Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

БІРЛІК ПЕН ЫНТЫМАҚТЫ ТУ ЕТІП...


14 ноября 2016, 10:09 | 295 просмотров



 Ежелден бауырмал, қайырымды қазақ халқы тағдыр-тәлкегіне ұшырап, әлемнің әр тарапынан келген ұлттарды жатсынбай, құшақтарын ашып қарсы алып, бауырына басқан. Бүгінде Қазақстан көпұлтты мемлекет атанып, 130-дан астам өзге ұлт өкіліне пана болуда.

Ұлттық салт-дәстүрлерін сақтап, өз діндерін ұстанып, бір шаңырақ аясында тату-тәтті өмір сүріп жатқан ұлт пен ұлыс өкілдері елімізде бақытты ғұмыр кешуде. Біздің елде барлық ұлттардың терезесі тең, мүдде-мақсаты бір және олардың еркін еңбек етуіне, кәсіппен шұғылдануына, саясатпен айналысуына барлық жағдай жасалған. Соның арқасында, қазіргі таңда Қазақстанды мекен еткен өзге ұлт өкілдері еліміздің дамуына үлкен үлес қосып, алдыңғы қатардан көрінуіне өз септігін тигізуде.

Сондай жандардың бірі-ұйғыр ұлтының өкілі, ауданымызда көп жылдар бойы еңбек етіп, денсаулық саласына үлкен үлес қосып жүрген ауданаралық туберкулезге қарсы аурухананың аға мейірбикесі Ахунжонова Гүлбаниям Хашимжанқызы.

Әңгіме кейіпкері Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылында дүниеге келген. Талғар медициналық училищесін мейірбике мамандығы бойынша тәмамдайды. Еңбек жолын арнайы жолдамамен аудандық «Жұқпалы аурулар» емханасында мейірбике болып бастайды. Осы жерде өзінің өмірлік серігін жолықтырып, қазақ отбасына келін болып түсті. Кейіннен аудандық перзентхана бөлімінде,  қазіргі Бақанас аграрлы индустриалдық колледжінде мейірбике болып қызмет атқарды. 2011 жылдан бері бүгінгі таңға дейін ауданаралық туберкулезге қарсы ауруханада аға мейірбике болып жұмыс жасауда.

Осы жылдар бедерінде облыс, аудан әкімінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен бірнеше мәрте марапатталды. Бүгінде қазақ отбасының шаңырағын биіктетіп, керегесін кеңейтіп отырған Гүлбаниям Хашимжанқызы жолдасы Тойшыбаев Ерболмен бірге ұл-қыздары мен немерелерінің бойына қос ұлттың тәрбиесімен қатар, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін сіңіруде. Қос ұлттың тағамдары шаңырағы шаттыққа толған отбасының дастархан мәзірінен әрдайым табылады.

Мемлекетіміздің басты құндылығы-адам десек, елімізді қуатты әрі берік етіп отырған-осындай ұлттар мен ұлыстардың достығы деп нық сеніммен айта аламыз.

Автор:
Алтынай СЕЙТКЕН.


Комментарии


Комментариев нет.

Контент устарел, комментирование закрыто