Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Адамды өрге сүйрейтін мінез


25 марта 2016, 11:26 | 1 698 просмотров



Әлем жаратылысының негізінде сан жатыр деп кеткен екен пифогорейлер. Сонау ықылым заманнан бері белгілі бұл тұжырым қазіргі күнде де маңызын жоғалтпай отыр. Нумерология, каббала сынды жаңа дәуір ілімдері - соның айғағы. Санның тылсым құдыретін, барлығын реттеп, жүйеге келтіріп тұратын күшін мойындамаған бір де бір ақыл иесі жоқ. Жаратушының цифрға салған мәнін, есептер мен формулалар түрінде жасырып қойған құпиясын зерттеп танып келе жатқан көштің ізімен аяулы ана, қадірлі ұстаз Алма Зарлыханқызы Мүсірепова да абыроймен келеді.

-Үйінің тұңғышы, бүкіл ауылдың сый-құрметіне ие болған атасының алақанын көрген еркесі, кішкентай Алма, мектептен күнделікті кілең бесін арқалап келіп жүргенде, нені арман етті екен? Мұғалімдікті қанағат тұтпайтын, бұл мамандықтың ыстығы мен суығына төзе алмайтын қазіргі жастарға үлгі боларлық не уәжі бар екен?

- Балдәурен шағымда балалыққа салынып, бұзақы қылық танытқан кезім болған жоқ. Иманды, ұйыған отбасымның абырой-намысына сызат түсірмей, күнделікті тіршілікте де, түзде де жүріс-тұрысыма абай болып, әр басқан қадамымды, істеген әрекетімді бағып, саналы болып өстім десем артық айтпаспын. Барлық сабақ пен сынақтан сүрінбей өтуге, тек озат болуға дағдыланып алғаным сондықтан шығар. Үнемі алдыға ұмтылдым: кросс жүгіртетін дене шынықтыру пәнінен бастап, олимпиадаға қатыстыратын химия пәніне дейін менің назарымнан тыс қалмайтын. Бұл, меніңше, намысқа тырысып, ілгері жылжи беруге жетелейтін табанды мінездің нышаны. Қазіргі жастар мен жасөспірімдерге жетіспейтін бір қасиет осы. Осыдан "Адам болатын баланың маңдайы жазық келер" деген қазақтың сөзі тілге оралады. Сонда алғаш рет ғылыммен айналысатындай жоғары оқу орнында ұстаз болсам деген ой санамды шарпып өтті. Кеңес өкіметі тұсында бұл мамандықтың қадірі бөлек болғанын ел бекер айтпайды.

-Сонда бала кезіңізде-ақ ұстаздық қасиеттер бойыңыздан табылыпты ғой. Пайғамбардан: "Балам тіл алмайды, оны қалай тәрбиелегенім жөн?"- деп сұрағанда: "Өзіңнің үлгіңмен тәрбиелегенің ең абзалы,"- дегені бар. Шынымен-ақ, мұғалімдер қатарынан тек адал да үлгі болуға лайық адамдар табылса шіркін.

Сонда буыныңызды бекітіп, өмір бәйгесіне дайындаған кімдер? Қуаныш пен қызыққа толы балалық шағыңызға куә болған қандай ауыл?

-Қазіргі Алакөл ауданына қарасты Екпінді ауылы - аузымнан ана сүтінің дәмі кетпеген бала кезімнен бастап, жеке ошақтың отын жағып бөлек ірге салғанымша маған пана болған ыстық өлке. Сол мекенді қашанда, қайда жүрсем де, аңсап, сағынып жүремін. Оқушы кезімде көріп-білгенім, естіп-түйгенім, ұстаздарымның ұлағаты мен үлкендердің өсиеті әлі күнге дейін жадымда жаңғырып тұрады. Сондай көркем табиғат баурайында, көңілі жайдары, шуақты адамдардың ортасында өскенім бүкіл ғұмырыма оңтайлы әсер еткен сияқты. Одан бері қаншама сындарлы сәттер, қиын да қилы шақтар зымырады. Алпарысты талап еткен аласапыран ұзақ жылдар бастан өтті. Барлығына төтеп беруге көмектескен балалық шағымнан жинап келген базарлығым – әке-шешемнің көрсеткен үлгісі, берген тәлімі. Мінезімді шыңдаған да сол, тура жолға бағыттаған да сол.

