Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Ұстаз мерейі


26 февраля 2016, 03:06 | 3 273 просмотра



«Санамды сен ашпасаң не етер едім, өмірден сыбағасыз өтер едім» - деп ұстаз ұлылығын ашқан сөздегідей, бүгінгі мақаламыз саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесінен бастап, халыққа адал қызмет еткен ардақты азамат, рухани ұстаз-Бәзілов Сайлаубай Бәзілұлы 70 жасқа келді. Мерейлі жасқа жеткен ұстаздың өмірі жайлы біраз сыр шертсек.

Сайлаубай Бәзілұлы 1946 жылы 8 ақпанда Көксу ауданы, Шаған тауының баурайында Қаблиса ауылында (бұрынғы Куйбышев колхозы) дүниеге келген. 1960 жылы ауылдағы орта мектептің 7 класын аяқтап, Жаркент өңіріндегі Панфилов педагогикалық училищесіне 14 жасында оқуға түседі. Училище директорының оқуға түскендердің бұйрығы тізімінен өз тегін көргенде Сайлаубай Бәзілұлы ерекше бір бақытқа бөленіп, қуанышқа кенеледі. Себебі, бұл сәт ауылдағы ата-ананың сенімі ақталып, жас баланың арманы орындалғандығының белгісі еді.

- «Жаңағы оқытушы сап басында тұрған 20 шақты студенттердің аты-жөнін жазып алып, осылар 1 қыркүйекке дейін жүзім, жүгері жинауға қаласыңдар, қалған оқуға түскендер ауылдарыңа барып келіңдер деді. Жұмысқа қалған студенттерді бір бөлмеге жинағанда аңғарғаным, ішіндегі кішісі мен екенмін. Басқалары менен 2-3 жас үлкен ересектер. Ересектермен 18 күн жүгері даласында жұмыс істедім. Осы 18 күн менің өз қатарымнан ертерек есеюіме себеп болды. Осының барлығының басы-қасында жүрген кураторымыз – Мырзатай Ниязшин ағай асыл азамат болатын. Біздің барлық балалығымызды кешіріп, жақсылығымызды асырып, жамандығымызды жасырып, әке орнына әке болып, ақылын айтып отырушы еді. Өкінішке орай, ағайымыз біз училищені аяқтаған жылы 30 жасқа жетпей өмірден озды. Осындай жаны жомарт жандардың өмірінің қысқа болғандығы өкінішті – ақ »- дейді Сайлаубай Бәзілұлы өткенді еске ала отырып. 1964 жылы еңбек жолын Сайлаубай Бәзілұлы өзі оқыған ауыл мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметінен бастайды. Бір жылдан соң мектепте жұмыс жасай жүріп Алматы қаласындағы Киров атындағы Мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, оны 1971 жылы филолог, қазақ тілі мен әдебиет пәні бойынша бітіріп шығады. 1977-1980 жылдар аралығында сол мектепте мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 1980 жылдан 1991 жылға дейін мектеп директоры болып еңбек етеді. Бұдан соң ардақты аға туған ауылында ауылдық кеңес төрағасы қызметін де абыроймен атқарып, 1993 жылы Көксу ауданы әкімінің аппарат жетекшісі және ұйымдастыру кадр меңгеушісі болып тағайындалады. 1997 жылы Киров аудандық халық депутаттары кеңесінің депутаты болып сайланады. 1999-2002 жылдар аралығында Көксу ауданы әкімінің орынбасары, ал 2002 жылдан 2009 жылға дейін Көксу ауданы әкімінің аппарат басшысы бола жүріп, аудандық «Нұр Отан» ХДП жетекшісі қызметін атқарып, 2009-2010 жылдары аудандық «Нұрлы Көксу» газетінің директоры болып қызмет атқарып, сол жерден құрметпен зейнетке шығады.

Өмір жолын ел қызметіне, ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесіне арнаған Сайлаубай Бәзілұлының тәрбиесін көріп, ұстаздық жүрегінен нәр алған шәкірттері: Б. Мақұлбеков, Б. Мәнізоров, С. Әжібаев, К.Халелов, М. Бейсенов, К.Шайықов, С.Әлдибек, М.Күлтенов, М.Қалдыбаев, А.Омарқұлов, Е.Бейсенов, М.Смағұлов, Ө.Шалқыбеков, Л.Керімбекова бүгінгі таңда ел мақтанышына айналып, көпшіліктің алғысына бөленіп жүрген ел азаматтары.

