Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Ақылы оқуға түсетіндер ҰБТ-дан босатылады


17 октября 2016, 09:38 | 400 просмотров



Ата-бабамыздың «тал бесіктен жер бесікке дейін білім ізде» деп келетін өсиетін ұстанған елміз. Білім алу, ілім жинау, ғылымға ден қою ұлтты ұлы мұраттарға жетелейтін қасиеттер. Сондықтан, бұған жекелеген адамның ынта-ықыласынан бөлек, мемлекеттің қолдауы да ауадай қажет. Азаматтарының оқуына, білім алуына ыңғайлы жүйе құрып, жағдай жасап, бір сөзбен айтқанда, «болам деген баланың бетінен қақпай, белін буса» құба-құп.

Бір жағынан, бұл мүмкін де емес шығар. Алайда, орта мектептердегі оқыту бағдарламасына ағылшын тілін енгіземіз дегелі бері қоғам ала жаздай алашапқын болды. Білім және ғылым министрлігі үштұғырлы тілді енгізудің себептерін, оның артықшылықтарын және басқасын айтып, ұстанымдарын дәлелдеп бақты. Қоғам қайраткерлері мен белсенділер, азаматтық ұйым өкілдері һәм зиялы қауым болса мұны терістеуге тырысты. Тек «бала бастауыш сыныпта ана тіліне қанығып өсуі керек, өркениетті елдерде солай» деген жанайқай министрлікті райынан қайтара алмады. Оған биыл ұл-қызы бастауыш сыныпқа барған ата-аналар куә. Бірінші сынып оқушылары ағылшын тілінің әріптерін, түрлі заттардың сол тілдегі атауын жаттай алмай ақылы айран, ойы ойран болып жүр. Бір анығы, жыл басында Білім және ғылым министрі болып тағайындалған Ерлан Сағадиев бұл өзгерісті өзімен бірге ала келген жоқ. Оған дейін-ақ бағдарлама жасалып, талқыланып, дайындалып қойған. Жаңа министрге жүктелгені көптің арасында жақтаушысынан даттаушысы көп болған жаңа бағдарламаны білім беру жүйесіне енгізу ғана еді. Оқу жылы басталып, бір айы өтіп те үлгергендіктен, ол жайлы пәлен-түген деу қисынсыз. Қалғаны – нәтижесін күту. Ертең жаңа жүйе бойынша мектеп бітіргеннің барлығы ағылшын тілінен алдына жан салмай, ел көшін әлемдік көшке қосуға қомақты үлес қосып жатса қуаныштымыз. Егер, керісінше, ұрпақ жат тілді игеремін деп ана тілінен адасып, ұлттық құнарынан айырылып жатса ше, онда сұрауы кімнен болмақ?! Ол жағы енді келешектің еншісіндегі беймәлім дүние. Есесіне, мәлімі – ақылы жоғары оқу орнына түсетіндер Ұлттық бірыңғай тест тапсырмауы мүмкін. Бұл жақын болашақта болуы ғажап емес, тіпті, келер жылы да. Өйткені, Білім және ғылым министрлігі қазір осы бастаманы талқылап жатыр. «ҰБТ-ның нашарлығы бар деп көп адам сынға алып жүрді. Сондықтан да, біздің министрліктен сұрап жүргеніміздің де себебі бар. Ендігі жылдан бастап ақылы бөлімге алатындарды оқу орындары өздері қабылдасын. Ғалымдар да, мамандар да жеткілікті. Өздері де емтихан қабылдауға шамалары жетеді деп ойлаймыз», – дейді ол жайлы ҚР жоғары оқу орындары қауымдас­тығының президенті Рахман Алшанов. Яғни, өзгеріс мақұлданған жағдайда ЖОО-ның ақылы бөліміне түсетін талапкерлер ҰБТ-ның орнына университеттің өзіне барып әдеттегідей емтихан тапсырады. Баяғыдай. Мұны белгілі бір деңгейде талапкерлерге жасалатын жеңілдікке балап отырған да сыңайлы. Себебі, бұлай етудегі бір мақсат шетелдік оқу орындарына ағылатын абитуренттердің ағынын азайту екен. Иә, аталмыш жаңашылдықтың қаншалықты дұрыс не бұрыстығын мамандар айта жатар. Біздің қоспағымыз, түбі осылай ететіні бар, онда неге мұны әу баста ҰБТ жүйесін енгізерде ескермеген?! Әлде белгілі бір нәрсені біресе олай, біресе бұлай өзгерту қалыпты дүние ме?! Ал, жоғары оқу орнының ақылы бөліміне түскісі келген талапкерлерді ҰБТ-дан босатудың бір себебі – бірыңғай тестілеу министрліктің, яғни, мемлекеттің шарасы және оны өткізу, ұйымдастыру жұмыстарының бар шығыны мемлекет мойнында, ендеше, ол сынаққа тек мемлекеттің оқу грантына үміттілер ғана қатысуы қажет деген пайымнан шыққандай. Ұлттық бірыңғай тестілеудің сұрақтары да аздап өзгерістерден сырт қалмайтын сыңайлы. Бұған дейін мұны Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің өзі мәлімдеген-ді. Сөзін келтіре кетсек. «Қазір ҰБТ бойынша түпкілікті жоба жоқ. Әзірге дайын жоба педагогикалық қауымдастыққа талқыға ұсынылады. Мектепте түлектер бірқатар пән бойынша емтихан тапсырады. Ал, Ұлттық бірыңғай тестілеу бұрынғыша өткізіле береді. Тек сұрақтар құрылымы өзгереді. Жоба бойынша 60 сұрақ стандартты болады. 