Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ОҚУЛЫҚ ТУРАЛЫ ОЙБАЙ МАЗАЛАП ТҰР ҚОЙМАЙ...


23 сентября 2016, 04:47 | 1 944 просмотра



Осыдан екі жыл бұрын сол кездегі Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев «Мемлекет оқушыларды тегін оқулықпен қамтамасыз етуге міндетті емес» деген болатын.

Оның ойынша, тегін оқулық ең әуелі аз қамтылған отбасыларға, жетім балалар мен ата-ананың қарауынсыз қалған оқушыға берілуі тиіс екен. «Мұндай санаттағылар республика бойынша тегін оқулықпен жүз пайыз қамтамасыз етіледі».

Иманғалиевтің бұл сөзі әлі де күшінде секілді. Өйткені әлі күнге оқу­шылар толығымен тегін оқу­лық­қа қол жеткізген жоқ. Жыл сайын оқулық іздеп шабылу ата-ана­лар үшін үрдіске айналып ке­леді. Оқулық іздеп, базарға ша­бы­лып, баспалардың есігін тоздырып жүр­гені. Іздеген кітабы табылса жақ­сы, табылмаса қайтеді?! Бұл жайт жыл сайын үйреншікті әдетке ай­­налып барады. Оқу жылы ал­дын­дағы әбігерлік, кітап дү­кен­деріндегі дүрлігу, оқулық тап­шы­лы­ғы еш толастар емес. Не себепті? Мектептерге оқулықтар тамыз айы­ның ішінде жеткізіледі. Биыл ми­нистрлік 1-сыныптардың жаңар­­­­тылған бағдарламамен бі­лім алатынын айтқан еді. Жаңа бағдарлама негізінде оқулықтар да жаңарып қалды. Бұл – бірінші сы­ныпқа ғана тиесілі дүние. Өзге сы­нып­тың оқушылары не істемек керек? Әрбір мектепке оқу­лық толық жет­кізілуі мүмкін емес. Жеткізілген күн­­де де әуелі жо­ға­рыда көрсе­тіл­ген санаттағы ба­ла­ларға ғана тие­сілі. Ал ата-ана­ның қамқорлы­ғындағы бала­лар­дың көбі оқулық са­тып алуға мәжбүр. Оның үстіне, оқу­лықтар төрт жылда бір рет өзгеріп тұрады. Биыл­ғы жылы көп оқулық қайта басылды. 2012 жылы қабыл­дан­ған ҚР Мемлекеттік жалпыға мін­детті білім беру стандарттарына сәйкес, 2, 3, 4, 5, 6, 9, 10, 11 сынып­тар­ы оқулығының мазмұны жаңар­тыл­ған еді. Биылдан бастап 7-8- сы­ныптың оқу құралдарының маз­мұны толығы­мен жаңарған.

