Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

КӨРНЕКІ АҚПАРАТТАҒЫ КӨКЕЙКЕСТІ МӘСЕЛЕ


28 июля 2016, 10:30 | 2 788 просмотров


Ономастика жүйесі – кез келген қоғамның ажырамас бөлігі, тіл саласының маңызды мәселелерінің бірі болып табылады. Ал ономастиканың негізгі тармағы – жарнама тілі.

Көшеге шықсақ та, үйде теледидар, радио, Ғаламторды қоса қалсақ та жер мен көкті жаулаған жарнама адамның санасын қалыптастырады. Көшеде орналасқан әр қазақша аталған нысан атауы – қазақ тілінің байлығын, бейнелілігін, мәртебесін насихаттайтын құрал.

Ендеше, осы құралдың біздің ауданымыздағы жарнама, көрнекі ақпарат, маңдайша жазулардағы жай-күйіне сипаттама берсек.

Көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың сауаттылығын қадағалау, тілін реттеу, жүйелеу, олардың «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» ҚР заңнама талаптарына сай ресімделіп, орналасуы бойынша үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ ауданымыздағы көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың жай-күйін анықтау мақсатында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен тұрақты түрде рейдтер ұйымдастырылып тұрады. Бұл шараға ауылдық округ әкімдігінің мамандары, Жастар ресурстық орталығы, «Нұр Отан» партиясы, жергілікті БАҚ өкілдері қатыстырылады.

Аталған салаға қатысты ауданымызда біршама жұмыстар атқарылса да, әлі де олқылықтардың орны толмай жатқаны анық.

Олардағы ірілі-ұсақты жиі кездесетін құқықтық олқылықтарды, қателіктерді топтастырып көрсек:

1. Нысан атауларының жазылуында орын тәртібінің заң талаптарына сәйкес сақталмай жазылуы. Аудан орталығындағы Б.Момышұлы көшесіндегі «Жанна» дүкені, «Құрмет» кафесі, «Автомойка», Ш.Уәлиханов көшесіндегі «Продукты» (дүкеннің орын тәртібі сақталмағанымен қоса, дүкен атауы тек орыс тілінде ғана жазылған), Шұбар ауылындағы «Березка» дүкендеріндегі маңдайша жазуларында (магазин Жанна дүкені, кафе Құрмет кафесі және т.б.) Тіл туралы Заңның «Көрнекі ақпараттың барлық мәтіні мынадай ретпен: мемлекеттік тілде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тілінде оң немесе төменгі жағына орналасады» делінген 21-бабы сақталмаған.

2. Көрнекі ақпараттарда мемлекеттік тілдегі атаулардың мүлдем жазылмауы, жарнамалардың тек бір тілде (орыс тілінде) жазылуы. Сарыөзек ауылындағы Б.Момышұлы көшесіндегі «Разливное пиво», «Гостиница», «Тумар» дүкені, И.Масанов көшесіндегі «Тулпар» ТЖО-сы, Т.Рысқұлов көшесіндегі «Аннушка» дүкені, Жібек жолы көшесіндегі «Ай-Ару» шаштаразы (маңдайша жазуы қазақ тілінде болғанымен, қызмет көрсету түрлері толығымен орыс тілінде жазылған) және пескоблок сату, терезе, есік, витраж жасау, контейнер сату, кеңсе, пәтер, үйді сату-жалға беру және т.б. сияқты жарнамалардың тілі тек орыс тілінде ғана рәсімделген. Нысан иелеріне бірнеше рет түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, түзету мерзімдері белгіленсе де, кемшіліктердің орнын толтыруға асыға қоймайтын сыңай танытады.

3. Нысан атауларындағы орфографиялық, пунктуациялық қателер. Тілді білмегендіктен немесе сауатымыз жетпегендіктен емес, кемшілік атаулыға салғырттықпен қарауымыздың салдарынан ба, Б.Момышұлы көшесінің бойында орналасқан «Тұмар» дүкенінің және И.Масанов көшесіндегі «Тұлпар» ТЖО, Алтынемел ауылындағы «Сұлтан» дүкені, Талдыбұлақтағы «Сәния» дүкендерінің маңдайша жазулары Тумар, Тулпар, Султан, Сания деп жазылу тұрғанына біраз болды. Бұл біздің шала қазақшалығымыздан ба, әлде Ұ мен У, А мен Ә сияқты әріптерін ажырата алмағандық па, не болмаса тілді шұбарландыру пиғылы себептерінің салдары ма?

Бұлардан бөлек дүкендердегі ВЕДЕТСЯ ВИДЕОНАБЛЮДЕНИЕ, ТОВАР ВОЗВРАТУ И ОБМЕНУ НЕ ПОДЛЕЖИТ, ПОЖАЛУЙСТА, ЗАКРЫВАЙТЕ ДВЕРИ, РАБОТАЕТ КОНДИЦИОНЕР, ОТКРЫТО-ЗАКРЫТО, ТРЕБУЕТСЯ ПРОДАВЕЦ, ВЫХОД деген сияқты көпшілікке арналған хабарландырулардың қазақ тіліндегі нұсқасын сирек кездестіресің. Ауданымызда 50 мыңға жуық халық тұрса, оның шамамен 88 пайызын қазақтар құрайды. Сонда, осы 88 пайыз қазақ тұрғындары қазақ тіліндегі жазуларды түсінбейді деп ойлайды ма деген ойға қаласың.

Жарнама беруші сататын затына мән береді де, сол жарнаманың тіліне мән бермей жатуы жиі кездеседі. Сол сияқты халыққа тұрмыстық қызмет көрсету орталықтарындағы көрсетілетін қызметтің түрлері жартылай сауатты орыс тілінде жазылып, көзге көрінетін жерде ілініп тұрады. Қоғамдық тамақтану орындарындағы толықтай қазақ тілінде жазылған ас мәзірін кездестірудің өзі бір тапшылыққа айналып кеткендей.

Айта берсек, аудан бойынша жарнама және көрнекі ақпарат саласындағы келеңсіздіктер өршіп тұр. Жарнама беруші сататын затына мән береді де, сол жарнаманың тіліне мән бермейді. Көпшілік бас сұғатын, жұрт назар аударатын жазудың өзіміз тұратын республиканың Тіл туралы Заңына да, орфографиялық заңдылығына да сай келгені жөн. Оның үстіне ол қоғамдық қызмет көрсету орнына қойылар атау болса, онда жауапкершілік жүгі арта түсетінін естен шығармағанымыз абзал.

ХХ ғасырдың басында С.Сейфуллин «кеңсе тілі болмай – қазақ тілінің көсегесі көгермейді», – деген. Көсегенің көгеруі – қазақы тілдік ортаның қалыптасуына әсер ететін факторлардың бірден-біріне айналған жарнама тілінің жетілуі, көрнекі ақпарат тілінің сауатты болуы.

«Сын түзелмей, мін түзелмейді» - демекші, айтылған сын-ескертпелерге түсіністікпен қарап, жауапкершілікті қолға алып, кемшіліктерді уақытылы түзетуге тырыссақ, ҚР-ның Заңдарын, Конституциясын құрметтеген азамат болып танылатынымызды естен шығармайық, ағайын!

Автор:
АЙГҮЛ РЫСМОЛДАЕВА Кербұлақ ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы