Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Әлеуметтік сала қызметкерлері марапатталды


7 ноября 2016, 10:03 | 409 просмотров



2013 жылы қазан айының соңғы жексенбісі әлеуметтік сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып бекітілгені белгілі. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламар бөлімінде барлығы қырық бес адам жұмыс істеп келеді. Аудан әкімінің орынбасары Болысбай Тоғысбайұлы Момбаев аудан әкімінің атынан аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұжымын кәсіби мерекемен құттықтады.

- Кембағал жандар, мүмкіндігі шектеулі адамдар және жалғыз басты қарттардың мұң-мұқтажын естіп, оларға қолұшын созатын сіздердің бөлім. «Жақсы басшы – жарты байлығың» дегендей, Айгүл Тұрдақынқызы, осындай қиындығы басым бөлімді көп жылдан бері басқарып келесіз. Ұжымыңыздың ауызбірлігі, татулығы, еңбекқорлығы ел аузында. Әрқашан бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұйымшылдықпен қандай шара болмасын атсалысып, алдыңғы қатарда жүресіздер. Мерекелеріңіз құтты болсын. Барлықтарыңыздың отбастарыңызға бақыт пен шаттық тілейміз,-деп, марапаттау рәсімін жасады.

«Қызметтік міндеттерін мүлтіксіз атқарып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерен еңбектері үшін» аудан әкімінің Құрмет грамотасымен бөлім басшысының орынбасары Маржан Дүйсенбаева, бөлім меңгерушілері - Айнагүл Мақұлбекова, Назгүл Асқанбаева, бас маман Мөлдір Ғабит, әлеуметтік қызметкерлер – Хамида Қынабаева, Жұмабике Дүкенбаева, Ардақ Қалиева, Жазира Қосымбаева, Қарлығаш Карипжановалар, сондай-ақ, аудан әкімінің Алғыс хатымен әлеуметтік қызметкерлер – Алмагүл Машарбетова, Гүлзат Жанғабатова, Салтанат Сейдахметова, Бақытгүл Мұсабекова, Айжан Шоран, Таңдагүл Кемпірбай, Гүлназ Қуатбековалар марапатталып, мерейлері үстем болды.

Жақын күндері зейнеткерлікке шығатын Мая Рахымқызы Қапанова мен Раушан Сатылханқызы Аязбаева:

- Мадақтама қағаздарымыз құтты болсын. Жылдан жылға құрметке ие болып жүре беріңіздер. Айгүл Тұрдақынқызы, өзіңіз басқарып отырған ұжым өте ауызбірлікті. Біз осы ұжымда жұмыс жасағанымызға өзімізді бақытты санаймыз. Көп жылдан бері бір үйдің адамдарындай еңбек еттік. «Қайырымдылық жасаған адам – құдайдың сүйікті құлы» дейді ғой, қандай жағдай болса да түсіністікпен қарап, жағдайы мүшкіл адамдарға қолұшын соза білдік. Қиындығы мен ауыртпалығы зор жұмысымызды, ұжымымызды қимаймыз,-деп көздеріне жас алды.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айгүл Тұрдақынқызы сөз кезегінде: «Бүгінгі мерекеміз құтты болсын.  Елге қызмет етіп, өз үлесімізді қосып келеміз. Денсаулықтың арқасында жұмысымыздың жемісін жейік, елдің алғысын алайық. Алдағы уақытта да еңбегіміз жанып, биіктерден көрінейік. Марапаттарыңыз құтты болсын. Еңбектеріңіз елене берсін. Барлықтарыңызға зор денсаулық, отбастарыңызға амандық тілеймін. Біздің еңбегімізді елеп-ескеріп жатқан аудан әкіміне және аудан басшыларына риза көңілімізді білдіреміз» деп ақжарма тілегін айтты.

Жылына бір рет аталып өтетін мереке «Құрмет» дәмханасында жалғасын тапты. Мұнда олар дастархан басында жақсы тілектер мен жылы лебіздерін білдіріп, ән айтып, би билеп, көңілдерін көтеріп, көтеріңкі көңіл-күймен тарасты.

Автор:
А.ҚАСЕНОВА.