Сондай-ақ министрліктегілер мек­тептерде оқулық сатып алуға қа­тысты дүрлікпеге ата-аналардың кінә­лі екендігін айтқан еді. Өйт­кені бұлай дүрлікпеу үшін олар оқу­лықты ертерек сатып алуға тиіс. Олай болмаған жағдайда, оқу­­­лықсыз қаласың деген сөз. Оқулық атаулы қара базарда. Ба­ғасы да арзан емес. Бір бала болса еш­теңе емес, кейбір отбасында бес-алты бала бар. Олардың бар­лығына бірдей оқулық сатып алуға көбінің жағдайы келе бермейді. Бізге қоңырау шалған ата-ана: «Қа­рызданып, қауғаланып жүріп, бала үшін бәрін аламыз. Ауылда тұрған соң қолдағы азғантай малды пайдаланамыз. Балаларымызды қайт­сек те оқытқымыз келеді. Ел­ба­­сымыздың өзі бәсекелестікке қа­білетті жас ұрпақты дайындаңдар деп талап қойып отыр. Құдайдың бер­ген ұл-қызын қатардан қал­дыр­май, оқытып, шоқытқымыз келеді. Со­сын тапқан-таянғанымызды ба­лалар үшін жұмсаймыз. Осыған дейін қымбат болса да оқулықты өз ақшамызға сатып алып келдік», – дейді. Ал Диляра есімді алматылық ата-ана: «Биыл жылдағыдай емес, оқулықтарды түгел болмаса да, жет­­кізіп берді. Бірақ бір мәселе бар. Жылда ағылшын тілі пәнінен оқулық тегін берілмейді. Кәдімгі ше­телдік бағдарламаның негізінде мек­теп оқушыларына арналған кі­тапты сатып аламыз. Мұның ба­ға­сы да арзан емес. Осыдан екі жыл бұрын 3600 теңгеге сатып алсақ, биылғы оқу жылында бұл баға 4800 тең­геге өсіп кеткен. Тағы қайталап ай­тамын, мұны мектеп оқулық­та­рын дайындайтын баспа шығар­май­ды. Арнайы ағылшыннан тіл­дік курстар өткізетін жерлерде ғана са­тады. Сондықтан да бағасы қымбат шығар. Алайда 4800 теңгеге кез келген ата-ананың шамасы же­­те бермейді ғой. Былайша айт­қан­­да, бір отбасының бір апталық азығының ақшасы.Осы кітапты саудалайтын мекемелер білім ұяла­рымен арнайы келісімге отырған сияқты. Бірақ ақшасын қолжетімді етуге болмай ма?» – деп қынжы­ла­ды. Ал Қарағанды облысы Оса­каровка ауданы Сенокосное ауы­лынан қоңырау шалған ата-ана оқулық тапшылығынан балалары­ның кітапты кезектесіп оқып жүр­генін айтады. Аудан ауылға кітап жібермеген. Соның салдарынан, мектеп оқушылары бар оқулықты пайдалануға мәжбүр. Алматы облысы Еңбек­ші­қа­зақ ауданы Ж.Қайыпов ауы­лы­ның тұрғыны Көпесбаева Майгүл мек­теп жасындағы төрт баласына биыл да оқулықтың толық жет­пе­ге­нін, сол себепті оқулықты қара ба­­­зардан сатып алуға жағдайы кел­мейтінін айтады. «Мен төрт бала­ның анасымын. Балаларым 9, 8, 6, 2 сыныптарда оқиды. Жылда кітап же­тіспегендіктен мектеп ұстаз­да­ры­мен сөзге де келіп қаламыз. Биыл 9-сынып оқитын ұлымның 9 кі­табы кем. Ол кітаптардың бар­лығын сатып алуға менің жағдайым кел­мейді. Өзім жұмыссыз, ал жол­дасым болса уақытша жұмыстар жасап тапқан ақшасы ішіп-жемнен артылмай отырғанда, әр балаға кітап алу тіптен қиын. Әр балаға жет­пеген 3-4 кітаптың өзі ата-ана­ға ауыр тиеді екен. Себебі, ол кі­таптан бөлек мектепке қажетті қан­шама құрал-жабдығы бар. Жылда жыры бітпейтін осы мәселе шешімін тапса, жөн болар еді»-дейді көпбалалы ана.

Мектепке жетпеген оқулық қара базарға қалай шығып кетті? Бізді қызықтыратыны да осы. Осы сауалдың жауабын оқулықты үс­те­ме бағамен сатып жатқан сауда­гер­лерден білгіміз келген. Сол үшін қа­ра базарды арнайы бір сүзіп шық­тық. Қара базарға кірмей жатып-ақ, қаз-қатар тізілген кітап «дүкен­дері­нен» аяқ алып жүре алмайсың. Ән­шейінде кез келген тауардың ба­ғасын түсіріп беруге талпынатын сау­дагерлердің бұл жолы сауда­ла­суға құлқы жоқ. «Бекіткен баға­ла­рынан бір тиын артық түспейміз»,-дей­ді. Себебі, оқулықтың саудасы қы­зып тұрған кезең.

