Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Шәкірттері бас иетін,Ұстазым көп қасиетің!


15 апреля 2016, 05:54 | 1 959 просмотров



Дүниедегі өзіндік қыры мен сыры мол түрлі мамандық иесі бар болса,сол мамандық атаулының ең бір қасиеттісі-ұстаздық. «Адам жанының инженері» саналатын ұстаз-қоғаммен біте қайнаса жұмыс жасайтын , үнемі белсенділік танытатын ,үздіксіз ізденіспен тынымсыз еңбектің иесі..Әрқашан ұстаз өзіне ата-ана артқан сенімді сезіне отырып,негізгі міндетті орындауға бар күш-жігерін жұмсайды,яғни ол нағыз қоғамға қажет тұлға қалыптастыру үшін жанын сала еңбектенеді. Әйтсе де,қиындығы мен қызығы мол осынау мамандық иесі болу екінің бірінің қолынан келе бермейді.

Меніңше,ұстаз болу үшін үлкен шеберлік және табандылықпен қоса,өз ісіне деген шексіз сүйіспеншілік,шәкіртке мейірлене қарайтын кең жүрек қажет,сонда ғана болашақ ел тұтқасын ұстайтын жан-жақты дамыған жеке тұлға қалыптастырып,нағыз ұстаз бақытын сезіне алады.

Ұстаз болу –жүректің батырлығы,

Ұстаз болу-сезімнің ақылдығы.

Ұстаз болу-мінездің күн шуағы,

Азбайтұғын адамның асылдығы –

деп ақын жырлағандай,ұстаз –ұлы тұлға,сондықтан да баршамыз ұстазға әрдайым бас иеміз.

Дүние жүзіндегі барша халықтың ұлттық қадір-қасиетін ,бет-беделін,тарихын,өткені мен болашағын сақтайтын рухани байлығы, темірқазығы –оның мәдениеті мен өнері.Еліміздің өз болуын,ерлеріміздің намысты,қызметкерлеріміздің қайраткер болуы-қазіргі ұрпақтың жаны мен тәнін дұрыс тәрбиелеуге байланысты.Сол тәрбиені жүзеге асыруда рухани,мәдени –эстетикалық құрылымның бірден-бірі –музыкалық өнер,музыкалық шығармашылық.Оқушыларға музыкалық шығармаларды тыңдату арқылы тұлғалық қасиетін қалыптастыру-осы саладағы үлкен мәні бар үрдіс.Оқушылардың рухани эмоционалдық қызығушылығын арттыруда,мазмұны арқылы ой-пікір жинақтауда музыкалық шығармалардың атқаратын ролі зор десек болады.

Бүгінгі күні оқушыларды өз халқының рухани қазынасымен ,ұлттық мәдениетімен таныстыру-әр ұстаздың борышы,міндеті.Сондықтан да мектеп оқушыларын елжандылық, ұлттық тәрбиеге баулу ретінде салт-дәстүрлік ән-күй,жыр,ақындардың айтыс өнерімен терең таныстырып,оларды рухани құндылықтармен сусындату қажет.

Әрине,музыка сабағына қойылатын талаптарды бірден игеру мүмкін емес.Өйткені музыка сабағында кездесетін кейбір музыкалық терминдердің,ауыз әдебиетінде кездесетін көне сөздердің мағынасын оқушы түсінбей тақырыпты меңгеруде қиындықтар тудыруы мүмкін.

Осы бағытта оқушылардың сөздік қорларымен жұмыс жасалынып,түсіндіріліп,қосымша тапсырмалар беріліп отыру нәтижесінде оқушылардың білім сапасы деңгейі көтеріліп отырады.

