Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Оқимын дегенге мемлекет жасайтын жақсылықтар көп – дейді БҒМ-ға қарасты «Қаржы орталығы» АҚ-тың президенті Рамазан Әлімқұлов


7 ноября 2016, 04:17 | 1 413 просмотров



«Бесіктен бастап білім ізде» дейді қазақ даналығы. Білімнің маңыздылығы осыдан-ақ көрінеді. Жаһандану дәуірінде білімнің шекарасы кеңейді, мазмұны артты. Әйтсе де, нарықтық қоғамның қыспағы, жыл сайын бөлінетін мемлекеттік гранттың шектеулілігі әрбір қазақстандық жастың білім алуына мүмкіндік беруі де екіталай. Мемлекет осы тығырықтан шығудың жолын қалай тапты?  Бұл туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының президенті Рамазан ӘЛІМҚҰЛОВ айтып берді.

– Рамазан Сихымұлы, «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамы оператор қызметін атқарып отырған Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы бүгінгі күні көпшілік біледі деген ойдамыз. Өйткені, бұл тұрғыда заң қабылданып, жүйенің жұмыс істей бастағанына да үш жылдай уақыт өтті. Осы кезеңде қандай нәтижеге жеттіңіздер?

– Дұрыс айтасыз. Мемлекеттік білім беру жинақтау салымын ашып, балаларының табысты болашағына жол салып жатқан ата-аналар бар­шылық. Олар жыл өткен сайын көбейіп келеді десек те болады. Біздің орталық жүйенің операторы болғандықтан, қай жерде қандай салым ашылды, осының бәрін бақылап, қадағалап отырады. Бүгінгі таңда салымшыларымыздың саны 15,5 мың адамнан асты. Оның ішінде ең белсенді өңірлер ретінде Алматы, Астана, Оңтүстік Қазақстан облыстарын атап өткен жөн болар.

– Халық тарапынан, салым­шылар тарапынан бұл жү­йе қалай бағалануда? Үгіт-наси­хат жұмыстарын қаншалық­ты деңгейде атқарып жатырсыздар?

– Әрине, бізге ең алдымен қажет нәрсе – ол халықтың сенімі. Бізге бүгінде көптеген ата-аналар қоңырау шалып, хабарласып тұрады. Белсенді ата-аналар өз пікірлерін де білдіріп жатады. Әрбір пікір біз үшін қымбат. Соның негізінде жүйе жетілдіріле береді. Біз де халықтың сенімін ақтау үшін барынша тырысып еңбек етіп жатырмыз. Үш жыл ішінде қаншама үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Газет-журналдар, телеарналар, интернет арқылы, тіпті, екінші деңгейлі банктер арқылы біз жүйені барынша насихаттадық. Әрбір ата-ананың бауыр еті баласы үшін осы бастан қаржы жинауын, ол қаржының еселеп көбеюіне мемлекет жағдай жасайтынын түсіндіріп бақтық. Осы орайда айта кетер нәрсе, Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі ТМД аумағында тек біздің елімізде ғана жұмыс істейді. Ал әлемдік деңгейде тоғыз мемлекет осы жүйені қолданады. Біз мүм­кіндігінше жүйені жетілдіре береміз.

– Қаржының еселеп көбеюіне мемлекет жағдай жасайды деп қалдыңыз. Ол қандай жағдай?

– Мемлекеттік білім беру жи­нақтау жүйесі бойынша әрбір салымшы мемлекеттің сыйақысын пайдалана алады. Әңгіме екінші деңгейлі банктер тарапынан берілетін 14 пайыздық үстемеден бөлек, мемлекеттің бөлетін 5-7 пайыз үстемесі туралы. 7 пайыз үстеме жетім, мүгедек балаларға, аз қамтылған немесе көпбалалы отбасылардың балаларына бе­ріледі. Бұл тұрғыдан келгенде әр­бір салымшының қаржысы екі сый­ақыны да қосып есептегенде жылына 19-21 пайызға артып отырады. Және мемлекет тарапынан бөлінетін сыйақыларға табыс салығы салынбайды. Бұл жинақтау салымының өзге салымдардан ең үлкен айырмашылығы. Бірақ бұл жерде ескере кететін нәрсе – салым тек білім алу мақсатында ашылуы тиіс. Ал егер білім алу мақсатынан өзге мақсатқа жұмсалатын болса, онда мемлекет тарапынан сыйақы төленбейді. Егер бала мем­лекеттік грантқа түсетін болса, онда салымшының қаржысы өзіне қайтарылады және мемлекеттік сыйақы да қоса беріледі.

