Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ӨНЕГЕЛІ ҰСТАЗ


28 октября 2016, 04:25 | 2 111 просмотров



2016 жылдың 15 шілдесінде І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті математика және математиканы оқыту әдістемесі кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, ұлағатты ұстаз Нұғысова Айтжамал қазыналы 80 жасқа толды. Мәнді де мағыналы ғұмырын ғылым мен шәкірт тәрбиелеу жолына арнаған Ұлағатты ұстаз, қадірлі әріптес, аяулы анаНұғысова Айтжамал апамызды мерекелі мерейтойымен құттықтаймыз!

Бүгінгі өнегелі де үлгілі ұстаз, өз елінің қадірлі азаматы Айтжамал Нұғысова 4 бала тәрбиелеп өсірген, 8 немересі бар аяулы ана, асыл әже.

Нұғысова Айтжамал Талдықорған облысы Ақсу ауданы Қарашілік ауылында дүниеге келіп, 1952 жылы Ақсу селосындағы Ақсу қазақ орта мектебінде (қазіргі Мамания мектебі)оқып, бітірген. Алтын ұя мектебінен түлеп ұшып, Алматы қаласының Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының физика-математика мамандығына оқуға тапсырып, оны 1956 жылы бітіріп, «Орта мектептің математика және физика мұғалімі» мамандығы бойынша білім алып шыққан.

Елгезек те, зерек Айтжамал жоғары оқу орнын тәмәмдай сала, Қазақ ССР ағарту министрлігінің жолдамасы арқылы Талдықорған облысы Ақсу ауданы Ақсу қазақ орта мектебіне математика және физика пәнінің мұғалімі міндетін атқаруға яғни, «қазақ балаларына ілім-білім берсем, ауыл балаларының білім алу жолындағы қызығы мен қиындығын алып жүру - өмірдегі парызым» - деген мақсатпен өз қызметіне білек сыбана кіріседі.

Нұғысова Айтжамал өз ісіне өте жауапкершілікпен қарайтындығы, адалдығымен танылып, 1957 жылдың қазан айында Ақсу аудандық комсомол комитетінің бірінші секретары болып сайланады. Аталмыш қызметте жүріп, 1959 жылы Мәскеу қаласындағы Орталық комсомол комитеті жанындағы Жоғары Комсомол Мектебін бітіріп шығады. Аудандық комсомол комитетін басқарып тұрған кезінде,талай дүбірлі қиын кезеңдерді басынан өткеріп, өзінің ерен еңбегімен ерекше көзге түсіп жүрген жас қыз аудандық комсомол ұйымында екі мәрте Қазақстан Орталық комсомол комитеті байқауының жеңімпазы атанып, екеуінде де жүлдеге жеңіл машина алады: біріншісі – жұртшылық арасында кітап таратудағы белсенділігі үшін, екіншісі - жастардың мал шаруашылығын көтерудегі белсенділігі үшін берілген.

1961 жылы аталмыш ауданның партия комитетіне қызметке ауыстырылып, саяси-ағарту кабинеті, үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. Бұл қызметте де Айтжамал апамыздың өз кезегінше еңбегін атап өтпеуге болмайды. Сол жылдар аралығында ол Еңбекшілер Депутататтары аудандық советінің депутаты, Талдықорған (Алматы) облыстық комсомол конференцияларының және Қазақстан Республикалық комсомол съездерінің делегаты болып, облыстық және Орталық комитетінің пленум мүшесі болып сайланады.

Келесі 1965-1978 жылдар аралығында Панфилов ауданы мен Ақсу аудандық оқу бөлімдерінде әдіскерлік қызметке, орта мектепке ұстаздық қызметіне орналасады. Бұл салада да Нұғысова Айтжамал апамыз өзінің серпінді ісімен жас өрендерді тәрбиелеп, білім нәрін бере отырып, ұлтжандылыққа, адамгершілікке саналы түрде тәрбие беру барысында өз шәкірттерінің жүрегінен орын ала біледі.

