Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Жылдың 9 айы қорытындыланды


28 октября 2016, 04:28 | 1 722 просмотра



Алматы облысының 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы және IV тоқсанға арналған міндеттер туралы мәселе бүгін облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында қаралды.

Негізгі баяндаманы облыс әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов жасады.

Л. Тұрлашовтың айтуынша, облыстың 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінен барлық салада өсім байқалды.

Мәселен, ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 404,5 млрд. теңгені құрады, нақты көлем индексі – 101,6%. Дәнді масақты дақылдар, картоп, көкөніс, бақша, жеміс-жидек, жүзімді жинау аяқталды. Жүгері, күріш, майлы дақылдар мен қант қызылшасын жинау жалғасуда. Барлығы 773,2 мың тонна астық бастырылды немесе өткен жылға қарағанда - 108,4%.

Шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылғандар саны өткен жылға қарағанда 30,0 мың адамға артып, 281,9 мыңды құрады. Шағын және орта бизнес субъектілерінен бюджетке 36,9 млрд. теңге түсті, жергілікті бюджет көлеміндегі үлесі 2015 жылдың сәйкес кезеңінде 27% болса, қазірге кезде 37%-ті құрайды.

Жалпы биылғы жылы кәсіпкерлікті қолдауға 15,4 млрд.теңге көзделді, бұл 2015 жылдан 2,7 есеге (5,6 млрд. теңге)  көп. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы – 2020» аясында жалпы 32,8 млрд. теңге несие сомасына 225 жоба қамтылды.

Мұнан кейін Лаззат Махатұлы әлеуметтік салаға тоқталып, онда 52 объект салынатынын, оның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 27 мектеп және 3 балабақшаның құрылысы жүріп жатқанын атап өтті. Денсаулық сақтау саласында күрделі жөндеу жоспарланған 13 объектінің 6-уы аяқталды, қалғандары  жұмыс кесте бойынша жүргізілуде.

Оң өсім құрылыс саласында, инвестиция тарту ісінде, орталықтандырылған су жүйесімен қамтуда да байқалады.

Баяндамасының соңында Л. Тұрлашов жыл соңына дейін атқарылатын міндеттерге тоқталды. Атап айтқанда, «Нұрлы жол», «Балапан», «Бизнестің жол картасы - 2020», «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламаларының шеңберінде ауқымды жұмыстарды жалғастыру қажет. Өнеркәсіп саласындағы жұмысқа екпін қосу керек. Жылыту маусымы тұрақты бақылауда болуы тиіс. Әлеуметтік маңызды азық-түлік бағасы үнемі қадағалануы керек.

Жиын соңында облыс әкімі А. Баталов:

Расында да облыс бойынша барлық саладағы көрсеткіштер ойдағыдай. Сіздерге Текелі қаласы мен Жамбыл ауданын үлгі етіп айта аламын. Бұл өңірлер осы уақытқа дейін айтулы жетістіктерге жетіп, алдыларына қойылған міндеттерді абыроймен орындап келеді. Жыл соңына дейін одан да биік көрсеткіштерге жетуге мүмкіндіктері бар. Міне, осылай жұмыс жасау керек, қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білу керек, Мемлекет басшысы қойған міндеттерді кешенді түрде орындауда бастамашы болу қажет. Әсіресе «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында берілген қаржының дер кезінде мақсатты игерілуіне  ерекше назар аударуымыз қажет, - деді.

Сонымен қатар А. Баталов облыстың алдында өңір бойынша Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған шараларды өткізу міндеті тұрғанын да атап өтті. Сондықтан барлық бағытта белсенді әрі сапалы жұмыс істеуге шақырды.  

Автор:
www.zhetysu.gov.kz.