-Жаһандану тұсында тілдік қорымызға «рөлдік модель» тіркесі келіп қосылды. Сіз үшін осындай адам болған кім? Сіздің осыншама жан-жақты, білімпаз, өнерге жақын болғаныңыз кімнен дарыды?

-Мен үшін басты үлгі болған кітапты серік еткен, терең білімді, сегіз қырлы, бір сырлы ата-анам. Дүниеден ерте озған анам мен марқұм әкем өмірімізді ән-жырмен әрлеп отыратын. Содан соң, ұдайы ұлылықтың басында тұратын ұстаздарымды ұмыта алмаймын, әлбетте. Бастауыш сыныпқа дайындық кезеңінде бізге Қанапия Әлменов ағай сабақ берген болатын. Мектеп қабырғасындағы алғашқы естеліктер бала көңілге қатты әсер еткен көрінеді. Сол кісіден жазу үлгісін зор ынта-ықыласпен үйренгенім есімде. Әп дегенде жақсы мұғалімге жолыққан екенмін. Математик болсам да, әлі күнге дейін оқушы біткенге «әдемі жазыңдар» деп ескертіп отырамын. Адамның жазуы мінезі мен болмысының айнасы екенін ұмыттырмаймын.

Өмір жолында кездескен адамдардың жақсылығын үнемі айтып отырған жөн. Сан жақсының шарапаты тигенін, талай дана ұстаздан дәріс алғанымды жасырмаймын. Олардың қатарында: мектеп табалдырығын алғаш аттағанымда қарсы алған Күлшара Еркінбекова, химия пәнінің мұғалімі Бәтен Мырзатаева, физик Шайнұр Тұрысбекова, машинатануды үйреткен Серік Долдаханов, орыс тілінің маманы Александр Михайлович Штинин, неміс тілінен сабақ берген Күлбаран Ақжолова, тарихшы Қапан Еркінбеков, математиктер Құдаш Әміреев пен Бекіш Тұяқбаев ағайлар. Өкінішке орай, арасында бақилық болғандары бар. Сауабы мол кәсіппен айналысқан оларға о дүниенің жақсылығын тілеуден басқа айтарым жоқ. Мәселен, әсем саз әлеміне ертіп әкетіп, музыкалық сауатым мен ән-жырға деген мәңгілік махаббатымды ашқан Фарида Қайсарова апайды жылы лебізмен еске аламын.

-Алтын ұя - білім ордасында қызмет еткеніңізге отыз жылдан астам уақыт болды. Мектеп жасындағы балалар мен жастар көз алдыңызда жүр, оларға қарап қандай ақыл айтасыз: Қазіргі заманда оздыратын білімнің жүйріктігі ме,әлде бұрынғыдай көркем мінез-құлық қалыптастыратын жақсы тәрбие ме? Соңғысының қазіргі заманда қадірі қалды ма?

-Бұл тұста бертінге дейін, ұл мен қызым ер жеткенше, айтып келген сөзімді қайталар едім: өмірде еңбексіз, бейнетсіз ештеңе жоқ. "Мінді ең алдымен өзіңнен іздеп, алға қарай ұмтылудан жалықпа", - деуден танбаймын. Еңбек мектеп жасыңда сабаққа дайындалып, намысқа тырысып ілім-білім жаттап, талаптанудан басталады.

Ұлылар айтпақшы, бірінші керегі - тәрбие, одан соң білім. Тәрбие жоқ жерде білім жемісін бермейді. Сондай-ақ, тәрбиелі адам қашанда білімін азық ете білуі керек. Одан басқаның барлығы бос әурешілік деп есептеймін. Бап емес, бақ шапса да, ондай жеңістің дәурені ұзаққа бармайды. Білімді адамды, ілім іздеп азаптанған жасты кім де болса қадірлейді.

-Адам өмірінің жартысынан көбін, әрбір күнінің үштен бір бөлігін әріптестерімен бірге қызметінің бабында, жұмыс үстінде өткізеді екен. Ендеше, ұстаздықтың, әсіресе математиктің бар ғұмырын күндер бойы сабақ беруге арнап келіп, шаршамауының сыры неде?