ЕЛЕНГЕН ЕҢБЕК

Жастайынан еңбекке ерте араласып, туған жеріне, еліне адал қызмет етуді азаматтық парыз санап, өз кезегінде абыройлы қызмет жасай білген, өмір мен қызметте де қарапайымдылық пен адамгершілікті басты мақсат еткен Сайлаубай Бәзілұлының еңбек жолы ұрпаққа өнеге. Осы жылдар ішінде Сайлаубай Бәзілұлы «КСРО халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Қаз ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағын алып, омырауына «Қазақстан Конституциясына -10 жыл» медалі, «Еңбек ардагері» «Қазақстан Тәуелсіздігіне -10 жыл» медальдары тағылып, «Халық ағарту ісінің үздігі», «Тәлімгер ұстаз», Елбасының « Ел ертеңіне қосқан еселі еңбегі үшін» алғыс хатымен марапатталып, «Көксу ауданының құрметті азаматы» атағы берілген.

- «Осындай құрмет-қошаметке ие болып, ел алғысына бөленіп жүргенім сонау студенттік кезімде білім берген ұлтымыздың нар тұлғалы азаматтары- М.Ғабдуллин, Б.Момышұлы, Т.Нұртазин С.Садырбаев, Б.Шалабаев, М.Томанов секілді ұлы ұстаздардың арқасы деп білемін. Сондай-ақ, Өмірімнің әрбір сәттерінде алдыңғы буын ағалар - Н.Қылышбаев, Н.Әкежанов, Т.Құрмашев, Ж.Жексенбинов, З.Тамшыбай, К.Жұмағұлова, Т.Досымбековтай ел азаматтарынан алған тәлім мен тағылымның арқасы деп түсінемін» –деді Сайлаубай Бәзілұлы өз сөзінде.

Сайлаубай Бәзілұлы қолына қалам алып ішкі жүрек сырын қағазға жырмен түсіретін қазақтың бірі. «Өлең шіркін өсекші сыртқа жаяр» деп Абай ақын жырлағандай, қазақ өмірін де, өнерін де, мұңын да, қуанышын да өлеңмен жеткізе білген. Ендеше Сайлаубай Бәзілұлы туралы өзінің өлеңі толығырақ жеткізері анық.

Көкбастауым

Тасты жарып шығып жатыр бір бұлақ,

Бүлк-бүлк еткен бір бүлкілі бір құлақ.

Бір ауылға нәр берген де, сән берген,

Көкбастау деп аталады сол бұлақ.

Бұрымдай күміс шолпы тағатын,

Мөлдір бұлақ сай қуалап ағатын.

Иін ағаш, қос шелекті екі жас,

Көк бұлақтан мөлдір сезім табатын.

Тұма суын зәмзәм нәрге балаған,

Тұла бойға тарағаны ғажап дәм.

Алыс кетсем сылдырыңды сағынам,

Көкбұлағым мәңгі тыңдар, ғажап ән.

Көкбастауым қасиетті нәр берген,

Әр тұрғыны келешекке мән берген.

Алып тұлға қазыналы қарттары,

Ақ алмастай жігіттері ақ берен.

Ай әжелер ертегімен үйірген,

Сән жеңгелер ізетпенен иілген.

Көкбастаудың айдай ару қыздары,

Пәк сезімді, жібек жіптен түйілген.

Жастық қалды сол бұлақтың бойында,

Әрбір сыры, әрбір тасы ойымда.

Қасиетті нәрін ішіп ер жеттім,

Қарызбын, жақсылығым болса бойымда.

Көзін ашып, күтім жаса, ұрпағым,

Құрметтесең су ұстамас ұлтаның.

Ата бабаң қасиетті тұманың,

Суын ішіп, суырған-ды тұлпарын.

С.Базилов

Балпық би. Қаңтар 2016 ж.

Сырласайық Жамилия...