– Жоғарғы сыныпқа арналған оқу­лықтардың бағасы қанша тұра­ды? – Қай сынып? – 7-сыныптың оқулығы қажет еді. – Қай жылғысы? – Биылғы басылып шық­қан­дары. – Қандай пәндер? – Барлық пәндер бойынша оқу­лық керек. – Жаратылыстану пәндері бойынша 1700 теңгеден жоғары, ал гу­ма­нитарлық сабақтардың оқу­лықтары 2000 теңгенің шамасында. – Он шақты кітап алсам, түс­пей­сіз бе? – 2012 жылғы оқулықтардан ал­саңыз, әрқайсысынан 100 теңге­ден түсіруге болады, ал биылғы жаңа оқулықтарды түсіре алмай­мын. – Ал 15 оқулық алсам ше? – Қазір түс ауа жиырмасын алу­ға даяр ата-аналар қаптайды. Кі­тап маған емес, сізге қажет. Ал­саңыз, тек өз бағасына беремін. Саудагермен болған диалог осы­лай аяқталды. Бізбен бірге тағы бір­неше ата-ана сатушыға оқулық құ­нын төмендетіп беруін сұрап жат­ты. Бұдан кейінгі оқулық сата­тын дүңгіршектердің барлығы бе­кіткен бағасынан бір тиын түсір­мейтінін айтты. Сонымен, орта есеп­пен қара базардағы оқулық құ­ны мынадай: биология – 1700, хи­мия – 1300, география – 1500, фи­зика – 1500, қазақ тілі және әде­биеті – 1800, орыс тілі мен әдебиеті – 1600, информатика – 1800 теңге. Оқулық сатып алуға базарға кел­ген ерлі-зайыпты Ахметовтер Ал­матыға биылғы жылдың тамы­зы­н­да көшіп келгендерін, үш бала­сына оқулық жетпей қалғанын айтады. Қыркүйектің бел ортасына дейін жүгіріп жүріп, балаларын қиын­дықпен мектепке орналас­тырған отағасы: «Үш балам бар. 10, 7 және 4 сыныпқа көшті. Бастауыш сыныптағы қызыма бірқатар кітап­тар берілді. Тек сол оқулықтардың жұ­мыс дәптерлерін сатып алу ке­рек деді. Ал 7-сыныпта оқитын ұлы­ма бірде-бір кітап берілген жоқ. Сабақ болса, басталып кетті. Пар­таласының кітабын сұрап, сол күн­гі тапсырманы көшірме жаса­тып, үй тапсырмасын орындап жүр­генін көргенде жүрегім ауы­рады. 11 кітапты жұмыс дәптерімен 25 мың теңгеге алдық. Ертең келіп, 10-сы­ныпқа көшкен балама оқу­лық аламыз»,- дейді. Айта берсек, қара базарда оқу­лық мәселесіне бас қатырып жүр­ген ата-аналардың қарасы көп. Бір қызығы, базардағы баға баспа дү­кен­дерінің сөрелеріндегі кітап құ­­нымен бірдей, кей оқулықтар тіп­ті арзан. Саудагерлердің сөзіне сенсек, мұндай оқулықтарды бас­паның өзінен сатып алады-мыс. Баспаның өзінен сатылып алы­натын оқулықтардың өз бағасына қосымша құн енгізу керектігін ескерсек, кітаптарды баспадан са­тып алмағанын бірден түсінуге бо­лады. Есесіне, арзан бағада сата­тын арнайы жертөлелер бар екенін естідік. Оның үстіне, салыс­тыр­ма­лы түрде базардағы кітап қа­ға­зы­ның сапасыздығы, мұқабасының жұқалығы, кей оқулықтарда бірнеше беттің ба­сылмай қалуы – осының айғағы іс­петтес. Ал кез кел­ген бір бас­па­ның мұндай қа­те­ліктерге жол бер­мейтіні белгілі. Көк базардағы жайылған кітап «жәрмеңкесінен» кейін «Адем» сау­да дүкеніндегі кітап сататын дүң­­гіршектерге бет алдық. Мақсат – ондағы кітап бағаларын білу. Сон­дай-ақ көк базарға оқу­лық­тар­дың осы жақтан әкелінетінiн естіп, ар­найы көріп қайтуды жөн сана­дық. Кітаптың заңсыз сатылып жат­­­қанын жасыру мақсатында бол­са керек, бірлі-екілі дүңгір­шек­тер оқулықты кеңсе тауарларының арасына «тығып» қойыпты. Расын­да, мұндағы баға салыстырмалы түр­де біршама арзан. 2012 жылғы шық­қан кітаптарды 500-600 тең­геге, ал су жаңа басылып шыққан оқу­лықтарды әрі кетсе 1300 теңгеге са­тып алуға болады. Сондай-ақ мұн­дағы сатушылармен сауда­ласу­ға да дайын. Жоғарыда айтқан Ахметовтер отбасы 25 мың теңгеге са­тып алған 11 оқулықты жұмыс дәп­терлерімен мұнда 15 мыңға жи­нақтауға болады. Әйтсе де, мұн­дағы саудагерлер де оқулықтарды тек баспадан сатып алатынын ай­тады. Әлима есімді сатушы қыз «биыл­ғы жаңа кітаптарды баспадан бү­гін ғана алып келдік. Себебі, кі­тап сұрап жатқан ата-аналар же­терлік. Баспадан көтерме бағада ала­мыз, сол үшін бағасы арзан»,-дей­ді.

