Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Арманға толы жас өмір


23 сентября 2016, 04:31 | 1 738 просмотров



Мен өзімнің алғашқы еңбек жолымды сол кездегі жастардың республикалық газетті «Лениншіл жастан» бастаған едім. Бұл 1953 жылы Алматы қаласындағы С.М. Киров атындағы (қазіргі Әль-Фараби) қазақ ұлттық университетінің журналистика бөлімін ойдағыдай бітіргеннен кейін, қазіргі «Жас Алаш» ол кезде «Леніншіл жас» газетіне жұмыс істеуге жолдама алдым. Содан бері 60 жыл өтіпті. Мен ол кезде 21 жаста едім.

Ең алғаш «Лениншіл жас» редакциясының үйіне келгенімде мен оқыған университетті менен бірер жыл бұрын бітірген Кәкімжан Қазыбаев тағы басқа да өзіме таныс студенттерге кезігіп қалдым. Нығымет Ғабдулин, Сансыбай Сарғасқаев деген жазушыларды да көрдім. Олар да осы редакцияда жұмыс жасайды екен. Сондай-ақ мұнда біздің университетте оқып жүргенде студенттермен кездесуге келген қазіргі әйгілі ақынымыз Мұзаппар Әлімбаевты көрдім. Ол кезде Мұзаппар ағайдың жас жігіт кезі. Ол кісі біздің университетке келіп студенттермен кездесу кешінде өзінің лирикалық тамаша өлеңдерін оқыған. Әсіресе, «Әкелші бері оқиын, хаттарым қайда, менің хаттарым!»,- деп өзінің майданнан үйіне жазған хаттарын есіне алып, қатты тебіренгені есімде. Сол күндер дәл бүгінгідей көз алдымда...

Мені редактордың кабинетіне осы газеттің жауапты секретары алып барды. Біз барсақ  редактордың кабинетінде бірнеше адам отыр екен. Менің осында қызмет істеуге келген документтерімді қолына алған соң, біраз ойланып, редактор қасындағы адамдарға жаңадан оқу бітіріп келген мені таныстыра бастады... Олармен ақылдаса келіп, мені осы газеттің әдебиет және мәдениет бөліміне әдеби қызметкер етіп тағайындады. Сол күннен бастап осы газет қызметкері болып істей бастадым.

Ол кезде редакцияға күнделікті информациялық хабарды беріп отыратын телетайп деген арнайы құрал бар. Ол арнайы құрал күнделікті информациялық саяси хабарларды өзінің лентасына автоматты түрде өзі жазып тұрады. Ол саяси хабарлар орыс тілінде болғандықтан, оны қазақшаға аударып өз газетімізге береміз. Сөйтіп аудармашылық қызметін де қоса атқарамыз.

Бізде бүгінгідей компьютер де жоқ еді. Сондықтан газеттің материалдарын теретін типографияда линотип деген бірнеше үлкен машиналар тұрады. Онда линотип машинасында істейтін әйелдер газет мақаласын тергенде оның әріптері қорғасынмен құйылады. Әлгі құйылған әріптерді қатарластыра қойып, бетіне қара бояу жағып, ақ қағазға түсіреді. Оны гранка дейді. Біз оны оқып, қате терілген әріптерді түзеп әріп терушілерге береміз.

«Лениншіл жас» газеті аптасына бес рет шығатын. Сондықтан әрқайсымыз аптасына бір күн түнде типографияда кезекшілікке қалып, ертеңгі шығатын газеттің мақалаларын қарап оның қатесі болса түзетіп отырамыз.

Кейде қаладағы өндіріс орындарына барып, оның күнделікті жұмысымен, онда өз жұмысын жақсы орындап жүрген адамдар жайында очерк; кореспонденция немесе сын мақалалар да жазуымыз керек. Мектептерге барып, ұстаздардың өз шәкірттерін оқыту жұмысы жайында да жазамыз. Сондай-ақ өміріміздің сан-салалы, саяси–әлеуметтік жұмысына кеңінен араласып, олар туралы мақала жазуға да әжептәуір үйреніп келе жатқан сияқтымын.

Біздің редакцияда күнделікті газет материалдарын машинкаларда бастырып отыратын қыз-келіншектермен бірге типографиядағы линотип машинасында әріп теретін қыздардан басқа бірде бір әйел жоқ екен. Бәрі де ер адамдар болғандықтан мен де олардан кем қалмайын деп шамам келгенше жақсы жұмыс жасауға тырыстым.

