28 мая 2010, 01:41 | 2 879 просмотров
Сәт - сапар саған жас түлек!
«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Мен жастарға сенемін»
(М.Жұмабаев)
Адамның тағдыры табиғаттың төрт мезгілі іспеттес. Өмірдің ең қымбат та қайтарылмас асыл қазынасы – жастық шақ. Ал, мектеп табалдырығынан түлеп ұшып бара жатқан жас жеткіншек үшін жаңа белестерге қадам басу. Тынысы кең, адымы ауқымды тағдырдың арнасына түсіп, армандарына жету үшін самғайтын аса жауапты кезеңдері. Жас түлектің мектептен алған білімі – болашақ өміріне негіз.
Өмірдің жауқазындары бүршігін енді ашып, тамырын енді жая бастайды. Сол себепті де, көңілдерінде толқу басым, ойларында орасан зор мақсаттар мен тілектер толқуда.
Мектеп табалдырығын алғаш аттап, әліппенің беттерін алғаш парақтаған шақтарын әлі де сағынышпен еске алып, үлкен өмірдің белестерінен тебірене қарайтын болады. Әлі де мектептің қоңырау үні олардың жүрек түбінде балалық шақтарының ыстық сәттерін еске салып, бірге жүрген құрбылардың қимас кезеңдерімен қайта қауыштырады.
Ал, сол мамыражай мектеп өмірінде оларға бағыт сілтеп, білім нәрімен сусындатқан ұстаздары олардың жадында мәңгілікке жатталып қалады. Себебі, он бір жыл бойы өз балаларындай бауырына басып, ұлағаты ұйысқан ұжым етуге барын салған, жігер-мұратын, еңбегі мен пейілін шәкіртінен аямай, бар өмірін өнегеге арнап жүрген Ұстаз қашанда болсын қадірлі.
Өмірдің өзі – ұлы ұстаз. Алайда, алғашқы сабақты білімнің қасиетті шаңырағы – алтын бесік қабырғасында, беті шимайланған парталарында отырып аласың, құрмет тақтасына ілінген есімдерді көріп өсесің, ұстаздарыңның ұмытылмас бейнесін көңіліңде сақтап өтесің. Алдыда – асу-асу белестер, білім жолы, еңбек жолы күтуде. Жүрегінің түбіне терең бойлаған парасат пен білімнің нәрін асыл га уһардай ардақтап, қажетіңе жарата білсең, өзіңе сенген асыл жандардың сенімін ақтап, нендей болмасын қиыншылықты қайратпен көтере білсең болғаны.
Жас түлек, үлкен өмір арнасында асқақ армандарың орындала берсін! Жігерің жасымасын, қайратың кемімесін. Қалаған біліміңнің негізін нығайта түсіп, абыройлы маман иесі болып, ел болашағына қомақты үлес қосар азаматы бол.
Жас дос, жастық жалының мен күш-қайратыңа сене білгін. Аяулы мектебің, он бір жыл бірге оқыған сыныптас жолдастарыңды, тағылымы мен танымын аямаған мұғалімдеріңді ұмытпағайсың!
«Сен үшін бұл күн балалықпен қоштасу,
Өмірде үлкен су кешу, бірде от басу.
Көгершін-түлек көкке ұшып кетті қол бұлғап,
Білдірмей сүртіп қимастықпенен көз жасын...», - демекші, көңіл-көкжиектеріңде сағымдай бұлдырайтын балдәурен балалық шақтың бақытты шақ естеліктері ескірмесін!
2009-2010 оқу жылы негізгі мектепті – 32559 оқушы, орта мектепті – 16 600 түлек бітіреді. ҰБТ-ы тапсыруға қазақ тілінде және орыс тілінде оқыған 15 516 түлек жіберіледі. Оның ішінде ҰБТ-ге қатысуға өтініш бергендері – 12 874 оқушы.
11-сынып оқушыларын ҰБТ-ге дайындау мақсатында ағымдағы оқу жылы барысында барлық білім беретін оқу орындарында 10-15 сынақ тестілеуі өткізілді. Сынақ тестілеудің орташа баллы 75-ті құрайды.
«Алтын белгі» белгісіне үміткер оқушылар саны – 380.
ҰБТ өткізу мерзімі 2010 жылғы 1-10 маусым.
Мектеп бітіру кешін өткізу мерзімі – 2010 жылғы 19 маусым.
«БШ» ақпарат