Менің әңгімемдегі бүгінгі кейіпкерім білікті де, білімді ұстаз Шолпан апайымыз оқушыларға музыканы тыңдатып оны түсінуге үйретуде,тақырыптың негізгі идеясын,мазмұнын ашу арқылы әңгімелеп,әңгімелей отырып тыңдау , музыкалық дыбыстардың естілуін,ырғағын өзінің майда қоңыр дауысымен айтып суреттейді.Ұстаз әрқашанда сабақты түсіндіру кезінде тиісті шығарманы баян мен домбыра аспаптарында орындап ,үнтаспалар қолдану арқылы оқушыны музыка әлеміне жетелейді.Мектептегі үйірме жұмысында оқушылардың қабілеттерін шыңдап, ән-күйді орындау шеберлігін дамытады.Үйірме сабағында тек қана ән-күй үйрену мен шектелмей музыка сауаты қоса жүргізіліп,шығармашылық тапсырмалар беріліп оқушылардың музыкалық қабілеттілігі мен музыкаға деген сүйіспеншілігін арттырады десем болады.

Өз мамандығына шексіз беріліп, тәрбиелеген шәкірттерінің көзі ашық,көкірегі ояу ,өнерлі де білімді болуына ,жолындағы кездескен қиындықтан жол тауып, қиыннан қиыстыра білетін жан ғана шәкірт жүрегінде мәңгі ұстаз бола алады.

Күнделікті қарбалас өмір көшінде жүріп уақыт керуенінің жылдамдығын байқамай қаламыз.Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында адами тұлғадан айнымай, ұлы болмаса да ,ұлағатты іс атқарып,үлгілі із қалдыруға тырысу-әркімнің өмірлік борышы деп айтуға болады.

Қызығы мен қиындығы ,ауыры мен жеңілі ,ақ пен қарасы қатар жүретін өмірде, адам үшін кісілік қабілеттен танбай,адами қадір-қасиетті сақтай білу басты міндет.Ендеше,менің бүгінгі кейіпкерім де өзінің кісілік, адами тұлғалық қасиеттерінен танбай,ұстаздық құрметке бөленіп,ұрпақтың ұлы мұраты жолында талмай еңбек етіп жүрген ұстазымыз Сарқан ауданы Қарабөгет ауылындағы Аль-Фараби атындағы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің музыка және технология пәнінің мұғалімі Ченемисова Шолпан Төребекқызы.

Ченемисова Шолпан Төребекқызы Сарқан ауданы Қарабөгет аулының қарапайым отбасының тумасы .Шолпан апайдың өткеніне көз жүгіртсек ,1961 жылы А.Пушкин атындағы орта мектебінің 1-сыныбына қабылданып, 1971 жылы мектепті жақсы бітіріп шығады. 1972 жылы Сарқан мәдени ағарту училищесіне түсіп,1974 жылы хор коллективінің жетекшісі мамандығын алып ,1974 жылы жолдамамен Семей облысы,Аякөз қаласындағы аудандық мәдениет бөлімінің методист қызметінде жүріп,тұрмыс құрады.1975 жылы Калинин атындағы орта мектепте ән-күй пәнінің мұғалімі болып өмірлік қызметін бастайды.Еңбек ете жүріп білімін шыңдау мақсатында І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің кәсіптік оқу және еңбек мамандығы бойынша жоғары білім алып шығады.Содан бері 40 жыл бойы ұстаздық қызмет атқарып, мыңдаған балалардың зейінін дамытып,болашақ ұрпақтың білімді, кемелді болып өсуі жолында тынбай еңбек етіп келеді.Еңбегі елеусіз қалған жоқ.Өзінің қарапайымдылығының арқасында еш нәрсеге асықпай-аптықпай ,сабырлылық таныта отырып көптеген жетістіктерге жете білді.Ұстаз «Білім берудің жаңа технологиялық әдістерін қолдана отырып,оқушыларды шығармашылық ізденіс жолына жетелеу»атты келелі мәселесін іске асыру үшін сабағын терең мазмұнды,қызықты,әр алуан әдістермен өткізеді.