Газетіміздің күнделікті санының қалай шыққаны, онда әр журналистің өз жұмысына қалай қарағандықтары жайында күнделікті талқылап отырамыз. Оны летучка дейді. Сондай-ақ летучкаларда осы редакцияда көптен бері жұмыс жасап келе жатқан тәжірибелі журналистер өздерінің мақала жазудағы әдіс-тәсілдерімен бөлісіп, біздердей жастарды іскерлікке баулығысы келеді. Осындай летучкалардың бірінде мен туралы «берілген тапсырманы дер кезінде, бұлжытпай орындайды. Бірақ газет материалдарын жазуда әлі де кемшіліктер бар. Бұл мүмкін оның жазу жұмысында әлі тәжірибесінің аздығынан болар. Бірақ өзі ынталы, білуге құштар деп мені біраз мақтап та қойды. Бұл сөздер менің бойыма әжептеуір қуат беріп, жақсы журналист болсам деген ойымды бұрынғыдан да арттыра түсті. Сөйтіп қиындығы мен қызығы мол журналистік мамандықты толық игерем деп талаптанып бар жігерімді салып еңбектенгеніме де бір жылдай уақыт болып қалды. Осы уақыттың ішінде, бірсыпыра нәрсені үйреніп, жазу жұмысына да әжептәуір машықтанып келе жатқан сияқтымын.

Бір күні бізді редактор өзіне шақырып алып:

―Сендерге бір тапсырма берейін деп отырмын. Қазір Қазақстанның солтүстік аймақтарында тың және тыңайған жерлерді игеру жұмысының басталғанын білесіңдер. Оны күнделікті шығатын газет, журналдардан оқып, радиодан тыңдап, кинолардан көріп жүресіңдер. Бұл бүгінгі күннің кезек күттірмейтін ең маңызды мәселелерінің бірі. Олай болса, осы манызды ісіке біз де өз үлесімізді косуымыз керек. Ол үшін сендер сол тың және тыңайған жерлерге барып, оны игеріп жатқан адамдардың күнделікті өмірімен танысып, олардың қажырлы еңбектері жайында нақтылы факторлармен дәлелденген мақалалар жазу үшін Ақмолаға командировкаға баруларың керек, – деді редактор.

Сөйтіп, редакциядан 5 жігіт менімен алтау болып Ақмолаға қазіргі Астанаға командировкалық жұмыспен бармақшы болып шықтық. Ол кезде Ақмола Целиноград деп те аталмайтын. Ол жаққа қазіргідей ұшатын ұшақтар да жоқ болатын. Сондықтан біз Ақмолаға баратын поездға асыға міндік. Осы сәтте біздің бәріміздің де арманға толы көңіліміз әлде қайда алып ұшып, мазалана толқитын сияқты. Өйткені біздер бұрын ешқашан да алыс сапарға мұндай күрделі тапсырмамен барып көрген жоқ едік. Қасымдағы жолдастарымның не ойлағанын білмеймін... Ал мен өзім Ақмолаға тезірек жетсем, ондағы тың игерушілердің ішінен өзінің күнделікті жұмыс жоспарын екі есе артық орындап жүрген механизаторды тауып, ол туралы бір көлемді очерк жазсам деп армандадым. Сөйтіп тың игерушілердің күнделікті өмірімен танысып, ондағы жаналықтар жайында информациялық хабарларды әкелсем. Бұдан бұрын еш жерде айтылмаған маңызды мәсәлені қозғайтын жаңа тақырыпта мақалалар жазып, өзіме берілген тапсырманы абыроймен орындасам деймін.

Біз мінген поезд жолшыбай кездескен үлкен станцияларға ғана кідіріп ал шағын   подъездерге кейде тоқтамастан алға қарай жүйтки берді. Бұл 1954 жылдың наурыз айы еді. Кей жердің қары әлі кете қоймаған екен. Мен поездың терезесінен көк аспанмен астасып жатқан кең далаға ұзақ қарап, кейде жалыққандай да боламын.

Арада екі тәулік өткенде Ақмоланың шағындау келген вокзалына да келіп тоқтадық. Бұл түнгі 10-11 сағаттардың мөлшері еді. Поездан түскен кезімізде кей жердің қары  кете қоймаған қатқақ екен. Көктем айы болса да түн өте суық. Біздің алдымыздан шығып қарсы алған Ақмола ауданының комсомол комитетінің қызметкерлері бір шана мен үлкен қара тон әкеліпті. Оларға біздің осында келетініміз жайында алдын ала хабарлаған болуы керек. Біз бәріміз әлгі қара тонға оранып, шанаға отырған соң Ақмоланың қараңғы көшелерінің бірімен келе жатырмыз... Бір кезде шанамыз кішілеу келген үйдің қасына тоқтап, біз үйдің ішіне ендік. Үй жылы, бізді екі жасар қыз баласы бар жас әйел қарсы алды. Үйді жақсылап жылытып, шай қайнатып қойған екен. Шай ішіп, бойымызды жылытқан соң, жылы үйде жайланып қонып шықтық. Ал, таң атқан соң тың игерушілердің жұмыс істеп жатқан жеріне барып, ондағы жұмысшылармен таныса бастадық.

Қазір бұл жерде тың және тыңайған жерлерді игеру үшін Ресей мен Украинадан келген жаңа қоныстанушыларға арнап жаңа үйлер салыныпты. Жаңадан асығыс салынған ағаш үйлер оқтай түзу көшелердің бойында сап түзеп тұр екен. Мен оларға ойлана қарап, ұзақ тұрдым... Көңілімді бір сезім билегендей тебіреніп өзімнің көркемдігі шамалы «Жаңа совхоз» деген тұңғыш өлеңімді жазған едім.

«Кең далада жарқыраған,

Электр шам нұрлана.

Бейне өзіне шақырағандай,

Алдымызда тұр қала.

Аппақ үйлер тізіліпті,

Оқтай түзу көшеге

Жас шыбықтар көрік беріп,

Егіледі нешеме.

Мұның бәрін көзбен көр де,

Қызу еңбек қайнаған.

Биыл ғана осы жерге

Жаңа совхоз орнаған.

Бұл жердегі жаңа қоныстанушылардың күнделікті өмірі, тыныс тіршілігімен таныса келе, кейбіреуімен жеке әңгімелестім. Бұл жерге кейбір жаңа қоныстанушылар алғашқы кезде аса бір патриоттық сезіммен келсе де, жаңадан кездескен қиыншылықтарға үйрене алмай жүрген көңіл күйін өзінің  туған жерге деген сағынышына арнап, «Украинаға хат» деген мақаламды жаздым. Осы жерде он шақты күндей болдық. Ал, мен болсам өзімнің ізгі арманым өзінің күнделікті жоспарын екі есе орындап жүрген механизаторды іздеумен болдым. Бірақ мен қанша іздесем де ондай механизатор маған табыла қоймады. Сонан соң ең ақырында өзінің күнделікті жұмысына ертеңгісіне келмей қойған Н.В.Белов деген механизатор жайында «Белов жұмысқа бармады» деген сын мақаламды жаздым.

Бұл жерге бізден басқа да еліміздің түпкір-түпкірінен келген кореспонденттер қаптап жүр екен. Тіпті Москва қаласында шығатын «Правда» газетінің фотокореспонденті Т.В.Ропопорт та бар. Ол кісі қасындағы басқа кореспонденттермен бірлесе отырып, «Эпопея о целине», «Тың игерушілер туралы дастан» деген киноның ең соңғы он екінші сериясын түсіріп жүр екен. Кино аяқталып та қалыпты. Енді осында келген барлық кореспонденттерді жинап, бізді осы киноның ең сонғы сериясына түсірмекші болды. Т.В.Ропопорт орта бойлыдан сәл биіктеу, орта жастағы адам екен. Бізбен бірге Ақмола аудандық комсомол комитетінде қызымет ететін бір қыз бар ма, жоқ па білмеймін, әйтеуір менен басқаның бәрі де ер адамдар еді. Оны байқап қалған Т.В.Ропопорт менің қасыма келіп, жылы шыраймен сәл күлімдей қарады да, мені алдыңғы жағындағы көрнекілеу жерге тұрғызып, киноны түсіре бастады. Кейін мен «Тың игерушілер туралы дастан» деген киноның он екінші сериясында бір топ кореспонденттермен бірге тұрған өзімді де көрдім. Ол кезде бұл киноны жиі көрсететін.

Сөйтіп, тың және тыңайған жерде он шақты күн болып, олардың өмірі жайында мақалалық материалдарды алып,Алматыға да қайта оралдық. Менімен бірге барған жолдастарымның ішінде газетімізге ешқандай мақала әкелмегендер де бар екен. Олар туралы газетіміздің кызметкерлері қабырға газетке «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп ағаштың бұтақтарына қарай рогатка атып тұрған адамның суретін салып, астына аты-жөнін жазып әзілдепті. Ал маған берілген тапсырманы толық орындап келді,- деп редактор өзінің ризалығын білдірді. Міні, мен сол күннен бастап қиын да қызығы мол журналистикалық мамандықты толық  меңгерсем деп еңбектендім. Сөйтіп менің алғашқы еңбек жолым осылай басталған еді.

Автор:
Гүлжаукен Мұқаева, Ескелді ауданның Құрметті азаматы Тыл және еңбек ардагері.