– Жүйе бойынша қандай банк­терден салым ашуға болады? Жал­­­пы, салым ашудың қыр-сы­ры ту­ралы әңгімелей отыр­саңыз.

– Қазіргі күні екінші деңгейлі үш банк салымшыларға қызмет көрсетуде. Олар – «Халық банкі», «Нұрбанк» және «Цеснабанк». Салым ашу үшін әрбір ата-ана бастапқы жарнасын төлейді. Ол «Халық банкінде» 15 мың теңге, ал қалған екі банкте 6 мың теңгенің көлемінде. Салым ата-ананың не баланың атына ашылса да екі-ақ түрлі құжат қажет. Біріншісі – баланың туу туралы куәлігі не пас­порты, екіншісі – ата-ананың жеке куәлігі не паспорты. Содан соң банк қызметкері жинақтау мерзімін, оқуға ақы төлейтін кезге дейін қажет болатын соманы белгілейді. Бірақ, салымшы мүмкіндігіне қарай салымды толтырып отыратын қаржысын өзі көрсетеді.

– Салымды қанша жылға ашу­ға болады? Біздіңше, ата-ана­лар­дың көбін қаржымыз қан­ша­лықты кепілдендіріледі деген сауал мазалайды.

– Салым ең кемі үш жылға ашылады. Ал ұзақтығы көрсетіл­меген. Ол – он, он бес, жиырма жыл бола беруі мүмкін. Мемлекеттік сыйақы жиырма жылға дейін төленеді. Сондай-ақ, екінші деңгейлі банктердің де сыйақысы түрлі экономикалық жағдайлармен байланысты өсіп отырады. Мысалы, жүйе бастапқы жұмысын бастағанда банктер сыйақысы 6-8 пайыз ғана болатын. Қазір ол 14 пайызға дейін өсті. Айта кетейік, осы күні 214 студент осы жүйенің, банкте ашыл­ған салымның қаражатымен білім алып жатыр. Сонымен қатар, оқуға қажетті ақшаның жартысы ғана жиналған жағдай да болады. Ондайда біздің қоғам өзі кепіл болып банктен елу пайыз қажетті қаражатты несиеге алып береді. Кепілдендіру мәселесіне келер болсақ, әрбір салымшының қара­жаты 10 миллион теңгеге дейін кепілдендіріледі.

– Жүйенің жұмыс істеуі үшін сіздердің акционерлік қоғам­дарыңыз белсенді қызмет еткенін бі­леміз. Бұл орайда, қандай қиын­дықтар орын алды? Қазіргі күнде де шешілмеген мәселелер бар ма?

– Қиындық дегенде техникалық қиындықты ғана айтуға болатын шығар. Жүйе жаңа, заң жаңа. Біз өз жүйемізді басқа да мемлекеттік органдармен біріктіруіміз қажет болды. Осы тұрғыда ептеп қиналдық. Қазір ондай мәселе жоқ.

– Мемлекеттік білім беру жи­нақ­тау жүйесіне жеке ата-аналар­дан басқа заңды тұлғалар салым аша ала ма?

– Иә. Бұл орайда С.Назарбаева ханым басқаратын «Бөбек» қорын жақсы мысал етіп көрсетуге болады. Ол кісінің бастамасымен 8 мыңдай жетім баланың атына салым ашылды. Енді ол балалар мектепті бітірген кезде қандай да бір оқу орнына түсуі үшін қиналмайтын болады. Сол сияқты, басқа да ұйымдар немесе қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, қалталы кәсіп­керлер балалар үшін салым аша алады.

– Мазмұнды әңгімеңізге рахмет.

Автор:
Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»