Автобус іші азынаған борандай.

Қайран жастық үскірікке қарамай,

Үлбіреген көп қыздардың ішінен,

Тұрғандай-ды көк жүзінен қарап ай.

Махаббаттың тастадым да қармағын,

Өлең ұрлап, өзімдікі деп арнадым.

Елу жыл көтеріп бірге келеміз,

Өмірдің ауыр да, жеңіл салмағын.

Түсіністікпен талай-талай қыр астық,

Қаймағы бұзылмаған бар сыйластық.

Өнегелі ұл-қыз әкеліп өмірге,

Алла мәнді ғұмыр берді сыйластық.

Ақылыңмен көсегемді көгерттің,

Ұрпақ әкеп, бір басымды көбейттің,

Қия өтпей ата-ене алдынан

Сыйластықпен көңілдеріне гүл ектің.

Бәзілдің ырысты келіні атандың,

Пейілі кең үлкендерден бата алдың.

Ерден-ердің артықшылығы – білігі,

«Әдіскер ұстаз» дегенде ат алдың.

Тұрады әркез дастарқанның жиылмай,

Шәйнек тұрар пеш үстінде суымай,

Текті ұрпақ ақылы асқан анадан,

Ақ жаулығың адалдықтың туындай.

Ардақ тұлға менің тума-туысым,

Солар дейсің таусылмайтын ырысым,

Алаламай бауырыңа тартасың,

Ұзақ жаса, басымдағы бақ құсым.

Жүрген жоқ тірлігіміз босқа кетіп,

Көрмедік көкіректі аспан етіп.

Жетегінен айырмай адамдықтың,

Отырмыз жетпіс деген жасқа жетіп.

Ағайынның ала жібін аттамай,

Өсек айтып жақындарды даттамай,

Кішілердің жолын кеспей болашақ,

Құрметтедік үлкендерді ақ самай.

Елу жылда мағыналы қыр астық,

Серік болды бірлік пенен жарастық,

Бағаладық басқа қонған бақытты,

Жақсылармен жақын жүріп сыйластық.

Бәзіл атаң ешнәрседен тарытпады,

Батасын ап, үлкендерге табыстады.

Үлде мен бүлдеге ораса да,

Кісілік пен кішілікке бағыттады.

Ақыл айтса, айтатын жөніменен,

Үйреткен ата-салтты жолыменен,

Жамал енеңмен сыйластығын,

Жарасымын табатын мәніменен.

Екеуі жақсылықтың кені болды,

Жақсылар жайғасатын төрі болды.

Жарылқаған жаратқан, бәрі болды.

Құрметтеген, қадірлеген елі болды.

Өлім- ағын, аямас тасқындары,

Қамықтырды қайғының басқа ұрғаны.

Атаң менен енеңнің аманат қып,

Осы екен ғой – той екен ғой тапсырғаны.

Елге тұлға мық шегелі тағалар,

Бағасы алтыннан артық аға бар,

Отқа қақтап, суға салып үйретті,

Өмір сырын алып тұлға ағалар.

Үлкен кіші біраз қызмет өткердік,

Кішілерге көрсеткем жоқ өктемдік,

Бар мен жоққа жасымай да, тасымай,

Жақсылығын бұл өмірдің көп көрдік.

Әділетсіздіктің отына да жанғанбыз,

Сабыр сақтап одан аман қалғанбыз.

Сегіз әкім, сегіз белес асырды,

Ұзтаздығым артымдағы қалған із.

Атақ іздеп шыққан жоқпын жорыққа,

Еңбек еттім әкімдік деген «қалыпта».

Елден ұзап, жерден жырақ кетпедім,

Ер бағасы халық деген алыпта.

Отау құрып ұлым қонды ұяға,

Теңін тауып қызым кетті қияға,

Өмір жалғасы – немере мен шөбере,

Тәубе, бақыт бұдан артық бола ма.

Құдаларым жайғасты төріме кеп,

Жамбас мұжып, сыйластым төрінде көп,

Көбейтер басыңды, ұзартар жасыңды,

Немере құдалардың жөні бөлек.

Оттан ыстық болады екен немере,

Алақаннан май жегізді шөбере.

