Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Дара туған жетісудың жұлдызы


28 октября 2016, 03:51 | 1 571 просмотр



Кеудеде бүршік жарып көктемгі үміт

Күндерде ақ нөсерін кеткен құйып.

Алыстан менмұндалап тұрған жоқпа

Еңбек Ері-ЗЫЛИХА  жеткен биік!-

деп ақындардың жырына арқау болған  Зылиха Жанболатқызы жас кезінен еңбексүйгіштігімен көзге түсті. Еңбек жолын  Қүреңбел өңірі, Матай тауының етегінде орналасқан Шоқан ауылының  сиыр фермасында  бастады. Ауыл жастарын еңбекке тартып, комсомол- жастар бригадасын құрып, жақсы  жағынан  көріне білді.  Еңбегінің нәтижесінде  "Еңбек Қызыл Ту","Октябрь  революциясы","Ленин","Құрмет" ордендерінің,"Орақ пен Балға" алтын медалінің иегері, Социалистік еңбек ері,Қазақстанның еңбек сіңірген  мал шаруашылығы қызметкері, Алматы облысының құрметті азаматы, Алматы облысы "Еңбекші"  жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  төрайымы лауазымына ие болған Зылиха Тамшыбаева Жанболатқызы  ортамызда болса,  биылғы жылы 80 жасқа толар еді.Ол- Жетісудың ерке де сымбатты, ақылына көркі сай,үлкеннің батасын алған және көгеріп  көктеген қазақтың  қызы. Зылиха Жанболатқызының  өткеніне көз жүгіртсек... Бір үйде әкесі екеуі қалған еді.Анасы жоқ үй аңыраған желдей уілдеп  тұрғанын кішкентай жүрегімен сезсе де,әкесінің жұмыстан оралғанын күтіп сабағына дайындалып уақытын  бос өткізбейтін . Әкесі өзі жейтін бір үзім нанын қызына әкеп беріп, бар қиындықты бірге көретін. Асқар таудай әкесі қиналса дем беріп, қуанса қолдап қызына үлкен жүрек, ерге тән қажыр-қайрат берген.  Ер мінезі мен қажырлы еңбектің арқасында  ол кісі талай биік шыңға көтерілді. Егіншінің,Диханның, Жердің,Нанның қасиетін жиналған жерде үнемі айтудан жалықпаған. Зылиха Тамшыбаева "Жер туралы жыр" кітабында  "Адамның екі анасы болады ,-деген әке сөзін еске алады.-Бірі-сүт беріп ауыздандырады,екіншісі-нан беріп әлдендіреді.Олар-өз анаң және Жер- анаң..." Сол Жер -анам Жетісу дейтін.Жер -ананы жасыл желекке айналдыра білген екі ананың үмітін ақтаған, осы заманның патриот қызы болғаны баршамызға мәлім.Елі мен жерінің көркеюіне үлес қосқан,туған жерімен сары даласын  астыққа толтырған, еңбектің шыңына шыққан Жетісудың  абыройлы Еңбек Ері.З.Тамшыбаева  бір кездері баспасөз беттерінен сөз алғанда" -Лапылдаған жүрегіңнің бар отымен жылытқан туған жердің  мерейі үстем, мәртебесі биік болғанын  кім жақтамайды?! Ел көркейсін, жер көркейсін. Біз туған, біз өскен, тек қана біз түсінген сары дала, құба бел, биік қырат- бәрі,бәрі  де Отан үшін қызмет етсін"- деген болатын.

Жуырда аудан орталығында  аудан күні аталып өтті. Аудан күнінде  көпшілікке  З.Ж.Тамшыбаеваның  70 жасқа толған кезінде Ш.Уалиханов атындағы орта мектепте "Ел маңдайындағы ерен жұлдыз -Еңбек Ері Зылиха -қыз!" атты кездесу кешінде түсірілген  бейнефильм көрсетілді. Сонымен қатар  оның жүріп өткен өміріне арналған суреттерден көрме ұйымдастырылды. Өмірінің мәні де сәні сол еңбек екенін барша  жұртқа  дәлелдеген  Жетісу жұлдызының  аты мәңгі өшпейді.Киелі  Күреңбел  өңірінен бастау алған еңбегі өлшеніп, қазақ халқының мақтанышына айналды.

Автор:
Әлия Есенбердиева Ш.Уалиханов атындағы орта мектептің кітапханашысы