Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҚазҰУ Орталық Азияда алғашқы болып әлемнің 250 үздік университеті қатарына енді


9 сентября 2016, 10:31 | 2 595 просмотров



Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті халықаралық рейтингте кезекті сатыға көтеріліп, Орталық Азия аймағы мен Қазақстан жоғары оқу орындары арасында  алғашқы болып әлемнің 250 үздік университеті қатарына енді. Бұл туралы аталған ЖОО-ның баспасөз қызметі хабарлайды.

World University Rankings QS (Ұлыбритания) беделді рейтингтік агенттігінің зерттеу қорытындылары бойынша, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті 236-орыннан көрініп, әлемнің 250 үздік университеті қатарына енді. Айта кетерлігі, бұл топқа ТМД елдерінен екі ЖОО - Ломоносов атындағы ММУ мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғана кірді. Осылайша жетекші қазақстандық университет Орталық Азия мен ТМД-дағы теңдессіз көшбасшылығын тағы да дәлелдеді.

Халықаралық рейтингте университеттің табысты алға жылжуына заманауи талаптарға сай жүргізілген кешенді құрылымдық жаңарту ықпал етті. Нәтижеге бағытталған процестік менеджмент, басқару жүйесі және еңбекті рейтингтік бағалау енгізілді. Сондай-ақ, жоғары әлемдік талаптарға сай әрі халықаралық аккредитациядан өткен эксперименттік білім беру бағдарламалары дайындалды және енгізілді, ғылыми-зерттеу жұмыстары  белсенді жүргізілуде.

 Шетелдік рейтингілік ғылыми журналдарда жарияланған қазақстандық әрбір үшінші мақала ҚазҰУ ғалымдарына тиесілі. Мемлекеттік-жеке серіктестік қағидалары негізінде бірегей нысандар салынып, университет кампусының инфрақұрылымдық құрылыстарының екінші кезеңі аяқталды.

QS сарапшыларының ұсыныстары бойынша ҚазҰУ тәжірибесі әлемдегі үздік университеттерде зерттелуде. Бұл көрсеткіш әлемдік білім мен ғылым нарығында бәсекелестікке қабілеттіліктің айқын дәлелі болып табылады.

ҚазҰУ ғылым, білім беру және инновациялық жетекші орталық ретінде Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауында айтылған Қазақстанның ең дамыған 30 елдің қатарына кіруі және екі ЖОО-ның әлемнің 200 үздік топ университеті құрамына енуі жөніндегі мемлекеттік маңызы зор тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында жұмыс істеуде.

Автор:
ҚазАқпарат.