтас ел екендігімізді әрдайым таныта білгеніміз жөн.

Елбасы қазақстандық біртектілікті сіңіріп, біртұтастықты одан әрі нығайтуға, ынтымақты арттыруға әрдайым шақырып, осы жолда қыруар жұмыстарды атқарып жатыр. «Барлық азаматтар құқықтың бірдей көлемін пайдаланатын, бірдей жауапкершілік жүгін арқалайтын және тең мүмкіндіктерді иеленетін болады. Азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, адалдық, ғұламалық және білімпаздық культі, зайырлы ел – толерантты ел, міне, Мәңгілік Ел идеясы база-сындағы топтастырушы құндылықтар осы. Бұл жағдайда азаматтық – орнықты және табысты мемлекеттің ең сенімді іргетасына айналады», – дейді Мемлекет басшысы. Әлемдегі түрлі оқиғалар мен қантөгістерді естіп-көріп жатқанда, әрине, еліміздегі орнықтылық пен тыныштықтың қадірі арта түседі. Техника мен технология дамып, адамзаттың өмір тіршілігінде уақытты үнемдеуге, жылдам хабар алуға, қандай істі болса да аз уақытта тындыруға мүмкіндік артып келе жатса да әлемде арпа¬лыс пен текетірестер жалғасып жа¬тыр. Сириядағы қантөгістер, Израиль мен Түркия мемлекеттерінің арасындағы жағдайлар, Украина мен Ресейдің арасындағы даулы мәселелер орын алып отырған уақытта Қазақстан халқының қандайда бір қиыншылықтарға сабырлылық танытып, ырысымызды төгіп алмауға, берекемізді кетіріп алмауға деген ниеті көңіл қуантады, әрі осыған тәубе дегізеді. Мұның барлығы Елбасы саясатының жемісі екені даусыз.

Біріккен Ұлттар Ұйымының 70-мерейтойлық жиынында мін¬берде тұрып әлемнің алпауыт мем¬лекеттерінің басшылары мен өкілдері алдында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті «Қазақстан халықаралық қатынастардағы өзара сенімді қалпына келтіруге, халықаралық құқықтың негізінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған барлық бастамаларды қолдайтындығын» атап өтті. Сонымен қатар, «Әлемді алаңдатып отырған маңызды мәселелер – терроризм, мемлекеттердің күйреуі, көші-қон және өзге де келеңсіз құбылыстар экономикалық дағдарыстың, ке¬дей¬шіліктің, сауатсыздық пен жұмыс-сыздықтың салдарлары болып табы¬латындығына» да баса назар аударды. Әлем жұртшылығының алдында келелі мәселелерді қозғап, кесімді пікір білдірген Елбасы Ұлы Дала елінде өте ауқымды істерді қолға алып, осы бағыттағы жұмыстардың ел игілігіне айналуына басты тетікті айқындап берді. Жалпыға бірдей еңбек қоғамын құруды, сол арқылы әрбір азамат сауатты әрі белгілі бір кәсіптің иесі болып, индустрияландырудың және «Қазақстан -2050» Стратегиясын жүзеге асырудың мемлекеттік саясаты талаптарына жауап бере алатын жұмысшы және кәсіптік-техникалық мамандықтардың артықшылықтары мен танымалдылығын насихаттауға бастама көтерді. Елбасы ұсынған айтулы жобаларда республикамызда тұрып жатқан әрбір ұлысқа жеке-жеке тапсырмалар жүктеліп отырған жоқ, бүкіл Қазақстан халқына арналған. Өйткені, барлық іс – халықты жұмылдыруға, татулыққа үндейді. Біртұтастық арқы¬лы біртектілікке меңзейді. Тілегі мен ниеті – бір, жүрегі мен тірегі – бір татулыққа бастайды.

Қазақ хандығының 550 жыл¬дығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Елбасы: «Бірлік – біздің барлық жеңістеріміздің алтын қайнары, ел қорғағанда күш-қуат берер асқақ айбары. Осыны әрдайым жадымызда ұстауымыз керек», – деп сөз бастады. «Кең болсаң – кем болмайсың» деген халық даналығын еске салған Мемлекет басшысы елімізді мекендеген ұлт пен сан алуан ұлыс, дін өкілдерін көк тудың астына жиып, ел тыныштығын, береке-бірлігін сақтауға кепілдік танытты. Бұл Қазақстанның әрбір ай-мағына, шетелдерге жасаған ресми сапарларында әңгімені татулық пен бірліктен бастайтын Елбасының сөзі мен ісінің біте қайнасып жатқандығын айғақтайды.

Қазақстан халқын достыққа ша¬қырған Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 89-қадамында «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасын әзірлеу және жүзеге асыруды, мектептік білім берудің қолданыстағы оқу бағдарламаларына Мәңгілік Ел құндылықтарын енгізуді тапсырды. Мәңгілік Елдің тұтқасын ұстар азаматтар елдің өткені мен бүгінінен хабардар, тілі мен ділін құрметтейтін, жерін қастерлеп, елін шын сүйетін болып өсулері керек. Кішкентай жүрегінде еліне деген үлкен сүйіспеншілік болғанда ғана нағыз патриоттығын танытып, кез келген жағдайда Отан үшін еңбек етуден талмайтыны белгілі.

Елбасының «100 қадамы¬на» байланысты болашақ ұлт тәрбие¬шілерін даярлайтын бірегей оқу ордасы – Қазақ мемлекеттік қыздар пе¬дагогикалық университетінде стратегиялық даму жоспары мен патриоттық шаралар жобасы қайта қаралғанын айта кетуіміз керек. Тұңғыш Президент тапсырмаларын сапалы түрде жүзеге асыру үшін оның маңызды тетіктері жан-жақты пысықталды. Қазірде қасиетті білім ордасын Назарбаев Университет деңгейінде трансформациялау мәселесі күн тәртібінде тұр. Қыздар университетінің ұжымы өзіне жүктелген міндетті толықтай сезінеді.

Сонымен қатар, оқу орнында қазақтың қаракөздерінен бөлек өзбек, орыс, түрікмен, корей, поляк, ұйғыр сынды 22 ұлттың өкілдері білім алып жатыр. Тәлім-тәрбие қыздардың барлығына бірдей беріледі. Көптілді білім беру орталығы арқылы үштұғырлы тіл саясаты негізінде ағылшын тілі, француз, қытай, парсы, түрік тілдері оқытылып жатыр. Қазақстанның «Ел бірлігі» доктрина¬сында «Бізге ұлт әлеуетін оятатын интеллектуалдық серпіліс қажет. Білімге, ғылымға және инновацияларға көзқарасты өзгертудің өмірлік маңызы зор. ХХІ ғасырда тек интеллектуалды ұлт қана жеңіс тұғырынан көріну мүмкіндігіне ие бола алады», деп көрсетілгеніндей университет ұжымы осы бағытта тынбай жұмыс істеуде.

Ұлттық рухы биік халықтың бірлік күші де мықты болады, сол мемлекеттің болашағы да зор болмақ. Рухы мықты, намысы жасындай жарқылдаған ұлт болу үшін жоғары интеллектуалды сауаттылық та керек. Сондай-ақ, ол үшін Қазақстанның әрбір азаматына қажет ынтымақ пен бірлік бірінші орында тұрады. Яғни, еліміздің түрлі ұлт пен ұлыстың өкілдерінен құралған халқының тілегі бір болғанда ғана болашағымыз жарқын бола бермек. Тұңғыш Президент – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың басты көздеген сая¬саты да осында жатыр.

Автор:
Динар НӨКЕТАЕВА, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры.