Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Күз байлығы


28 октября 2016, 10:08 | 519 просмотров



«Күз - байлық, күз – береке, күз - молшылық, күз – шаттық, күз - қуаныш» демекші, жыл мезгілдерінің ең бай мезгілі – күз. Күз мерекесі біздің де «Ай-сана» бөбекжай-балабақшасында кеңінен аталып өтуде. Таяуда «Арай», «Алақан», «Ақбота», «Ақгүл» топтарында, тәрбиешілері – Сандуғаш Бисебаева, Азиза Бальдяева, Гүлбаршын Танабаева, Жазира Нұрболатова, Сәния Оспанова, Гүлсирам Ибрагимова және музыка жетекшілері – Тұрсынай Рахимова, Гүлмира Садыбаева, би жетекшісі Жанерке Абильдаевалардың бірігіп әзірлеген «Күз байлығы» атты ертеңгілік өтті. Мерекеге сай безендірілген залға қолдарына сары жапырақ ұстаған бүлдіршіндер музыка әуенімен кірді. Алғашқы құттықтау сөзді алған аталмыш бөбекжай-балабақшаның директоры Жаңагүл Абулдақызы кішкене бүлдіршіндер мен жиылған топты мерекемен құттықтап, бар жақсылықты тілеп, тәрбиешілердің еңбектеріне сәттілік тіледі.

Ортаға Күз Ханшайымы келіп:

Ерінбестен еңбек етіп келетін,

Еңбекшіге бар жемісін беретін.

Мен – алтын күз, ынтымақты еліме

Берекелі ырыс болып келетін,-деп жеміс-жидек салынған себетті тарту етті. Ал бүлдіршіндер болса, оған жеміс-жидектер туралы тақпақтар айтып,  «Шалқан» ертегісін сахналап, «Күзгі жапырақтар» әнін хормен, «Жау, жау, жаңбыр» әнін Іңкәр, «Күз» әнін Айзере орындап, мерекені қыздырды. Бүлдіршіндердің ортасына Аю келіп, олармен «Балшықтан өту» ойынын ойнады.  Мың бұрала би билеген бөбектер Күз Ханшайымы және Аюмен қоштасып, оларды қимастықпен шығарып салды. Бүлдіршіндермен бірге мерекені көтеріңкі көңіл-күймен тамашалаған ата-аналар «Ай-сана» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешілері мен музыка жетекшілеріне ризашылықтарын білдіріп, ақжарма тілектерін айтты.

Автор:
Сәния ОСПАНОВА, тәрбиеші, «Ай-сана» бөбекжай-балабақшасы.