Оқушылардың сабақтан алған білімін іскерлік жұмысымен жалғастырып,шығармашылық ізденіске бағыт-бағдар беруде және қол-өнер туындыларының ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып ,оқушыны өнерге баулуда,оқушыларды шығармашылық жолға жетелеп,көптеген нәтижелерге қол жеткізеді.Өзінің ұстаздық еткен өмір жолдарында ұстаз қаншама мектепшілік,аудан,ауыл әкімінің білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымының,облыстық,халықаралық мадақтамаларға ие болды десеңізші!!!Дүниені тек сұлулық қана сақтап қалады.Ал,сұлулық көзі-өнерде деген тамаша сөздер бар екен.Атакәсіп бағдарламасы бойынша тоқыма тоқу,терімен,құрақпен,моншақпен жұмыс істеуде Шолпан апай қаншама тер төкті деуге болады.Осындай қиын да күрделі еңбектің арқасында 2002-2003 оқу жылында аудандық «Атакәсіп»көрмесінде 3-орын,2004-2005 оқу жылында 3-орын,2008-2009 оқу жылында 2-орындарға ие болды.Мектептегі еңбек пәніне арналған оқу бөлмесі қазіргі талапқа сай жабдықталып,көрнекі құралдары әр тақырып бойынша бір жүйеге келтірілген.

Оқушылармен бірге жасаған ол кісінің қолөнер туындылары,әсіресе целлофаннан жасалған «Қос аққу» атты туындысына келген қонақтар тәнті болып,өз ризашылықтарын білдіріп жатты.Осындай еңбектерінің негізінде 2007-2008 оқу жылында ұстаздың іс-тәжірбиесі аудан көлемінде таратылды. 2010-2011 оқу жылында «Шеберлік ,іскерлік және білгірлік»атты аудандық Атакәсіп көрмесінен 3-орын,Тәуелсіздіктің 20-жылдығына «Биік рух,кең тыныс, тың серпінмен биіктейміз белестерге »атты фестивальда қолөнер көрмесінен ұстаз еңбегі ақталып 1-орын, 2011-2012 оқу жылында «Атакәсіп»байқауында 3-орын, 2012-2013 оқу жылында аудандық «Атакәсіп »байқауында былғарымен жұмыс өнерінде 2-орындарға ие болды.

2012 жылы Алматы облысының білім басқармасы Облыстық 8-ші Дельфийлік ойынында ұлттық өнердегі кәсіби шеберлігі мен дарындылығы үшін «Сәндік қолданбалы өнер»номинациясы бойынша оқушысы Молдахмет Саулет 2-дәрежелі дипломмен,оқушысы Омарова Жамиля 1-дәрежелі дипломмен марапатталды.

2012 жылы ұстаз Алматы облыстық білім басқармасының Жеткіншек ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі табыстары үшін Құрмет грамотасына ие болды.2012 жылы «Инновациялық шығармашылық ізденістер» атты мұғалімдердің іс-тәжірибесінен әдістемелік кітапқа ұстаздың «Наурыз-думан» атты тәрбие сағаты мен «Ауылға сағыныш» атты әңгімесі жарыққа шықты.Екі өнерді қатар алып жүрген Шолпан апайымыз білікті де,іскер мұғалім десек артық айтпаған болар едік.

Музыка өнері-күрделі де,нәзік жол.«Құлақтан кіріп бойды алар,Әсем ән мен тәтті күй», «Бұлақ көрсең көзін аш»-демекші ұстаз көптеген шәкірттерін музыка өнеріне баули білді,олардың музыкаға деген дарынын шыңдауда көптеген еңбек сіңірді.Соның нәтижесінде 2009 жылы «Көңілім әнді ұғады» номинациясы бойынша жүлделі 1-орынды,осы оқуда оқушысы Жумасилова М. «Өлең –сөздің патшасы,сөз сарасы» номинациясында 2-орынды жеңіп алды.2012 жылы аудандық Махамбет оқуында «Ұлы арман» атты жатқа оқу конкурсында оқушысы Арнауыт Ақниет 1-орынды жеңіп алып,облысқа жолдама алады.Аталған оқушысы облыстық Махамбет оқуларының «Ұлы арман» номинациясы бойынша Бас бәйгені жеңіп алып,ұстаз мәртебесін көтереді.2012 жылы «Күншуақ»9- халықаралық конкурсында «Вокал» номинациясы бойынша оқушысы Арнауыт Ақниет 3-орын Дипломмен,оқушысы Жанарбек Қастер 2-орын Дипломмен,аталған конкурсқа лауреаттарды дайындағаны үшін ұстаз 2 бірдей Дипломмен марапатталды.Жастардың шығармашыл деңгейін көтеру,музыкалық-эстетикалық тәрбиені жетілдіру,олардың орындау шеберлігін арттыру мақсатында «Жас дарын »атты жасөспірімдер мен балалар арасындағы 3- Республикалық өнер байқауына шәкірт тәрбиелегені үшін Шолпан апайымыз «Нұрай»продюсерлік орталығының Алғыс хатымен марапатталады.2013 жылы облыстық Дельфийлік ойындарында Ұлттық өнердегі кәсіби шеберлігі мен ерекше дарындылығы үшін «Қолданбалы өнер» номинациясы бойынша оқушысы Тұрсын Жаңыл 1 дәрежелі Дипломмен, «Эстрада»номинациясы бойынша оқушысы Жанарбек Қастер 1-дәрежелі Диплом марпатына ие болады.2013 жылы «Күншуақ »10 Халықаралық фестиваль-конкурсына оқушысы Тұрсын Жаңыл қатысып «Вокал» номинациясы бойынша 3-орын Дипломмен, аталған конкурсқа шәкірт дайындағаны үшін Ченемисова Шолпан Торебекқызы Дипломмен марапатталады.2013 жылы Бурабай қаласында ұлттық Қазақ радиосы Шалқар ұлттық арнасы мен «Атадан қалған мұра »қоры ұйымдастырған екінші Республикалық «Тайжарыс »радио байқауына ұстаздың 2 бірдей оқушысы қатысып,нәтижесінде үздік өнер көрсеткендері үшін Жарыс Ертай 3- орын,Жанарбек Қастер 3- орын Дипломына ие болады. Ұстаздың еңбегі еленіп осы байқауға шәкірт дайындағаны үшін «Қазақ радиосының»директоры М.Садық, «Шалқар » радиосының бас директоры К.Әмірбек сынды ағаларымыздың қолынан ұстазға 2 бірдей Диплом табыс етілді. 2014 жылы Алматы қаласында өткен “Ғұмырдария”7- Республикалық ән-жыр байқауына 9-сынып оқушысы Саятханқызы Айсана қатысып,”Жырлайды жүрек ”атты М.Мақатаевтың өлеңдерін оқудан “Көркем сөз” номинациясы бойынша 2-дәрежелі Дипломмен марапатталды.

Өзінің ұстаздық өмірінде Шолпан апайымыздың қиын да күрделі жұмысты яғни сынып жетекшілікті де үлкен абыроймен атқарып келеді.Өзінің ұстаздық еңбегінде оқушыларды 5-сыныптан қабылдап ,оларды кезең-кезеңімен көз алдында есейтіп, қанаттарын қатайтып,келешектерінен үміт күтіп, шығарып сала отырып, сол шәкірттердің бағбаны бола білді.

Адамның еңбегі оның қанша жыл еңбек еткенімен өлшенбейді,оның табысы мен жемісінің нәтижесімен таразылынады ғой.Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой адамгершілік ,әдептілік,ар-ұят,ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам-Мұғалім.Ендеше өз ісіне берілген ,жаңалықты жатсынбай қабылдайтын,шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып,өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздың жөні де,жолы да бөлек.Ғұлама ұлы бабамыз Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз қолға білім салма»десе,Ахмет Байтұрсынов «Біз әрқашан білімге ұмтыламыз.Негізінде ең бірінші тәлімге ұмтылуымыз керек»,-деп білімнен бұрын тәрбиеге көңіл аудару керектігін баса көрсеткен екен.