60 сұрақ 30-дан екіге бөлінеді және олар мамандыққа байланысты болады. Мәселен, түлек медициналық мамандықты таңдаса, 60 стандартты сұраққа жауап береді. Осыған қоса, 60 сұрақ болады, оның 30-ы биология, 30-ы химия бойынша. Қалған тәртіпке айтарлықтай өзгеріс енгізілмейді». Бұл – өткен айдың соңындағы министрдің мәлімдемесі. Сондай-ақ, ведомство басшысының сөзіне сүйенсек, ҰБТ-ға өзгерістер енгізуді көздейтін аталмыш жоба 50-ге жуық орта және жоғары білім ордалары басшыларының талқысынан өтеді. Сосын барып министрлік сайтында жарияланып, жалпы көпшілік онымен танысуға мүмкіндік алады-мыс. Танысып қана қоймай, оған пікір білдіруге әркім құқылы. Өйткені, министр жоба аясында көптің пікірін де назарға алатынына сендірген болатын. Өзгеріс бір бұл ғана емес. Жоғары оқу орындары жүйесін де бірқатар жаңашылдықтар күтіп тұр. Әңгіме олардың құрылымы хақында. Министрлік өкілдерінің мәліметіне сүйенсек, университеттер коммерциялық емес акционерлік қоғам ретінде жұмыс істеуі ықтимал. Ондай жағдайда нарық сұранысына қарай өздерінің оқу жүйелерін құруларына тура келеді. Аталмыш өзгерісті жасаудағы бір мақсат – бәсекеге қабілетті кадрлар даярлау мен сапалы мамандар шығаруда жоғары оқу орындарының арасында бәсекелестік орнату. Сөз етіп отырған өзгеріс жайында «Белгілі бір деңгейде дербестік алатын жоғары оқу орындарын біз үш санатқа бөлуіміз керек. Ол: академиялық дербестік, басқарушылық және қаржылық. Басқарушылық дербестігіне қатысты айтарым, бұл еншілес компания ашуға берілетін мүмкіндік. Жекелеген жағдайларда ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесін коммерцияландыру үшін. Бұл шетелдік студенттерді қабылдайтын орталық ашуға, сондай-ақ, бақылау кеңес­тері арқылы дербес шешім қабылдауға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Дархан Ахмед-Заки. Ақылы оқуға түскісі келетіндерді ҰБТ-дан босату мәселесіне қайта оралсақ. Жалпы, «өнерге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, мемлекеттік грантқа ілініп, жоғары білімді тегін алудан әрбір талапкер дәмелі. Бағасы шарықтап тұрған жоғары оқу орындарының ақылы бөлімінде ұл-қызын оқытуды кез келген ата-ананың қалтасы көтере бермейтіні де хақ. Сондықтан, қай талапкер болсын Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, бақ сынағанды қош көреді. Сынақтан сүрінбей өтіп мемлекеттік грантқа ілінетін-ілінбейтіні өз алдына бөлек мәселе. Бұл арада әңгіме ҰБТ-ға қатысу жайында болып тұр және бұған әр талапкер құқылы. Оған ешкім шектеу қоя алмаса керек. Ендеше, министрлік ақылы оқуға түскісі келетіндердің аражігін қалай ажыратып, оны ҰБТ-дан қандай негізде босатпақ деген сауал туындайды. Әзірге ол жағы белгісіз. Министрлікте бұл өзгеріс талқыланып жатқанын ескерсек, демек, толық жүзеге асыру тетіктері алдағы уақытта белгілі болып қалады деген үміттеміз. Ал, аталмыш жаңашылдықты талапкерлерге жасалған жеңілдікке қаншалықты жатқызуға болатынын әркім ақыл таразысына сала жатар. Дегенмен, ақылы жоғары оқу орындарындағы жылдық төлемақының бағасын ауыздықтаса, төмендетсе, сол әлдеқайда жеңілдік болар еді. Өйткені, қазіргі жағдайда талапкер үшін оқуға түсуден гөрі төрт жыл бойы оқуының ақысын тауып беріп отыру қиынға соғатыны жасырын емес. Жаһанда дағдарыс орнап, оның Қазақстанға да оңайға соқпай тұрғаны биік мінберден жиі айтылады. Жалпыға жария болмаса да, ел арасында жұмыс орындарының жабылуы, жұмысшының қысқаруы, жалақының азаюы секілді мәселелер бар. Бюджеттен төленетін әлеуметтік төлемдер аздап өскенімен, нарық пен базардағы баға екі есеге өсіп, оны «жеп» қойды. Елімізде азық-түлік бағалары 200 пайызға дейін өсіп кеткендігін жаңадан жасақталған Үкіметтің алғашқы отырысында Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишім­баевтың өзі мәлімдеді. Яғни, бүгінгі күні елдің төлем қабілеті едәуір төмендеп кетті. Осындай жағдайда ақылы оқуға түскісі келетін түлектерді ҰБТ-дан босатудан бұрын, оқу орындарының ақысын ақылға сыятындай межеге келтіргені әлдеқайда абзал еді. Себебі, біздегі кей оқу орындарының төлемақысы әлемнің алдыңғы қатарлы университеттеріне жетеқабыл. Білім беру сапасының соған сай не сай еместігі бөлек мәселе. Оқуға түсудің өзі қияметке айналып кететін жағдайлар кездеседі. Тіпті, Қазақстанда тұрып ілім-білім іздеген қаракөздеріміз үшін Түркияның бакалаврына, магистратурасына түсу оңайырақ болып жатады. «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар» демекші, елімізде жоғары білім алу қолжетімді болса, жастарымыз Түркияға тентіреп несі бар?!

Автор:
Сәкен ОРЫНБАСАРҰЛЫ, «Заң газеті»


Комментарии


Комментариев нет.

Контент устарел, комментирование закрыто