Көпсінбесін жақсылығын бір,Алла,

Көрсек дейміз бал татыған немене.

Көңілім салтанатты күйге енді,

Аман сақта ұрпақ мінген күймемді,

Самалаған сәулетімен сан жылдар,

Тәуба, бізге міне осындай сый берді.

Алматы. 2015 ж.

Жетпістің желкенінде

Ақсақалдар қайда кетті бала күнгі

Бата беріп көтерген талабымды.

Елу жылда ел жаңа, жүз жыл қазан,

Көзім жетті, түсіндім мақамыңды.

Оза шауып заманында дүрілдеген,

Ата-анам көз алдымда ұлым деген.

Құлы болма деуші еді надандықтың,

Ойлан балам, өмір сырын ұғын деген.

Бағып мені басқалардан әсемдеп,

Шаңыраққа болар әлі көсем деп.

Армандаушы ед жалбырынып Аллаға,

Бұтақ жайып өскеніңді көрсем деп.

О, табиғат, құдіретіңе бағынам.

Ата-анамның рухына табынам.

Арамдықтың табылмадым жанынан,

Адамдықтың түскенім жоқ тағынан.

Бақ тауып Жетісудың даласынан,

Бата алып ақылы асқан данасынан.

Ағалардың ық тауып панасынан,

Інілердің кір іздемей жағасынан,

Еліммен бірлікте жарасып ән,

Жетпістің көріндім қырқасынан.

Ұсынылған жоқ бізге төр де бірден –,

Көп тірлікке өзімді өзім көндіргем.

Жетпіс жасқа төзіп ыстық, суыққа,

Өз мәнімен, өз сәнімен келдім мен.

Еңбегімнің ел берер бағасын шын?

Бүгінде шаңырақтың тағасымын.

Ұл-қызым бар тапқан жарасымын?

Немерелер көзімдегі қарашығым,

Шөберелер бойымдағы бар асылым.

Құдалардың көркейдім батасымен,

Күйеу, келін жақтаған атасымын,

Әпкемнің арқа сүйер дарасымын,

Іні-қарындас ықтаған панасымын.

Аяулы жар берген Аллаға алғысым мың.

Артқа тастап асулар мен өткелді,

Қайық міндім жетпіс деген желкенді,

Жылмиып жетпісіңде тез келді.

Тарихқа қалдырыппын көп белді,

Мерей дейді жетпіс жасқа жеткенді

Жетпісте жеткізбей жүрсе біреулер,

Қанағатпен еске аламын өткенді.

Алматы. 2016 ж.

Балауса шақ-балалық.

Қатал-тұғын үскірік пен бораны,

Әсем-тұғын қызғалдақтай орамы,

Соқыр-тұғын кейде түскен тұманы,

Сақтады әсте тазалықтың тұмары.

Доп қуып асық атып жарыстық,

Түсте шекісіп, кеште тез табыстық,

Таудың мөлдір бұлағындай тап-таза,

Бала шақтың әр елесі тым ыстық.

Біз де сездік сұм соғыстың азабын,

Қасіретін соғыс салған қазаның,

Үлкендермен біз де бірге қайғырдық,

Балалақтың жиып тастап базарын.

Ұстаз бізге ұлы тұлға болатын,

Тентек болсақ ептеп шертіп ұратын.

Жат та болса ұстаздың бұл қылығы,

Ата-анамыз түсіністікпен ұғатын.

«Абай» оқып тұсауымызды кескенбіз,

«Құрыш қалай шынықтымен» өскенбіз,

Кітап оқып сәулесімен май шамның,

Кейіпкермен бірге ғұмыр кешкенбіз.

Шалғы тартып жастық шақты жаныдық,

Өгіз мініп еңбекті ерте таныдық,

Жұтаң тұрмыс, жадау киім болса да,

Жастық шақта көрген жоқпыз тарылып.

Шаңғыменен қырдан төмен зырладық,

Әжеміздің ертегісін тыңдадық,

Алпамыстай елін жаудан қорғайтын,

Ер болуға өзімізді шыңдадық.

Есек мініп көкпарды да тартқанбыз,

Жиналып ап жарапазан айтқанбыз,

Қызығына тоймай ойын соңында,

Айқайменен үйге әрең қайтқанбыз.

Сиыр жүнінен қашпа доп та жасадық,

Ортақ бәрі болмасада басы артық.

Жасырынбақ айсыз түннің ойыны,

Тығылатынбыз қора түбін таса ғып.

Ләңгі, ақ пен қызыл қызығына тоймадық,

Туған күнді жұмыртқа сатып тойладық,

Көп тасып сырға, жырға толы хаттарды,

Ағаларға мәңгілік жар сыйладық.

Анда-санда кино болып тұратын,

Үлкен-кіші клубқа лық толатын,

Бағанадағы жалғыз ғана радио,

Бізге театр, телевизор болатын.

Әке ақылын, ана сөзін тыңдадық,

Қия өтпей, ауыл қартын сыйладық,

Ерте жастан санамызға сіңіріп,

Тектілікті бойымызға жинадық.

Жеті атаны зерделедік, жаттадық,

Ата салтын жасымыздан сақтадық,

Батасын ап, алғысын ап үлкеннің,

Біз осылай жігіттікке аттадық.

Жеткізбейтіндей мына бізге ағалық,

Бітпейтіндей көрінетін балалық.

Немере мен шөберені бағатын,

Енді міне, ата-апа атандық.

Жетседе бүгін міне аталық,

Ауыл есте, бал татыған балалық,

Бойға сіңген ата-ананың қанымен,

Қолда бізді тектілік пен тазалық.

Балдай тәтті балауса шақ балалық,

Сендей мөлдір бола ма екен тазалық,

Балалықтан аталыққа жеткізген

Осы күнге қоялықшы тоба ғып.

2015 ж. Алматы.

Көксуым-бабамның даласы

Ту еткен бабамның бабасы,

Қорғаған бабамның баласы,

Көк тәңір мейірімін түсірген,

Көксуым – бабамның даласы.

Мақсат пен мүддеміз бір дескен,

Көп ұлыс достықпен бірге өскен.

Қыздары Зылихадай дарабоз,

Ұлдары Нұрмолдадай наркескен.

Көк теңіз егіні толқыған,

Төрт түлік өргізіп шалқыған,

Келешек ұрпағым бақытты,

Мәңгілік елім деп шырқаған.

Табиғат көз тартқан тамаша,

Көркейген, гүлденген қалаша,

Елі мен жеріне қарашы,

Өмірі құрылған жаңаша.

Арынды, ағынды Көксуым,

Өңірге нәр берген бақ суым,

Кәсіппен молайтқан нәсіпті,

Алтын боп, күміс боп ақ суым.

Бабалар қалдырған аманат,

Көксуда тіршілік ғажап-ақ.

Мәңгілік елімнің ұрпағы,

Келешек өзіңе аманат.

2015.Алматы

Қара шаңырақ

Қара шаңырақ қасиетті заманнан,

Еншісін ап, отау одан тараған.

Ұлы жолға аттанарда туыстар,

Шаңыраққа басын иіп, бата алған.

Қанша заман болса-дағы ақтабан,

Ата-анам қасиеттеп сақтаған,

Аманаттап өздеріңе тапсырдым,

Текті ұрпақ аманатты ақтаған.

Қара шаңырақ иесі Серігім,

Енші алды Маулен менен Берігім,

Иә, АЛЛА, бір өзіңнен тіледім,

Шаңырақ пен уықтардың берігін.

Гүлшат, Шара, Камшат жаным бөлшегі,

Тең келмес оларға дүние өлшемі,

Салтанат, Қарлығаш, Гүлім келіндер,

Шаңырақтың гүлге оранған көктемі.

Немере-шөбере қандай ыстық көрім-ді,

Бал қылықпен шашып жатыр төрімді,

Өмірімді жалғастырар ұрпаққа,

Ерекше бір мол еркіндік берілді,

Берекелі тыныш болсын ел іші,

Ортаймасын ұрпақ алар еншісі.

Қара шаңырақ, құшақ жая есік аш,

Аңсап келсе, ең үлкен мен ең кіші!

Автор:
БШ ақпарат