Әрбір шәкіртін өз баласындай көріп,жанына жақын тартып,тынымсыз еңбегі мен ізденісінің нәтижесінде өзі жетекшілік еткен сыныптары мектепшілік іс-шараларда өздерінің шығармашылығымен ,білімдерімен ,тапқырлығымен үнемі жүлделі орындарға ие болып отырды.Әр шәкірттің бойындағы талабы мен талантын аша біліп,оны шыңдай түсуде еңбек етті.Аудандық «Ең үздік сынып жетекші»байқауында 1,3 орын иегері атана білді. Бұны да шәкірт жүрегіне жол таба білген ұстаздың шығармашылық еңбегі екенін мойындаймыз.

2010-2011 оқу жылында өзі жетекшілік еткен сыныбынан 2 бірдей оқушысы Жумасилова Меруерт, Шабден Әділ «Алтын белгі»иегерлері атанып,тиісті университеттерде білімдерін жалғастыруда.Ұстаз қиналған шағында әрқашан да қасынан табылатын,тығырықтан жол тауып,оң қолы бола білген оқушысы Құдаш Еркебұлан бүгінгі таңда университет бітіріп,жұмыс істеуде. Көптеген колледж,университет атынан оқушыларының үлгілі тәртібі,жақсы үлгерімі және қоғамдық жұмысқа қатысқан белсенділігі үшін сынып жетекшісіне қаншама Алғыс хаттар келіп жатыр десеңізші! Бұл дегеніңіз ұстаздың бала бойына тәлім-тәрбиені дұрыс бергендігі дер едім.

Биылғы оқу жылында өзі 5-сыныптан қабылдап алған шәкірттері 9- сыныпты бітіргелі отыр. Аталған жылы сыныбындағы дарынды оқушысының бірі –Мұстафан Еркежан Алматы қаласындағы Физика-математика мектебіне қабылданып оқуын жалғастыруда. Сонымен қатар 2- оқушысы «Үздік куәлікке»үміткер.

Асығуды,ашулануды білмейтін биязы жан ата-аналар арасында да ,әріптестері ортасында да беделді.Еліміздің бүгіні мен ертеңі өскелең ұрпақ еншісінде.Ал осы ұрпақты бүгінгі таңда жан-жақты,терең білімді,өз еңбегімен ізденуге қабілетті етіп қалыптастырудың бірден-бір жолы оқушыны шығармашылыққа жетелеу.Бұл мұғалімнен терең біліктілікті қажет етеді.Себебі,шығармашыл ұстаз ғана шығармашыл тұлғаны қалыптастыра алады.Қашанда ән мен жыр ,өлеңге жаны құмар Шолпан апайымыз қаншама жылдар бойы мектепте «Жас қалам » үйірмесіне басшылық етті.Нәтижесінде оқушылары аудандық газеттің тұрақты оқырмандарына айналып ,олардың шығармалары газет бетіне жарияланды.Оқушылары Құрмет.Н«Қазағымның тұғыры»,Марат. Д «Ұлы тұлға»,Ясын.А «Астана»,Жумасилова М. «Тәуелсіздік тартуы»,Қасымхан А. «Ақиқатпен тілдесем», «Ел мақтаны »,Ясын.А «Шолпан апайға» Жұмақай.Қ «Біздің сынып осындай» атты туындылары газет бетінде жарық көрді.Ұстаз «Сарқан» газетінің қоғамдық тілшісі, сонымен қатар апайымыздың өлең жазатын өнері де бар.Тіл қазынасын меңгеруге ықпал етуде ұстаздың бірнеше мақалалары газет бетінде жарияланды.Олар 2008 жылы «Елдігімнің айғағы», «Ұстаз ұлағаты», «Анаға сағыныш», «Аларсың сен сыбағаңды өмірден», «Көпшілік алғысына бөленген», «Үзілген үміт», «Өзім және уақыт туралы ойлар» «Жүрек сыры», «Өмір қымбатсың маған», «Ұлт болашағы ұрпақ қолында»,

2009 жылы «Тәрбие деген тәңір бар», «Жан сұлулығы жарқырай түссе», 2010 жылы «Шығармашыл оқушыны тәрбиелеу жолы», «Ауылға сағыныш», «Мектеп –алтын ұя» атты өлеңдері мен мақалалары газет бетіне жарияланды.