1972 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы Педагогика ғылымдары Ғылымизерттеу институтына «Математиканы оқыту әдістемесі» мамандығы бойынша ғылыми ізденуші болып тіркеліп, кейінгі жылдары КССРО Педагогикалық Ғылымдар Академиясының «Оқытудың мазмұны мен әдістері» Ғылыми зерттеу институтының Қазақ филиалының ашылуына орайаталмыш институттың «Математиканы оқыту әдістемесі» зертханасына ғылыми қызметкер, ізденуші болыпғылым саласының төрінен орын тебеді. Зертхана меңгерушісі сол кезде физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент (бүгінде педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясының академигі) Бүркіт Баймұханұлы Баймұхановтың ғылыми жетекшілігімен педагогикалық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізе бастайды. Осы уақыт аралығында зерттеудің негізгі нәтижелері бойынша республикалық ғылыми-педагогикалық журналдарға бірнеше мақалалар жариялап, сан түрлі ғылыми мәселелердің шешімін тауып, ғылым әлемінің шетіне өзінің үлесін тигізеді.

1978 жылы Панфилов аудандық партия конференциясында аудандық партия комитетінің хатшысы болып сайланады. Бұл салада идеологиялық мәселелер, білім беру, мәдениет, медицинаның өзекті мәселелерімен айналысып, сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмысын да қатар ала білген қайратты азамат Нұғысова Айтжамал 1983 жылдың тамыз айында зерттеу жұмысын толық аяқтап, бүгінгі І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің педагогика және психология кафедрасына аға оқытушы болып ауысып келеді.

1986 жылы Мәскеуде ҚСРО Педагогикалық ғылымдар Академиясы оқытудың мазмұны мен әдістері ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітіріп, осы институттың директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор В.М. Монахов төрағалық еткенКеңесінде институттың «Математиканы оқыту әдістемесі» зертханасының меңгерушісі, аға ғылыми қызметкер, педагогика ғылымдарының кандидаты Г.Г.Маслованың ғылыми жетекшілігімен «Усиление связи обучения с жизнью в курсе математики IV-V классов» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап 13.00.02 - «Математиканы оқыту әдістемесі» мамандығы бойынша «педагогика ғылымдарының кандидаты» ғылыми дәрежесін алады, ал 1991 жылы халыққа білім беру жөніндегі ҚСРО Мемлекеттік Комитетінің шешімімен доцент ғылыми атағы беріледі.

2005 жылдан бастап Айтжамал апамыз үшін еңбегі еленген, қаншама жылдық еңбегінің жемісін берген берекелі жыл болады. Сол жылдары Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің біріккен диссертациялық Кеңесінің мәжілісінде педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясының академигі Ысқақ Айтқұлұлы Нәбидің ғылыми кеңесшілігімен «Болашақ математика мұғалімдерін оқушылардың есеп шығару білігін қалыптастыруға даярлаудың ғылыми-әдістемелік негіздері» атты тақырыпта докторлық диссертациясын қорғап, 13.00.08 - «Кәсіптік білім беру теориясы мен әдістемесі» мамандығы бойынша «Педагогика ғылымдарының докторы» ғылыми дәрежесін алады. 2006 жылы Педагогикалық білім беру ғылымдарының Халықаралық Академиясының мүше-корреспонденті болып сайланады.

Иісі қазақ баласының шаңырағы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестациялау Комитетінің шешімімен 2009 жылы «Педагогика» мамандығы бойынша профессор ғылыми атағы беріледі.

Айтжамал Нұғысова 2008 - 2010 жыл аралығында «Педагогика ғылымдарының докторы» ғылыми дәрежесін алу үшін құрылған Ұлттық білім беру академиясы жанындағы БД 14.65.02 біріккен диссертациялық кеңесінің мүшесі болып тағайындалады.

Профессор Айтжамал Нұғысова ұдайы ізденіс пен табысты, жаңашылдықты мақсат тұтқан жоғары білікті ғылыми кадрларды аттестациялау жұмыстарын, диссертацияларды сараптау комиссияларының жұмыстарын атқарып, ресми оппоненттік міндетін орындайды. Аталмыш салада жүріп қоғам үшін кезек күттірмес талай шаруаларды қолға алып, нәтижелі істер атқара білген ғалым.

Университет ректорының жариялаған ғылыми-зерттеу жұмыстарына арналған байқауда 2009 жылы профессор Айтжамал Нұғысованың жетекшілігімен дайындалған «Психолого- педагогические основы подготовки педагогов новой формации» атты тақырыбындағы ғылыми жобасы ректор грантына ие болады. Ғылыми жоба негізінде педагогиканың өзекті мәселелерін басты назарға ала отырып, алуан түрлі ғылыми мақалалар жариялап, ғылым саласына профессор Айтжамал апамыз өзінің тағы бір таңбасын қалдырады. Ғылыми жобаның бағыты бойынша «Болашақ психолог-педагогтардың кәсіби біліктілігін қалыптастыру» (9 баспа табақ) оқу-әдістемелік құралы баспадан шықты, сонымен қатар «Профессиональная компетентность психолога - педагога» (17 баспа табақ) атты оқу-әдістемелік құрал баспаға дайындалып, осы жылдың соңында болашақ жас мамандарға қолына күрек боларлық тағы бір еңбектің баспадан шығуына мүмкіншілік туып отыр.

Профессор апамыз Айтжамал Нұғысованың өзекті мәселелерді көтерген 100-ден аса ғылыми еңбектері, 50-ден аса оқу-әдістемелік құрал, 70-тен аса ғылыми-әдістемелік мақалалары, монографиялары жарық көрген. Шыққан еңбектерін қазіргі жас мамандар, жас буындар өздерінің білімін шыңдау мақсатында қолдануда.

1 ғылым докторын, 3 ғылым кандидаттарын дайындап шығарып, жоғары білікті білім, ғылым мамандарын дайындау және аттестациялау барысында білім ошағының дәрежесін тағы бір мәрте көтеріп қалды.

Нұғысова Айтжамал сонау 1983 жылдан бастап І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің педагогика және психология кафедрасының аға оқытушылығы қызметінен бастап геометрия және математиканы оқыту әдістемесі кафедрасының доценті, математика және информатиканы оқыту әдістемесі кафедрасының профессоры, математика және математиканы оқыту әдістемесі кафедрасының профессоры қызметтерін де қатар алып келеді.

Профессор Айтжамал Нұғысова «Болашақ математика мұғалімдері мен оқытушыларды кәсіби даярлау проблемасы» бағытында оқу үрдісіне арнайы курстар енгізіп, аталған мәселе бойынша шешімін тауып, бүгінгі жастарға толыққанды жағдай жасауда. Сонымен қатар, факультеттің әдістемелік бюросының міндетін атқарып, кафедраның «Болашақ мұғалімдердің кәсіби біліктілігін қалыптастыру және жетілдіру» атты ғылыми-әдістемелік семинарынажетекшілік ету барысында білім саласында кездесетін мәселелерімен табан ет, маңдай терін сала отырып жастарға серпін беруде.

Айтжамал Нұғысова апамыздың қызметтік еңбегі, өзінің білім мен ғылым саласындағы жетістіктері 1961 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен, 1970 жылы «За доблестный труд. В ознаменовании 100-летия со дня рождения Владимира Ильича Ленина», 1982 жылы «За трудовую доблесть» медалімен, 1988 жылы «Ветеран труда» медалімен, 1997 жылы «ҚазақстанРеспубликасыбілімозаты» кеудебелгісіменмарапатталу барысында елене бастады. Марапаттың негізі профессор Айтжамал Нұғысова күллі мемлекетіміздің өшкенді тұтатып, жоғалғанды тауып, олқыны толтыра білген, шаланың бойына нәр құя білген қаһарман азаматы екендігіне дәлел деп білеміз.

Айтжамал Нұғысова Сізді шын жүректен мерейтойыңызбен құттықтаймыз. Сізге зор денсаулық тілейміз, балаларыңыз бен немерелеріңіздің қызығын көріңіз. Дана халқымыз «Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» демекші білім ошағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің «Анасы» ретінде білім ошағымызды тербетіңіз. Ұлттық рухани қазынамыз сіздің қаламыңыздан, санаңыздан және біліміңізден туындаған іші алтын, сырты күміс ғылыми еңбектеріңізбен тола берсін!

Автор:
І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің доценті, п.ғ.к. Есенғабылов Ілияс Жансеркеұлы