Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Біліктілік білімнен басталады


23 сентября 2016, 04:55 | 1 438 просмотров



Бiлiм жүйесiн жетілдіру барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оқыту процесiне жаңа әдiстемелер мен технологияларды енгізу, педа­гогикалық құрамның сапасын жоғарылату және бiлiктiлiктi бекiтудiң тәуелсiз жүйесiн құру қажеттiгiн белгiлегені мәлім. Жаңа педа­гогикалық идеялардың нәтижесінде тал­ды­қорғандық ұстаздардың халықаралық олим­пиадаларға барған оқушылары жүлдемен оралуда. Мысалы, былтырғы оқу жылында халықаралық, республикалық олимпиадалар мен байқауларға 93 оқушымыз қатысып 12 бірінші, 16 екінші, 18 үшінші орынды жеңіп алды. Сол оқушыларымыздың арасынан Кореяда өткен «Жас ғалым» халықаралық ғылыми жобасының жеңімпазы болған Әлішер Махмұтов пен Әділет Ізбасарованы, Грузияда өткен «Жас зерттеуші» ғылыми жобасының жүлдегері Аяулым Төлеғалиеваны, Байқоңырдағы «Ғылым әлемін ашамыз» ғылыми байқауының жүлдегері Аружан Нүсіпованы бөле-жара айтып өткен жөн. Бүгінгі таңда қаламызда 3 лицей үш тілде оқытуда жақсы жетістіктерге жетуде. Өзгелері ағылшын тілін 1 сыныптан меңгеруде. Бұл уақыт талабы. Заман сұранысына орай білім беру ұстаздардың төл міндеті десек те болады. Зерделеп қарасаңыз, бүгінде биліктің басым бөлігін жастар құрап отыр. Ол дегеніміз, сапалы білімі мен үш тілді еркін игере білгендіктің жемісі. Қалай десек те білімді жас бос қалмайды. Әйтеуір жол табады. Оны өмір көрсетіп отыр. Осы орайда, баса айтып қана қоймай нақты өмірге енуіне ықпал ететін жайт – тәрбие. Күн санап көркейіп, тұрғындарының саны көбейіп келе жатқан Талдықорғанда оқушылар саны да өсуде. Бес саусақ бірдей емес. Сол оқушылар арасында ерекше бақылауды қажет ететіндері де баршылық. Сондықтан қала мектептерінде құқық бұзушылықты болдырмау және оның алдын алуға бағытталған кешенді іс-шаралар атқарылуда.

Қазіргі уақытта мектептерде инклюзивті оқыту бойынша мүмкіндігі шектеулі балалар­дың өз қатарымен мектепте толыққанды білім алуы қамтамасыз етілуде. Қаладағы барлық мектептерде логопедтер мен дефектологтар қызмет етеді.

Білім беру саласында ұзақ жылдан бері еңбек ететіндіктен айтар ұсынысым да бар. Біріншіден, білім беру ұйымдарын оқу-тәр­бие жүйесіндегі істі болжай білетін және білім сапасын арттырудың тиімді тәсілдерін ұйымдастыратын білікті басқарумен қамтама­сыз ету қажет. Екіншіден, білім мекемелерінің оқу-материалдық, техникалық базасын жақсарта отырып, заман талабына сай білімді ұрпақ тәрбиелеу жұмысын жүйелеген жөн. Үшіншіден, білім мен тәрбие жүйесіне: мемлекеттік ұйым­дар­мен, мәдени орталықтармен, ата-аналармен және қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыс­ты қамтамасыз ету керек. Төртіншіден, ұстаз­дардың кәсіби біліктілігін көтеру, білім дең­гейін арттыру заман талабы. Бесіншіден, жас ұрпаққа тәрбие мен білім беруде, оқушы мен педагогтарға құқықтық тәрбие беру мен кәме­летке толмаған жасөспірімдермен жұмыс түр­лерін күшейтудің жаңа жолын енгізген дұрыс. Қорыта айтқанда, ұрпаққа сапалы білім беру арқылы болашағымызды бекітеміз.

Автор:
Болат ТҰРЫСБЕКОВ, Талдықорған қалалық білім бөлімінің басшысы