Бүгінде Шолпан апай төрт баланың анасы,ұлын ұяға қызын қияға қондырған бақытты ана.Үлкені-Ченемисова Ұшқын-қазіргі таңда 4-баланың анасы,ЖГУ-дің музыка факультетін бітіріп,кейіннен ЖГУ-дің қазақ тілі пәні факультетін бітірген,Бақтыбай ауылында Ескелді ауданына қарасты Бақтыбай орта мектебінде жоғары санатты мұғалім;Мереке-3 баланың әкесі,бітірген оқу орны-АТИСО-ның заң бөлімін бітірген, Алматы облыстық МКҚБММ мемлекттік күзет қызметінде №2 батальон старшинасы,Садырбек –АТИСО ның қаржы бөлімін бітірген; Лаула- П.И.Чайковский атындағы музыкалық колледжін,кейіннен Құрманғазы атындағы қазақ Ұлттық консерваториясын тәмамдап, Қыздар педагогикалық Университетінің музыка факультетінің магистратурасын бітірген. «Інжу-Маржан» тобының мүшесі, П.И.Чайковский атындағы колледжде мұғалім 2-баланың анасы.Музыка саласында өз жолымды қуған қыздарым –Ұшқын мен Лаула дейді,- Шолпан апай. Әр адам өзінің еңбегімен дараланады десек Ченемисова Шолпан Төребекқызы да сол дара тұлғаның бірі десем артық емес.Сіздей ұстаздың еңбегі жас ұрпаққа әркез үлгі болады деп ойлаймын.

Бүгінде зейнеткерлік жасына келсеңіз де әлі де сүйікті мамандығыңыздан ажырамай, шәкірттеріңіздің жүрегіне жол тауып,оларды қуанышқа бөлеп,жан-жақты дамуына және музыка әлемін таңдап, өнерлі тұлға болып қалыптасуына мүмкіндік берудесіз.Шолпан апайымыз өзі де бір тыным таппай бойындағы бар күш –жігерін ,білімін шәкірт бойына ғана сіңдірмей жыл сайынғы жас мамандарға,ата-аналар,арасында да үлгі етіп көрсетіп отырады.Жанындағы ұстаздармен бірге біте қайнасып,жағаласа іс-шараларды аса бір құлшыныспен өткізіп жатады.Бүгінгі жас маман ертеңгі аға ұстаздардың ізбасарлары. Әңгімемді аяқтай келе «Ауылыңның маңында төбе болса,ерттеулі тұрған атпен тең». «Ауылыңда ақылгөй қария болса ,жазып қойған хатпен тең» деген тамаша сөзбен аяқтағым келіп отыр Бәріміз де сіз сияқты құрметке ие болайық.

Кәсіптік шеберлігі жоғары ,өз ісіне тиянақты ұстаздың мектеп ұжымы ,оқушылар және ата-аналар қауымы алдында еңбегіне сай беделі бар.

Қымбатты ақылдың кенін арқалаған ардагер ұстаз!

Бейнеті көп еңбектің зейнетін ұзағынан көріп, жастарға ақылшы ,қамқоршы, тәлімгер ұстаз ретінде біздің мақтанышымыз болып жүре беріңіз деген ыстық ықыласымды білдіремін.

Автор:
Ыстық ықыласпен әріптесіңіз әрі сіңіліңіз: Рауза Амиренова, Аль-Фараби О.М. Сарқан ауданы, Қарабөгет ауылы.