Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Мектеп және ата-ана


7 ноября 2016, 04:06 | 1 647 просмотров



Ой санасы дамыған, адамгершілік және дене тұрғысынан салауатты, мәдениетті тұлғаны жан-жақты қалыптастыруды көздеген тәрбиенің мәселелері мектепті де, ата-ананы да әрқашан толғандырып келеді. Тәрбие жұмысының табысты болуының басты кепілі мектеп пен ата-аналар арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынаста. «Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған-туыстарына деген сүйіспеншіліктен басталады»  деп Елбасы айтқандай, бала әкеден – ақыл, анадан – мейір алып өседі. Қай ата- ана болмасын баласының тәрбиелі, білімді, мәдениетті болуын қалайды. Ал адам өмірінің мәні мен сұлулығы, адамның келешегіне сенімділігі баланың ата-анасына ардақ тұтып, өзінің перзенттік парызын бір сәтке де есінен шығармауында.

Жас жеткіншектерді тәрбиелеу ісінде мектеп пен отбасы арасындағы байланысқа үнемі көңіл бөлінуі тиіс. Егер әрбір сынып жетекшісі ата-ана өз баласының тәрбиесіне көңіл бөлетіндігі байқалады.  Әрбір жиналысты өткізер алдында әрбір баланың ата-анасымен кездескен дұрыс. Ата- аналармен жұмыс жүргізудің негізі – алдын ала жоспарлау, алға мақсат қою, оны қалайда орындау.

Оқушының ата-анасымен, жанұя жағдайымен толық танысу үшін арнайы үйлеріне бару;  Ата-аналарды  хат арқылы мектепке шақыру; Сынып оқушыларымен бірігіп жиналыс ашу; ата-аналар комитетінің есебін тыңдау, бағыт беру;  Ата-аналарға педагогикалық тақырыптардағы әңгіме, баяндамалар оқып, түрлі басылымдардан, әдебиеттерден қажетті ұсыныстар мен пікірлер оқуды тапсыру; Белсенді ата-аналарды басшылыққа алу, үлгі- өнеге ету. Осындай түрлі жұмыстар жүргізу – менің әр күнгі ісім болып саналады. Үйіне барып байланыс жасаған кезде сол оқушының мінез- құлқын, бейімділігін, сынып ішіндегі оқушылармен қарым-қатынасын, қоғамдық жүктемені орындауын айта келіп, сол жанұяға тән қажетті нәрселерді ескеріп отырамын. Мұндай байланыс сынып жетекшісінің жұмысына жеңілдік келтіреді, тезірек орындалуына себебін тигізеді.

Отбасы – адамзат қоғамының ең шағын бейнесі. Қоғамда отбасы екі қызмет атқарады, оның бірі – дүниеге ұрпақ әкелу, екіншісі – дүниеге келген сәбиді тәндік жағынан дамытуды қамтамасыз етіп, өмір бойы рухани жағынан жетілдіріп, оны тұлға ретінде қалыптастыру.

«Баланың құқық жөніндегі конвенцияда» отбасында баланың құқығын қорғау, оған қамқорлық жасау көрсетілген. Отбасындағы жас ұрпақтың тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына ата-ананың, отбасы мүшелерінің қарым-қатынасындағы мейірімділік пен махаббат қажет. Толық мәнді отбасы болу үшін ата-ананың және басқа отбасы мүшелерінің береке-бірлікті, түсінікті сақтауы, сонымен қатар әр отбасы мүшесінің құқығы қорғалуы тиіс.

Тек осындай ізгілік мұраттар отбасында орын алғанда ғана, Отанын, елін- жерін сүйетін, өз ұлтының салт- дәстүрін, сонымен бірге жалпы адамзаттық мәдени құндылықтарды бойына сіңіріп, өзінің кісілік келбетін сақтай алатын тұлға тәрбиелеуге болады. Бала отбасынан жақсыны да, жаманды да бойына сіңіреді. Сондықтан да халқымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп текке айтпаған.

Автор:
Индира КАСЕНОВА, психолог, М.Мәметова атындағы орта мектеп мектепке дейінгі шағын орталығы КММ.