Тақырыпқа тұздық

Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаменті Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының 2016-2017 оқу жылында еліміздің жалпы орта білім беретін ұйымдарында оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы әдістемелік нұсқаухатында былай делінген: «Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында мектеп кітапханасы жұмысының мақсаты алдыңғы қатарлы педагогикалық тәсілдерді, жаңа ақпараттық технологияларды қарқынды енгізу көрініс табады. Осы негізде мектеп кітапханасы пайдаланушылардың ақпаратты-кітапханалық қызмет көрсету: оқушылар мен педагогтерге барлық оқу-әдістемелік және қосымша қолданыстағы немесе медиа ресурстармен тегін және еркін қолдану құқығын қамтамасыз етеді» делінген. Білім мазмұнын қанша жерден жаңартып жатсақ та, сол стандартты жетілдіруге, яки қолданысқа енгізуге қажет қосымша оқу-әдістемелік ресурстар былай тұрсын, білім ордаларының кітапханалары жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес қарапайым оқулықтармен қамтамасыз ете алмай отыр. Аталған құжатта мектеп кітапханасы «жаңа ақпараттық технологияларды енгізу негізінде кітапхана ұсынған қызметтер номенклатурасын жетілдіру, оқушылар мен педагогтар үшін қолайлы оқу кітапханалық ортаны ұйымдастыруы қажет» екені де аталып өтіледі. Әу дегенде оқулыққа қолы жетпей, үй тапсырмасын орындай алмай жүрген бала үшін сол кітапханалық қолайлы орта жасалып отыр ма? Маңызды әрі мемлекеттік деңгейдегі ресми құжатта жалпы орта білім беретін мектеп мәселелері жіті зерттелген. Әйтсе де, сол проблемалардың тиімді шешіліп жатпағаны өкінішті.

Пікір

Жанар АХМЕТҚАЛИҚЫЗЫ, № 146 мектеп-лицей коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

– 2015-2016 оқу жылының соңында мектепте 1218 оқушы тізімде тіркелген, сәйкесінше біз сол оқушыларды қамтамасыз етуге жеткілікті оқулыққа тапсырыс бердік. Бірақ биыл оқушылар саны 1389-ға жетті. Екі жүз балаға артық. Осы жайтты алдын ала есепке алмағанымыз себепті, жоғарғы сынып оқушыларына кітап жетпей жатқаны рас. Бірақ біз оқулық артылған мектептермен келісіп, артық кітаптарын алып, толықтырып жатырмыз. Қыркүйек айының соңына дейін бұл мәселе толық шешіледі деп есептеймін. Биылғы 8-сынып оқулықтары түгелдей жетті. Ал 7-сыныпты толық қамти алмадық.