-Бар ғұмырым бала оқытуға арналғанымен, жалпы еңбек өтілім мұғалімдікпен шектеліп қалған жоқ. Әуелде Алевтина Дмитриевна Кузминова есімді әділ жетекшінің қоластында жұмыс істеген болатынмын. Сол кісінің ықыласы ауып, демеуінің арқасында әкімшілік жұмысқа іріктеліп, алғашында Ключевое елді мекенінде орналасқан Фурманов атындағы орыс тілді мектепте, кейін Қарабұлақ кентінің Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінде бас-аяғы - он жеті жыл бойы мектеп директорының орынбасары қызметін атқардым.

Мүлдем шаршамаймыз деп айтуға болмайды. Керісінше шапшаң темппен өмір өзгеріп жатқанда, жаңа білім реформалары бірінің ізін суытпай бірі келіп еніп жатқанда, қиналмай қалай жүресің? Онымен бірге, мұғалімдердің мойнына артылатын қоғамдық жүктеме де жалықтырмай қоймайды. Осындайда алдыңдағы балалар жақсы оқу үлгерімін көрсетіп, көңіліңнен шығып жатса, одан зор ғанибет жоқ. Арасында көз алдымнан өткен шәкірттерімді еске алып, табыстары жайлы естіп, бойым жылып, бір серпіліп қаламын. Олардың алдыңғы қатары Президент аппаратында, министрлік пен басқарушы органдарда жүрсе, арты жас ұрпақ тәрбиелеп отырған аналар. Сондай-ақ, оқушыларым үлкен азамат болып, байқаусызда кезіккен ата-аналары арқылы алғыс айтып жатқанда, олардың жылы лебіздері жаныма әжептәуір медеу болады. Бірде Төлегенова Айжан деген шәкіртімнің маған: "Бар мұғалім сіздей болсын," - деп аяқталатын өлең арнағаны бар. Әлі күнге дейін қуана-қуана оқып отырамын.

-Алланың қалауымен зейнет уақыты таяп қалыпты. Кәсіптің бар машақатын бір-екі ауыз сөзбен қалай түйіндейсіз?

-Бала - әке-шешесінің бауыр еті, шаң жуытпай, баптап отырған гүлі ғой, ешкім де ұл-қызының қабілеті мен тәрбиесіне шәк келтіргісі келмейді. Сондықтан олар қатаң тәртіппен жақсы білім беріп, орынды талап қоятыныңды түсіне бермейді. Кейде олардың үмітін ақтау оңай шаруа емес. Сондықтан бұл мұғалім жұмысына еселі жауапкершілік артады. Ұстаздың қадірін біліп, жөнсіз қылыққа жол бермей, тек жақсы баға сұрардың алдында, балаңның осыған лайық екеніне көз жеткізу керек дер едім.

-Елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы күрт нашарлаған кезеңде талай маман мұғалімдік қызметтен қол үзді, бірақ өзіңіздей аға буын ұстаздар алған бетінен танбай, барлығына шыдай білді. Ұстаздықтың тізгінінде жүргенде жылдар жылжып, айлар ауды. Соңғы сұрағым: мұғалімдіктен жиренген тұстарыңыз болды ма?

-"Ұстаз болу - жүректің батырлығы, ұстаз болу - мінездің күн шуағы" демекші, бұл кәсіптің иегері жігерлі қалпында ел болашағына еңбектенуден еш жалықпауы тиіс. Меніңше, жақсы мұғалімдерді сан түрлі ауру-сырқаттан, жолдарын торуылдаған қиянатшыл жағдайлардан ада сақтап алып шыққан - мінез, кеңестік идеологиядан туған қайраттылық. Қандай саланы алып қарасақ та, қазіргі шақта шала білімді немесе тәрбиесі аз мамандарға тап болып, қарнымыз ашатыны өтірік емес. Алайда елге жақсы кадрлар қашанда керек. Оларды тәрбиелейтін мықты идеялар жетіспейтін сияқты. Әсіресе батыстық үлгімен басқарушы менеджерлерді арнайы дайындау қажет деп те ойлаймын. Әртүрлі мекемелерге түрлі сатыдағы бөлек-бөлек қызметкерлер жауапты болғанда, бәлкім, оқу процесінің сапасы да, оны басқарып, бағдар беру жайы да оңала ма деп үміттенемін.

Автор:
Сұхбаттасқан: Г.Мукашева