Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ЫРЫСТЫ ДА КҮРІШТІ ӨҢІРДІҢ ӨРКЕНДІ ІСТЕРІ


17 октября 2016, 03:28 | 1 968 просмотров



Мәдениеті биік елдің-еңсесі де жоғары. Бұл тұрғыдан сөз қозғар болсақ, аудан тұрғындарының да атқарып жатқан жұмыстары ауыз толтырып айтарлықтай. Жыл сайын өтетін аудан-қала күндерін «Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» ұйымшылдықпен, жұдырықтай жұмылып өз дәрежесінде атқарып келеді. Бұл жақсы үрдіс биыл да өз жалғасын тапты.

Асылы, мәдениетіміздің мәртебесі артып, экономикамыздың күннен-күнге дамып келе жатқаны әртүрлі мәдени игі шаралардың  ұйымдастырылуының арқасында екені айқын. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін аудан-қалалардың Мәдениет күндері биылғы жылы облыс әкімі Амандық Баталовтың бастамасымен жаңаша түрде сипат алды. Бұған дейінгі жылдары екі-үш аудан бірігіп өткізсе, ал биылғы жылы Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын айшықтаған Мәдени күн әр өңірдің  өзінде  өтті.

Осы аптаның қасиетті жұмасында Балқаш ауданының орталығы Бақанас ауылындағы Мәдениет үйінің сыртқы алаңында «Тәуелсіздік теңдігім- Егемендік елдігім» тақырыбында болып өткен мәдени күннің іс-шарасына облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ақан Абдуалиев арнайы келіп қатысты. Жеріне қыдыр қонып, еліне бақ дарыған Балқаш ауданына атбасын бұрған құрметті қонаққа ауданның жеткен жетістіктері мен бағындырған биіктерін аудан әкімі Тоқпейісов Ғалым Қасымұлы  таныстырды.

Атаулы күннің іс-шарасының шымылдығы аудан әкімдігі ғимаратының ауласында орналасқан мемлекет және қоғам  қайраткері, ұлы тұлға Д.Қонаевтың ескерткіші мен Ұлы Отан соғысының боздақтарына арналып қойылған ескерткіштерге гүл шоқтарын қоюдан  бастау  алды.

Мұнан соң жиналған көпшілік аудандық Мәденеиет үйіне қарай атбасын бұрды. Алдымен көпшілік ел мен жердің байлығын насихаттаған үлкен жәрмеңкенің куәсі болды. Жәрмеңке сөресіндегі ауылшаруашылық өнімдері қолжетімді бағада тұрғындарға ұсынылды.

Жәрмеңкені аралаған топ одан әрі тарихи құндылықтарды насихаттаған көрмелерге аялдап, ондағы құнды жәдігерлермен  жақын  танысты

Көрменің көркін ауылдық округтерден жеткізілген құнды жәдігерлер мен аудандық тарихи-өлкетану музейіндегі Дінмұхамед Қонаевтың өзі қолданған дүниелері келтіріп-ақ тұрды. Сонымен қатар кітапхана, білім бөлімі, спорт мектебінің мақтаныштары мен ауылшаруашылақ саласының жетістіктері барынша қамтылғандығы алыстан көз тартты.  Ауданға келген қонағымыз Ақан Абдуалиев осы көрмелерді аралап,  оларға жоғары баға бергені  бәрімізді  қуантты.

Өнер мен мәдениет-халқымыздың ең үлкен рухани азығы. Аудан орталығында ұйымдасты-рылған мәдениет күнінде сөз сөйлеген аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы Балқаш аудандық филиалының төрағасы Ғалым Қасымұлы өз сөзінде: “Ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрімізді дәріптей отырып, өскелең ұрпақтың бойына Отаншылдық рухын сіңіруді, сонымен қатар өнерге қадам басқан жаңа есімдерді тауып, насихаттауды мақсат еткен Алматы облысы аудандарының дәстүрлі Мәдениет күндері бүгін киелі Балқаш жерінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында  өтіп  жатыр.

Жыл сайын аталып өтетін осы мерекенің мемлекет пен қоғамның шығармашылық адамдарына айырықша құрметінің белгісі ретінде лайықты орын алатынына сенімдіміз.

Біз, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанның рухани-мәдени, жасампаздық әлеуетін одан әрі нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегі, өнер адамдары мен таланттарға деген ерекше ықыласы үшін шексіз алғысымызды  білдіреміз.

«Мәдени мұра» тарихи бағдарламасы, сан-салалы мәдениеттер тоғысқан қазақстандық бірлік, салынып жатқан бірегей концерттік залдар, театрлар, музейлер, өнердің әртүрлі саласында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар, алыс және жақын шетелдермен мәдени ынтымақтастықты кеңейту, жас дарындарға білім беруге және кәсіби тұрғыдан шыңдалуына қаржы бөлу-мұның бәрі елімізді одан әрі әлеуметтік жаңғыртудың қуатты негізі болып табылады.

Елдігіміздің басты нышаны-өнеріміз бен мәдениетімізді, ғасырлар бойы атадан балаға мұра болған асыл қазынамызды өскелең ұрпаққа жеткізу жолындағы ауқымды шара-лар облысымызда, аудан-дарда үнемі өткізіліп жатыр.

Балқаш ауданында 14 мәдениет үйі, 15 кітапхана, 1 тарихи-өлкетану музейі халыққа қызмет көрсетуде. Барлық мәдени ошақтарының материалдық-техникалық базасы талапқа сай, заманауи технологиямен жабдық-талған. Облыс әкімінің қолдауымен биыл Бақбақты ауылдық Мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді”-дей келе ауда-нымыздағы мәдени жетіс-тіктерге  тағы бір тоқталды.

Аудан әкімінің баяндамасынан кейін аудан өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға кезек берілді.Компазициялық көрініспен басталған концерттік бағдарламада аудан әжелерінің «Шалқыма» әні орындалып, биші қыздарымыз да өз өнерлерін көрсетті.  Осыдан кейін ортаға бүлдіршіндер шығып, «Сүй Отанды» әнін орындады. Бүлдіршіндердің әдемі әнін тыңдаған көпшілік қуана қошемет көрсетті. Келесі кезекте ортаға ауданға танымал әншілер-Гүлмира Қасабекова, Қарлығаш Бекенова, Айымкөз Уатаева, Құралай Оразбекова халық әндерінен попури орындаса,  Тастанбековтар әулетінің мүшелерінің орындауында М.Түбекбаевтың сөзіне жазылған «Бақанас-бесігім» әні  тамылжыта  шырқалды.

Мәдени шараның сәнін келтірген ұлттық аспаптардан құралған оркестрдің орындауындағы «Балбырауын», «Адай» күйлері композиция көріністеріне ерекше әсер етті.

Концерттік бағдарлама соңында Азат Нұрланов, Ерұлан Жебегенов, Ернат Асхатұлы, Мейірман Ботабаев, Айбын Батырбаев, Шінәділ Рустем, Рауан Елубаев, Талант Төлеубековтардан құралған жігіттер вакалды тобы  «Жерім менің» әнін нақышына келтіре орындады.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, ауданда өткен Мәдениет күні өз дәрежесінде өрнек тапты.

Автор:
Күмісбек ЕРБАЕВ, Балқаш ауданы Ішкі саясат бөлімі тапсырысы бойынша