Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Бірауыз сөзге тоқтаған халық едік…


23 сентября 2016, 04:30 | 1 485 просмотров



Әрбір ұлт жер бетіне өзінің ұлттық ерекшелігімен жаралатыны белгілі. Алайда уақыт өте келе сол ұлттық ерекшелігін сақтай алмағандар одан бірте-бірте айырыла бастауы да ғажап емес. Адамның ұлттық ерекшелігі оның тілі мен ділінен, салт-санасынан, болмыс-бітімінен, әдет-ғұрпынан көрініс табатынын түсіндіріп жатудың қажеті жоқ шығар.

Ұлттық ерекшелігіңді жо­ғалтпауға бастайтын негізгі құндылықтар да осы тұрғыдан байқалса керек-ті. Сөйлеу мәдениетің, әдептілігің, адами қалпың, жүріс-тұрысың, дүниетанымың – бәрі-бәрі осы ұлттық ерекшелігіңнен хабар беріп тұрады. Бірақ, өкінішке қарай, біз өзіміздің ұлттық ерекшелігіміз туралы көп ойлана бермейтін тәріздіміз. Ойлансақ, оны сақтауға, өзіміздің ұлттық келбетімізді сақтауға күш салатын едік. Сол кезде ана тілін ұмытқандар, салт-дәстүрін мансұқ еткендер, тарихынан, тек-тамырынан қол үзіп кеткендер, өзгенің қаңсығын таңсық көретіндер, туған жеріне деген перзенттік парызын сезінбейтіндер, ата-бабасын құрметтемейтіндер, шетелдік құндылықтарға бой ұрып, солардың мәдениетіне ден қойып, еліктеп-солықтай­тындар болмас еді. Өз ұлтына шекесінен қарайтындар, Ота­нына опасыздық жасап, елін, жерін сатуға даяр тұратындар, халықтың байлығын талан-таражға салатындар болмас еді… Ұлттық ерекшелікті сақтаудың маңызды болатын тұсы, әсіресе, осы тұрғыдан көрінеді. Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған, елдің береке-бірлігін ойлаған, шаңырақты кие тұтқан, діні мен дәстүріне берік, үлкенді сыйлайтын, кішіге ізет көрсететін, салт-санасын ардақтаған ел. Міне, бұл қасиеттер де біздің ұлттық ерекшелігіміз. Қазақ болып туу – ата-баба жолымен жүрудегі үлкен жауапкершілік. Қазір әжелік салтты ұстанғысы келмейтін әжелер, ата болуды ар көретін, мәңгі жас болып жүргісі келетін ақсақалдар, ішімдікке, жат әдеттерге әуестенген қыздар, ел ағасы болатын жасқа келсе де салмақты ойы қалыптаспаған, өмірге көзқарасы айқындалмаған, не оқыған оқуы жоқ, не ауыз толтырып айтарлық бітірген ісі жоқ азаматтар да жетерлік… Қазақ әу бастан бірлік, ынты­маққа, татулыққа жақын ел. Кейде осынау дарқан көңіліміз­ден, қонақжайлық пейілімізден, ағайынға жанашырлығымыздан, тіпті мұның бәрін айтпағанның өзінде, бір ауыз сөзге тоқтау қасиетімізден айырылып бара жатқан жоқпыз ба деген де ой келеді. Қалай дегенмен, ұлттың ұлт болып қалуы үшін оның өз бойы­на тән мықтылығы, беріктігі болуы керек. Ұрыс-керіс, дау-жанжал, дүрдараздықтан бойыңды аулақ салып, көреалмаушылық, іштарлық, қызғаншақтық деген жағымсыз қасиеттерді айналып өтіп, иманды, инабатты, әдепті, таза жолмен жүретін болсақ, ата-бабаларымыздың дара жолына жақындайтын болармыз. Сол кезде, бәлкім, өзіміздің бойымыздағы ұлттық ерекшелігімізді ұмытпай, өмір сүре бастайтын шығармыз.

Автор:
Дәуіржан Төлебаев