Елдос ТҮЛЕБЕКОВ, Алматы облысы Білім басқармасының орта білім, оқытудың жаңа технологиясы мен инновация бөлімінің бас маманы:

– Биылғы жылдың жаңа стандартына сәйкес 1, 7 және 8-сыныптың оқулықтары «Атамұра» баспасынан қайта жарық көрді. Бастапқыда жоғарғы сыныптың кітаптары түгел ауысады делінгенімен, мамыр айында тек 8-сынып оқулықтары толық ауыстырылуы қажет деген тапсырма берілді. Ал 7-сыныптың оқулықтары келесі жылға қалдырылды. Жаңартылған оқу бағдарламасына сәйкес ендігі оқу жылында 2,5 және 7-сыныптың кітаптарымен қамтамасыз етеміз. Биыл отандық баспадан шыққан 8-сыныпқа арналған оқулықтар артығымен жеткізілді. 7-сыныптар келесі жылы жаңартылатын болғандықтан, әзірге облыстың тек 30 пайызына 2016 жылы басылып шыққан оқулықтар таратылды. Себебі, 2017 жылы баспадан 7 сыныпқа арналған жаңа бағдарламасы бар кітаптар шығады. Ол кезде қазіргі қолданысқа берілген оқулықтар жарамсыз болып қалады. Және мұндай мектептер де ескі кітаптармен оқи береді. Кей ата-аналар осы 30 пайызға берілген жаңа оқулықтар өздерінің балалары оқитын мектепке жетпей жатыр деп ойлап, «балаларға жаңа оқулық берілмеді» деп байбалам салуда. Бүгінде жаңа білім стандартына сәйкес оқулық мәселесінің берілу тәртібі түсіндіріліп жатыр.

Жанна ЖАҢЫЛБАЙҚЫЗЫ, №172 мектеп-гимназиясының кітапханашысы: – Мектеп оқушылары түгел оқулықпен қамтамасыз етілді. Биыл басылып шыққан жаңа оқулықтар 8-сыныпқа таратылып берілді. Ал 7-сыныптың оқушылары әлі де ескі кітаппен оқитын болады. Алматы қаласы бойынша 6 мектепке 7-сыныптың жаңа оқулықтары жеткізілді. Тек сол мектептер жаңа кітаптармен оқиды, ал ескі кітаптарын оқулық тапшылығын көріп отырған мектептерге беріп жатыр. Жоғарғы сыныптар түгелдей дерлік оқулықпен қамтамасыз етілді. Бастауыш сыныптарға баспалардың кітаптары түгел таратылды. Әр ұстаз өзінің оқу жоспарын қалауынша өзгерте алады, қай кітаппен оқытатынын да өзі шешеді. Сол үшін екі басылымның да оқулықтары қатар таратылып берілді.

Түйін:

Оқулықтың жыры әзірге бітпей тұр. Өткен жылы ғана білім басқармалары мектептегі оқулық мәселесін түбегейлі шешеміз деп уәде берген-ді. Алматы қалалық Білім басқармасының басшысы Рахат Шимашева 2014 жылғы тамыз кеңесінде «Егер оқулық тапшы болып жатса, сондай ақпарат шынымен Білім басқармасына келіп түсетін болса, біз оны қарайтын боламыз. Биыл оқулықтарға миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді, проблема болмайды деп ойлаймын», – деп те мәлімдеген болатын. Содан бері екі жыл өтсе де, «баяғы жартас – бір жартас» күйінде тұр. Оқулық мәселесінде жекеменшік баспалардың айы оңынан туатыны белгілі. Оқулық шығарумен айналысып жатқан аты-жөні белгісіз баспалар да жетерлік. Қазақ «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» демей ме? Бағаны шарықтатып, өз білгенінше оқулықты бизнес көзіне айналдырып алған. Білім және ғылым министрлігіне де осы сауалмен хабарласатындар өте көп. Мемлекет тегін оқулықпен қамтамасыз етуге міндетті болса, оқулық жетіспеушілігі неден туындайды? Бір бала немесе екі баланың жыры болса жарайды, шиеттей бала-шағасы көп қазақ отбасылары не істейді? Бұл демографияға үлес қосып отырған ата-аналарға жасалған ауыр соққы емес пе? Оқулық толығымен жетті деп, өзімізді-өзіміз алдаусыратқанымызбен, бұл мәселенің түбегейлі шешімі шықпағанын қара базардағы оқулық бизнесі дәлелдеп отыр. Демек, бізде бұл мәселеге әлі нүкте қойылған жоқ. Сонымен, оқулық «жыры» қашан бітеді?

Автор:
Гүлзина БЕКТАС, Айдана НҰРМҰХАН, Айтжан САЛЫҚҰЛЫ (фото)